Н.Кәдірімбетова. Түрк дәуірі ескерткіштерінің зерттелуі
Батыс Қазақстан аймағы бойынша
Бүгінгі таңда Қазақстан тарихының алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі - ортағасырлық көшпелілердің тарихи-мәдени даму ерекшеліктерін зерттеу. Бұл бағыттағы басты кедергілер жеке аймақтардың аз зерттелуіне байланысты туындайды. Сондай аймақтардың бірі - Батыс Қазақстан даласы.
Сырдарияның орта және төменгі бойында және оған жалғасып жатқан Батыс Қазақстан территориясында IX-X ғасырларда оғыз тайпаларының әуелгі феодалдық мемлекеті қалыптасты. Оғыз конфедерациясы кірме элементтердің Оңтүстік және Батыс Қазақстанның байырғы тұрғындарымен араласуының нәтижесінде құрылды. Оның құрамына қанғар-печенегтердің біразы және Сырдария аңғарының, Арал маңының және Каспийдің солтүстік төңірегіндегі басқа да далалық тайпалар енді. Олардың бірсыпырасы Арал теңізінен Каспийдің шығыс жағалауына дейінгі даланы мекендеген аландар, астар болды (1).
Батыс Қазақстан аймағы бойынша
Бүгінгі таңда Қазақстан тарихының алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі - ортағасырлық көшпелілердің тарихи-мәдени даму ерекшеліктерін зерттеу. Бұл бағыттағы басты кедергілер жеке аймақтардың аз зерттелуіне байланысты туындайды. Сондай аймақтардың бірі - Батыс Қазақстан даласы.
Сырдарияның орта және төменгі бойында және оған жалғасып жатқан Батыс Қазақстан территориясында IX-X ғасырларда оғыз тайпаларының әуелгі феодалдық мемлекеті қалыптасты. Оғыз конфедерациясы кірме элементтердің Оңтүстік және Батыс Қазақстанның байырғы тұрғындарымен араласуының нәтижесінде құрылды. Оның құрамына қанғар-печенегтердің біразы және Сырдария аңғарының, Арал маңының және Каспийдің солтүстік төңірегіндегі басқа да далалық тайпалар енді. Олардың бірсыпырасы Арал теңізінен Каспийдің шығыс жағалауына дейінгі даланы мекендеген аландар, астар болды (1).
Оғыз мемлекеті туралы алғашқы мәлімет беретін шығармалардың бірі - Ибн Бадих әл-Йакубидің «Китаб ал будан» географиялық еңбегі. Онда автор түрк тілді халықтар мен тайпалар туралы айта келіп: «...Түркістан және түрктер бірнеше халықтар мен мемлекетке бөлінді. Соның ішінде: қарлұқ, тоғыз-оғыз, түргеш, кимек және ғұндар бар» деп сипаттама береді (2). Сонымен қатар, Ибн әл-Факихтың «Китаб-ахбар ал булдан» шығармасында оғыздар кимек, тоғыз-оғыз тайпалары секілді «билеуші» тайпа деп есептеліп, түрктер арасында беделі үстем болғандығы айтылады (3).
Орта ғасырларда үстірт оғыздары жайында мәліметтерді А.Ковалевский түсініктеме беріп басып шығарған, араб миссионері Ахмет Ибн-Фадланның қолжазбалары да береді. Ол қолжазбаларында Хорезмнен елу фарсах қашықтықтағы Джурджаммо (4), одан шамамен 30 шақырым жерде ораналасқан түрктердің қақпасы Замджан, Замджаннан күндік жердегі Джит деп аталатын түрк мекендерінің атаулары кездеседі (4). Әл-Муккадидің деректерінде «Джит - оғыздардың жеріндегі халқы жиі қоныстанған үлкен бекіністі қала».
Оғыз мемлекетінің әлеуметтік стратификациясы мен қоғамдық өміріндегі әдет-ғұрыптар мен рәсімдер жөнінде Ахмет Ибн Фадлан: «...Таудан асып түрк тайпалары ғұздардың еліне келдік. Бұлар басқа да түрк тайпалары тәрізді көшпелі халық. Киіз үйде тұрады. Киізден тұрғызылған үйлерін бір жерден екінші жерге тігіп, көшіп жүреді. Ғұздар аллаға мойынсұнбайды, ғылым дегенді білмейді және ештеңеге табынбайды. Өздерінің ақсақалдарына сиынып, оларды құдайдай көреді. Бұлардың мәселелері кеңесте шешіледі» дейді (4).
«...Белгілі ақсүйектердің біреуі қайтыс болған жағдайда, оған арнап үй тәріздес үлкен шұңқыр қазады. Марқұмды шұңқырға жатқызып, тон кигізіп, садақ пен кісенін қойып, қолына сусын құйылған құмыра ұстатады және осындай сусыны бар ыдысты оның алдына қояды. Марқұммен бірге шұңқырға оның мүлкі қойылады. Одан кейін үй шұңқырдың төбесі жабылып, топырақпен үйіледі. Содан кейін марқұмның әлеуметтік жағдайына байланысты бір жүз немесе екі жүз бас жылқы құрбандыққа шалынады. Басы, терісі, сирағы мен құймышағы ағаш сырықтарға ілініп «бұл атпен марқұм жұмаққа жетеді» деген сөздер айтылады. Егер марқұм батыр болып, тірі кезінде жауды өлтіріп, ерлік танытқан болса, өлтірілген адам санына байланысты, ағаштан олардың бейнесі мүсінделіп, мола басына қойылып: «Бұлар саған жұмаққа барғанда қызмет етеді» делінген (4).
Оғыздардан қайтар жолда печенегтерге соққан Ахмет Ибн-Фадлан олардың тіршілігін оғыздарға керісінше сипаттайды. «...Келбеттері қара-торы, сақал-мұрттары қырылған печенегтердің оғыздармен салыстырғанда тіршілігі әлдеқайда төмен» (4).
Тарихи тұрғыдан Батыс Қазақстан даласы туралы ең алғашқы дерек осы кезеңмен байланысты айтылады.
Батыс Қазақстан даласында дәлірек айтсақ, Маңғыстау мен Түпқараған аудандарында ортағасырмен байланысты төрт елді мекен қалдықтары белгілі. Солардың бірінің қазіргі атауы - Қызылқала. Ол Шерқара тауына жақын Ақмыш деген жерде орналасқан. 2004 жылы Қызылқаланың аздаған жеріне зерттеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде табылған әйнек ыдыстың сынықтары бойынша Қызылқаланың құрылысы X-XI ғғ. кезеңінде жүргізгені анықталды. Зерттеушілер Қызылқаланы әйгілі Маңғышлақ қаласы деп болжайды. Осыған орай мынадай дәлелдер келтіріледі: біріншіден, қаланың гүлденген шағы XI-XII ғғ, екіншіден, Қызылқала бекінісінің іргетасы X ғ. II жартысынан бұрын қаланбаған және Маңғыстауға географиялық жағынан жақын Орта Азия қалалық мәдениетінің орталығы Хорезмге тән сәулет тәсілдері сақталып салынған. Үшіншіден, XIғ. мәдени көлденең сызығының өзара орналасуына сәйкес қабырғаларына жақын баспана құрылысының есебінен бекініс қабырғалары кеңейтіліп, қайта жасауға көпе-көрнеу мәжбүр еткен бір оқиғадан кейін таспен қаланған (5).
Батыс Қазақстан даласында ортағасырлық түрк тайпалары қалдырған ескерткіштердің бірі - жерлеу орындары. Олар адамды немесе жануарды арнайы рәсімдеп жерлеуге арналған, онда «о, дүниеге» аттандыру ғұрпы заттай дерек арқылы көрініс табады. Жерлеу ескерткіштері жерлеу орны, жерлеу кешені (қорған, кесене) мен жерлеу кешендерінің жиынтығы - қорымдардан тұрады (6).
Батыс Қазақстан аймағындағы түрктердің жерлеу ескерткіштерінің зерттелуі өзге аймақтармен салыстырғанда артта қалып отыр десек, асыра сілтегеніміз емес. Дегенмен де аймақтағы түрктік жерлеу ескерткіштерінің зерттелуіне А.Бисембаев, С.Гуцалов (7, 8), Г.Тасмагамбет (9) сынды ғалымдардың қосқан үлесі зор.
Болгарка I, Атпа II, Оркаш, Есен-Амантау, Солянка қорымдарындағы түрк дәуіріне тән жекелеген жерлеу орындары табылды. Мұнда мәйіттермен бірге қабірлерге марқұмның ақыреттік заттары салынған. Зерттеу жұмыстары кезінде қонақ асынан қалған ірі қара мал мен ұсақ мал сүйектерін де кездестіруге болады. Ақыреттік заттар көбіне ат-әбзелдері, әшекей мен ыдыс сынықтарынан тұрады. Табылған бұйымдар құрамы мен жерлеу дәстүрі және жерлеу орнының құрылысын талдап, бұлардың аналогтарына жүгінген ғалымдар жерлеу орындарының хронологиялық уақытын VI-VIII, IX-XI ғғ. белгілейді.
Қарастырылып отырған аймақта түрк дәуірі ескерткіштер тобын Ақтөбе облысының тарихи-өлкетану мұражайындағы тас мүсіндер толықтыра түседі. Мұражайда түрк дәуірінің бес мүсіні көрмеге қойылған. Олардың аналогиясы, орындалу стилі, иконографиясы мен сюжеті жөнінен Жетісу, Алтай, Оңтүстік Орал және Шығыс Еуропа мүсіндеріне жақын. Мүсіндер VII, X-XIII ғғ. кезеңделді. Бет-әлпеттері анық сомдалған мүсіндердің біреуінде киім жағасы, екіншісінің сол құлағына тағылған сырғасы суреттелсе, үшеуінің қарын тұсында қолдары көрсетілген. Қолдары көрсетілген мүсіндердің бірінің қолында құмыра тәрізді ыдысы бар (10). Мүсін қолындағы ыдыс қасиетті Суға арналған. Бұл жөнінде тас мүсіндердің қолдарындағы ыдыстардың символикалық белгілеріне талдау жасаған ғалым А.Досымбаева ыдысқа байланысты кең көлемде таралған дүниетанымдық түсініктерді талдады және «...көшпелілердің дүниетанымындағы мыңдаған жылдар бойында өзін қоршаған ортаға - Аспанға, Жерге, Суға, Елге деген сүйіспеншілігіне ант беру дағдысы болған және бұл қасиетті ғұрыпты жүзеге асырудағы негізгі атрибуттардың бірін - үлгісі антроморфты болып келетін ыдыс иеленген» - дейді (11).
Түрк дәуірі бүгінгі ұрпаққа өз мәдениетінің тамаша археологиялық және жазба ескерткіштерін қалдырды. Бұлар қазақ халқының тарихи мұрасы ретінде ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, бүгінгі күнге дейін сақталды. Тарихи-мәдени ескерткіштер жазба деректермен үндесіп, сол аймақтың тарихи оқиғаларынан сыр шертеді. Қазірде бұл ескерткіштерді қазақ даласының әр аймағына байланысты кешенді түрде зерттеуде мүмкіндік өте зор және қолға алынып, өз жемісін де бере бастады. Сондай жетістіктердің бірі Арал мен Каспий аралығындағы Үстірт жазығы мен Маңғыстау түбегінің тарихи-мәдени жәдігерлеріне арналған ғалым З.Самашевтің бастауымен жазылған «Үстірт пен Маңғыстау қазыналары» атты монография болып табылады.
«Қазақ тарихы» журналынан