Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 7362 12 пікір 7 Маусым, 2017 сағат 12:20

Әміржан ҚОСАНОВ: Бізде халық – билікке, ал билік – өз халқына сенбейді!

Сонымен, Әміржан, Ақорда билігі елдегі адам құқын шектеудің жаңа «үлгісін» көрсетті: конституциялық заңдарға өзгерістер енгізіліп, президенттік сайлауға түсетін үміткерлерге қойылатын талаптар қатайды. Мемлекеттік қызметте кемінде бес жыл қызмет қылмаған адамды бұдан былай президенттік сайлаудан шектеу халықты екі әлеуметтік топқа бөліп, қоғамдағы билік пен халықтың жікке жарылу қаупін еселей түседі деп айта аламыз ба?

– Әрине, айта аламыз! Ең алдымен, мұндай жаңа талап барлық азаматқа ел президенті боп сайлануға бірдей әрі тең құқық беретін Конституцияға «томпақ» келеді! Иә, Ата заңда осы бағыттағы белгілі бір шектеулер бар, соның өзі бас билік басына кездейсоқ адамның келіп қалмауына біршама кепілдік беретін еді ғой. Ендігі мына әрекеттері тіпті сорақы болды. Мұның өзі биліктің өз ішінде жүріп жатқан, бізге әзірше беймәлім, бірақ осындай бастамалар арқылы «мен мұндалап» қалатын терең де тектоникалық қозғалыстар боп жатқанының бір дәлелі.

Жалпы, кез келген билік (ол демократиялық не авторитарлық болсын – бәрібір) алдағы саяси науқандарға, соның ішінде сайлауларға алдын ала әзірленуі керек, ондай қам-қарекеттің еш әбестігі жоқ. Тізгінді қарсыластарына жайдан-жай өз қолынан бере салатын билік болмайды. Билік үшін күрес – ешқашан тоқтамайтын әрі толастамайтын мәңгі күрес!

Ал бәсеке болса – адамзат дамуының бірден-бір кепілі!

Қазақстан билігі де бұл аксиомадан тыс қалмайтыны түсінікті, оның үстіне 26 жыл ішінде жасалған қиянаттар мен кемшіліктер үшін қазіргі каста жауап бергісі келмейді ғой, сондықтан не болса да өз жақтастарын билік тармақтарының басына келтіргісі келеді. Ол тармақтар ішінде президенттік қызметтің орны – бір төбе.

Бірақ сайлауға дайындық заңдарды одан сайын қатайта түсіп, болашақта балама бола алар оппоненттерінің мүмкіндіктерін одан әрі шектеуге тірелмеуі керек! Керісінше, «келе жатқан сайлауға дейін елді толғандырып, өз шешімін таба алмай жүрген қандай мәселелер бар, соларды мүмкіндігінше шешіп тастайық, елдің наразылығын туғызбайық» дегенге саюы керек еді. Ал біздің биліктің бұлайша алдын ала және адам құқығын белден басып қамдануы қоғамды жікке бөлетін әрекет болды.

– «Бес жылдық ценз» дейміз бе – бұл талап сенің сайлауға түсуіңе кедергі болмаса керек: 1998 жылға дейінгі он жылдан астам мемқызметтік өтілің (стажың) бар. Ал ендігі жерде үміткер өзін-өзі ұсыну құқынан айырылатын болса, бұл талап ешқандай саяси партия қатарында жоқ сен сияқты азаматтарға «саяси кембағылдар» кебін кигізетін түрі бар...

– Солай болайын деп тұр... Үміткерлерді ұсыну қақын тек қана саяси партияларға беріп қоюы да сол «қорыққан бұрын жұдырықтайтынның» кері. Қазіргі құбыжық партиялық жүйе тұсында бұл талап тек қана билік ұсынатын үміткердің қамын ойлаудан туып отыр.

Президенттік институтты партияландырудың тағы бір себебі болуы мүмкін. Әркімнің қолы өз аузына жуық: тәуелсіз үміткер ертең өзіндік саясат ұстанып кетіп жатса (өмірде бәрі де болуы мүмкін ғой!), осынау қатаң партиялық тәртіп арқылы Ақорда мен оның маңайына топтасқан ықпалды топтар болашақ президентті өз ықпалынан тырп еткізбейді. Мұндай талап сонымен бірге болашақ президент «бір партияның емес, бүкіл халықтың басшысы» болуы тиіс саяси шартқа өз кесірін тигізері хақ. Және де бұл партиялық тыйым соңғы кезде біршама қалыптасып, әсіресе Интернет пен әлеуметтік желілер арқылы елге танымал боп қалған жеке тұлғаларды аяқтан шалу екендігі түсінікті. Олардың ішінде билікке сын айтып жүргендері жетерлік қой.

– Жалпы, кезекті президенттік сайлауға әлі де үш жылға жуық уақыт барын ескеретін болсақ, биліктің «алыстан атқылаған» бұл шектеулерін қандай саяси «мұқтаждықтан» туды деп айта аламыз?

– Бәлкім, сайлау одан да ертерек болып қалар, кім білген?! Біз өзі «мерзімінен тыс, кезексіз өтетін сайлауларға дағдыланған» ел болдық. Бірақ қазір биліктің риторикасы мен іс-әрекетіне қарасаң, сайлауға қатысты нақты күнтізбелік жоспар жоқ сияқты.

Ал саяси себептеріне келсек...

Не елбасы тағы да сайлауға түсіп, өзінің орнын тағы да бірнеше жылға нықтап алады. Ол сайлауға түскен жағдайда, бәрі де оның көмекшілерінің сценарийі бойынша өтуі керек. «Қазақстанда елбасыға терезесі тең қарсылас адам жоқ» деген идеологема орнығуы тиіс қой! Сөйтіп, өзінің президенттік мерзімін тағы да бір уақытқа созып алып, елбасы ешбір алаңсыз «Мұрагер» операциясына асықпай (оны биологиядан басқа кім асықтыра алады?) кірісіп, өзінен кейінгі билік жүйесінің жаңа форматын әзірлей бастауы әбден ықтимал. Бұл жаны бар долбар.

Не болмаса, жағдай күрт өзгеріп, «Мұрагер» операциясы қазірдің өзінде қолға алынып, таяу арада сайлау жарияланып, оған сол мұрагер (не оған аса сенімді басқа тұлға) түсуі мүмкін. Ендігі президент сайлауына Назарбаев түспей, басқа біреу түсетін болса, онда жағдай ешбір сценарийге бағынбай, біз мүлдем күтпеген оқиғалар болуы ықтимал!

Әрине, Заңға енгізілген жаңа тыйымдар Ақорданың осы сайлауға қатысты құпия жоспарларына біраз септігін тигізуі мүмкін. Оның үстіне елде халықтың шынайы қолдауына ие, мықты оппозициялық саяси күш те жоқ: бір партиялар жойылды, ал біреулері ыдырап кетті.

Бірақ қазіргі біздің билікте византиялық сипаттар басым боп отыр: кланаралық қақтығыс сайлау қарсаңында өз шарықтау шегіне жетіп, саяси аренаға жаңа тұлғалар (азуы алты қарыс саяси олигархтар немесе олардың адамдары) шығып, бүгінде Елбасына жағып жүрген бір орталық әзірлеп жатқан саяси жоспардың быт-шытын шығарып жіберуі тағы мүмкін!

Меніңше, билікті айналсоқтап алған топ (немесе топтар) жария саяси күштер мен тұлғалардан емес, өздерінің жоғарғы жақтағы кабинеттеріне күле кіріп, күңірене шығып жүрген олигархтардан қорқады. Заңдық тыйымдар соларға да қарсы бағытталған болса керек!

– Ширек ғасыр уақыттағы жалғыз адамның жеке-дара билігі келесі президентке осындай шектеулер қоярлық тәжірибе болды деп, Ақорда өзінің артын өзі ашып отырған жоқ па? Сені қайдам, ал мен үшін бұл сырт көз сыншылардың к...тін ашып күлерлік жағдай болды...

– Келісемін! Мұндай масқара қадамдар биліктің өз елінің алдындағы ғана емес, халықаралық аренадағы беделіне нұқсан келтіретіні сөзсіз. Бірақ, Ереке, мемлекетіміздің сол абыройы туралы қазірде тақ үшін таласып жатқандар ойлап жатыр дейсіз бе? Олардың қамы – ертеңгі билікке не ие болу, не ие болатын топпен әмпай-жәмпай болу. Әйтпесе, кезінде президенттің өзі айтқандай, олар енді бір-бірін сотқа жетелеп апаруға дайын, бір-біріне қарсы «қызықты» компромат жинап та үлгерген болар. Бүгінде бетегеден биік, жусаннан аласа боп жүрген олар бір күнде-ақ мінез көрсетпесіне кім кепіл?

Әзірше бір нәрсені мойындау керек: Елбасы топаралық кикілжіңдер мен қақтығыстарда жоғарғы арбитрдің ролін атқарып келді. Айтқанына көндіріп, айдауына жүргізді. Бірақ уақыт өткен сайын жағдай өзгеріп, бара-бара Елбасы өзі айналасына тәуелді боп келеді. Сондықтан сол тартыстардың жаңғырықтары кей уақытта сыртқа да жетіп жатады. Рас, кейде теледидардан Елбасы министрлерінің ит терісін басына кептегенін көреміз, бірақ ешкімді сол кемшіліктері үшін орнынан қуып жатқан жоқ, сондықтан бәрі де сырт көзге арналған қойылым сияқты сезіледі!

Менің қорқатыным мынау: ертең, президент жоқ кезде, жалғанды жалпағынан басып жүрген, Құдайдан да қорықпайтын бұл миллиардерлер қай арбитрді тыңдайды? Халықты тыңдасын дейін десең, одан билікті баяғыда-ақ тартып алған. Парламентіңнің сиқы анау. Тәуелсіз БАҚ жоқтың қасы. Қоғамда «рухани авторитет» ретінде мойындалатын кейбір тұлғалар барлық жерден шеттетілген. Осының арты қып-қызыл қақтығыстың көкесін көрсете ме деген қауіп жоқ емес.

– Негізі, Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси интригалық талантына құрық бойламайтын билеуші екенін бұған дейін айтып та, жазып та келдім: Қазақстанда ғана емес, бүкіл посткеңестік елдерде бұл тұрғыда оның алдына түсе алатын саясаткер жоқ екені тағы бір дәлелденген сияқты...

– Жөні бар ой... Бірақ біздің биліктің өз миына құйып алған және де басқарушы топтарға, қоғамға да орнықтырғысы келетін бір миф-аңызы бар. Ол мынаған саяды: «Бар мүмкіндік биліктің ғана қолында! Президенттің рейтингі жүз процентке жақын, ол кез келген шешімін өткізе алады. Көңілі қалаған адамды өзінің мұрагері етіп қоя алады. Және де қазір президенттің маңайына ол ерекше сенім артатын, болашақта билік жүйесінің төрінен сөзсіз орын алатын тұлғалар топтасқан! Бәрін шешетін нақ солар, ал осы топқа кірмегендердің ертеңгі күні қараң, олардың қалыптасқан жағдайға мойынұсынудан басқа еш амалы жоқ!».

Ал шынтуайтына келсек, осы сыңайлас формуланың әрбір сөйлемі – күмәнді. Оны тек Елбасына өз жұмысын жақсы жағынан көрсетіп, жаққысы келетіндер ғана айтуы мүмкін. Әйтпесе тарихи жауапкершілігі мен ұлттық позициясы бар кез келген тұлға осы жайттар туралы ойлануы тиіс!

– Айтпақшы, осының бәрі билік өкілеттігін бөлісу жөніндегі назарбаевтық бастамадан басталғанын есіңе алшы: бұның ақыр аяғы билікті бөлісуге емес, керісінше, оны бекемдеуге алып келетін қасаң және әлемдік өркениетте қалыптасқан қоғамдық даму қатынастарынан тыс қитұрқы қадам болып шықпай ма?

– Билік тармақтарының өкілеттіктерін бөлісіп, өзара тепе-теңдігін жасау туралы Елбасының бастамасын өзім де кезінде қалай қолдап кеткенімді байқамай қалдым. Стратегиялық тұрғыдан алғанда, дұрыс ой болды. Бірақ арты сиырқұйымшақталып кеткен сияқты...

Сол кезде мен: «Бұл идея халық пен мемлекеттің болашағын ойлағандықтан туып отырған жоқ, кландар өзара билік органдарын бөлісіп алуға мұқтаж. Президент те олардың көңілін табуы тиіс, сондықтан да әр кланға өз еншісін (біріне – президенттік тақ, екіншісіне – парламент, үшіншісіне – үкімет дегендей) үлестіріп бергісі келгеннен туған ой» деп айтып едім. Әңгіменің бәсеңдеп қалуына қарағанда, сол кландар өзара бір келісімге келе алмай қалған сияқты...

– Билікті «бөлісу» бастамасы алғаш рет Тасмағамбетовты тайдыру («өз өтінішімен») процесінен басталғанын тағы да есіңе ал: сонда осы жанталастың барлығы мүмкін мұрагердің (Тасмағамбетовтен басқа) қамы үшін жасалып жатқан жоқ па?

– Тасмағамбетов туралы әңгіме бөлек. Сөзсіз, ол талантты менеджер, танымал қайраткер. Сол себепті оны қолдаушылар да, оны көре алмаушылар да, яғни оның саяси потенциалынан қорқатындар да баршылық. Бірақ ол да, ел аузында жүрген басқа да беделді, өз электораты бар шенеуніктер секілді, осы жүйенің өкілі.

Жалпы бұл тақырыптың да әмбебап, яғни универсалды сипаты бар: жылдар бойына осы режимге аянбай әрі адал қызмет еткен белгілі (әзірше белгісіз де!) тұлғалар ертең сайлауға түсіп жатса, олар да осы уақыт бойына жүргізіліп келе жатқан мемлекеттік саясаттың тек қана жағымды тұстарына ғана ортақтаспай, халықтың наразылығын туғызған жақтарына да қатысты екенін ел алдында мойындап, өз жауапкершіліктері туралы айтуы керек болады. «Биліктің былықтарына еш қатысым жоқ» деп, ант-суын ішіп, ақ безер де, көк безер боп жатса да, оларға кім сенеді?! Сол сайлауларда нақты жеңіске жету үшін, осы билікке қатысты антирежимдік болмаса да, ең болмаса, ішінара сын айтып, «осы жылдар бойына қалыптасып қалған жағдайды сөзсіз өзгертемін» деп сайлауалды уәде беруі керек. «Жанр заңдылықтары» деген бар емес пе?

Әлде бізді баяғы, біржақты, ешкім де сене бермейтін таза «нұрлы жолдық» үгіт-насихат пен билік үміткерінің 97 проценті күтіп тұр ма? Біздің жағдайда ондай да болуы әбден мүмкін. Бірақ осындай жоспардың лоббистері бір маңызды жайтты ескерулері тиіс. Мұндай жауапсыз көзқарас болашақ мұрагердің саяси әрі электоралды легитимдігі туралы әңгімеге жетелейді: сайлауда формальды түрде ғана емес, моральдық, саяси және керек десеңіз, психологиялық жеңіске жетпей, ондай тұлға болашақ билік жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ете алмайды!

Жалпы алғанда, мұрагер тақырыбы – тым кең әрі терең тақырып. Оның бірнеше астары бар және де ол тек қана «президенттің таңдауы ғана болуы керек» дегенге сая алмайды, оның ауқымы бөлек. Біріншіден, «екінші Назарбаевты» біздің саяси жүйе ендігі жерде «көтере алмайды». Кезінде Елбасына берілген саяси преференциялар енді қайталанбасы түсінікті.

– «Бұл арада «берілгеннен» гөрі, «тартып алынған» деген тіркес дәл келетін сияқты...

– Қалай болғанда да, «билік тармақтарының өкілеттіктерін бөлісу» идеясын тастаған президенттің өзі осы жайтты мойындап отыр емес пе?! Қайсысының асығы алшысынан түседі – білмедім, бірақ болашақ мұрагердің де мүмкіншіліктері мен өкілеттіктері шектеулі болатыны түсінікті. Ал философиялық тұрғыдан алғанда, мен қазірде сол тақ үшін іштей және сырттай таласып жүргендерге: «Келесі президент – ол саяси камикадзе! Оның орнын аламыз деп асықпай-ақ қойыңыздар!» деп ақыл берер едім.

Әрине, бізде қалыптасып, салтанат құрған олигархтық экономика мен олигархтық саясат жүйесінде президенттік мәртебе – тыныш өмірің мен қауіпсіздігіңнің, қуғындалмауыңның бірден-бір кепілі. Сондықтан әркімнің сол тақтан дәмесі бар! Бірақ айналадағы өркениетті елдерге қарасаң, мұндай қолдан жасалған кепілдіктердің ғұмыры – көзді ашып жұмғанша ғана, сондықтан да олардың құны бес тиын!

Және де «камикадзе» дегенде, мен бұл терминнің тек қана саяси астарын айтып отырған жоқпын. Мәселен, ол билікке келген соң, 26 жыл бойына қараусыз қалған Авгий атқорасын кір-қоқыстан тазалауы керек! Және де уақыт келе, оған кім кінәлі екенін де айтуы тиіс.

«Камикадзенің» о бастағы ұғымы тағы бар: бас биліктен айырылған ықпалды топтар бәріне де, соның ішінде ондай адамның көзін құртуға дейін баруы мүмкін! Ала қойды бөле қырыққан олардан бәрін күтуге болады! Ол топтардың ел ішіне лаң салып, псевдодемократиялық ұрандарды жамылып, елдің астаң-кестеңін шығаруға барлық қаржылық, ұйымдастырушылық мүмкіндіктері бар!

Сол себепті біз билік тармақтарының өкілеттігін бөлісу идеясын одан әрі дамытып, нақтылай түсіп, шын мәніндегі тепе-теңдігіне қол жеткізіп алып, содан кейін ғана президенттік, парламенттік сайлаулар өткізуіміз керек деп ойлаймын. Сонда көптеген үміткерлер президенттік емес, премьерлік немесе депутаттық мандатқа ұмтылар еді! Оның өзі болашақ мұрагер туралы тақырыптың малтасын езуді жақсы көретіндерді сабасына түсіріп, шектен тыс ажиотажды тоқтатар еді.

Екіншіден, Назарбаев ұсынған кез келген мұрагерді халық ың-шыңсыз, еш қарсылықсыз, тағы да 97 процентпен қабылдай салады дегенге мен сенбеймін. Басынан сырық, малынан құрық кетпеген жұрт қазір ызалы әрі наразы. Яғни, ол тұлғаның электоралды потенциалы мықты, досы да, дұшпаны да, ыдырап жүрсе де, сайлау кезінде біріге алатын, ортақ үміткер ұсына алатын (ондай кезеңдерді бастан өткіздік емес пе?!) оппозициялық күштер де мойындайтындай қауқары болуы тиіс.

Харизма деген тағы бар. Әйтпесе «заң өзгертушілердің» адуыны мен арынына қарасаң, олар 5 жыл шенеунік болған кез келген адам президент бола алады деп ойлайтын сияқты. Оған бұл бейберекет бастамашылдар ертең «Тек «Нұр Отан» мүшесі немесе Елбасының туысы ғана президент бола алады» деген баптарды қосып жіберуі де ғажап емес қой!

Үшіншіден, геосаяси факторлар тағы бар. Қазақстан сияқты тоқсан жолдың торабында, ғаламдық жел өтінде тұрған, Батыс, Шығыс, Ресей арасында өзіндік орнын ойып алған мемлекеттің келесі басшысы кім болады деген сауал халықаралық қауымдастықты, жетекші елдерді, көрші-қоңымызды алаңдатары сөзсіз. Солармен де тең адамдай сөйлесе алатын тұлға болуы шарт! Осы орайда Елбасының өзі өз мұрагеріне сыртқы кепілдіктер туралы ойланып, шешіп те қойған шығар. Оны мен біздің проресейшіл әрі проқытайшыл сыртқы және ішкі саясатымызға қарап айтып отырмын.

– Жалпы, соңғы бір жылдың ішінде «100 қадам» деді, «билікті бөлісу» деді, «рухани жаңғыру» деді – қойшы әйтеуір, бірінен соң бірі бастамалар балалап жатыр. Биліктің 20 жылдық сыншысы ретінде осы жанталастың барлығын сен қандай саяси құбылыстармен түсіндірер едің? 

– Меніңше, таусылмайтын дабырашылдық пен ұраншылдық – ұзақ жылдар бойына ауысу, алмасу дегенді білмейтін кез келген билікке тән симптомдар! Егер де билік жүйелі түрде әрі ашық сайлауда ауысып тұрса, ондай дүдәмал уәделер мен күмәнді бастамалардан аулақ болар еді ғой. «Судың да сұрауы бар» демекші, ертең кез келген қарсыласы сайлау алдындағы тікелей эфирдегі теледебатта «Сенің «пәленше қадам» деген бағдарламаң не болды? Немесе «жаңғыруың қанша процентке жетті»?» деп, жерден алып, жерге салар еді. Бізде болса, ұрандар айтыла береді, оның орындалуы туралы сұрап жатқан әже де жоқ, қожа да жоқ...

Бұл әңгіменің бәрі бір аса маңызды сауалға келіп тіреледі. Қазір биліктің өз ішінде ғана емес, қоғамның өзінде бұрын-соңды болмаған, себептері түсініксіз, салдары мүлдем белгісіз процестер жүріп жатыр...

– Ақорданың қожайыны төсегінен қай аяғымен тұрса, сол күні елде сондай саясат болады деген жазылмаған қағида барын да ұмытпайық...

– Иә, оны биліктің өз ішіндегілер де айтып жүр деп естимін... 26 жыл ішіндегі биліктің сөзі мен ісінің алшақтығын, оның өз халқымен санаспай, тек қана олигархтармен санасуының, солардың меркантильді мүдделерінің жетегінде кетуінің моральдық, имидждік, идеологиялық жемісін көріп отырмыз. «Халық бізді 97 процент қолдайды» деген сөзіне биліктің өзі де сенеді деп ойламаймын! Ол – өзін де, бізді де, сыртқы қауымдастықты да алдау!

Халық биліктің ақсақты – тыңдай, өтірікті – шындай еткен күнделікті насихатынан әбден шаршаған, ал билік «осы халық күннің бір күнінде бізді төңкеріп кетпей ме?» деген оймен басы қатып жүр (айтпақшы, заңға енгізіліп жатқан сайлауалдылық шектеулер – соның айғағы!). Ал бір-біріне сенбейтіндер арасындағы қарым-қатынас ерте ме, кеш пе, дағдарысқа ұшырап, ол екі жақ ат құйрығын кесісіп, айырылысары хақ! Сонда не болмақ?

Халық ондай биліксіз өз күнін өзі көре алады, ал билік өз халқынсыз қайда барады? Әлде бәрі де шетелге ауып, алдын ала әзірлеп қойған виллалары мен пентхауздарына жайғасып алып, жемқорлықпен, ұрлық-қарлықпен жиған-терген ақшасына рахат өмір кеше бастай ма?

Иә, бізде бүгінде биліктің ішінде және оның айналасында стратегиялық және тактикалық саяси шешімдерді дайындауға, қабылдауға құзіретті бір топтар бар («бөліп ал да, билей бер»). Оларда бүгінде біраз мүмкіндіктер бар. Заңдық, практикалық, саяси, экономикалық механизмдер олардың қолдарына шоғырланған.

Енді осының бәрін олар не үшін және қалай пайдаланады? Бір немесе бірнеше, өзара келісімге қол қойған кланның мүддесін қорғаштап, заңдарды одан сайын қатайта бере ме?

Сөйтіп, Елбасының мәртебесін одан сайын бекітуге немесе ол ұсынған мұрагерді қалай болса да таққа отырғызу үшін бар жағдай жасап, өздеріне саяси дивидендтер алу үшін жаны мен арын сата ма?!

Өз басым бұл сұраққа жауап таба алмай жүрмін...

– Таппайсың, Әміржан! Себебі оларда ар қалмаған, ал биліктен де тәтті жандарын сата алмайды: соны сақтау жолында қоғамды әбден қалжыратып тынады. Ал сұхбатыңа рахмет!

Ермұрат БАПИ

Ескерту! Бұл мақала "Дат" гәзетінде жария болған.

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377