Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Елім-ай 9944 3 пікір 25 Қыркүйек, 2017 сағат 11:22

Ғалым Жайлыбай. Өр Алтай мен Тәңіртаудың арасы..

 

* * *

Алаң да,

алаң, алаң күн,

көңіл көгін түреді.

... Жүрегі бар адамның

ауырады жүрегі.

 

Санамдағы көпірдің,

Биігінен ыршыдым.

... Өр Алтай боп өкірдім –

Сайрам көл боп сыңсыдым.

 

Көрсет маған жұртыңды,

Бар ма ағатай,

қалғаның...

торығады бір түрлі

Тарбағатай тарланым...

 

Артта талай жол қалып,

Өлең болып өрілдім.

...Таңжарық боп толғанып

Әсет болып төгілдім.

 

Саған тағы барамын,

Кездесуде бар бақыт.

...Сарыарқаның самалын

Сағынышпен сарнатып.

 

Бабаңа бұл тұрақ,

жұрт,

құлын мүсін,

құба бел.

... Қазақ деген – бір-ақ жұрт –

Қазақ деген – бір-ақ ел.

 

Аспанасты көгінен,

Жалғыз тамшы мөлдіреп.

Шемен қатқан,

Шерім ең –

арғы бет пен бергі бет...

 

Жаңғырады жадымда,

Тәңіртаудың құсы көк.

Ұлы қорған маңында

Ғұн жылқысы кісінеп...

Көштің ізі

Ізін көрдім шұбырып көшкен елдің,

Кезең асқан керуенді кеште көрдім.

Сарнап жетті сарыны  самалменен

«Елім-айлап» егілген ескі өлеңнің.

 

Көшпен бірге көшті ырыс,

көшті несіп,

ашпаған соң бақ, бақыт бес күн есік.

Шұбатылған шаң көміп жанарларын –

Ғасыр жылап барады көшке ілесіп.

 

Көш келеді көр-жердің басын құрап,

Жәйіртаудың жағасы жасыл құрақ.

Шудалары керуеннің шумақталып

Ғасыр жылап келеді,

асыл жылап...

 

Көш-керуен жылжи ма,

қозғала ма,

Боталы інген боталап боз далада...

Шалғын басын бозқырау шалды бүгін

Көш соңында келеді боздап Ана.

 

Түгі шыққан бетеге балағының,

Тасқа тиген тұяғы тағалының.

Шаңқай түсте шашылса шаңырағың

Қазақ үшін бұл енді жаман ырым...

 

... Құлағыма жетеді елдің әні,

Құлағыма жетеді желдің әні.

Қаралы көш көрмесін ендігәрі –

«Арғы жағы Ертістің,

бергі жағы...»

 

 

Халық едік жаралған кенен,

ерен,

күн сығалап рухыма керегеден.

Өр Алтайдың өркеші бұлт жетпеген

Жасырасың сырыңды, неге менен?!

 

Көштің ізі...

кетпейді ешбірі естен,

атойлаған,

алысқан,

кескілескен...

Кермек татып кеудемде асыл бұлақ  –

Ғасыр жылап келеді көшке ілескен.

 

...Сарын дейін бұл да бір көнедегі,

Талып жеткен Талқыдан көп өлеңі...

Шақырмайсың қол бұлғап неге мені –

Көштің ізін басқандар көгереді.

Көштің ізі...

Жалғыз уыс топырақ.

Әсет кесенесі. Бақытбек сот

 ... Таудың бұлты кешеден жаумай ылаң,

Қазақ үшін Әсет те таудай ұлан.

Жалғыз уыс топырақ алып жеттік –

Қызыларай тауының баурайынан.

 

Ол шырқаған...

Қайтейін қысқа бұл ән,

арғы беттің хабар ап құстарынан.

Жалғыз уыс топырақ алып жеттік

Арқадағы Найманбай қыстағынан.

 

Қайран көңіл мұздасын,

сыздасын ба?

Қараша үйдей қалқиған құз басында.

...Жалғыз уыс топырақ,

киелім-ау –

Аман-есен жеткізген бізді осында.

 

Шекараға келгенде өте маздап,

Шетінете жаздады шетел аздап.

...Топыраққа кеденде қауіп төнген –

Сот Бақытбек сотталып кете жаздап.

 

Аманатты жеткізген иесіне,

Сол бір сәттер түседі жиі есіме.

Жалғыз уыс топырақ,

құн жетпейтін –

Қастері де қазақтың

Киесі де.

 

Ару қызы Алаштың

от ұланы,

Атажұрты әркімнің тоты бағы.

Екі дүние қызығын көрдім дей бер –

туған жердің бұйырса топырағы.

 

Аспанасты еліне,

Көкқамырға,

Жолың түссе бауырым,

тоқта мұнда!

Әсет жатыр дауысы көкті кезген

Заңғар-заңғар таулардың қатпарында.

 

Өмір дейміз

күн кешіп

оттап,

үптеп...

Топырақты бір уыс – бақ та,

құт – деп.

қабіріне ақынның сеуіп тұрып

«Бабам-ай» деп өкірді сот Бақытбек.

 

Біз арқалап келгендей елдің арын,

Жалғыз сәтке ұмыттық енді бәрін.

Қалибектің Ғалымы еңіреді

Екеуіне қосылып мен жыладым.

 

Аңтарылып қалғандай аңсар алап,

Бабам қайда бармаған жан сағалап.

Үшеумізге қосылылып аңырады –

Дүниенің бетінде барша қазақ.

 

... Жалғыз уыс топырақ,

Көкқамырда,

Жолың түссе бауырым,

тоқта мұнда!

Жан қарындас

Айша қыз Қабылқожа Құлжадағы,

Жанында жарқыраған жыр жамалы.

ақ, сары, қызылдары көзді арбаған

Бұл тірлік емес қарғам,

гүл базары.

 

Айша ақын ай дидарың айдан әппақ,

Келмегем ауылыңа жәй қонақтап...

Құс-күнге үшбу сәлем жаздым, жаным –

Үстінде тегіс жердің тайғанақтап...

 

Керемет жан екенсің кемел,

майса,

жаныңа жапырағын өлең жайса.

Толасың толған Айдай айналайын –

Боласың қарындасым сен енді, Айша!

 

Айтпаған еш пендеге сырларыңды аш,

ақынға қыр да мұңдас,

жыр да мұңдас.

...саған да керек еді бір жақсы аға –

Маған да керек еді бір қарындас.

 

Ордаң бар жұлдыз уық,

ай шатырлы,

Өлең ғып өрем сенің қай сәтіңді.

Үр жаңа көктем кидім көңіліме

Құлжада көрген сәтте Айша ақынды.

 

Сел болды селт еткізген сезім ерен,

Қарап ем сол көктемнің көзіменен.

Ағаңа өлең оқып не ғыласың –

Айшажан, айналайын, өзің өлең...

 

Өлеңдей өмірдегі барда мұңдас,

Сырыңды айт,

айналайын арманыңды аш!

Майса түн жұлдызынан

Сені іздеймін –

Айша ақын Құлжадағы жан қарындас...

Сарсүмбе, Қаракөпір

Осы көпірдің оң босағасына жауыздар

Зуқа батырдың басын бірнеше күн іліп қойған деседі

 

Боздайды ботасы өлген ғасыр – інген,

Сен менің алшы түскен асығым ба ең!

Сұлтаным ұлтан болған сонау жылы

Зуқаның бұл көпірге басын ілген.

 

Бас мұнда...

қайда қалған жансыз дене?!

айналса опат дей бер нар сүлдеге.

Қартайдым қара көпір саған жетіп

Алтайдың алқасындай Сарсүмбеде.

 

Сарысүмбе,

Сен не дейсің, Қыран өзен?

Сауалға жауап таппай жылады өзен.

Жасында жазмышымның тамшысы бар –

басыңда тұрса қандай мына кезең.

 

Сарғайған сағым күнге санам өкіл,

Қайысып қайғы ойламас қала нөпір.

Ғаламның ғазауатын сенен көрдім

Бабамның басы ілінген, Қаракөпір!

 

Жартасы,

жағалауы жасыл орман,

Әр тасы өр Алтайдың асыл арман.

Ақынның осы өлкеде шерлі жыры –

Батырдың бұл маңайда басы қалған.

 

Жалғанға күнде елеңдер шерлі көшім,

алғанда дүрбелеңдер елдің есін.

Сор, қайғы батырыңның басын алса –

Ол жайлы Қаракөпір,

Сен білесің...

 

Қолымда қара кітәп,

қап-қара күн,

Уақыттың шер-шеменін ақтарамын.

Қыранның үстіндегі – Қаракөпір

Арасын бөліп жатқан ақ-қараның.

 

Айт енді,

маған бүгін,

қозға,

сырды!

Білемін Рухым өлмей тозбасымды.

Зуқаның басы ілінген,

Қаракөпір –

Мен сенен іздеп келдім өз басымды...

Өр Алтайдың бұлттары

Жарық барда жаныңда лауласа үміт,

Хас батырдай аттанған жауға асығып.

Анам түткен түбіттей үлпілдейді –

Өр Алтайдың бұлттары тауға асылып.

 

Сырбаз кейпі ұқтырып сыртқа дерек,

Жаратылған пендедей жұрттан ерек.

аспандағы аққудың ұлпасындай –

Өр Алтайда бауырым,

бұлт та бөлек.

 

Әнге басып тұрғандай бала ғашық,

көктің бүгін қалқатай,

жанары ашық:

«...Ауылың көшіп барады таудан асып

Таудан асқан бұлттармен араласып...»

 

Бұл өлкенің мінезі таудай бұла,

аспанында ақ нұрлар аунайды ма?

дүркіретіп,

қанатын сілкіп өтіп –

Бүгін жаңбыр жауа ма,

жаумайды ма?...

 

таудан сағым жоғалар жыраққа асып,

тірлік кешсек қайтеді мұраттасып.

...Өр Алтайдың жұртына жұртым ғашық –

Өр Алтайдың бұлтына бұлақ ғашық.

 

Елді көріп тіктейін еңсемді енді,

Көз суарып кетейін өлсем де енді...

Өр Алтайдың бұлттары-ай,

өре көшкен –

Енді қашан көремін мен сендерді!...

 

Зер іздесең боларсың зердеңе абай,

Мен келгелі соңымнан ерген Арай.

...Бура бұлтты бұйдалап таң бозында –

тартып кеткім келіп тұр Елге қарай.

Көктоғай. Шәкүрті.

Ақыт қажы басында

 

Жақұт қазына,

Ақыт қажыға.

жүгініп кеп тұрмыз

Уақыт қазыға.

 

Сырласар бізбенен,

Арайлы ізгі өлең.

Талайлы тағдыры

Абайды іздеген...

 

Атқан күн,

батқан ай,

Жылжиды тоқтамай,

Сырларын бүгеді –

Шәкүрті, Көктоғай...

 

Ілімнің қазығы.

Жанының азығы.

Тайғақты тар жолдар –

қажытқан қажыны.

 

Құс қонар зәуде бір,

ойнайды сәуле нұр...

Құранды бағыштап –

Бауырым, тәубе қыл!

 

Төбемнен төніп күн,

Ғажап-ай, соны ұқтым –

Ақытты іздеп кеп

Бақытқа жолықтым...

 

Бұл да бір зарлы ұғым,

Тербейді жанды мұң.

Ақыттың басында –

тайқылау тағдырым...

Нүкен қалған...

Пендеге дүниеде бітер ме арман,

Бұл-дағы бір кездегі құт ел,

қарғам.

Есен бе өр Алтайдың шың-құздары

Ақкүнгейт,

аман ба екен, Нүкен қалған?

 

Үріккен шыңыраудың шетін көріп,

Еліктей жүрген желдің өтінде өріп.

Алдымнан арсалаңдап Нүкен шыққан

Бір бидай арпа ішінде секілденіп...

 

Жетпегем саржелдіріп Қаракерді,

Қатысар Қаракермен заман өлді...

Көктоғай,

Бурылтоғай,

Буыршындар –

Нүкен боп елестейді маған енді...

 

Аңырап арман қашты ақ шағылдан,

ақша бұлт қалқып ұшты аспанымнан.

Кездесу,

қоштасудың аралығы –

тұрады қасиетті қас – қағымнан.

 

Қойғызған қарасуға қайық салып,

тағдырға мен қайтейін айып салып.

Қарайып қыр басында қазақ отыр –

Көңілін дастархандай жайып салып.

 

Қайтейін,

қимай кеттім асыл ұлды,

Алтайдың күні қайда жасырынды?

Үліңгір,

Шіңгіл,

Қанас суларындай –

көзіме мөлдіреген жас ілінді.

 

Аттанғам саулық тілеп ақын ұлға,

Аллаға аманаттап ақырында.

Қарайып қыр басында Нүкен қалған –

Ханзудың Мотосы бар тақымында.

 

От іздеп Оспан туған айбатты елден,

Қайрағын намысымның қайрап келгем.

Арғымаққа лайық арда інімді

Заман-ай,

қу темірге байлап берген.

 

Барында базарыңның қырдың құты ең,

мен сені бір күн емес,

мың күн күтем.

Нүктедей көз ұшында бұлдыраған –

Дүниенің әр қазағы – бір-бір Нүкен.

 

Бауырын қыр басынан күтеді кім,

қысқарып білте шамдай бітеді күн.

...Үстінде үлкен жолдың жалғыз – жарым

Қол бұлғап қалып еді Нүкен інім.

Қанас көлі

 Алтын да кірпік, ай қабақ,

Алтайдың тәңір шыңдары.

Қанастың көлін аймалап –

Ақ қайың, самырсындары.

 

Қазақтың қайран байтағы,

Көзіне көлдің қарамай...

Мұңлы бір әнді айтады

Үйеңкі,

терек,

қарағай.

 

айналдым сенің қалпыңнан,

Қанасты көрдім,

қартайдым...

Жаралған деуші ед алтыннан –

тауы мен тасы Алтайдың.

 

Қосылып тірлік әніне,

Алтайдың емген төсін ел.

Бағзыдан куә бәріне –

Көңілі көктем осы көл.

 

Аңызда алып балығы,

бізге де жеткен дерегі.

тарихқа кеткен тамыры –

Көл біткендердің тереңі.

 

Өзіңмен келген жарасқым,

Сұлу да сырбаз сыр айтып.

Қанастың көлі-ай,

Қанастың –

қайтара көрме, мұңайтып...

 

Жетпейді еш көл ғаламда,

толқыды толқын,

толқыды Ай...

Жарқ ете қалдың жанарда –

бойжеткен таққан шолпыдай.

Мен сені құштым...

бағым ба,

Қанастың көлі-жан әні.

Жәудіреп тұрған жанымда –

Қалқатай қыздың жанары...

 

Көңілде қалды көп елес,

Жанымды сол күй қозғасын!

Қанастың көлі –

көл емес –

мөлт ете қалған көз жасым...

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2050