Сенбі, 23 Қараша 2024
2837 0 пікір 18 Қараша, 2017 сағат 20:08

Абайлаңыз, кибералаяқ! Интернеттегі қулардан қалай құтыламыз?

Алаяқтық. Соңғы уақытта жиі жасалып жүрген алаяқтық заманына сай түрленіп, әдіс-тәсілдерін жаңартып, жетілдіріле түсуде. Оңай олжаны көздегендер оны кәдімгідей кәсіпке айналдырып алған. Бірақ, бір әдіспен қашанғы алдай алсын? Ал бүгінде интернет желісін қолданбайтындар кемде-кем.

Заман ағымы, уақыт талабына сай, интернет желісі адамдар арасында қарым-қатынас орнатудың ғана емес, ауқымды мәселелерді талқылауға, белгілі бір оқиға, не құбылыс туралы қоғамдық пікір қалыптасыруға ықпалы зор үлкен күшке айналып отыр. Ақпарат ғасыры саналатын заманда, бұның басқаша болуы мүмкін емес те сияқты. Дегенмен, интернетті осындай игі мақсаттардан бөлек, арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін пайдаланатындар да кездесіп жатады. Мәселен, соңғы 5 жылда интернеттегі алаяқтық 20 пайызға өскен.

Киберқылмыстың алдын алумен елімізде ҰҚК айналысады. Ал Ішкі істер министрлігінде онымен «К» атты арнайы басқарма күреседі. Көрші Ресейде осы қылмысқа қарсы күресті «Р» және «К» басқармалары жүргізеді. Аталған басқармалар 1999 жылы құрылған. Ресейлік хакерлер көбіне-көп компьютер желісі көмегімен бай-манаптардың жеке өміріне қол сұғу арқылы бар құпияларын өздеріне қарсы қару етіп, бопсалайтын көрінеді. Әрі банктерден «ақша саууды» да бірінші кезекке қойып отыр. Бізде де жағдай мәз емес… Дәл қазіргі кезде осындай қылмыскерлермен күреске айрықша күш жұмсалуда. Мамандардың айтуынша, хакерлердің шабуылынан жүз пайыз қорғану мүмкін емес. Сол себепті, қарапайым халыққа мынадай кеңес береді:

Біріншіден, спамға назар салмау; сіздің электрондық мекенжайыңызға келген барлық күмәнді хаттарды ашпау.

Екіншіден, ниетінің түзу екендігіне көзіңіз жетпеген адамдарға өзіңіздің дербес деректеріңізді ешқашан бермеу.

Үшіншіден, онлайн-сауда жасау кезінде сақ болу, бұл үшін мәмілелердің қауіпсіздігі мен жеке деректердің құпиялылығын қамтамасыз ететін сайттарды таңдау.

Төртіншіден, егер сіз біреудің компьютерін пайдалансаңыз, онда өз құпиясөздеріңіздің сақталмағанына көз жеткізіңіз.

Бесіншіден, компьютердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған бағдарламаларды (антивирустық бағдарламалар) ұдайы жаңартып отыру.

Егер сіз интернеттегі алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, онда құқық қорғау органдарына жүгінуге толық құқығыңыз бар.

Киберқылмыстың тікелей қарқын алуының салдарынан әлемнің жетекші мемлекеттерінің өзі көлемді қаржы шығынын көруде. Мәселен, Пеномен институтының жүргізген зерттеуі бойынша, былтырғы жылы АҚШ-тың жетекші кәсіпорындары орташа есеппен киберқылмыстың шабуылынан 15,42 миллион АҚШ долларын, ал Германияның жетекші кәсіпорындары орташа есеппен 7,5 миллион АҚШ долларын жоғалтқан. Сонымен қатар, зерттеу нәтижесі Жапония, Ұлыбритания және Бразилия сияқты елдердің жетекші кәсіпорындары орташа есеппен киберқылмыстың шабуылынан тиісінше 6,81 миллион, 6,32 миллион және 3,8 миллион АҚШ долларын жоғалтқанын көрсетті. Бастапқы жетілікті тәмәмдайтын Австралия мен Ресейдің кәсіпорындары шамамен 3,47 миллион және 2,37 миллион доллар жоғалтқан екен. Иә, виртуалды қарақшылар қай мемлекетті болсын қыруар шығынға ұшыратпай қоймайды.

Елімізде 2015 жылдың қараша айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданғаны мәлім. Аталған заңда отандық ғаламтор пайдаланушылар үшін қауіпсіздік сертификаты туралы норма қабылданды. Соған сәйкес, 2016 жылғы қаңтардан бастап шетелдік ғаламтор ресурсына ақпарат берудің шифрланған хаттамаларын пайдаланатын кез келген Қазақстанның азаматы өз компьютерінде (немесе басқа құрылғыда) отандық қауіпсіздік сертификатын орнатқаннан кейін ғана кіре алатын болады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одаққа қатысушы мемлекеттер арасында кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Онда тараптардың коммуникациялық желілер мен ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып немесе осындай желілер мен жүйелерге қарсы жасалған қылмыстық әрекеттердің алдын алу және оларға қарсы күрес мақсатында ынтымақтастықты озық тәжірибе алмасу арқылы нығайтатындығы көрсетілген.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5450