Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4485 0 пікір 4 Қараша, 2010 сағат 14:26

Төреғали Тәшенов. Ажалы да аңызға айналған ақындар

Озық ойлы елдер арысы адамзаттың, берісі өз ұлтының рухани қазынасын байытқан асыл тұлғаларының, мейлі екі-үш ғасыр өтсін, өмірлерінің ақырғы сағаты мен минутына дейін тәптіштеп жатады. Күдік келтіретін өлімдерін өмір бойы зерттейді. Мемлекеттік тұрғыда. Енді ше, өткінші саясаттың өкілдері емес, бүтін бір ұлттың маңдайына басқан аймүйіз серкелері емес пе? Ал қазақ ақын-жазушыларының тағдыры ше? Арыны айтпағанда, берідегі Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев, Бердібек Соқпақбаевтың күдік келтіретін өлімі ақи-тақи зерттелді ме? Бұл туралы сәл кейін...

Озық ойлы елдер арысы адамзаттың, берісі өз ұлтының рухани қазынасын байытқан асыл тұлғаларының, мейлі екі-үш ғасыр өтсін, өмірлерінің ақырғы сағаты мен минутына дейін тәптіштеп жатады. Күдік келтіретін өлімдерін өмір бойы зерттейді. Мемлекеттік тұрғыда. Енді ше, өткінші саясаттың өкілдері емес, бүтін бір ұлттың маңдайына басқан аймүйіз серкелері емес пе? Ал қазақ ақын-жазушыларының тағдыры ше? Арыны айтпағанда, берідегі Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев, Бердібек Соқпақбаевтың күдік келтіретін өлімі ақи-тақи зерттелді ме? Бұл туралы сәл кейін...

Орыстың атақты жазушысы, қайта­ланбас кинорежиссері әрі актері Василий Шукшинді білмейтін адам жоқ. Осы аяқ-қолы балғадай Шукшин киноға сап-сау түсіп жүріп, 1974 жылы ойда жоқта қайтыс болған. Өлген соң екі жылдан кейін Ле­нин­дік сыйлыққа ие болады. Ал оның өлімі ресми түрде «жүрегі кенеттен тоқтап қалғаннан болды» делінгенмен, айнала­сындағылар оған сенбей келген. Күдік ақыры жалпыға жария болды. 2009 жылы Барнауылда Шукшин кинофестивалі өтті. Соған байланысты баспасөз конферен­циясына жиналғандар алдында Ресейдің халық артисі, атақты киноактер Александр Панкратов-Черный: «Шукшин өз ажалы­нан өлген жоқ. Шукшин арқылы орыстың рухын өлтірмекші болды. Себебі ол Сте­пан Разин туралы кино түсірмек еді. Ал Шукшиннің Разинды қалай сомдайтынын жақсы білетін коммунистік билік мұндай кино орыс халқын толқытып, бүлік шыға­руға алып келеді деп қорықты!» деп сенса­циялық мәлімдеме жасаған. Жалпы, қай­таланбас жазушыны у беріп өлтіргенін ке­зінде Шукшиннің айналасындағы атақ­ты адамдардың бәрі де жақсы білгенге ұқсайды, бірақ айтуға қорыққан көрінеді.
Ал енді 1852 жылы қайтыс болған орыс­тың ең құпия жазушысы Николай Васильевич Гогольдің «жұмбақ» өлімі ту­ралы талас-тартыс күні бүгінге дейін жүріп жатыр. Оның шығуына себеп болған жағ­дай: 1931 жылы Гоголь жерленген монас­тырьды түрмеге айналдырып, ұлы жазушы­ны басқа жаққа жерлемек болады. Сөйтіп, 79 жылдан кейін қабірін қазып көрсе, Гогольдің бас сүйегі теріс қарап жатыпты. Яғни «өлді» деген Гоголь көрде жатып ет­бетінен аударылып түскен. Ендеше, летар­гиямен ауырған жарықтық молада тірідей жан тапсырған болды ғой... «Жұмбақ» өлімнің отын Гогольдің 1845 жылы жазып қалдырған өсиеті онан сайын маздата түсті. Онда «Менің денемді өлімнің анық та айқын белгісі білінгенше, жерге тап­сыр­май тұрыңдар. Мұны қатты ауырған кезім­де жүрегім мен тамырымның соқпай қалған жағдайы кездескендіктен айтып отыр­мын» делінген... Ақиқатына келсек, Гогольдің бас сүйегін әлдекімдер ұрлап ке­тіпті. Қашан, қалай - жұмбақ. Тіпті жер­леуге апара жатқанда, Гогольдің мәйтін, қолын - қолдай, бұтын - бұттай кебінімен қоса жұлып, елірген жұрт естелік үшін итше талап әкеткен деген де аңыз бар. Әйтеуір археологтар ұрланған бастың орнына басқа бір жас адамның бас сүйегі қойылғанын анықтаған. Ке­йін­гі кездегі зерттеулер көрсеткендей, 42 жасында ажал құшқан классик жа­зушы аштықтан да, есінен адасып та өл­меген, кері­сін­ше, дәрігерлер, әлде - әдейі, әлде - білместікпен, улап өлтірген болып шықты. Ең бастысы - Николай Васи­льевичтің өлер алдында өзінің ең ұлы қол­жазбасы - «Өлі жандардың» екінші томы­ның жалғыз данасын өз қолымен өртеп жіберіп, артынан аһ ұрып өкінуіне не себеп болды екен?!. Не керек, «тірі кезінде өлі аруақ сияқты, өлген соң тірі сияқты» Гоголь жайындағы қорқынышты аңыздың нүктесі қашан қойылары белгісіз.
Ал «асылып өлді» делінетін Сергей Есе­ниннің өлімі ше? Соңғы зерттеулер оны біреулер «НКВД» өл­тіріп, артынан асып кеткен деген тоқтамға толық ұйып отыр. Мұның бәрін нақты құжаттарға әрі заттай айғақтарға сүйене отырып, пәлен­бай жыл өткеніне қарамас­тан, Ресейдің Бас про­куратурасының кри­миналистері ма­­темати­калық дәлдікпен дәлелдеп шықты.
Орыстың тағы бір ұлы ақыны - Маяковский жұмыс бөлмесінде өзін өзі басынан не жүрегінен атты ма, әлде чекист атып өлтірді ме, бұл жай да әлі күнге дейін жұмбақ. Маяковский өлгенде, үстелінен екі күн бұрын өз қолымен жазған қоштасу хаты табылған. Соған қарамастан, ақын ажалы журналистік зерттеулер нысанына айналып, тоқтаусыз талас тудырып келе жатыр. Оған кейіннен атылған мезетте түсірілген ақынның ақырғы суретіне зер салып қарағанда кеудесіне қадалған қос оқтың ізі айқын білінетіндігі де отқа май құя түсті. Маяковскийді ең соңғы рет көр­ген 22 жастағы актриса Полонская екені белгілі. Ақын оны өзіне жар етпек болған. Көршілерінің куәлік етуінше, ак­триса ақын­ның пәтерінен шығып кеткен соң барып, іште атылған оқтың дауысы шық­қан. Ендеше, Полонскаяның ақынды өлтіруі мүмкін емес. Маяковский өзін-өзі атқан. Жоқ! Атып өлтірген! Қалай? Былай: Полонскаяның келетінінен күні бұрын хабардар чекист, Маяковскиймен дос болған ОГПУ-дің құпия бөлімінің бастығы Агранов бір қуыс бөлмеде тығылып отыр­ған. Полонская қалай шығып кетеді, солай бөлмеге еніп, ақынды атқан. Сөйтіп, жа­сырын жолмен шығып кеткен. Көкейге қона ма? Қонбаса, кейінгі зерттеулер анық­тағандай, ақын тәнінен алынған оқ пен жанынан табылған қарудың сәйкес­пеуін алға тартуға болады. Оның үстіне ақынның миы әлі күнге дейін сақтаулы. Ми институты ақын атылған сәтте-ақ өзі­нің қорытындысын: «Мида ешқандай да қалыптан тыс ауытқушылықтың белгісі жоқ» деп берген.
Енді өзгені қойып, өзімізге көшейік.
Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов қай­тыс боларының алдында Хрущевтің тыңды игеру науқанына байланысты қарсы сөз сөйлеген деген дерек бар. Ауызша айты­лады. Егер ол дерек рас болса, Әуезовтің ажалына тікелей себеп болған сол деуге әбден болады.
Тағы бірі - Әуезовтің Жапония сапары. 1957 жылы кеңестік делегациямен бірге Атом және сутегі бомбаларына тыйым са­лу жөніндегі бүкіләлемдік конференцияға барған Әуезов Токио жастарының алдын­да баяндама жасаған. Ғұламаның ол рес­-ми сөзі қайбір жылы Токио мұрағатынан та­бы­лып, жапон тілінен қазақшаға қота­рылды. Осы Жапонияда жүріп өзінің ата­мекені - Семей жерінде Хиросимаға тас­­талған бомбадан екі мың есе артық жарылыс жасалып жатқанына Әуезовтің жаны қалайша шырқырамасын. Баянда­ма­сында жақ ашпаса да, бәлкім, сонда жүріп, бәлкім, мұнда келген соң, ауызша «бір­деңе» айтқан болуы, оны «салпаң­құ­лақ­тар­дың» жетер жеріне жеткізуі мүмкін ғой. Білетіндердің айтуынша, кемеңгердің ауруы - адам өлетін ауру емес, «полип» деген Алматыда-ақ сылып тастайтын кесел екен. Кеңес бергендер Мәскеуді нұсқап бағыпты. 1961 жылы осы Мәскеуде опера­ция үстелінде жатып: «Что вы со мною де­лаете?» деп көзін ашқанда, хирург сұмдық шошып кеткен көрінеді. Шошымай қайтсін, мұндай наркоздан адамның оянуы әсте мүмкін емес болса. Ал Әуезов оянып кеткен! Сірә, әулие бабалары тапсырысты тастай етіп орындаған доктордың арам ой, лас ісін сездірген болар...
Қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевты білмейтін қазақ жоқ. Оның «Менің атым Қожасының» өзі неге тұрады? Коммунистік тар құрсау, темір жүйеге өмірімен де, өнерімен де қатты қарсы болған Бердібек көкемізді КГБ аңдып баққанын замандастарының бәрі біледі. Осы Соқпақбаевтың өмірі тұрмақ өлімі де өзгеше болды.
Қадыр Мырза Әли бұл турасында бы­лай деп жазады: «...Арулап о дүниеге ат­тандырдық. Қимас қаламгерді қара жер құшағына тапсырдық. Өз қолымызбен жерледік. Әйтсе де көңілде күдік қалды. Адам бірдеңені сезеді. Сезеді! Күдіктенсем күдіктенгендей-ақ екенмін. Кейін Бердібек Соқпақбаев қазасына куә болған бір әріп­тесімнен төрт-бес адам болып барып, Кеңсайдағы саяжайынан төбеде асулы тұрған марқұмды өз қолдарынан түсіріп алғанын естідім. Қазақ баспасөзі оның қа­лай өлгені туралы шындықты бүгіп қалды... Ол - өзін-өзі өлтіретін адам емес-ті. Қалай дәлелдесе де, мен оның асылып өлгеніне сенбеймін. Алдымен өлтіріп, содан кейін асып кетуі мүмкін» («Жазмыш», 136-137-бет).
Қадыекең қазақтың қыран ақыны Жұ­бан жайында былай деп жазды: «Жалпы күдік келтіретін өлімдер өте көп. Соның бірі - Жұбан Молдағалиевтің өлімі. Жұбағаң ол кезде ешкім бара алмаған батырлыққа барды. Жүрегің дауаламайтын, аузына сыймайтын алапат үлкен шын­дықты айтты. Содан кейін оның жер басып жүруге қақысы болмай қалған болуы ке­рек. Оның өлімі, не болса да, Колбиннің мой­нында. Логика солай дейді. Әйтпесе оның ауруы кісі өлетін ауру емес-ті» («Жазмыш», 391-бет).
Ақұштап Бақтыгереева өз естелігінде Жұбан ақынның Колбинге қарап: «Что хотите от моего народа, дорогой товарищ? Казахстан был лабораторией дружбы народов. Отняли у нашего народа все. И язык, и веру. Ваши братья поднимая це­лину, топтали тракторами степных могил моих предков. И это мы простили. Что еше хотите?» дегенін жазады. Ауыр сөз! Біле­тіндердің айтуынша, көкейінде не жат­қанын кім білсін, Колбин кейін сыр­қат­таның­қырап жүрген ақынды шақырып, Мәс­кеудегі ең мықты дәрігерге көрсетуге кө­мектеспек болыпты. Жұбан ақын бас тарт­қан. 1987 жылы Алматыдағы ауруха­наға түскен Жұбан ақын көңілін сұрап бар­ған үлкен жазушының біріне: «Мен енді осы ауруханадан қайтып шықпайтын шығармын» деген екен. Іші бірдеңені сезген соң айтқан болар...
Жоғарыдағыдай үлкен саясат болмаса да, «әдеби ойындардың» құрбаны болған қаншама қазақтың ақын-жазушылары бар десейші. Мәселен, Жұмекен Нәжімеденов үйінде қатты ауырып жатқанда, біреулер телефонмен астыртын хабарласып, «кі­табың шықпайтын болды, сенің өлеңдерің түкке тұрмайды» деп, өзі сырқаттанып жатқан ақынды ажалына асықтырғысы келгеніне куә болғандардың көзі тірі. Ал енді мықты ақын-жазушыларды өтірік мақтаған болып, аузына әдейілеп арақ то­сып, ішкізіп өлтірген қаламдастары туралы әдеби ортада ауызекі айтылатын әңгіме­лерге құлақ түрсең, жаның шошиды...

Түпнұсқадағы тақырып «Ажалы да аңызға айналған ақындар немесе кемеңгеолердің күдік келтіретін өлімдері»

«Айқын» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3264
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5594