Сенбі, 23 Қараша 2024
5766 8 пікір 24 Шілде, 2017 сағат 11:03

Жазықсыз жандар саясат құрбанына айналмасын!

Өткен жылы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойладық. Аз ғана уақыттың ішінде Қазақстан мемлекетін бүкіл әлем таныды. Халқымыз бұрын-соңды мұндай танымалдыққа, даңққа бөленген емес. Ширек ғасырда жеткен табыстарымызды, жетістіктерімізді айтып тауысу мүмкін емес. Қазақстанның көп векторлы сыртқы саясаты әлемнің көптеген елдерімен тұрақты байланыс орнатуға мүмкіндік туғызды. Әсіресе бауырлас түркі елдерімен, Түркиямен байланысымыз лайықты дамыды.

Түркия Республикасы Қазақ­станның Тәуелсіздігін ең алғаш­қы болып мойындап, туыс, бауыр екенін дәлелдеді. 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан мен Түркия арасында рухани әрі саяси бауырластық келісімі жа­сал­ды. Аллаға шүкір, осы тәуел­сіздік жылдары екі туыс­қан елдің арасындағы қарым-қатынас нығаймаса еш бәсең­деген емес.

Тек соңғы жылдары ғана елімізде алаңсыз еңбек етіп, өзіндік зор үлестерін қо­сып жүрген түрік бауырларымызды алаңдатқан оқиғалардың туындауы әбден шегіне жеткен соң қолыма қалам алып, осы мәселелерді зерттеп, өз тол­ғам­дарымды Ана ретінде, өзіңіздің саясатыңызды шын жү­ректен қолдап жүруші қара­пайым азаматша ретінде ортаға салғым келді.

Әрине, мұндай күрделі мә­се­леге батыл түрде бет бұруы­ма жоғарыдағы себептерден басқа да осындағы түрік бауыр­­ларымның қиналғаны, осы жағдайға байланысты жүз­де­ген ата-аналардың алаңдау­шылығы әсер етті. Сондай-ақ осы мәселенің көлеңкесінде мың­даған ата-аналармен бірге ҚТЛ-ды бітірген он мыңдаған тү­лектердің және болашақ шә­кірт­тердің тағдыры тұр­ған­ды­ғын жеткізгім келеді.

Арасында өзім туралы бірер ауыз сөз айта кетейін. Жоғары оқу орнын бітірген соң ауылда ұстаз болдым. Кейін Алматы шаһарында А.Жұбанов атындағы саз мектебінде жай мұғалімнен басшылыққа дейін педагогтық қызмет атқардым. Біраз жылдар «Қазақтелеком» компаниясында мемлекеттік тілдің кеңінен өркен жаюына өз үлесімді қостым.

Соңғы оншақты жылда «Қазақстан ZAMAN» газетіне басшылардың бірі болып қызметке келіп, журналистика саласында қызмет істеп жатырмын. Әлеуметтік-экономикалық тақырыптарға қалам сілтеп келемін. Өткен жылы әлеуметтік, қоғамдық, танымдық «ЕлАна» сайтын аштым. Міне, осы жасаған қызметтерімді ескеріп «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атағын бердіңіз. Алғысым шексіз. Бұл атақ Сіздің маған жүктеген зор сеніміңіз. Ол сеніміңізді халқымыздың ішінде, екі туысқан елдер арасында іріткі түсейін деп тұрған сын кезеңде ақтамасам қай уақытта ақтаймын? Жасым 71-де.

Газетте істеген соңғы сегіз жылда түрік бауырлармен етене араластым. Олардың өз істеріне деген ыждахаттылығына, Сізге, халқымызға деген адалдығына куә болдым. Олар мені өз аналарындай көреді. «Сіз біздің анамызсыз!» деп құрмет тұтады, мені кәдімгідей қорғаныш санайды. Иә, төмендегі жағдайды әже, ана, ұстаз ретінде, мен де Сіздің саясатыңызды шын жүректен қолдайтын қаламгер ретінде өзіңізге жеткізуді парыз санадым.

Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында еліміздің орта білім жүйесінің Дарын мектептері, Назарбаев зияткерлік мектептері, Қазақ-түрік лицейлері тәрізді жаңа форматтары пайда болды. Білім саласында қол жеткізген жетістіктерінің дені атап айту керек, Қазақ-түрік лицейлерінің қызметіне байланысты екендігі мәлім.

Ел тәуелсіздігінің елең-алаңында, сонау 90-шы жылдардың басында Сіз бен Түркия Президенті Тұрғұт Озалдың күш-жігері екі елдің арасындағы мәдени-достық байланыстарды нығайтуға бағытталды. Қазақ-түрік лицейлерінің басын біріктіретін КАТЕV қоры Қазақстан заңдары негізінде жұмыс істеді. Әрі қазақ-түрік лицейлері сапалы білім мен саналы тәрбие жұмыстары арқылы үлкен абыройға ие болды. Бүгінде олар Білім инновация лицейлері (БИЛ) деп аталады.

Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қазақ-түрік лицейлер жүйесі 90-шы жылдарда бізге ауадай қажет еді. Енді ғана тәуелсіздігін алған елге халықаралық стан­дарт­тарда білім беретін жүйе енгізу және сол кездің эконо­микалық және әлеуметтік қиын­дығына қарамастан бұны іске асыру барып тұрған ерлік болатын. Бізге жасалған ізгіліктерді ел билігі де, ел халқы да еш­қа­шан ұмытпақ емеспіз!

Қазақ-түрік лицейлері орта білім саласында Қазақстан абыройын ай­тар­лықтай аспандатты.
ҚТЛ жайында өзіңіз айтқан жылы лебіздеріңіз де сала шә­кірт­тері мен ұстаздарының мақ­танышын оятты, ықыласпен жұмыс істеп жатқан жандарға зор қолдау болып рух берді, жігерлендірді. Мәселен, 2011 жылы Астанадағы «Нұр Ор­да» қазақ-түрік лицейінде: «Қа­зақ-түрік лицейлерінің өзге мектеп­терден ерекшелігі – білім беру сапасында.

Лицейлерде жара­­ты­лыстану пәндері ағыл­шын тілінде оқытылуда, тіл үйрену үшін де барлық жағдай жасалған» дегенсіз. Ал, 2013 жы­лы KATEV халықаралық қоры оқу орындарының басшы­лы­ғына, педагогтары мен оқу­шы­ларына арнаған сөзіңізде: «Шәкірттердің тек соңғы бес жылдың өзінде халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстарда 220 алтын, 304 күміс, 421 қола медаль жеңіп алуы зор мақтаныш екені сөзсіз» дегенсіз зор сүйіспеншілікпен. Осы жерде қосымша айтып кететін жайт, 1995-2016 жылдары ҚТЛ бар­лығы 15156 медаль алып, Қа­зақстанның мерейін, білімнің мәр­тебесін дүние жүзіне та­ныт­қан.

Елімізге осындай олжа салған қазақ-түрік лицейлеріне бүгінде қиянат жасау әділдікке жатпайды. Ондай қиянат қазақ хал­қына да, оның бойындағы адал­дық пен адамгершілікке де жат дүние. Есесіне бізге 25 жыл бойы адал қызмет істеп, халық­ара­­лық білім сайыстарында көк бай­­ра­ғымызды желбіре­тетін шә­кірт­­тер тәрбиелеген ұстаз­дар­ды түрлі сылтаулармен ұстап беру немесе елден алыстату бұл қазақтың мәрттігіне жараспас. Бүкіл Еуропа елдеріндегі түрік мектептері қаз-қалпында жұ­мыс істеп тұр.

Сонау оңтүс­тік-шығыстағы Филиппин мем­лекетінің бас қолбасшысы, гене­рал Эдуардо Ано: «Біз Гүлен қозғалысына қатысушыларды террористер деп есептемейміз» дегені көп нәрсені аңғартады. Енді алысты айтпағанда іргеміздегі қырғыз бауырларымыз сияқты позициямызды ашық айтып, бүгінде қазақ жұртына еңбек сіңірген түркиялық аяулы ұстаздар мен олардың отбасыларын саясаттың құрбанына айналдырмағанымыз жөн.
Елбасының Түркияға жасаған сапарында айтқанындай, бұл ұстаздар арасында Түркиядағы әскери төңкеріске қатысы барлар болса, аямай, тиісті шара қол­данылсын!

Ал қатысы жоқ болса олардың «ішкенін ірің» қылмай тыныш қойған жақ­сы. ҚР Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің баспасөз хатшысы мә­лім­дегендей, Қазақстанда тұ­рып жатқан түркиялық азамат­тар­дың төңкеріске қатысы анық­талмаған. Олай болса, сонау 1937 жылғы кеңестік саяси қуғын-сүргін құрбандарына ұқса­тып, өз қолымызбен бұл ағар­тушыларға қиянат жаса­ма­йық. Өйткені біз 25 жылда бұл ұстаздардан жақсылықтан басқа еш жаманшылық көрмедік.

Өмір тұрақты тұрмайды. Ер­тең Түркияда билік өзгеріп, ақиқат анықталса жер шұқылап қалмайық. Түркияның Премьер-министрі Аднан Мендерес 1952-ші жылы Пәкстаннан Түр­кияға ұшақпен 1840-тан аса қан­дастарымызды алдыртып, аза­маттығымен қоса үй, жер бергені әлі күнге есімізде. Қазақ­­станда жұмыс істеп жүрген түрік бауырларымыз бұл күндері үлкен қиыншылықтарды бастан ке­шіруде. Визасы біткендер бас­қа елдерге көшуге мәжбүр. Бала-шағасы қиналуда.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Түркі дүниесінің ақсақалы ретінде осы мәселенің шешілуі тек Сіздің ғана қолыңыздан ке­леді. Бауырлас елдегі саяси ахуалдың тұрақтануы және бей­біт дамуы баршамыздың ор­тақ тілегіміз. Ағайынды қиын­дықтардан арашалау және олар­ды саяси қуғын-сүргіннен қор­ғау аса маңызды болып тұр.

Елшінің көздегені не еді?

Ақпараттық технологиялар за­манында әлемде не болып жатқанынан қолма қол хабардар болып отырамыз. Бірін оқып сүйсінсең, бірін оқып шошисың. Өткен жылы Түркияда жүзеге аспай қалған бүлік оқиғасынан соң Түркияның ұстанымдары күрт өзгерді.

Ол Қазақ-түрік лицейлеріне де қатысты болып шықты. Ағымдағы жылдың 2-наурызында Түркияның Қа­зақ­стандағы Төтенше және өкі­летті елшісі Невзат Уянык Baq.kz ке берген сұқбатында еліміздегі БИЛ (Қазақ-түрік лицейлері) жайында былай деген: «Осы орайда бір мәселенің басын ашып айтып кеткім келеді. Ол – ҚТЛ мектептері туралы. Негізі, Қазақ-Түрік лицейлері деп аталғанымен, бұл мектептерге мұндай атау ресми түрде берілген емес. Және бұл мектептер Түркия Ұлттық білім министрлігінің құзыретіне қарамайды. Жеке қордың қарамағында. Онда сабақ беретін ұстаздар да министрліктің атынан келген мұғалімдер емес.

Директорлары да Түркия тарапы ұсынбаған басшылар. Олар бар болғаны, Түркия атауын рұқсатсыз пайдаланып, өз мақсаттарын жүзеге асырып отыр. Қазіргі таңда мұндай лицейлер көп. Біз бұлардан арылатын боламыз. Түркия атына кір келтірушілерден өз абыройымызды қорғаймыз. Ал сол мектептерде оқитын оқушылар мен ұстаздар, болмаса ата-аналар еш зардабын тартпайтын болады. Біздің мақсат ол емес. Керісінше, оларға мүмкіндігімізше көмектесу. Мектептерді кадрмен қамтамасыз ету, сапалы білім беру мен білімді оқушы дайындауда Түркия тарапы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, қолдан келгеннің барлығын жасауға әзір.

Бұл туралы осыған дейін де біз үнемі айтып келеміз. Алдағы уақытта бұл лицейлер толықтай Түркия Ұлттық білім министрлігінің қарамағына өтеді» деп пікір білдірген. Сұхбатын оқып қатты шошыдық. Алаңдаушылық білдірдік. Ата-аналар хат жаза бас­тады.
Осыған байланысты өздерінің наразылықтарын білдірген БИЛ ата-аналары да өзіңізге ашық хат жолдады. Аллаға шүкір елшінің алғаш сұхбаты жарияланғаннан кейін тура бір аптадан кейін түрік елшісі қулыққа көшіп, «аудармашыдан қате кетіпті» деп құтылды. Артынша СІМ, Білім және ғылым министрлігі осы бір мәселеге байланысты ресми пікір білдірген еді.

«Қазақстан елдегі білім беру ме­кемелерінің қызметіне ешкім­нің араласуына жол бермейді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бұрынғы қазақ-түрік лицейлеріне қатысты пікір білдіру бары­сында мәлімдеді», − деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. «Қазақ-түрік лицейлері ребрендингтен өткенін растаймын, олардың атауы өзгерді («Білім-инновация лицейі» − автор). Лицейлер Қазақстанда бекітілген мектептік бағдарламалар бойынша жұмыс істейді және оларға тиісті жергілікті атқарушы би­лік органдары басшылық ете­ді. Біз Қазақстандағы білім беру мекемелерінің қызметіне бі­реу­дің араласуына жол бер­мей­міз», − деді Қайрат Әбдірах­манов.

− «ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Сырт­қы істер министрлігі осы мәселе бойынша бірлескен мәлімдеме жасады. Оған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі қазақ­стандықтарды Түркия елшісі­нің жасаған мәлімдемесі бойын­ша алаңдамауларын сұрай­ды. «Бі­лім-инновация лицейі» жұ­мы­­сының әдеттегі тәрті­бі өз­геріс­сіз қалады»

Түркияның Сыртқы істер ми­нистрлігі асығыс көзқарас ұста­натын сияқты. Бүкіл әлем­дегі өзіне қатысы бар, қатысы жоқ кезінде түрік лицейі деген атау алған оқу орындарының барлығын өзіне жау санауы осының белгісі. Көптеген елдерде ашылған Түрік лицейлеріне шүйлігу арқылы Ердоған Түркияға біршама жақын, осы елге ынтызарлығы бар, әрі дұрыс көзқараспен қарайтын аза­мат­тардың санын кемітіп жа­тыр. Бұл үлкен стратегиялық қате­лік.
Екіншіден, қазіргі күні елімізде Қазақ-Түрік лицейлері деген атау жоқ.

Бұлар толық мемлекет қарамағына өткен, Қазақстанның Білім министрлігі бекіткен стандарттармен жұмыс істейтін мекемелер. Түркияның бұл ретте: “оларға мұғалім таңдаймын, басшылығын ауыстырам немесе басқа да өзгерістер жасаймын” деуі Қазақстанның ішкі ісіне ашық араласуы. Үшіншіден, түрікшілдік деген ол тек қана Ердоған емес. Ол Ердоғанға байланысты емес. Түркия Ердоған ғана емес. Осы мәселені дұрыс аңғару керек. Иә, түбіміз бір. Бірақ, әр елдің өз тарихы бар. Өзіндік бағыты, мәдениеті бар.

Түркия жағы кезінде Қазақ-түрік лицейлері деп аталған, қазір Білім-инновация лицейі деп аталатын оқу орындарына еш­қандай қатысы жоқ екенін тү­сінуге тиіс. Әрі оған қатысты теріс пейілінен арылса деген үл­кен өтінішім бар.
Себебі, мұнда оқып жатқандар түгелге дерлік қазақтың баласы. Білім деңгейі тұрғысынан бұл лицейлерге тағатын мін жоқ. Түрлі халықаралық олимпиада, конкурстардың көпшілігінде же­ңіс тұғырынан көрінгендер осы лицейдің түлектері. Егер бұ­ған қиянат жасайтын болсақ, онда өзіміздің біліми әлеуе­ті­міз­ге қарсы әрекет жасаға­ны­мыз.

Бәлкім, біздің Сыртқы істер министрлігі Түрік елшісін шақыр­тып, лицейлерде істейтін ұстаздардың 90 пайызы қазақ азаматтары, білім алатын ба­ла­лар­дың түгелге дерлігі қазақ баласы екенін көзін жеткізіп, Түркияға еш қатысы жоқ екенін дәлелдеуі тиіс шығар.

«Маариф» білім беру қоры кімдікі?

Түркия Президентінің қаһар­ланғаны соншалық, шетелде ағар­­тушылықпен айналысып жат­қан түрік мектептерін тү­бе­гей­лі жойып, өз саясатын жүр­гізетін жаңа жүйе құрмақшы көрінеді. Бұл жөнінде түрік баспа­сөздерінде жарияланып жатқан ақпараттарға сүйенсек, өткен жылы «Маариф» білім беру қоры құрылған. Бұл қор­дың негізгі мақсаты шетелде білім беретін түрік мектептерін тартып алып, не болмаса жаңа білім беретін мекемелер ашып, Түркия ресми билігінің саясатын жүргізу тапсырылған.

Бұған дәлел ретінде 12 адамнан тұратын басқару алқасы құрылған. Басқару алқасының 4-ін президент, үшеуін министрлер кабинеті, екеуін білім министрі, біреуін экономика, біреуін сыртқы істер министрі тағайындайды. Ал бұл қазіргі басқару алқасының ішінде біреуі ғана педагог, қалғандарының көпшілігі басқа сала мамандары және биліктегі партияның бұ­рынғы қызметкер тілеулестері.

Білімге саясат араласқаннан кейін ол жерде қандай адам тәрбиеленетіні айтпаса да түсінікті. Біз бұны кешегі зұлмат жылдардың салқын саясатынан жақсы білеміз. Қаншама ақтаңдақтарымызды осы саясат құртты емес пе? Онсызда су жаңа құрылған бұл қордың еліміздегі түрік мектептерін тартып алу туралы, оларды тәркілеу жоспары барып тұрған заңсыздық.

Біреудің, басқа мемлекеттің жеке меншігіндегі мүлікті және мекемені қай заңға сүйеніп тартып алады екен? Әлде өз елдеріндегі заңсыздықты мұнда істей аламын деп ойлай ма екен? Түсініксіз. Бұндай әрекеттерге ешқашан жол берілмеуі керек. Есесіне 25 жылдан бері қарай берген білімі және тәрбиесімен Қазақстан билігі және халқының сенімінен шыққан жүйенің бұ­зылуына жол берілмегені абзал.

Осы «Маариф» білім беру қоры туралы ізденіп біраз нәрсенің бетін аштым, бұл туралы ойланатын нәрсе көп екен….
Біріншіден, кеше ғана құрыл­ған бұл қор білім сапасы және бағыты жөнінде өзін әлі дәлел­деп үлгермеген.

Екіншіден, сан ғасырлық әлем­дік брендтік оқу жүйесімен са­йысқа түсе алмайды. Халық­аралық білім сайыстарында қандай бағытта білім беретіні жө­нінде түрік халқының өзі екіұдай болып тұр. Бұл туралы «Егітім сэн» кәсіподағының президенті (мұғалімдердің ең үлкен кәсіподағы) Камуран Қаража былай дейді «Маариф» туралы заң мен ғылым білім мәселесі Білім министрлігінің құзі­ретінен алынып, жеке қорға беріліп жатыр. Бұл білім­нің жекешелендірілуі және ғылым білімді зайырлылықтан алыс­татып, діншілдендіру қада­мы.

Білім министрлігінің құзы­­рындағы білім беру ісін та­ри­қаттарға берілуін қабылдай ал­май­мыз» десе, оппози­циялық «Жумһирдт» халық партиясының депутаты, профессор Гайе Ұслэр «1981 жылы құрылған білім министрлігіне қарасты ұлттық білім беру қорының істейтін жұмысы соған ұқсас, бірақ содан көп функционалды басқа қор ашып, оның міндеттерін сол қорға жүктеудің астарында басқа мақсаттар бар.

«Маариф» қорын құру арқылы Білім министрлігіне баламалы қосамжар білім жүйесі құрылып, біртіндеп министрліктің күші жойылып жатыр. Бүгінде Білім министрлігінің саясатын билікке жақын «Түргеу» (президенттің ұлы Біләл Ердоғанның қоры) ілім тарқату жамағаты», «Ондер» (лидер), «Зеһра» қоры «Әнсар» және «Бірлік» қоры сияқты қорлар белгілейтін болды. Бұл қорлар министрлікке алтернативті ұйымдарға айналды» деп ашық сынайды.
«Маариф» сөзінің мағына­сына жүгінсек, білім беру жүйесі дегенді білдіреді екен. Сонда шынында депутат ханым айтқан баламалы оқу жүйесі ме деп қорқамын.

Қазіргі Түркия билігіндегі Ақ партияның соңғы 14 жылда білім беру жүйесін діншілдендіру процесін Білім министрлігінің орынбасары Орхан Эрдем былай деп баяндайды: «Әсіресе діни білім беретін имам хатип мектептерінің саны 440-тан 1017-ге көтерілді». Қазір бұл сан артпаса азаймайтыны белгілі. Әрине халықтың өз дінін үйренгені қуанарлық жәйт, әйтсе де басқа діни ағымдармен қаруланған бұл балалар ертең саясатқа араласатын болса, онда зайырлылық қағидалары қайда қалады. Ердоғанның өзі бұл меқтепті бітірген, оның бүгінгі тірлігін көріп тұрмыз! Жүрегінде иманы бар адам осындай қатыгездікке бара ма?

«Маарифтің» төңірегіндегі дау-дамайлар бұнымен бітер емес. Қор әсіресе Африкада ашылған түрік мектептеріне көз тігіп отыр. Өзінің құрылу мақсатында осы мектептерді тартып алу екенін қордың президенті Жем Зорлы мәлімдемелерінде айтып жатыр. Бұл жөнінде өздерінің ресми сайттарында жарияланған. Бұны оқып жағамызды ұстадық (turkiyemaarif.org). Зорлының айтқанына қарағанда Сомали және Гана билігі сол елдегі түрік лицейлеріне қарасты қордан мектептерді тартып алып, осы қорға берген екен.

Және бұны мақтанышпен айтады Зорлы мырза. Бірақ та біреудің жекеменшігіндегі қорға қарасты білім беретін мекеме мен ғимаратын қай заңға сүйеніп тартып алды екен? Бұл барып тұрған қарақшылық емес пе? Бұл жасалған заңсыздықты мектептің негізгі иелері сотқа бергендерін өз құқықтарын халы­қаралық сотқа дейін апар­мақшы екенін естіп, қуанып қалдым.

Дәл осындай процесс Пәкістан елінде жасалып жатқаны баспасөз беттерінде жарияланды. Абырой болғанда Пәкіс­тан жоғары соты біреудің жеке мүлкін тартып алуға бол­май­­тыны туралы үкім шы­ғарыпты. Дегенмен сот про­цесі жал­ғасып жатыр екен. Әрине, демок­ратиясы дамы­ма­ған және адам құқығы тапталған елдерде «мен айттым болды» деген сыл­таумен бұндай заңсыздықтарға жол берілуі әбден ықтимал. Бі­рақ ерте ме, кеш пе бәрібір әділеттілік орнайтыны анық.

Үшіншіден, бұл білім жүйе­сінде жұмыс істейтін ұстаздар қауымы ойландырады. Бұлар өзін дәлелдеген, сапалы мұғалімдер емес, тіпті Жем Зорлының айтуы бойынша, көбі енді ғана оқу бітірген.

Педагогикалық өтілі төмен немесе мүлде жоқ кісілер екен. Және бұлар ауызша емтихан арқылы қабылданады. Бұл дегеніміз билік партиясының көзқарасы сай келмейтіндердің істеу мүмкіншілігі жоқ екенін аңғартса керек. Ертең билік партиясының көзқарасы өзгерсе, бұл мектептердің бағыт-бағдары да өзгермек. Олай болса, бұндай ұстаздар тәрбиелеген өрендер халықаралық білім аренасында қалай бәсекелеспек? Осы мәселе кім-кімді де ойландырса керек.

Енді сөз болған соң оқулық мәселесін де айта кетейін. Әлем­дік брендтердің өз білім жол­дарын қалыптастырғаны бел­гілі. Олардың өз оқыту жүйесі және соған лайықтап шыға­рыл­ған кітаптары бар. Мысалы, Оксфорд, Кембридж сияқ­ты. Бұл мәселеде жеке-дара сан жылдық білім тәжірибесі бар, арнайы оқу жүйелері ғана табыс­қа жеткен.

Ал кеше ғана құ­рыл­ған «Марифтің» осындай бай­лығының жоқ екені айтпаса да түсінікті.
Жаңа құрылған жүйелердің проблемасы жетіп жатыр. Әсі­ресе «Маариф» сияқты саяси биліктің тікелей қолдауымен ашылған қорлардың діттеген мәселесінің өзі еларалық үлкен дау-дамайларға ұласуы бек мүмкін.

Ақ партияның тікелей қолдауындағы «Әнсар» білім беру қорының Қараман қа­ласында орналасқан жатақха­насының бірінде өткен жылы 45 ұл баланы, сонда ұстаздық етіп жүрген қызметкерінің зорлағаны туралы ақпараттар Түркияны дүр сілкіндіргенін оқып, шошып едік. Сол кездегі билік партиясының отбасы және әлеуметтік саясат министрі Сема Рамазанұлы «бір реттен ештеңе болмайды» деп, оқиғаны жылы жабуға тырысқаны баршаға аян. Ал мұндай жағдай өзге ел­дер­де орын алғанда не боларын айтудың өзі қорқынышты. Ал бұл қордың сол кездегі бас­шысының бірі «Маариф» қорына жұмысқа қабылданып, Гүр­жістанға қайта қызметке жіберілгенін естіп, қатты ойланып қалдым. Сонда жауапқа тартылуы керек адамдар қайта қызметке тағайындалады екен. Мұнысы қалай?

Келесі мәселе өзге дін өкіл­дері және көп дінді, көп ұлтты қоғамдардағы білім беру­дің қыр-сырын білмейтін педагог­термен жұмыс істеудің қиындығы, тіпті, мүмкін еместігі. Бұған саяси идеялардың қосыл­ғанын есептеп көріңіз. «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» демекші, кез келген елдің ұлт­тық мүддесі, халықаралық ұс­танымы және салт-дәстүрі бар.

Көп дінді және көпұлтты елдердің толерантты саясат ұста­натыны тағы бар. Демок­ратиялық және құқықтық зайырлы елдердің бұл қадамы бейбіт қоғам орнатудағы жемісін бүгінде жеп жүрміз. Бізге керегі халқымыздың тыныштығы.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қазіргі таңда Қазақстанның білім саласында еңбек етіп жүрген түркиялық 30 тәжірибелі мұғалім визасы бітіп, амалсыз өздерін қабыл еткен басқа елдерге «босқын» мәртебесімен бассауғалауға мәжбүр болды. Өйткені Түркияға қайтса жазықсыз түрмеге қамалуы ықтимал. Кетпейін десе жергілікті көші-қон полициясы визасын ұзартпай отыр. Басқа елдерге босқын болып кету себебі осыдан. Еліміз үшін елеулі еңбек сіңірген түрік азаматтарының осындай келеңсіз жағдайға ұшырағаны елдігімізге сын.

Таяуда Астанадағы ұлдар ин­новациялық лицейінен тағы бір ұстаз шетелге кетуге «мәж­бүр» болды. Тәжірибесі мол және балалардың сүйікті мұғаліміне айналған оны ата-аналары да қимайды. Жылап, қоштасады. Балалардың еңіреп жылағанын, ұстаз көкірегінің қарс айрылған сәтін көріп, шыдап тұру мүмкін емес еді Осындай жан ауыртар оқиғалар алда болмаса екен деген ниетпен Сіздің алдыңызға бар шындықты, ақиқатты жайып салуға бел будым. Көкейдегі бар ойымды хал-қадірімше жеткізе алдым деп ойлаймын. Қазақстан біліміне еңбек сіңірген сол азаматтарға қамқорлық жасалып, олардың елде қалып ұстаздық еңбегін ары қарай жемісті жалғастыруына мүмкіндік жасалса екен.

Зор құрметпен, 
Сәуле МЕШІТБАЕВА,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377