Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2656 0 пікір 2 Желтоқсан, 2010 сағат 10:55

Меруерт Хусаинова.Қытай желге де қол салды. Оның Қазақстанға экспансиясы үдеп барады

Экономикасының қарыштап дамуы жолында энергетика саласының ролi басым Қытай мемлекетi ендiгi кезекте табиғи таза қуат көзiн өндiру мақсатымен Қазақстанның желiн пайдалануға кiрiстi. Бұл туралы ақпаратты Вашингтондағы Джеймстаун қорына қарасты «Еурейша дейли монитор» басылымы таратып отыр. АҚШ-тың стратегиялық және тактикалық одақтастары болып табылатын елдердегi қауымға сараптама жасаумен айналысатын бұл қордың мәлiметiне қарағанда, «стратегиялық серiктестiк» аясында қанатын кеңге жайған аспан асты елi Орталық Азия мемлекеттерiне экономикалық экспансиясын одан әрi күшейтiп келе жатыр.

Экономикасының қарыштап дамуы жолында энергетика саласының ролi басым Қытай мемлекетi ендiгi кезекте табиғи таза қуат көзiн өндiру мақсатымен Қазақстанның желiн пайдалануға кiрiстi. Бұл туралы ақпаратты Вашингтондағы Джеймстаун қорына қарасты «Еурейша дейли монитор» басылымы таратып отыр. АҚШ-тың стратегиялық және тактикалық одақтастары болып табылатын елдердегi қауымға сараптама жасаумен айналысатын бұл қордың мәлiметiне қарағанда, «стратегиялық серiктестiк» аясында қанатын кеңге жайған аспан асты елi Орталық Азия мемлекеттерiне экономикалық экспансиясын одан әрi күшейтiп келе жатыр.

11 қарашада «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқаттық қорының басшысы Қайрат Келiмбе­тов пен Қытайдың «Датанг оверсиз инвестмент» компаниясының басшысы Лю Шен Да қалпына келетiн қуат көздерi жобаларын дамытудағы ынтымақтастық туралы бiрлескен меморандумға қол қойды. Алайда уақыттың әрбiр сәтiн қалт жiбер­мей­тiн қытайлар меморандумға қол қойылмай тұрып-ақ, Алматы облысының Шелек елдiмекенi маңында желден қуат көздерiн өндiретiн генераторларын орнатып, келесi кезекте бұл аймаққа жел энергия стансасын салуды жоспарлап та тастаған. Ең қызығы, қытайлықтар энергия қуатын қай мемлекеттiң мүддесi үшiн өндiретiнi таратылған ақпараттарда нақтылы айтылмаған. Қытай «Алтын айдаһарының» ашылған аузына еш кедергiсiз кiрiп бара жатқанымызға алаңдайтын үкiмет маңындағыларды байқамайсыз. Несиеге төгiлген қаржыға малданып, ең ақыры табиғатымыздың желiн де қытайлардың қолына ұстатып отыр. Бәлкiм ендiгi кезекте жауын-шашын, қар, мұзымызға дейiн өзге елдiң экономикасының тоқтап қалмауы үшiн жинап-терiп беруден тайынбаса керек-тi, бiздiң билiк...

Әлемдiк қаржы дағдарысынан ең алып деген мемле­кеттердiң естерiн әлi жинай алмай отырғаны Қытай үшiн тиiмдi болып тұр. Экономикасы көз алдымызда еселеп дамып келе жатқан бұл   елмен бүгiнде АҚШ та, Ресей де санасатын деңгейге жеттi. Халқының саны жағынан басым бұл мемлекеттiң экономикалық саясатты жүргi­зудегi тапқырлығы да сарапшыларды таңдандыруда. Осы жылғы жарты жылдың өзiнде Қытайдың жалпы iшкi өнiмiнiң өсiмi 11,1 пайызды құраса, инфляциясы 2,6 пайызды еншiлеп, бөлшек саудадағы бағамы 18,2 пайызға көбейген. Өткен жылғы көрсеткiштермен салыстырғанда анағұрлым табысты шамаларды көрсететiн бұл сандардың сыртында қытайдан төнiп келе жатқан қатердiң қауiптi көлеңкесi көлбең­дейдi. Дамыған мемлекеттiң бiрi саналатын Жапон елiн артқа салған Қы­тай елi жалпы iшкi өнiм жөнiнен 1,34 триллион доллармен әлем­дегi екiншi орындағы мықты мемле­кеттiң қатарына енiп үлгердi. Инвес­тициялық саясатты жүргiзуде белсендiлiк танытқан қытайлықтар Африка, Нигерия, ОАР, Ангола, Судан секiлдi мемлекеттердiң пайдалы қазбаларына ауыз салуы әлем­нiң көптеген сарапшыларының алаңдатушылығын тудырды. Айналымындағы юань ақшасының доллармен салыстырғандағы бағамы әлсiз болғанына қарамастан, Қытай мем­ле­кетiнiң коммерция министрi Чень Деминнiң «юань да бiр кездерi долларға балама валютаға айнала бастайды», деуiнiң өзi көп жайтты аңғартса керек. Арзан жұмыс күшi арқылы экономикасының өсуiне зор мүмкiндiк берген бұл мемлекет энергия тұтыну жөнiнен де АҚШ-ты басып озды. Экономикасын бұдан әрi өркендету үшiн Қытай мемле­кетiне қуат көздерiнiң көптеген түрлерi мен шикiзаттың қажеттiлiгi күн санап артып келедi. Осы проблемаларды шешуде Орталық Азияға бет бұрған көршi елдiң сұранысының көп түрi оп-оңай шешiлiп жатқандығы жасырын емес. Ең алдымен, жер асты бай­лығымен әлемдi өзiне күл­шелi баладай қарат­қан Қазақстан Қытайдың басты нысанасына айналды. Арзан ақшаға барын сатуға әзiр тұрған қазақ елiнiң мүшкiл халi үшiн бiр қуанса, қытай қуанатын болар, сiрә. Ал бәрiнен де, осы Қазақстанның үкiметiн басқарып отырған Кәрiм Мәсiмовтiң «ұстаным-пiкiрлерiнiң» қытай пиғылының оң жамбасына келе қалғаны халықты алаңдатады. Қытайда бiлiм алып, қызмет еткен Кәрiм аканың осы көршi елге бүйрегi бұрып тұратыны алғаш үкiмет басына жайғасқан күннен-ақ байқалған.

Осыған дейiн сығалай ашыл­ған қытай-қазақ қақпалары ендi айқара ашылып, елiмiзде бұл күндерi қара қытай қаптады. Сауда саласына мысқалдай енген көршi елдiң азаматтары бұл күндерi батпандап орналасқаны сондай, кей сәттерде өзiмiзге билiгiн жүргiзетiн дәрежеге жеттi. Бұл сөзiмiзге елiмiздiң батыс өңiрiндегi мұнай бұрандасына жайғасқан қытайлар мен қара жұмысқа жегiлген қазақтарымыздың арасындағы қақтығыс­тар дәлел. Ақшасы бар болғандықтан, аузын айға бiлеп сөйлеуге үйренген халықтың жымысқы әрекетiнiң астары әу бастан-ақ түсiнiктi. Қауқарсыз үкiмет пен қолдан жасалған қарызымыздың кесiрiнен Қытай Қазақстанды бiртiндеп жаулап келедi. Естiр құлаққа түрпiдей тиетiн бұл сөздiң шындығын мойындайтын уақыт жеттi.

Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы аясында дiттеген мақсаттарына жетуге барын салып жүрген Қытай мемлекетiнiң қарқынды қимылы АҚШ пен Ресейдi шаң қаптырды. Орталық Азия елде­рiндегi мұнай-газ, уран, темiр, мырыш, мыс секiлдi байлықтарды несиелiк қаржыларымен үптеп әкетуге тырысып жатқан көршi мемлекеттiң әрекетi расында қауiптi. Экономикалық дағдарыстың салқыны бiзден алыста өттi деп лепiрген қазақ билiгi өз сөзiнiң өтiрiгiн Қытайдан қайта-қайта алып отырған несие қаржысымен дәлелдеп бердi. Экономикамыз дағдармаған болса, мил­лиардтаған ақшаларды не үшiн алатындықтарын түсiндiрмесе де, қытай ақшасының қызуына мал­дан­ған бiздiң билiк мемлекетiмiзге тiкелей төнiп келе жатқан қауiптi елең қылғысы келмейдi. Елiмiздiң мұнай өндiру саласындағы қытайлықтардың үлес салмағы бұл күндерi 31 пайызға жетiптi. Сонымен қатар, «аспан асты мемле­кетiнiң» Қазақстанда тек мұнай ғана емес, қаржы, тау-кен, энергетика саласындағы салмағы уақыт өткен сайын артып келедi. Экономикалық тәуелдiлiкке апарып соғатын бұл қадамдардың соңы қазақ елi үшiн өте қауiптi. «Қара қытай қаптағанда, сары орыс әкеңдей көрiнедi» деген сөздiң астарын сонда ғана пайымдарсыз.

Түркiменстан- Өзбекстан-Қазақстан - Қытай газ құбырының тартылуының өзi бұл елдiң Орталық Азия елдерiне жасалған жорығының кезектi көрiнiсiн бейне­лейдi. Несие есебiнен тау-кен, энергетика, мұнай, банк секторларына аямай қаржы құйып отырған қытайдың саяси мақсатын бiл­генiмен, қарсылық танытар пәрменi жоқ бұл посткеңестiк мемлекеттер өз экономикасының тiзгiнiн бiртiндеп қытайға ұстатып қойғанын аңғармауы мүмкiн емес. Несиемен берiлген ақшаны игеруге де инвестиция салатын өздерi, яғни қытайлар болғандықтан, Қытай мемлекетi Орталық Азия мемлекеттерiн қарыздың иiрiмiне оп-оңай салып, өз экономикасының тегеурiнiн нығайтуда.

Ақтаудағы битум өндiретiн зауыт iске қосылған тұста теле­көпiр арқылы президенттiң жасаған мәлiмдемесiн әлi ешкiм ұмыта қоймаған шығар. «Бұл бiзге өте қажеттi нысан. Елiмiздiң жол құрылысы үшiн қажеттi битумның барлығы Қазақстанда өндiрiлiп, пайдаланылады» - деген едi. Прези­денттiң ризашылығының астарын ақтарған сол тұстағы ақпарат көздерi зауыттың құрылысын қаржыландыруды мiндетiне алған қытайлықтардың есебiнiң түгел­дiгiн жарыса айтысқан. Өкiнiшке қарай, бұл сараптамаларға назар салған ешқандай басшылықты көре алмадық. Қытай қаржысының шетi көрiнгеннен қолда бар бүкiл дүниесiн беруге әзiрлiгiн байқататын Қазақстанның «кеңдiгi» қытай үшiн iздегенге сұраған емес пе? 2009 жылғы Қытайға жасаған сапарында Н.Назарбаев 10 миллиард доллар несиеге қол жеткiзген болатын. Алайда қытайдың бұл жомарттығының соңы қазақ қоға­мында үлкен дүрбелең туғызған. Себебi, елге оралған президент қытайлықтардың соя өсiруi үшiн деген желеумен бiр миллион гектар суармалы жердi жалға беру мәселесiн көтерiп едi. Бiр миллион гектар жерге орналасқан қытайлықтардың әрi кетсе, 2-3 жылда жалға алған жерiмен қосып, өзге аймақтарға дейiн «жайылып» кетерiн пайымдаған қоғам қайрат­керлерi мен оппозициялық партия өкiлдерiнiң қарсылық көрсетуiнен кейiн бұл мәселе жабулы қазанның астында қалған-ды.

Инфрақұрылымы кенжелеп қалған Орталық Азия елдерi үшiн қытай елiнiң тарапынан түскен әрбiр ұсыныс пайдалы болып отыр. Экономика саласына мысықтабандап енiп келе жатқан Қытай мемлекетiнiң әрекетi туралы сарапшылардың сөзiне Кәрiм Мә­сiмовтiң айтқан уәжi отқа май құйғандай әсер еттi. «Бiз елдегi жердi Қытайға таратып берiп жатқан жоқпыз. Мемлекетiмiздiң Жер кодексi мұндай мәмiлеге тыйым салады. Алайда, егер өзiмiзден дәндi дақыл сатып алушы клиент кездессе, ол Арабия ма, Қытай ма бәрiбiр тауарымызды өткiзiп жiберу мүмкiндiгiн құр жiбер­меуiмiз керек», - деген-дi қазақ үкiметiнiң басшысы. Осы ретте айта кетейiк, бидай түсiмi рекордтық көрсеткiшке ие болған тұста сауданың көрiгiн қыздырады деген Кәрiм мырзаның қытайларының төбе көрсетпеуiнен кейiн-ақ, оларға сенiмсiз серiктес ретiнде қараған дұрыс болар едi. Алайда сол баяғы қажеттiлiк пиғылы басым қазақ билiгiнiң пайымын жақсы аңғарған қысық көз көршiлерiмiз әзiрге өз нысаналарына дөп тиiп жатыр. Мұнай құбырының шамасын кеңейтуге қол жеткiзген Қытай мемлекетi ынтымақтастықтың шеңберiн де үлкейтуде. Бұлай дейтiнiмiз, жоғарыда айтып өткенiмiздей, табиғи желден қуат көзiн өндiрудi қолға алған қытайлар банк секторында да өз орындарын мықтап бекiтуде. Соңғы кездерi Қытай елiнiң тарапынан өз мемлекетiндегi қазақ диаспорасы мен студенттерiне жасалып жат­қан жағдайдың өзiнде сан салалы сая­си астар барын айтқан сарапшылар қытайлардың әбжылан қимылының арқасында Қазақстанның тәуелсiздiгiне төнетiн қатердiң де шамасын жасырмайды. Қытай-Қазақстан сауда айналымының көрсеткiшi былтырғы жылмен салыстырғанда 51,8 пайызға артуы айдаһар елiнiң қазақ экономикасын бiржолата матауды мақсат тұтқандығын бiлдiрсе керек. Бүгiн қаперге алынбаған мұндай мәселелердiң келешекте тарқатуы қиын болар түйiнге айналатыны анық...

«Жас Алаш» газеті

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354