Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Ерлік 6178 0 пікір 22 Маусым, 2017 сағат 10:48

Хайсам Салах Камел: Мысырда бабамыз Бейбарыстың жеке заттары сақталған музей бар

Асқақ армандар жүзеге асырылған Астанада биыл жаз көңілді басталды. «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандырылған көрмесін тамашалауға келген қонақтардың басым бөлігі қазірше – қазақстандықтар. Шетелдіктер жоқ емес, аталған көрме арқылы Астананы, Қазақстанды және қазақтарды көруге келген өзге ұлт өкілдерін қаланың мәдени орындарынан кездестіруге болады. Алайда аталған көрме ең әуелі өзімізге, ауылдан арнайы келген апамыз бен атамызға, олардың немере, шөбересіне, ағайын-туғандар мен дос-жаранға, бір сөзбен айтқанда, қазақтарға қызығырақ болып тұр. Еліміз бағындырған биік белестің куәгері ретінде «ЭКСПОНЫ» қарамауды «күнә» санайтындар да баршылық. Ондай патриоттар осынау жетістікке қуанып, дүние жүзі халықтары тартылған «тың дүниені» көзбен көріп, қолмен ұстауға асық.

Елордамыз жатқа таба қылмайын деді ма, әйтеуір көрме басталғалы Астананың қабағы ашық. Күн ыстық. Қыдыруға кедергі жоқ. «ЭКСПО» көрмесін табиғат та барынша қолдап, қонақтарға қыр көрсетпеуді алдын ала жоспарлағандай. Ал астаналықтар көпшіліктің назарына қызықты дүниелер ұсынамыз деп барынша атсалысуда.

«ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандырылған көрмесі аясында ҚР мәдениет және спорт министрлігі түрлі мәдени шаралар ұйымдастырғаны белгілі. ҚР Ұлттық музейіндегі халықаралық көрмелер – осы шараның бастамасы. ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ерболат Төлепбайдың «Бес күн» атты көрмесі, Цинь Шихуанди императорының Терракота әскері музейінің көрмесі, «Сұлтан Бейбарыс және оның дәуірі» ислам өнері музейінің көрмесі, «Шамбаланы іздеу жолында: Николай Рерихтің Нью-Йорк музейінің жауһарлары», «АҚШ-тың жеке топтамалыраның орыс өнерінің жауһарлары» атты көрмелер Ұлттық музейде салтанатты түрде ашылды. Алыс аймақтардан әкелінген түрлі жәдігерлердің  адамға берер әсері зор. Әр көрме – бөлек тақырып, әр көрме – бөлек әлем.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Қазақстан үшін, еліміз үшін бүгін ерекше күн болып тұр. Себебі Сұлтан Бейбарыстың көрмесін алғаш рет елімізге алып келіп отырмыз. Осы уақытқа дейін Сұлтан Бейбарыс туралы көркем фильм түсіріліп, спектакльдер қойылды. Бірақ Сұлтанның қолы тиген, өз қолтаңбасын қалдырған ерекше артефактылары елімізге бірінші рет әкелінді. Бұл – баршамыз үшін үлкен қуаныш, қуанышымыз құтты болсын! – деп «Сұлтан Бейбарыс және оның дәуірі» атты көрменің ашылу салтанатында өз лебізін білдірді.

         Негізгі деректер бойынша Бейбарыс сұлтан (1223 немесе 1225-1277)  Қара теңізден солтүстікке қарай «Дешті Қыпшақта» (Қыпшақтар даласы)  дүниеге келген. XIV ғасырдағы Мысыр тарихшысы әл-Айни өзінің  «Икду аль-джуман фи тарих ахл аль-азман» («Уақыт тұрғындары туралы інжу алқасы») еңбегінде Бейбарыс бин Абдулланың қыпшақ нәсілінен екендігі туралы жазған. Ән-Нувайридың мәліметтері бойынша, Бейбарыс түркі жұртынан, қыпшақтың Елбөрілі тайпасынан шыққан.

         Қазақстан Республикасындағы Араб Республикасы   Египеттің төтенше және өкілетті елшісі Хайсам Салах Камел:Баршамыздың бабамыз Сұлтан Бейбарыстың тарихи тұлға екенін білеміз. Екі елдің арасындағы ежелден келе жатқан тарихи байланыстардың шеңберінде басшылардың келісуімен Қазақстанда Сұлтан Бейбарыстың бұдан да үлкен көрмесін ұйымдастыруға болады деп ойлаймын. Себебі Мысырда Сұлтанның өмірінде қолданған жеке заттары, қару-жарақтары сақталған үлкен музей бар. Соларды болашақта Қазақстанға алып келіп, халыққа көрсетсек деймін. Қазақстандықтар өз жерінен шыққан, қазақ болып саналатын аталарының өте үлкен жерді Мысыр, оған қоса Сирияны және басқа көрші елдерге басшылық етіп, жан-жақты дамытқан, тарихта өзінің ізін қалдырған бабаларымен жақын таныса алар еді, - деп ағынан жарылды.

Тарихи деректерде Бейбарыстың 17 жыл (1260-1277 жж.) тақта отырғандығы айтылады. Сұлтан билік құрған жылдары Мысыр қуатты мемлекетке айналған. Арналар, кеме жасау верфтері, елдің шекараларында әскери бекіністер, Каирде сарайлар мен мешіттер салынды, қолөнері, егіншілік, ғылым, сауда, өнер салалары дамыған. Көрмеге қойылған Бейбарыс бабамыздың қолы тиген құран салатын сандықшасы, арыстан бейнеленген эмблемасы, т.б. тұрмыстық заттары тарихты жете таныта түседі.

Ал музейге әкелінген Қытайдағы Цинь Шихуанди императорының Терракота әскері музейінің көрмесі де ерекше. Аталған экспонат – 1987 жылы ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне кіргізілген әлемдік өнер жауһары. «Терракот әскері» – Сиань қаласындағы Цинь Шихуанди императорының кесенесі жанындағы қытай жауынгерлерінің және олардың аттарының мүсіндері сақталған қабірдің жалпы атауы. Мүсіндерді 1974 жылы жергілікті шаруалар Лишань тауының шығыс жағынан артезиан ұңғымасын қазып жатқан кезде тапқан. Тарихи деректер бойынша, Цинь Шихуанди таққа отырған соң, бір жылдан кейін б.з.д. 246 жылы өзінің мазарын сала бастады. Оның ойы бойынша мүсіндер оған келесі өмірде серік болып жүруі тиіс. Аталған өнер туындылары саздан жасалыпты. 8099 әскердің бет пішіндері, сыртқы бейнелері бір-біріне ұқсамайды.

Аталған көрменің ашылуында сөз алған Шеньси провинциясы мәдени ескерткіштер басқармасының директоры Джао Ронг:Император Циннің дәуірі біздің ел үшін өте маңызды кезең. Ол біздің ғасырымыздың 221 жылы бүкіл қытайдың басын біріктірді. Жазуын бір жүйеге келтіріп, санақ жүйесін стандарттады. Қытай халқының бірігіп дамуының бастауында Цин дәуірі тұрғанын баса айтуымыз керек. Бұл дәуір Қазақстан мен Қытайды ғана емес, Еуропа мен Азияны байланыстырған Ұлы Жібек жолының қарқынды дамуына да өз шарапатын тигізді, – деп Цин Шихуанди туралы айтып берді.

Император Цинь Шихуандидің төрт түрлі әскері Ұлттық музейдің төрінде тұр. Көрмеге қосымша қару-жарақ, тұрмыстық заттар түріндегі 50-ге жуық экспонаттар қойылған.

Әлемге әйгілі ғажаптарды тамашалау үшін музейге келушілер өте көп. Түрлі ұлт өкілдері әр көрмеге баса назар аударып, жәдігерлерді аралап көруге асықпайды. Ал шетелдік азаматтарды аталған көрмелер ғана емес, Ұлттық музейдегі қазақтың тарихына қатысты өзге де жәдігерлер қызықтыруда.

Атыраулық Алма Сабыржанқызы: – «Мың естігеннен бір рет көрген артық» дегендей, Бейбарыс Сұлтанның көрмесін тамашалауға асықтым. Ұлы тұлғаны оқып, білгенімізден бөлек, жеке заттарын қарап тани түскім келді. Арыстан бейнеленген эмблемасы оның сұлтандығын, батылдығын, парасаттылығын айтқызбай түсіндіреді. «ЭКСПО» көрмесі шеңберінде ұйымдастырылған әлемге әйгілі кереметтерді жақыннан көруге мүмкіндік туғанына қуанамын, – деді.

Украинадан келген Галина Бакум есімді қонақ: – Терракота әскерін тамашалау үшін Қытайдың өзінде ұзақ кезекке тұрады деп естігенмін. Музейлік кешенде үш қорым бар екені белгілі. Жоғары техникамен жасалған мүсіндер қытай сурет өнерінің биік деңгейде дамығандығын көрсетеді. Маған ұнады. Астанаға келгеніме өкінбеймін, – деп қуанышымен бөлісті.

Дәл қазір Астана әлемдік мәдениеттің озық үлгілері шоғырландырылған орталық болып тұр. Алдағы уақытта «Ежелгі Мысыр ескерткіштері» және «Мемлекеттік Эрмитаж қорынан Шығыс және Батыс қару-жарақ өнері» халықаралық көрмелері салтанатты түрде ашылмақ. Қазақстандықтар үшін де, шетелдік қонақтар үшін де Астанада көрер қызық көп. Ал Ұлттық музей көпшіліктің көңілінен шығу үшін үш ай бойы үздіксіз қызмет етпек.

Ләйлә Ноғайбек

ҚР Ұлттық музейі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048