Түлектерге мемлекет ананың махаббаты тапшы
«Балам дейтін елің болмаса, елім дейтін балаң қайдан болсын» (А.Байтұрсынұлы). Иә, қайдан болады!
Сенің ыстығың өтпесе, ол ыстығын қайдан өткізсін саған. Сен қарамасаң, ол неге қарасын саған. Сен кеудесінен итеріп, жатбауырлық танытсаң, ол сені қайтіп «анам» демек! Сен бірінің маңдайынан иіскеп, біріне назарыңды да салмасаң, бірін ішке енгізіп, бірін сырқа қалдырсаң, сыртта қалған ол сені қайтіп «анам» демек!
Кешегі Кеңес өз елінің әр баласын өз (мем) ақысымен оқытты. Былайша аналық алақанының ыстық табын баласына, оның сәби кезінен өткізді. Оның «алақанының ыстығын» әліге ұмытпай келе жатқанымыз содан...
Бала орта мектепті тауыса сала жоғары оқу орындарына оқығысы келеді. Және өзіне мемлекет дем аталатын алып анасының мәпесін күтеді. Оның өзін сүйгенін, бауырына басқанын, жетпейтініне жеткізіскенін қалайды. Оның ол кезде өзіне жетпейтіні не? Ол әуелі махаббат. Мемнің, мем сынды алып анасының махаббаты. Сосын ол алып анасының өзіне сыйы. Жанқалтасындағы бір шақпақ қантын беруі. Ол мемнің шақпақ қанты не? Ол мем – квотасы. Ол қантты әр баланың алып анасының қолынан алып жегісі келеді. Оны алып анасы біріне беріп, біріне бермесе, бергені қуанып, алып анасын жанындай жақсы көріп, бермегені оны жауындай жек көреді. Қасындағы ұқсасына беріп, өзіне бермегені, алалағаны үшін жек көреді. Тіпті өмір бойы жек көріп кетуі мүмкін. Сосынғы жерде оның бұйырғанына бармай, талабын орындаудан бас тартатын болады... Оған махаббаты толық болмайды. Бұл тұста өзіне кім қол ұшын берсе сені жақсы көретін, соның ұсынысын бегірек орындайтын болады.
Құл-Керім Елемес
Abai.kz