"Ұстаздың" бәрі ұлағатты ма?
1994 жылы Сәкен Сейфулинның 100 жылдық тойы өтті. "Сейфолланың Қарашілігі" қыстағында көп үй тігіліп, тау бөктерінде бір-екі күн қондық. Онда республикалық «Жас Алаш» газетінің тілшісі ретінде барғанмын. Әлдебір дастархан басында өзімнің бір кездегі мұғаліміммен бетпе-бет отырып қалыппыз. Алтыншы-жетінші кластардан кейін көргенім сол еді. Елулерге таяған кезі. Менен, кемі, он бес жастай үлкен, әлбетте... Облыста Ішкі істер саласында қызмет ететінін естуші ем. Шені, мүмкін, подполковник, тіпті, полковник...
Бір-бірімізді таныдық. Бас шұлғысып есендескен болдық. Бірақ елпілдей қоймаппын. Себебі, жас кезімізде бірталай қиянаты өткен кісі-тін. Жазықсыздан-жазықсыз желкелеп, бұрышқа тұрғызып, қол жұмсап, есімізді шығаратын-ды. Әйтеуір, жұлдызымыз қарсылау еді. Бозбала кезде де аса ессіз емеспіз, осы мұғалімнің жұмыс бабындағы, тіпті, отбасындағы сәтсіздіктерінің «өшін» бізден алатынын аңдап, таңырқайтынбыз. Жендеттік, қатыгездік мінезі тіксінтетін. Иә, о кезде он екі-он үштегі кезіміз ғой... Содан көп ұзамай қалаға ауысқанын білдік. Ақыры мұғалімдікті тастаған екен. Өзінің лайықты жолын тауыпты дейтін кейбір үлкендер...
Мені үстел басында көргенде түсі бұзылып, аздап, жиырылды. Дегенмен, жөн сұрасып, ананы-мынаны айтып, өзара тілдескен түр таныттық. Сөз арасында, неге өйткенімді өзім де аңдамай:
– Ұрып-соғып, маза бермеуші едіңіз! – деп қалыппын күлген болып...
– Енді... Адам болсын дедік қой! – дейді ағамыз да сұрланып, жымиған кескінмен.
Не дейін. «Е-а, аға, түсінікті. Өзіңіздің ұл-қызыңызды да таяққа жыға жүріп адам қылған екенсіз ғой!» деген сөз ішімде кетті. Көпшіліктің алдында ұялтпадым.
Қазір о кісі де қартайды ғой... Кей-кейде ойлап қоямын, өзінің сонау мектептегі әрекеттері есіне түсе ме деп...
Бұл жазбаны фб-дағы кейбір ұстаздарын мақтаған постыларды көріп қалған соң түзіп едім.
Құлтілеу Мұқаш
Facebook-тегі парақшасынан