Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 8952 0 пікір 22 Қараша, 2010 сағат 03:56

Ақтолқын Құлсариева. Шәкәрім экзистенциалды ойларының ерекшелігі немесе Мұтылғанның тағы бір мәні

Адамзат тарихының соңғы екі мың жыл аясында адам өмірінің мәні мен мазмұны мәселесіне философияда, әдебиетте ерекше зейін қойыла бастады. Ол адамның табиғатының түпнегізін іздеу мақсатында жүзеге асты. Адамның ішкі рухани әлемінің күнделікті өмір құлшынысы нәтижесінде қандай халге түсетіндігі немесе сол жағдайдағы адамның күйі қандай болатындығы туралы сұрақтар төңірегінде хәкімдерге көп ойлануға тура келді. Осы ізденістер өмірдің мәнсізденуі сынды, адамдардың танымға немқұрайдылығы сынды сұрқия шындық бейнелерін ашты.
ХХ ғасырдың бетке ұстар азамат ойшылдарының қатарындағы Шәкәрімді де адам мәселесі аса қатты мазалаған болатын. Шәкәрім - Абайдың ізбасар інісі, Абайдан соң ХХ ғасыр басында қазақ даласында өмір сүрген ең көрнекті тұлғалардың бірі. Шәкәрім өмір сүрген замана шындығы мемлекеттік дағдарыстар кезеңіне тура келген болатын. Сол уақыттың мың құбылған саяси тұрақсыздығы мен жылдам өзгеріп отырған мемлекеттік билік жүйесі оның адамзаттың бірыңғай өрлеп кемелденуіне деген сеніміне секем түсірді.

Адамзат тарихының соңғы екі мың жыл аясында адам өмірінің мәні мен мазмұны мәселесіне философияда, әдебиетте ерекше зейін қойыла бастады. Ол адамның табиғатының түпнегізін іздеу мақсатында жүзеге асты. Адамның ішкі рухани әлемінің күнделікті өмір құлшынысы нәтижесінде қандай халге түсетіндігі немесе сол жағдайдағы адамның күйі қандай болатындығы туралы сұрақтар төңірегінде хәкімдерге көп ойлануға тура келді. Осы ізденістер өмірдің мәнсізденуі сынды, адамдардың танымға немқұрайдылығы сынды сұрқия шындық бейнелерін ашты.
ХХ ғасырдың бетке ұстар азамат ойшылдарының қатарындағы Шәкәрімді де адам мәселесі аса қатты мазалаған болатын. Шәкәрім - Абайдың ізбасар інісі, Абайдан соң ХХ ғасыр басында қазақ даласында өмір сүрген ең көрнекті тұлғалардың бірі. Шәкәрім өмір сүрген замана шындығы мемлекеттік дағдарыстар кезеңіне тура келген болатын. Сол уақыттың мың құбылған саяси тұрақсыздығы мен жылдам өзгеріп отырған мемлекеттік билік жүйесі оның адамзаттың бірыңғай өрлеп кемелденуіне деген сеніміне секем түсірді.

Шериздан Елеукенов «Жаңа жолдан» деген кітабында «Армысыз, Шәкәрім аға!» деген мақаласында Шәкәрімнің өмірін көркем бейнелеген: «Ш.Құдайбердиев 1917 жылғы революция таңын жарқын үмітпен қуана қарсы алды. Оған куә - «Бостандық туы жарқырап», «Бостандық таңы атты» деген революцияға арнаған жырлары. Кейде адасып, досы қайсы, дұшпаны қайсы екенін айыра алмай қалған кездері де болады. 1918 жылдың басында ол алашордашылардың шақыруымен Семейге келеді. Жолшыбай «Семейді қызыл алғанын» естіп барады. Бұл 1918 жылдың февралі. Алашордашылар Шәкәрімді сыртынан сот етіп сайлаған екен, ойында еш нәрсе жоқ ақын көне салады. Бірақ көп ұзамай, сол 1918 жылғы июньде, Семейді ақтар қайта басып алады. «Оған тағы құл болдық, сатылған малмен пұл болдық» деп ақтардан көңілі қалған ақын еліне оралады. Сол жылғы күзде ол тағы да Семейдің құм көшесін таптайды. Осында Орынбордан қашқан Алашорда «үкіметі» көшіп келіп, өз беделін өсірудің бір амалы есебінде ақынды қалаға шақыртқан екен. Бұл жолы Шәкәрімнің «Алашорда бір бөлек, қауымның ойы өзгерек" екеніне әбден көзі жетеді де, ескілікті қайта жаңғыртқысы келгендерге наразылық білдіріп, еліне тартып отырады. Ол ауылда жүріп те ақтардың салған ойранының куәсі болады. «Қалаға қызыл орнығып, әділет атты жол шығып, айтылған боран өтті тез» деп қуана қорытады.

Иә, осындай қысқа ғана мерізім ішінде қалыптасқан саяси тұрақсыздық жағдайлары кез келген адамның қай жаққа шығу, кімді қолдау керектігі туралы бағдарын қиындатады. Құбылжып тұрған көңіл, тұрлаусыз құндылықтар, әр саяси жүйе өзінің бағыт-бағдарын ұсынып, әр жүйе өз амалын жақтап отырған бір кез. Осындай кезде адамның тағдыры иесіз қалған театр қуыршағына ұқсайды. Спектакль жүріп жатыр, персонаждың роль кезегі келді, кімнің қолы бос сол қуыршақты ала кетіп, өз ырғағымен қимылдата-сөйлете жөнеледі. Қуыршақ екі жүзді кейіпкерге ұқсайды, бірде қатаң дауысты қатыгез, бірде езілген жігерсіз дауысты бос адам. Осындай аласапыран кезіндегі адамдарды, асыл сөзге бай қазақ: «Бірде - бие, бірде - түйе» деген емес пе?!
Дәл осындай алмағайып күйді еуропалық елдер де басынан кешірген-ді, халінің мүшкіл болғаны соншалықты оларың "Құдай өлі!" деуге дейін барды емес пе?! Ф. Ницше Еуропадағы рухани өмірдегі аласапыранды былай деп сезіне суреттейді: «Аңызсыз кез келген мәдениет өз мәнінінен айырылады, өзінің шығармашылық қабілетінен жұрдай болып, тұтастығы тарқайды. Ойдың құтқарушы тежеуіші жоғалып, қиялы сөнеді. Өз тамырын жоғалтқан мәдениет, мәдениетті сақтаушы негізі дәстүрі сөніп, қанағаттанарлық азықты іздемейтін жері қалмайды»

Шәкәрім шығармашылығы, әрине, батыс экзистенциализмінен бөлек, ол жан күйзелісін және әлемнің зобалаңдарын өзіндік нақышта сипаттайды. Сол себептен оны біз толыққанды экзистенциализм ағымының өкілі деп қарастырудан аулақпыз, дегенмен, ХІХ-ХХ ғасырдың философиялық айдарына айналған бағытқа тән ой-таным үлгісінің өзіндік үрдістері қазақ жерінде сонау бұрыннан келе жатқан дәстүрден тарайтындығын бедерлеп көрсете білген Шәкәрімнің де шығармашылығында кезігетіндігін көрсетіп беру еш артықтық етпейді.
Шәкәрімнің философиялық лирикаға толы шығармалары терең мазмұнды экзистенциалдық сарындағы шығармалар. Жалпы экзистенциализм жайында философия тарихында әртүрлі пікірлер бар: «Экзистенциализм деген атау классикалық «мәндер философиясының» (essentia) орнына «адам тіршілігі» (existentia) философиясын қоюды білдірсе керек. Экзистенциализм - XX ғасыр философиясының классикасы. Хронологиялык турғыдан ең ерте, яғни XX ғасырдың бірінші ширегінде, таныла бастаған экзистенциализм формалары орыс философтары Н.Бердяев пен Л. Шестов ілімдері. Экзистенциализмнің кең құлаш алып жайылуына бірінші дүниежүзілік соғыстың топалаңы, кайғы-қасіреті көп ықпал етті. К.Ясперс, М Хайдегер, А.Камю, Ж-П. Сартр, Г. Марсель, Х. Ортега-и-Гассет, М.Бубер және т б экзистенциализмнің көрнекті өкілдері. Олардың көпшілігіне ортақ экзистенциалдар ретінде «қамқорлық» (забота), «ұмыт қалу» (покинутость), «жаттану» (отчужденность), «абсурд», «үрей-қорқыныш», «жауапкершілік», «таңдау», «өлім» сынды паратерминологиялар көрінеді» [3; 42].
Экзистенциализм ілімінің тарихы мен оның мәні жөнінде қомақты еңбек жазған поляк философы Ежи Коссак: «Экзистенциалистерге кімді жатқызамыз? Біздің замандастарымыз ба, жоқ әлде христиан ойшылы Кьеркегорды ма? Мүмкін Штирнер мен Ницшені жатқызармыз? Ал Шопенгауер болса ше? Алғашқы қадам еткендерді қайдан іздесек болады және тарихтан қанша терең іздесек болады?
Қандай ортақ принциптер бір философия аясында әртүрлі ойшылдардың басын: Кьеркегор мен Мерло-Понтиді, Бердяев пен Камюді, Марсель мен Сартрды біріктірді?».

Бәлкім, экзистенциалды сарын қай елде болсын, қай заманда болсын адамзаттың пайда болу сәтінен бері бірге келе жатқан болар?! Тіпті, адамзаттың түп атасы Адам ата мен Хауа Ана жұмақтан қуылғанан кейін ақылсыздықтың қасіретін зарлап көз жасын төккендегі олардың қайғысында экзистенциалды сарын жоқ деп кім айта алады?! Мүмкін тек ХХ ғасырда ғана ол назариялық философия тұрғысынан қомақты ізденістер діңгегіне айналып, анықтамалық ортақ атына ие болған болар?! Қорқыттың сары уайымының мазмұнының экзистенциалистер тілге тиек еткен жай-күйлерге жақындығы, Асан қайғының есімінің өзі көп нәрсені аңғартатындығы көп түсіндіруді қажет етпейтіндігі біздерге мәлім. Экзистенциалдық сарын қазақ дүниетанымына да жат дүние емес!

Экзистенциалды философия ХХ ғасырдың басында ерекше бедерленіп байқалған философиялық ілімдердің бірі. Ол кездейсоқтық па әлде заңдылық па, адамның күйзелісті жағдайында пайда болатын ізденіс сарыны ма немесе адамның бойында орналасқан құдіретті ақиқатының сыртқа шығу құбылысы ма?! Қалай десек те, әйтеуір, бұл дүние шынайы болмыстағы құндылықтардың құлдырауына қарсылық білдіру түрінде жүректен шығатын ізденіс жолына ұқсайды. Ежи Коссак былай дейді: «Экзистенциализм қазіргі заман санасының ағымы ретінде философиялық көзқарастар жиынтығы деп айту да қиын, ол әдеби және философиялық мотивтер жиынтығы, сондықтан да экзистенциализмнің мәніне әртүрлі бағытта талқылау жасауға мүмкіншіліктер береді». [4; 50]. Ондай болған жағдайда экзистенциализмнің нақты белгілі бір қатып қалған қағидалы жолы жоқ және болуы да мүмкін емес, өйткені біз шығармашылығын экзистенциализммен байланыстыратын тұлғалар өз еңбектерін бір мектеп, бір бағыт өкіліміз деп әдейілеп жазбағандығы белгілі. Ендеше, біз экзистенциализм сарыны туралы ғана сөз ете аламыз деп ойлаймыз. Сондықтан да біз экзистенциализмді бір өзі жекешелеп иеленетін түбегейлі ұлт та, нәсіл де жоқ деп айта аламыз. Қағидаларды жүйелеу мақсатында жүзеге асырушы дәйектерді пайдалана отырып, кез келген ой толғауды философиялық салалар негізінде: таным теориясы (онтология), әдеп (этика), құндылықтар (аксиология), эстетика тұрғысынан жаңа кейіпте қайта өндіруге болады. Мотивтері шашырап жатқан философ-экзистенциалистердің енбектері ерекше өзіндік ұғымдарды жарата бастайды.

Егер де біз Шәкәрімнің қолданып отырған ұғымдарына иманенттік талдау жасасақ, онда ақынның философиялық дүниетанымын айқындай аламыз. Шәкәрімнің шығармалары хәкімдік дүниетанымнан туындап жатыр. Әрине, Шәкәрім өзін өзі философ деп ешқашан санамаған, тек философиялық ойларға сыншы ретінде өлең жазады. Сонымен қатар, ол ғылымның маңыздылығын, тарихтағы адамның ролін, өмір мен өлім, болмыс мәселелерін және жаһанданудың қаупін болжап, өз шығармаларына өзек етеді. Ол ертеңгі күнде ақиқаттың оянатынына нық сенген. Ақын өзін сол бір қарбалас заманның әлеуметтік сатысының биік баспалдағына көтеруге тырыспады, тіпті, өз заманындағы дін өкілдерінің - молдалардың екіжүзділігін білген Шәкәрім қажылыққа барып қайтқаннан кейін қожа аталудан да бас тартады. Шәкәрімнің бұл әрекетін ауылдастары түсінбейді, ал біздің бұдан байқайтынымыз - Шәкәрімнің ішкі жан дүниесінің адами тәкәппарлық пен мансапқорлықтан таза болғандығы.

Шәкәрім сол кездегі философ-ойшылдардың идеяларына философиялық сын көзқарас қалыптастыра отырып, Абайдан алған өнегесін жетілдіре білді. Заман ағымына қайғыра қарап, бұл дүниеден поэзияның қуатымен трансценденталды кеңістікке шығу мүмкіншілігін алды. Ақынның болашақ ұрпағының ертеңгі күнінен үлкен үміт күткенін біз келесі өлеңінің мазмұнынан байқай аламыз:
Мен өтермін, кетермін,
Жоқтарсың мені бір кезде.
Жәрдемім тимес, не етермін,
Бекінем осы бір сөзге.
Мақсатың қайсы, досың кім,
Осының түбін шын көзде...
Адам өмірі жалған және қысқа екенін айта отырып, өзінің адамдық міндеті - өнеге етуге, жол көрсетуге, «дос жылатып айтады» дегендей, шындықты айтуға бет бұрады:
...Күйдіре тұрып шыдатпай,
Көре тұрып жайыңды,
Кім айтады, мен айтпай,
Сендерге енді уайымды.
Шәкәрім, қазақтың ақындықтан өрбіп жатқан философиялық дәстүрінің лайықты жалғастырушысы ретінде, философиялық поэтика мен поэтикалық философияны қатар алып жүрген жан. Поэзияны мәңгілік дейді. Неге? Өлең сөзі немесе шын поэзия ой толғау ретінде болмыстың құдыретті кеңістігінен - Құдай әлемінен жаралатын сияқты көрінеді.

Поэзия - жанның бейнесі, Құдайдың берген демінің көрінуі. Ақынның поэтикалық шығармасын талдай отырып оның жан дүниесінің түбіне жеткендей боласың немесе ақын болмысты поэзия тілімен бейнелеген сәтте өзінің жасырын жатқан сырын жариялай бастайды. Сонымен қатар, ақын жер бетіндегі жалған дүниені поэзия арқылы мәңгілікке айналдырады.

Мартин Хайдеггер ақындықтың астарында шын ғылым жатыр деп есептеген болатын: «Ғылым батыс өркениетінің ең жоғары үлгісі болса да, өз сипатында ғылым тарихтың соңы «болмыстың сөнуі» еуропалық нигилизмнің қорытындысы. Болмысты ойлау ғылымның нигилизміне тосқауыл жасайды, тек поэзия ғана болмысты затқа айналдыруды тоқтата алады, сөз мәні техникалық маңызға айналудан немесе биліктің затына айналудан сақтайды.» Шынында да, поэзияда бір құпия жатқаны рас, сондықтан бүгінгі күнде жырау, ақындардың шығармашылығына ерекше көңіл бөлген жөн. Өйткені әр ақынның табиғатында ақиқаттың сәулесі жарқырап тұр, поэзияны тек әдеби жанр саласы деп қарастыру ғылымның заманына сай кезекті адасуларының бірі сияқты.

«Ақындар шығарманы ерекше тылсым жағдайда жаратады» - деп алғаш айтқандардың бірі Платон болатын. Кейінірек ол тылсымды шығармашылық шабыт деп атап жүрміз. Поэзияның негізінде жатқан құпия ерекшелігін айқындай отырып, көркем шығармашылықтағы тылсымдықтан бейсаналықтың рөлін белгілегендердің ішінде Платон алғашқылардың бірі болатын: «Шығармашылыққа үйрету мүлде мүмкін емес, сондықтан да адамды тек дағдыландыруға ғана болады. Оның көркем шығармашылық тұжырым көзқарасы, шабыты мистикалық мінезге ие. Өз-өзінен ұмытта болу, ой ғанибетін тану барысында ақын шуақтанғна ұқсайды» деген.

Шығармашылық әрекеттің ой-санадан, таным қабілетінен тыс болуын Иманнуил Кант та байқайды: «Суретші шабыт сәтінде «еркіндік әлемінде» - болатынын айта отырып, оның - ойтанымы құдіретті күш рухына ие болады, батады. Таным, өнердің құдіретті қасиеті болғандықтан данышпан сол таным кеңістігінде ғана пайда болуы мүмкін, ал ғылым саласында санаға сүйенген адам тек дарынды (талантты) адам ғана бола алады. Эстетика әлеміндегі шабыт мәселесінде күмәнданулар, түпкі ойдың күмәні болғаны сияқты қалыптасқан. Шығармашылық шабыттың жемісінің жеңілдігі, түйіні, априорлы түрде қалыптасқан Құдайдан берілген сананың қасиеті немесе шығармаға айналған тиянақты еңбектің сапалы нәтижесі - поэзия», - деген.

Абайтану ісіне қомақты үлес қосқан ғалымдардардың бірі М. Мырзахметов: «Гуманизм идеясын жүзеге асыру адамзаттың мәңгі мәселесі болған", - дейді. "Жеке тұлғаның сананы жетілдру барысындағы күресі, адамгершіліктің тұтастығын жүзеге асыруы, игілікті әрекеттері туралы пікірталастар әр уақытта үздіксіз қалыптасуда. Әр елдің және әр уақыттағы гуманистердің пікірі бойынша, әлемнің ең құдіретті, ең құнды дүниесі адам екені күмәнсіз. Сондықтан да әр дәуір ойшылдарының уақыты мен заманына сай, қабілеті мен танымына байланысты басты мәселесі: «Қандай негізгі белгілеріне байланысты адамның қадір-қасиеті өлшенеді?». ХІХ ғасырдың қарсаңындағы ұлы ойшыл Абайды жас ұрпақ заманына сай қандай құдіретті адамгершіліктік қасиеттер болу керек деген сұрақтар қинады»

ХХ ғасырдың басында өмір сүрген орыс философы Лев Шестовты Шәкәрімнің замандасы десек болады. Сол: «Философияның негізгі мақсаты жайбарақаттандыру емес, күмәндандыру деген екен. Сол сияқты, тірлік күйбеңімен, "мал таппақ" қамымен мәңгілік өмір сүретіндей болып жүрген пендешілік астамшылыққа ара-арасында экзистенциалды мәндер туралы еске салып отыру да керек болар, сірә?! Экзистенциализмнің басты мақсаты - адамның жоғалтқан дүниесін баяндау. Әдетте адам материалды емес құндылықтарды жеңіл жоғалтып алады және оның жоқтығы, бос орыны туралы мазасы кетпейді, өйткені біздің ғасыр материалды құндылықтарды бірінші орынға қойған ғасыр, оның ар жағында рухани құндылықтар жетімсіреп қалған күйде көрінеді.

Сондай жайбарақат пендешілік көңілді астан-кестен ететін өлім мәселесіне қатысты Шәкәрім көп сыр шерткен. Осы орайда мына жолдарға зер салып кеткен жөн болар.
Енді өмірдің қызықты қай арасы,
Өлімді ойлап сіңе ме ішкен асы?
Шәкәрімнің философиялық лирикасын талдау оңайға түспейді. Оның астарында экзистенциализм де жатыр, футуризм элементтері мол, философиялық антропология, аксиология да бар, діни философия және сопылық сарын, психология да - сан сала бар...
Табиғи заң - өткенді жаңа сынау,
Жаманынан жиреніп, жақсыны ұнау.
Дәлелдеуге өлген соң келмес тілім,
Тірлігімде айтатын сөзім мынау:
Сынау қиын біреуді жайын білмей,
Кетпе өмірін, ортасын көзіңе ілмей.
Ауыр жүк арқалаған жолаушыға,
Жағада жүксіз тұрған жанша күлмей.
Шәкәрімнің өлеңінен шығып отырғандай, қандай да болмасын талдау, сыни көзқарастар әр уақытта астарлы болуы шарт. Шәкәрім дүниетанымына, оның біліміне көңіл бөлу Шәкәрімнің көзі тірі кезінде-ақ орын алған болатын. Мысалы, Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймаутов, Мұхтар Әуезовтерді атап кетсек те жеткілікті. Шәкәрімнің шығармашылығына деген ықыластың қайта оралуы ұлттық сана-сезімнің оянуымен қатар жүріп отыр. М. Мағауин, Қ. Мұхамедханұлы сынды ел азаматтарының ақынның ұрпағына қайта оралуына ат салысқандығын айта кету керек.

Сегіз қырлы бір сырлы Шәкәрімнің өмірі өткен ғасырдың басында адасқан оқтың кесірінен үзілді. Ал оның болашақ тағдыры біздің қолымызда - оны «қайталай өлтіріп алмай», ойшыл ақынның сан сырлы мол мұрасын ұрпақтан ұрпаққа тереңдігін аша біліп, байыта жеткізу - біздің міндетіміз. Оның философиялық мәтін мұрасын зерделегенде мәселе Шәкәрімге экзистенциалист деп ат қою-қоймауда емес, мәселе жан-жақты азаматтың терең шығармашылығына тән бүкіләлемдік үрдістерді көрсете отырып, оның өзінің мұра етіп қалдырған сөздерін қолдана отырып, "мұтылған философиясын" негіздеу.

Мұтылған псевдонимін талдауға ат салысқандардың бірі профессор ғалым Тұрсынбек Кәкішев «Қаскөйлікті жеңген азаматтық» деген мақаласында былай деп жазады: «Мұтылған» деген атауда азап-бейнет те, мүжіліп шаршау да, қамығып қан жылау да, шығар жол, жұтар ауа таба алмаған жанның батпандай қайғы-қасіреті де, еліне сөзін өткізе алмаған өкініші де, шарт сынған намыс та бар деп тапқан жөн. Өзіне-өзі еріккеннен бұралаң ат қоймас болар». Шынынды, Шәкәрім шығармаларының түп мәнінде қайғы, азап, ел болашағы үшін қынжылу жатыр. Бірақ елден соққыға ұшырадым деп елден безсе, онда ол Шәкәрім болмас еді.
Шәкәрім ақ пен қараны айыра алған, көзі ашық ерікті адам, заманымен бірге солқылдамай, өзіндік әлемін жаратқан жан. Ғарифолла Есім «Мұтылған» философиясы» деген мақаласында Шәкәрімнің елден безуінің мәнін былай деп анықтайды: «Шәкәрім өмір философиясы хақында тек өлең жазумен шектелмей, санасындағы сансыз сұрақтарға жауап іздеп, сонау Меккеге барып қайтқан. Ол бұл сапарын тек қажылыққа қана бағыштамаған, өзіне-өзі қойған сұрақтарына жауап іздеген. Сұрақтарына толық жауап таппай қапа болады. Сөйтіп Шәкәрім ой дертіне ұшырайды. Елден безіп, оңаша жер іздейді»

Кезінде Кьеркегордың: «рух адамы бізге қарағанда өзімен-өзі жеке қалғанды жақсы көтере алады, ал біз болсақ, керсінше, топтан тыс күн көре алмаймыз, көппен пікір алмаспасақ тұншығамыз, мүжілеміз, көптің пікірімен бөліспесек өлеміз» дегеніндей, расында да, ақылы толы, иманы дұрыс адам жеке жатып әрекетінің дұрыс әдісін ойластырады, өзінің жауапкершілігін мойындай отырып, жоба-жоспарын жасайды. Ол қоғамның пікірінен, қыспағынан арылу арқылы шынайы тіршілік ете алады. Демек, Шәкәрімнің «мұтылғаны» мүжілу де емес, азап-бейнет шегу де емес, бұл бүркеншік аттың астарында терең рухани мән жатыр.
Шәкәрім шығармаларында ел нені ұмытты деген сұрақ қойылады? Ел иманды ұмытты, ел адамшылдықты ұмытты, ел ізгілік пен ұжданды ұмытты, намысы мен жігерін ұмытты, ғылым деп адалды емес, у ішті, адамға тән жомарттықты ұмытып, бірезуге айналды, партия қуып адасып екіжүзділікке ұшырады, айта берсе қоғамда жатқан қасірет көп деп тұжырымдайды. Мұтылудың тағы да бір қыры оның адамзаттың санасынан тыс қалған әлем - көз де, құлақ та көре алмайтын, тек жүрекпен қана сезетін әлем туралы сөз ететіндігі. Шәкәрім:
Көз, құлақ, қол, мұрын, тіл - бәрі алдайды,
Тетігі - таза ақылмен өлшеп сынау!

Әлемнің қирауы, құндылықтардың ыдырауы, хаос, мәнсіздік, үмітсіздік - міне, экзистенциализмнің дәстүрлі мотивтері осылар. Бірақ Шәкәрім осыншама қапыда қалу жағдайына ұшырамайды. Оның түсінігінде адами әлемді жарататын да, қирататын да адам, демек, құндылықтардың ыдырауына себепкер де адамның дәл өзі. Шәкәрімнің қағидасы бойынша, «бәрін тапқан таза ақыл». Ол мәнсіздік деген ұғымды қолданған емес, өйткені адамзаттың жаратылысының өзі бастапқы мәннің орнауымен байланысты. Адамның мәні - иман, иманның мәні - таным.
Шәкәрім бас көзін терістей отырып, жүрегінің ымбылына бет бұрады. Ол жүректің сырына сенген, басқа ақпар берушілердің бәрінен бас тартып, олардың берген ақпары ықтимал деп түсінген. Шәкәрім ақ жүректің жолына түсе отырып, елінің, тіпті, адамзаттың басынан кешкен адасуларын сезінеді. Қалай десек те, мұтылу - нақты жоба, ол арман емес және кездейсоқ есім де емес. Шәкәрім өлеңдерін оқи отырып оның ешқашан армандамағанын көреміз, ол еш уақытта ел қасіретін көріп мүжілдім деген емес, қашанда болашақты жобалап, туған елінің жарқын болашағының барына сенімді болған.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Елеукенов Ш. «Армысыз, Шәкәрім аға!». Шәкәрімтану мәселелері. 2-том. Алматы: «Раритет», 2007 ж.
2. Ницше Ф. Рождение трагадии из духа музыки. Пол. Собр.соч. М.: 1912 т.1 -с.124
3. Ақтолқын Құлсариева. ХХ ғасырдағы Батыс философиясының тарихы. Алматы: «Қазақ университеті», 2001.
4. Коссак Е. Экзистенциализм в философии и литературе. Москва 1980. - 360 с.
5. Шәкәрім Қ. Иманым. Алматы. «Арыс» баспасы, 2000. - 321 бет.
6. Ставцев С. Н. Введение в философию Хайдеггера. Санкт- Петербург 2000. - 192 с.
7. В. А. Кодрашев, Е. А. Чичина. Этика-Эстетика. Ростов-на-Дону «Феникс» 1998.
8. Мырзахметулы Мекемтас. Восхождение Мухтара Ауезова к Абаю. Алмыты. «Сансат», 1994.
9. Шестов Л. Апофеоз без почвенности. Ленинград 1991. - 216 с.
10. Есім Ғ. «Мұтылған философиясы». Шәкәрімтану мәселелері. 3-том Алматы: «Раритет», 2007 ж.

Ақтолқын Құлсариева
филос.ғ.д., доцент, мәдениеттанушы
Жетибаев Е. Ж.
Семей мемлекеттік медицина
академиясының оқытушысы.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3269
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5650