Сенбі, 23 Қараша 2024
Бұ не мазақ? 6710 5 пікір 18 Шілде, 2017 сағат 10:20

Тәуелсіздікке қарсы Қостанайдың Бородинге құшағы ашық

Негізінен өзге ұлттар басым тұратын, солардың өктемдігі әлі де сақталып қалған Қостанайда кейінгі кездері көңіліміздегі көп күдікті сейілте бастаған, қалпағымызды аспанға атпасақ та, жүрегімізді жылытатын жайлар байқалып қалады. Осыдан бірер жыл бұрын атақты Қобыланды батырға еңселі ескерткіш орнатып, қазақтың тарихы Қостанайды да қамтитындығын сездірдік. Және де сол ескерткіш тұрған көшеге батырдың атын беріп, бұрынғы Герцен атауынан құтылдық. Енді амандық болса әуежай жаққа баратын жерге Шақшақұлы Жәнібек тарханның ескерткішін орнатып, тәуелсіздігін тұғырын бекемдеуге бет бұрған жайымыз бар.

Алайда талай жылғы өзге ұлттың өктемдігінен әбден шиеленісіп қалған күрделі түйіннің жақын арада шешілетін түрі байқалмайды. Мәселен, егемен ел екенімізді танытатын жайттың бірі көшелерімізге алашта аты шыққан біртуар азаматтардың есімдерін әспеттеп беру қиынның қиыны болып тұр.

Өзге жақты қайдам, ал біздің Қостанайда  көше аттарын өзгертуге келгенде осындағы кейбір өзге ұлттың өкілдерінің кежегесі кейін тартып, бейне бір өздеріне  алапат қауіп төніп келе жатқандай ойбайға бергісіз айқай басталады.  Уәж, қисын деген дүниелерді бұлар бір жағына ығыстырып тастайды. Сондағы тастай қатып ұстанып қалған позициясы «бұл тарихымыз, оны өзгертуге болмайды» дегенге саяды. Бітті. Мың жерден тайға таңба басқандай факті келтірсең де сол қасарысып қалған  бағытынан сынық сүйем де өзгермейді. Өткенде қаламыздың орталық көшелерінің бірі – атақты большевик Таранның атындағы көшені Тәуелсіздік деген қасиетті атпен өзгертейік дегенде дәл осындай дауға тағы да кездестік. Айтатындары баяғы сол «таусылмайтын тарих», оған қоса Таран дегеніміз сол тарихымызға ерекше үлес қосқан керемет тұлға, сондықтан да оның атын өзгертпек түгілі бір әрпіне де тиюге болмайды-мыс. Өткен тарихымызды ту етіп көтерушілерге сол Таран деген кісінің аты облысымыздағы үлкен бір ауданға да берілгендігін, екі Таранның бірі өзгерсе ештеңе де ойсырап қалмайтындығын біле тұра осылай істейді. Мұндайдағы бір шешілуі қиын түйін – қала орталығындағы көшелердің тұрғындары негізінен баяғы тың игерушілердің бүгінгі ұрпақтары. Ал қаламызда енді ғана көбейіп келе жатқан қаракөздеріміздің дені шаһарымыздың шет жағында бой көтере бастаған шағын аудандарды қоныстануда. Мінекей, осы жағдайды шебер пайдаланған «өткен заманның идеологтары» нағыз демократқа айналып сала береді. Яғни «көше атын өзгерткенде сол көшеде тұратындардың пікірлері ескерілуі керек» деп демократтың шын жанашырлары бола қалады. Астарын өздеріңіз де түсініп отырған боларсыздар. Мұндағы жоғарыда біз айтқан көше тұрғындары тайлы-таяғы қалмай қандай да өзгертуге қарсы. Және де өздерінше керемет уәж келтіргендей болады. Көше аттарын өзгертуге бюджеттен қаншама қыруар қаржы кетеді деп бір жанашырлық танытса, құжаттарымыз да өзгереді, демек қосымша қиыншылық туады деп тағы да сарыуайымға салады.

Обалы не, әншейінде өзіміз сынай беретін қала басшылығы бұл жолы ерекше табандылық танытты. Оған қалалық мәслихат депутаттары да белсене кірісіп, Таран көшесінің тұрғандарының кейбіреулерінің бетін бері қаратып, ақыры депутаттардың, қаланың белсенді жұртшылығының қатысуымен кең түрде талқылауға әкеліп тіреді. Соның өзінде де Таранның «туыстары» да қарап қалмады. Талас-тартыстың деңгейі де тым жоғары болды. Кей-кейде қыза-қыза келе қаттырақ кеткендер де болды. Осындағы бір жоғары оқу орындарының бірінің басшылығы «қазақтар, енді несіне бүгежектей бересіңдер. Өз жағдайымызды өзіміз шешетін шаққа жеттік қой. Көнбегендердің көкейіндегісі белгілі» деген сөзіне бола кейін осындағы «Наша газета» дейтін оппозициялық газеттің тілшісі «бұл барып тұрған ұлтшылдық, осындайлар неге қатаң тәртіпке шақырылмайды» деп байбаламға салды. Осы бір қазаққа үнемі жабысып қалатын «ұлтшылдық» деген ұғымның да жаны сірі екен. Сонау 1986 жылдан бері сүйегі сүйретіліп әлі келе жатыр.

Ақыры, депутаттар мен өз жанашырларымыздың арқасында көшенің аты өзгеріп, тәуелсіздік ұғымы қаламыздың дәл ортасында мығым орнықты-ау. Бұған да шүкіршілік айтамыз. Өйткені бізде қашанда көше атын өзгерту тек батылдық, тіпті батырлықты ғана емес, асқан сабырлылықты, тым төзімділікті қажет етеді. Жаны сірі, қатып қалған сананы жаңарту деген қиынның қиыны. Осыдан бірер жыл бұрын атақты жерлесіміз, талай жыл Білім министрі болған, алғаш «Болашақ» бағдарламасын өмірге әкелген үлкен тұлға Шайсұлтан Шаяхметовке шағын ғана көшенің атын беру де талай адамның жүйкесін жұқартып, шашын ағартқан. Тіпті ол кісінің балаларының «бюсті де өзіміз орнатамыз, көшені өзгертуге кететін шығынды да түгел көтеріп аламыз» деген уәжін де әзер тыңдаған. Дегенмен, «Тас түскен жеріне ауыр» дегендей көз майын тауысып жүргізген түсінік жұмыстары ізсіз кеткен жоқ. Қасарысқан жұрттың біразының бетін бері қаратып, асыл ағамыздың бюсті де орнатылып, көше де қазір академик ағамыздың атын иеленді. Бұған да шүкір делік.

Бұл жерде бір қулықтың шекесі қылтияды. Жаңағы көше атын өзгертуге келгенде өршелене қарсы шығып, тап бір әкесінің дүниесін біреу тартып алатындай улап-шулайтындар өздеріне жағатындай жағдайға келгенде аузына су толтырып алғандай үндемей қоятындығын, қайта тап әкесі тіріліп келгендей қуанатындығын қайтерсің. Бірер факті келтіре кетелік. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын қаламыздағы үлкен көшелердің бірі – 17 тамыз деп аталатын көшеге облысымызды 20 жылдан астам басқарған Александр Бородин дегеннің аты берілді. Қазір көрсеңіз бұл көше үлкен даңғылға айналып, көркіне көз тоймайтын, қаламыздағы басты көшесі болып шыға келді. Сонда тырс еткен жан болған жоқ. Әншейінде өткен тарихқа шаң жуытпайтындар «ойбай, бұл 17 тамыз деген қасиетті күн ғой. Сол кезде батыр аталарымыз – коммунистер қаланы ақгвардияшылардан азат етті емес пе?. Бұл жолда қаншама жан құрбан болды. Олардың обалы кімнің мойнында? Талай адамның азаттық таңы жолында шейіт болған күнін қайдағы бір партократ Бородинге неге береміз?» деп жан даусы шыққан жанды естісек, құлағымыз керең болсын.

Оның үстіне тағы бір әділетсіздікті айта кетпесек, шындыққа қиянат жасармыз. Облысымызды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ширек ғасырға жуық ұстап келген осы бір кісінің қазаққа деген көзқарасы астамшылықтан гөрі шовинистікке жақын тұратын. Сол тұста 200-ден астам шаруашылықта бір-екілі қазақ қана басқаруға жарады. 12 аудан хатшыларының арасында тары ішіндегі бір бидайдай жан дегенде жалғыз қазақ болды. Облыс деңгейіндегі басшылыққа еш қазақты жолатпады. Қалалық партия комитеті, қалалық атқару комитеті, облыстық атқару комитеті секілді қала мен облыс басшылығының есігін де сығалатпаған жанның ол кезде ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болды. Брежневпен достығына сеніп есіріп кеткендігі сонша, сол тұста елімізді басқарып тұрған, партияның Саяси Бюросының мүшесі Дінмұхамед Қонаев бірде облысты аралауға келгенде, Димекеңді менсінбегені соншалық оны қарсы алуға өзі емес, қатардағы орынбасарын жібергендігін осындағы көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың бәрі біледі. Мінекей, өз тізгініміз өзімізге тиді деген заманның өзінде кезінде қазақ кадрларын ашықтан-ашық қудалап, ұлтымыздың ұлдарын ел басқаруға  жарамсыз санаған өркөкірек, биліктен әбден басы айналған, көшенің атын бермек түгілі атын атауға ар санауға тиісті можантопай біреуді төбемізге көтеріп отырған жайымыз бар. Оны айтасыз, осыдан бірер жыл бұрын облысымыздың сол кездегі қазақ басшысы сол Бородиннің зиратының басына барып тәуәп еткенін де жазғанбыз.

Мүмкін, біздің осындай енжарлығымыз бен өзімізден гөрі өзгеге жақсылық жасауға бейім тұратын құлдық мінезімізден де шығар өзге ұлттың бізді онша сыйлай қоймайтындығы. Неге біз осы өз бағамызды өзіміз түсіреміз де жүреміз?

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

    

 

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475