Жұма, 22 Қараша 2024
Әріптестің әңгімесі 15128 37 пікір 17 Тамыз, 2017 сағат 13:28

Оғыз Доғанмен сұхбат. Ұшақтағы ұрыс неден шықты?

Қазақстандық «Эйр Астана» әуекомпаниясының бортында болған даулы оқиға қазақ қоғамын қозғады. Жолсерік қыздан мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап еткен түрік журналисі Оғыз Доған еді. 14 тамызда КС 954 рейсінде болған Оғыз Доған есімді шетелдік азамат, өзіне мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді сұрайды. Алайда ол талабы орындалмай, қазақ тіліне қотармашы керек болып қалады. Оғыз Доғанға әуекомпаниясының ережесіне сәйкес, тәртіпті орындамағаны үшін 6800 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Бұл біздің әлемжелідегі бейнежазбадан әм БАҚ-тың таратқан ақпаратынан ұққанымыз ғана. Расында, дау қалай өрбіді. Ұшақтағы ұрыс неден шықты? Біз Оғыз Доған мырзаны сөзге тарттық.

-Оғыз мырза, екі-үш күннен бері әлемжеліде әжептәуір талқыланған тақырып – сіз бен «Эйр Астана» компаниясының арасында болған тіл дауы. Расында, біз сіздің  бейнежазбаңызды ғана көрдік...

-Маған жолсерік қыз келіп, орысша сөйледі. Менің қарындасым сияқты қыз ғой, дауыс көтермедім. Мәдениетті түрде мемлекеттік тілде қызмет көрсетуін, өзімнің орыс тілін түсінбейтінімді талап етіп, сұрадым. Жолсерік қыз сосын ағылшынша сөйледі. Жаным-ау, мен Қазақстанға келіп тұрмын ғой. Қазақ тілінде қызмет алуым керек қой.

-Бұл жерде мәселе әуекомпаниясының сапасыз қызметі мен тіл туралы заңның сақталмағанында болып тұр дейсіз ғой... Бірақ, әуекомпаниясының ресми мәлімдемелерінде, артынан қазақ тілін білетін жолсерік қыз келді делінді...

-Ол өтірік дер едім. Ең соңында, ұшақтан түсіп бара жатқанда ғана Әйгерім деген жолсерік қыз келіп, «ағай, кешіріңізші» деді. Себебі, мен түсірілген бейнежазбаны БАҚ-қа жариялаймынә деп ашық айттым. Маған Қазақстанда тұрып, бөтен мемлекеттің тілінде қызмет көрсеткені ұялтты. Бұл Қазақстан. Оның тілі – қазақ тілі. Мен түрік болсам да, қазақ тілін өз ана тілімдей құрметтеймін. Біз түріктер Қазақстанды ана жұртымыз, атажұртымыз деп білеміз. Мен Қазақстанға бірінші мәрте келіп тұрған жоқпын.

Бұл жақтағы кейбір азаматтардың, Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді білмейтінін, тіпті білгісі де келмейтінін жақсы білемін. Әйтпесе, Қазақстан Тәуелсіздік алғалы қанша жыл өтті. Қазақ тілін үйреніп алатын уақыт жетті, тіпті асып кетті ғой.

Мен журналистпін. Қазақ тілінде докторлық дисссертация қорғаған адаммын. Неге мен Қазақстанда қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ете алмаймын?!

-Сіздің қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткеніңізбен әуекомпаниясысының бұған көрсеткен реакциясы онсыз да өршіп тұрған тіл мәселесін қайта көтеріп, қоғамның есіне және бір мәрте салғандай болды. Дегенмен, сізге айыппұл салынды. Полиция айыппұл саларда істің анық-қанығына көз жеткізіп барып, салған болар...

-Айыппұл салынды. Мен осыған дейін айтқанымдай айыппұлды төлеуге әзірмін. 6800 теңге ердің құны емес қой. Мен ұшақта отырғанда орыс тілінде сөйлеген жолсерік қыз орындықты көтеруді сұраған екен. Мен орысша түсінбейтінімді айттым. Ағылшынша айтты. Мен ағылшынша да жақсы білмеймін. Маған қазақ тілінде айтсын деп талап қойдым. Бұл енді принциптің мәселесі.

Өкінішке орай, сол ұшақта отырған талай қазақ азаматтардың біреуі, «мына түріктің айтып отырғаны дұрыс қой», деп қолдау білдірген жоқ.

-Әуекомпаниясының ресми жауабында орындықты көтеруден және белдемшені тағудан бас тартты деп жазылған екен.

-Мәселе орындықты көтеруде не болмаса белдемшені тартуда емес. Маған келіп, қазақ тілінде «орындықты көтеріңіз, белдемшені тағыңыз» десе, мен сөзсіз ережені орындайтын едім. Өйткені мен қазақ тілін түсінемін. Саналы түрде ондай маңызды талаптарды орындаудан бас тартатындай, мені не жын  соғыпты?! Мұндағы айтпағым айыппұлдың мәселесі емес. «Эйр Астанамен» дау 6800 теңгені төлеу арқылы бітер. Бірақ, мұның сыртында қазақ тілінің мәселесі көмулі қалады ғой. Ол Халықаралық әуе қызметі.

Мен секілді шетелдік туристер, қонақтар қаншама келіп-кетіп жатқан. Солар айтпайды дейсіз бе? Айтады, әрине. «Қазақстанда мемлекеттік тілдің құны бес тиын екен» деп ертең өз елдеріне өсек апарады.

Олар неге олай айтады? Себебі, дүкен, тіпті әжетханаларға дейін орыс тілінде қызмет көрсетіп, маңдайшаларына жайнатып жазып қойған, «Туалет» деп. Бұл бұл ма? Екі аттап, біреуден жол сұрасаң «Вам в ту сторону» деп бейпіл жауап береді.

Мұны көрген кез келген турист қазақ тілінің бар екенінен де бейхабар кетері анық. Сол туристердің ең бірінші көретіні әуе қызметі. Сол жерден, яғни, қазақ топырағына табандары тиместен жатып, бөтен тілде сөйлеп тұрса, менде не ақы.

-Оғыз мырза, дегенмен, әлемжеліде сіздің позицияны қолдаушылар көп болған секілді. Тіпті, қоғам қайраткерлері, заңгерлер сіздің сөзіңізді сөйлеп отыр. Мен сіздің «инстаграмм» парақшаңызды шолып шықтым. Онда не түрлі пікірлер жазылыпты. Сізді қарғап-сілеп, бейәдеп сөздер де жазыпты. Сіздің ұшақта мас болып отырғаныңызды айтыпты біреулері. Бұған не дейсіз? Оқиғадан не түйдіңіз?

-Рас. Әлеуметтік желіде мені қолдаушылар көп болды. Әсіресе «Фейсбукте» бірқатар белді, жұрт назарында жұрген азаматтар мені қолдап жатыр екен. Рақмет айтамын. Сіздер мені емес, қазақ тілін қолдап жатырсыздар деп есептеймін.

«Инстаграммда» көбіне-көп жастар отырады ғой. Шынында бейәдеп, былапыт комменттер жазылып жатыр. Мен де оларды өшірген жоқпын. Тұра берсін. Ол да жұрттың пікірі.

-Тақырыптан сәл ауытқып, мына жайтты негізгі планға шығарғанды жөн санап отырмын. Сіз ұлтыңыз түрік болса да, қазақ тілінің қамы үшін шыр-пыр болып жүргеніңізді жақсы тұсінемін. Себебі, мен сізді түрік деп қабылдай алмаймын. Өзіңіз айтпақшы, қазақ тілі сізге екінші ана тіліңіздей болып кетті десем өтірік емес қой. Өзіңіз қазақ тілінде диссертация жазып, қорғап шықтыңыз. Оның үстіне  «Қазақ елі» журналының Қырғызстандағы тілшісі болып және қызмет жасайсыз.

Және ең бастысы сіз Төлегентанушысыз. Төлеген Айбергенов ақынның 80 жылдығында ақынның бірсыпыра өлеңін түрік тіліне аударғаныңызды жақсы білеміз. Әсіресе, «Мағжаннан Төлегенге, Төлегеннен бостандыққа ұласқан «Сағыныш»...» деп жаздыңыз...

-Мен жотасына қанжар сұғылған Түркиямды, қамауда қалған Шығыс Түркістанымды, көзі жасаураған Тебризімді, қорғансында тынысы тарылған Татарстанымды, қараусыз қалған Керкүгімді, жанымдай қымбат Әзірбайжанымды қалай сұйсем, Қазақстанымды содан екі есе қатты сүйемін. Бұл әсірелегенім емес. Мен үш жасымнан бастап, Қазақстан туралы естіп білдім.

Қазақ ақындарының ішінде Төлеген Айбергеновтің өлеңдерін түрікшеге аудардым рас. Осы жылдың наурыз айында ақынның 80 жылдығында сөз алып, «Мағжаннан Төлегенге, Төлегеннен бостандыққа ұласқан «Сағыныш»...» деп жаздым.

-Оғыз мырза, сіздің «Ұлы далаға ашық хат» деген жазбаңызды тауып алдым. «Ең әуелі кішкентайлардың жүздерінен сүйіп, үлкендердің алдында құрметпен бас иемін. Қол-етекті сүйгіздірмессің, бұны білем…Қалың қалай? Анам, сүйіктім, Отаным – Қазақстаным, қалайсың?..Әрдайым жақсы бол, жарай ма? Менің қалымды сұрасаң, білгеніңдей, тағы жалғыз, тағы сенсіз, тағы басы дертте». Бұл сіздің сөзіңіз.

Бүгін сол Қазақстанның өз ішінде, Қазақстанның халқымен бірге тұрсыз. Басыңыз дертте. Енді не істейсіз. Мұны айтқаным, күні кеше ғана «Эйр Астана» компаниясының президенті Питер Фостер мырзаға хат жаздыңыз. Не талап еттіңіз? Талабыңыз орындаламаған жағдайда қандай әрекетке баруыңыз ықтимал?

-Өкінішке орай, Қазақстанда жүріп, қазақ тілінде қызмет сұрағаным үшін осындай жағдай орын алып отыр. Мен 6800 теңгеден қашпаймын.

Әуелі, қазақ халқынан мемлекеттік тілде қызмет көрсетпегені үшін «Эйр Астана» кешірім сұрасын. Менен де кешірім сұрасын. Мемлекеттік тілде қызмет көрсетпеген компания қызметкеріне компанияның ішкі тәртібіне сәйкес шара қолданылсын.

Сонда ғана барып, мен 6800 теңгені төлеймін. Егер, әуе қызметі өз айыптарын мойындамайтын болса, мен заң аясында өз құқығымды қорғайтынымда айтпақпын.

-Жақсы, Оғыз мырза. Уақыт бөліп, аз-кем әңгіме өрбіткеніңіз үшін рақмет айтамыз. Ісіңізге сәттілік!

-Сіздерге де үлкен рақмет!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

37 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5258