Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Туған жерге туың тік! 3415 0 пікір 19 Қыркүйек, 2017 сағат 13:15

Алтын даланың ардагер ұлы

 

Туған жердің көркейіп, гүлденуіне ат салысу – әр азаматтың міндеті деп білем өз басым. Жалпы, тәрбиелі, саналы кез келген адам титтей де болса, еліне жақсылық жасайды ғой. Елім, жерім деп мақтану бір бөлек, кіндік қаның тамған өлкеге деген сүйіспеншілікті арттыру үшін өзің бас болып, өзгеге үлгі болып, нақты іс тындыру бөлек әңгіме.

Қостанайдың іргесінде Алтын дала ауылы соңғы жылдары қазақылығымен ерекшеленіп келеді. Қазақы деп екпін түсіріп айтуымыз бекер емес. Кеңес кезіндегі атауын тәуелсіздік алған жылдары алғашқы болып өзгерткендердің бірі де осы алтындалалықтар.

Имандылыққа бет бұрып елді мекенде еңселі мешіт бой көтерді. Ауылдағы 11 жылдық мектеп мемлекеттік тілде. Тіпті, бұл білім ордасында өзге ұлт өкілдерінің өзі қазақша білім алады. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген олардың облыстық тіл жарыстарында топ жарып жүргеніне өз басымыз куәміз.

Алтын даладағы әлеуметтік нысандар қиын уақыттарда да жұмысын тоқтатпаған. Оның бәрін ауылдағы меценат-кәсіпкер Сағындық Есментаевтың есімімен байланыстырады жұртшылық. Бүгінде мектебі мен клубының, кітапханасы мен мешітінің қашан барсаң да есігі айқара ашық.

Селолық клубта мемлекеттік мейрамдарда, басқа да мерекелерде іс-шаралар жиі өтеді. Бұқаралық шараларға демеушілік танытудан Сағындық Есментаев ешқашан бас тартқан емес.

Айтса айтқандай, қолы ашық кәсіпкер клуб пен кітапханаға өз қаражатымен жылу жүйесін іске қосты. Ауылда өнерлі өрендер көп. Соларға арнап арнайы тапсырыспен музыкалық аспаптар алдырыпты. Енді алтындалалық балғындар, жастар домбыра үйірмесіне қатысам десе оларға қолбайлау болар қиындық жоқ. Талапты баланың бірі Иса Абылайхан еді. Сағындық ағасының арқасында «болашақта домбырашы болам» деген баланың тілегі орындалды.

Әлеуметтік нысандармен қоса біз сөз еткен кәсіпкер Алланың үйі – мешітке де көп көмек көрсетеді. Отын-суы, өзге де мұқтаждықтарына қол ұшын аямайтынына халқы куә.

Адал еңбекті бағалайтын Сағындық ағаның егістік алқабы биыл да мол өнім беретін түрі бар. Кәсіпкердің беделін сыйлайтын жұмысшылар да ауызбіршілік танытуда. Өйткені науқан уақытында бел шешпей еңбек ететін механизаторлар жыл сайын сый-сыяпатқа ие болады. Олардың құрметіне клуб ұжымы есте қаларлық әсерлі концерт ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.

«Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе нең қалар» деген емес пе?! Алтын даладағы көпке үлгі болар істің бәрі — ауылдың ажарын тайдырмай, берекесін сақтап отырған  азаматтардың жігерілі еңбегінің жемісі. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін айқын сезініп, елге шынайы көмек көрсетіп келе жатқан азамат биылғы жылғы мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру-болашаққа бағдар» Жолдауындағы туған жерге, елге деген қамқорлық, көмек турасында да аянып жатқан жоқ.

Қанат Кәрімов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048