Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Құсни хат 9073 3 пікір 25 Шілде, 2017 сағат 08:45

Хиуаз Доспанованың Шаяхметовке жазған хаты     

Әлқисса. Биыл Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштерінің құрылғанына 25 жыл толды. Қорғаныс пен күштік құрылымдардың мерейлі датасы мемлекеттік деңгейде аталып өтілуде. Әуелі Қазақстан армиясының миссиясы - бейбітшілікті орнату екені белгілі. Тәуелсіз Қазақстан армиясы құрылғанда бекітілген ереже бойынша біздің сарбаздар соғыс шараларына қатыспайды. Дегенмен кешегі тарихқа көз жүгіртсек, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақ ұл-қыздарының асқан ерлік көрсеткенін білеміз.

Ақиқатында, кешегі қанды соғыс сарбаздары, бүгінгі ардагер батырлар Тәуелсіз Қазақстан армиясының негізін қалаушылар екен сөзсіз.

Сұрапыл соғыс жылдары ер-азаматтарға бергісіз ерлікке барған қазақ қыздары да болды. Солардың бірі – Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 25 жылдығы тұсында батырларды еске алғанды жөн көрдік.

Хиуаз  Қайырқызы Доспанова 1922 жылдың 15 мамырында қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданы, Зормата селолық кеңесінде дүниеге келген (бұрынғы Бөкей Ордасы, Приморье округі). Ол 1940 жылы Орал қаласындағы №1 орта мектепті алтын медальмен бітіреді. Бір ерекшелігі, жас қыз жергілікті аэроклубты бітіріп, запастағы пилот куәлігін қоса алады. Сол кезеңде елдің ертеңгі – жас ұрпақ деп, қиынға соларды жұмсап жатты. «Ертең соғыс басталса, ел жорыққа аттанса, жас түлектер, дайын бол!», «Бәрінен де биікке, бәрінен де қашыққа, бәрінен де шапшаң ұшайық!» деген ұранмен әскери әзірлік мектеп қабырғасында-ақ қолға алынып, жас жеткіншектердің көбі көк жүзінде еркін самғар ерен ұшқыш болуды, Ворошилов атқышы сияқты мерген болуды аңсады. Мектепті сәтті аяқтаған жас қыз Мәскеудегі 1919 жылы инженер профессор Н.Жуковскийдің бастамасымен құрылған Жуковский атындағы (1922 жылы осындай атау берілген) әскери – әуе академиясына құжат тапсырғанымен, жолы болмады. Арман қуған жас И.Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу медицина институтына  оқуға түседі. 1941 жылы соғыстың алғашқы күндері-ақ өзі сұранып, астананың қорғаныс жұмыстарына қалады.

«Метросторй» жүйесінде жұмыс істеп, кейін еріктілер қатарында мемлекеттік Қорғаныс комитетінің қарамағына алынды. 1941 жылдың қазан айынан армия қатарында Саратов қаласында орналасқан авиамектепте штурмандар курсынан өтеді. 1942 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әйелдер авиаполкі құрылады. Бұл полкті Кеңестер Одағында даңқы жер жарып тұрған әйгілі ұшқыш Марина Раскова (1912-1943 ж.ж.) басқарды. Оған 1938 жылы Мәскеуден Қиыр Шығысқа дейін қонбай ұшып, ерен ерлік жасағаны үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілген болатын. Бұл құрылған авиаполктің бір ерекшелігі, жау жатқан жерлерді түнгі мезгілде ғана бомбалайтын еді.

Х.Доспанова аға лейтенант Е.Бершанская басқарған полкте штурман-атқыш ретінде 1942 жылдың мамыр айында майданға аттанады. Полк По-2 аталатын жеңіл ұшақтармен жабдықталынды. Бұл ұшақтар шамалы биіктікте,  у-шусыз, ұшып жүріп-ақ нысанаға күтпеген жерден келіп, майда бомбаларды жау үстіне төгіп-төгіп жіберетін. Алғашқы кезде фашисттер По-2 ұшағына менсінбей қарап, мысқылдап: «Рус-Фанер» деп жүрді. Шындығында По-2 ұшағы ағаштан жасалып, кенеппен тысталған ұшақ екені рас. Баяу жүрісі, шағын биікте ұша беретіні, жеті түнде жау шебіне кедергісіз жетіп, дұшпанды аса бір дәлдікпен бомбалауына қолайлы болды. Аэродром талғамайтын, бірнеше шелек жағармаймен кез келген алаңнан ұша салатын, қона кететін, көзге қораш, шағын ұшақ жауды айтарлықтай шығынға ұшыратты. Осы ұшақтағы жау нысаналарының үстіне тура әкеліп, бомба тастау, ұшаққа жау истрибительдері шабуыл жасаса, оған пулеметпен оқ борату, ұшқыш жараланса не қаза тапса ұшақты басқарып, жорық жолын одан әрі жалғастыруға міндетті еді. Сондықтан да шабуыл кезінде штурманның орны ерекше болды. Қазақтың ұшқыш қызы полк құрамында штурман-атқыш  қызметінде жүріп, 300-ден астам әуе шайқастарына қатысты. Аталған полк  Оңтүстік майдан, Солтүстік Кавказ, Закавказье, Украина және Беларуссия аспандарында әскери тапсырмаларды ойдағыдай орындады. Авиаполк құрамының көрсеткен ерліктері үшін полк туына жауынгерлік  Қызыл Ту, Суворов ордендері тағылды. Полктің жиырма үш мүшесі ерен ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Х.Доспанова туралы соғыстан кейінгі жарық көрген естеліктерде оның батырлығы мен тапқырлығы, қиындықтан шығып кететін шеберлігі жайында кеңінен жазылды. Полктас құрбысы, Кеңес Одағының Батыры Марина Чечнева өз естелігінде: «Х.Доспанова – көзсіз батырдың нағыз өзі. Ол өз ұшағын қашанда нысанаға қатесіз шығарып, өз аэродромына да жолды жаңылмай табатын» деп жазды. Майданда ол ұшақтан 14 рет құлап төрт мәрте ауыр жарақат алды. Ауыр жарақатынан айыққан соң қайсар қыз әрдайым ұрыс даласына қайта оралып отырды. Кубань жерінде 1943 жылдың 1 сәуір күні әскери тапсырмадан оралып, ұшу алаңына қонуда Пашкова мен Доспанованың самолеті Макагон мен Свистунова басқаратын ұшақпен соқтығысып қалуының нәтижесінде майдандас құрбылар қаза тауып,  Хиуаз Доспанова өте ауыр жарақатпен, яғни екі аяғы бірдей сынып, Ессентуки қаласындағы әскери госпитальға жіберілді. Дегенмен де алты айдан соң ұшқыш қыз қарулас құрбыларының сапына қайтадан қосылды. Бұл оқиға туралы жауынгерлік досы Кеңес Одағының Батыры Раиса Аронова былай деп жазды: «Юлия Пашкова операция үстелінде жантәсілім етті. Катя Доспановадан да тіршілік нышаны білінбей, оны мәйітханаға апарып, құрбысымен  қатар салды. Сосын бір дәрігер кездейсоқ көріп қалып, оның жүзі өлі адамға ұқсамайтынын байқап қалады. Дереу бәрі қызды ажалдан құтқарып алуға кіріседі. О, ғажап, әлден уақытта кірпігі қимылдап, ол көзін ашады». Сол кездегі қаһарман қазақ қызының ерлігі туралы әскери тілші, ақын Сағынғали Сейтіов майдан газетіне мақала жариялады. Соғысты Мәскеу түбінен қарсы алып, жау ордасы Берлинге  дейінгі қиян-кескі шайқас жолын майдандас құрбыларымен бірге басып өтті.

Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «Қызыл Ту», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.

Соғыстан қайтқан ІІ топтағы мүгедек майдангерді Батыс Қазақстан облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Мінайдар Салин жұмысқа шақырып, нұсқаушы етіп қабылдайды. 1946 жылы Алматыдағы жоғары партия  мектебіне оқуға жіберіліп, оны да үздік бітіреді. 1948 жылы партия мектебін аяқтап жатқан Хиуаз Доспанованы республика комсомолының ІVсъезінде республиканың бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің хатшылығына ұсынады. «Съезд делегеттары бұл ұсынысты бірауыздан мақұлдады», дейді сол жылдардың оқиғасына куәгер бүгінгі күндері республикалық дәрежедегі зейнеткер, мемлекет, қоғам қайраткері Бибіжамал  Рамазанова.

Кейін Хиуаз Қайырқызы бірінші хатшы болып сайланады. Осы қызметте оның ұйымдастырушылық қабілеті бар қырынан көрініп, республика жастарының жалынды жетекшісіне айналды. 1948 жылы комсомолдың 30 жылдығына және Отан алдындағы қираған халық шаруашылығы қалпына келтіру жылдарындағы ерен еңбегі үшін мемелекет тарапынан Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады.

Қазақстан Республикасы Президенті мұрағаты қорында сақталған құжаттардың бірінде 1950 жылдардың басында республика комсомол ұйымының жетекшісі Х.Доспанованың   Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовке жазған қызметтік хаты сақталған. 50-жылдардың басында Қазақстан және Орта Азия республикалары арасында спартакиада ойындары өткізіледі. Осы өткізілген спорттық жарыстарға Қазақстан құрама командаларыда қатысқан. Волейбол ойынында еліміздің құрамасы ойыншыларының басым бөлігін Алматы оқу орындарының студенттері құраған, олар сабақтан босатылмай, жарысқа жіберілмей қалады.  Ойын барысында команда сәтсіз ойын өрнегін көрсетіп, жеңіліске ұшырайды. Команда негізінен «аға» ұлт өкілдерінен құрылған болатын-ды. Спартакиаданың жабылуына байланысты өткізілген салтанатты шарада осы жағдайға ренжіген республика туын алып жүруге тиісті волейбол командасы туды стадион алаңына лақтырып кеткенін баяндай келіп, апамыз «Мен бұл жағдайға бейжай қара алмаймын, команданың жеңілгеніне емес, елімнің туының аяқ асты болғанына қатты қапалымын. Сондықтан да сізде бұл мәселеге принциптік тұрғыда қарайды деп сенемін», - деп жазады. Міне,  еліне, елінің мемлекеттік рәмізіне деген құрметпен қараудың бір үлгісі. «Қылышынан қан тамған» деп жазғырып жүрген кешегі Кеңестік заманның өзінде-ақ бұл мәселеге аға буын өкілдерінің қалай қарағанын, олардың іс – әрекетінен мемлекетшіл тұлғалардың іс-әрекетін көретініміз де сондықтан да болар деген ой келеді.

Қазақ КСР-і Президиумның хатшысы қызметін атқарған Б.Рамазанова «Хиуаз Доспановамен қызметтес болдым, ол кісі республика комсомол ұйымының жетекшісі болып тұрған тұста мен Алматы облыстық комсомол ұйымының бірінші хатшысы болдым, жұмыс барысында тым қатал, артық кетеді деп естігеніммен, бірақ жеке басым қызмет барысында ол кісінің артық кетіп, дөрекілік көрсеткенін ешқашанда көргенім жоқ» - деп еске алады.

Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің мәдениет және ғылым бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметінде жүрген тұста «Абай» операсы мен «Шоқан Уәлиханов» драмасын сахналауға және «Медеу» спорт кешенін салуға, тарихи маңызы бар еңселі ғимараттардың құрылысына араласып, көптеген игі жұмыстардың ортасынан табылды. 1951 жылы Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланады және бірінші сессиясында Президиумның  хатшылығына сайланады.

Зейнеткерлікке шығар алдында Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды. Соғыстағыдай қатаң тәртіпке бағынған, аса алғыр да батыл, шындық үшін шырылдап араша түсетін әділ жан кейбір жергілікті басшыларға ұнай қоймағаны да рас. Майданнан алған ауыр жарақаты, мүгедектігін т.б. сылтаулар арқылы мезгілінен бұрын 1959 жылы 37 жасында зейнеткерлікке шығарды.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі жылдары Хиуаз апай қан майданда бірге болған полктарстарымен Жеңіс күні Мәскеу қаласындағы үлкен театр алдында жиналып, кездесіп тұрды.

Кейін зейнеткерлікке шыққан соң 3-4 жылдай Хиуаз Қайырқызы Жеңіс күні қарсаңында Президиумда хатшылықта жүрген маған келіп, Мәскеуге майдандастарымен кездесуге бара жатқанын айтып шығатын еді, ал мен мүмкіндігімше кассадан 60 рубльдей қаражат бөлдіретін едім, бізге де  қаражаттың есептеулі екендігі де белгілі ғой, дегенмен де жол жүріп бара жатқан қайсар жанға демеу болсын деген ниет еді» - дейді Б.Рамазанова.

Қайтыс боларынан бір апта бұрын туған күніне орай құттықтауға барған Алматы қаласы ардагерлер кеңесінің мүшесі, соғыс және құқық қорғау органының ардагері Орынғали Есенғазиевке құрдасы, жерлесі ретінде аяғы сынып, ауырып жатқан Хиуаз Қайырқызының әзіл – қалжыңын айтып жатуы да, оның рухы мықты адам екендігін дәлелдей түседі.

Х.Доспановаға 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президенті  Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Халық Қаһарманы атағы мен «Отан» ордені берілді.

Рухы мықты, халқымыздың мақтанышына айналған «қанатты қыз» Х.Доспанованың жүрегі 2008 жылдың 21 мамырында Алматы қаласында соғуын тоқтатты. Жерлеу рәсіміне тәуелсіз еліміздің тұңғыш Халық Қаһарманы, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры С.Нұрмағамбетов қатысып, қазақтың тұңғыш ұшқыш қызына соңғы рет әскери құрмет көрсетуінің өзі ұлағаттылықтың үлгісі болмақ.

«... Өз басым халқым қарғамайтын, ұрпағымды ұялтпайтын өмір кештім ғой деймін. Ал мен сияқты әжелердің ойлайтыны – отбасының, Отанының тыныштығы ғана», - деген екен бір сөзінде халқымыздың қаһарман қызы. Осы сөздің өзінде қайсар қазақ қызының кемелдігі мен кемеңгерлігін байқаймыз. Халықтың батыр қызының ерлігі мен даңқы ешуақытта ұмытылмақ емес.

Аққали Ахмет, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1239
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2950
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3320