Алик Шпекбаев: Сыбайлас жемқорлық азайып келеді
Қазақстанда сыбайлас жемқорлық жағдайы соңғы жылдары айтарлықтай азайып келеді. Бұл туралы Астанада өткен «Түрмелерді тиімді басқару: бас бостандығынан айыру орындарында сыбайлас жемқорлықты жою» ұлттық жиналысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мәлімдеді.
«Қоғамдық кеңес туралы заңды қабылданып, мемлекеттік орган басшыларының ел алдында есеп беру тәжірибесі енгізілді. Тұрақты түрде 200-ге жуық қоғамдық кеңес жұмыс атқарады. Нормативті-құқықтық құжат әзірленді. Ол құжат меморгандарды қоғамдық кеңестің жұмысымен санасып, олардың ескертулерін назарға алуды міндеттейді», - дейді агенттік төрағасының орынбасары.
Алик Шпекбаев елімізде жемқорлыққа қатысты жағдайларды азайту бағытында бірқатар қадамдар жасалғанын тілге тиек етті.
«Ең алдымен, 2015-2025 жылдарға арналған стратегияға негізделген жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың сеп болғанын атап өткім келеді. Сонымен қатар, «Қазақстан-2050» стратегиясында бұл кеселді ауыздықтауға қатысты нақты жазылған. Аталған стратегияларды сәтті іске асырудың арқасында біз Қазақстанда сыбайлас жемқорлық жағдайларының азайып келе жатқанын бақылап отырмыз. Әкімшілік кедергілер, бюрократиялық үрдістер мен ең бастысы жемқорлық жағдайлары азайды. Бұл ретте мемлекеттік қызмет көрсету кезінде адами фактордың шектелуі өз септігін тигізіп отыр. Ел тұрғындарының құқықтық ұғымы мен мәдениеті күшейіп келе жатыр», - дейді ол.
Қазақстан Стратегиялық институтының жариялаған соңғы зерттеу жұмыстары бұл өзгерісті растап отырған көрінеді. Жемқорлыққа қарсы белсенді түрде әрекет жүргізіп жатқан адамдардың да саны артқан.
«Бүгін біз Қазақстанда қоғамдық бірлестіктермен, саяси партиялармен «сыбайлас жемқорлықтан ада аумақ» құруды ұсындық. Бастамамызды Астана қаласының әкімдігіне ұсындық. Әкімдік бастама аясында «Адалдық алаңы» атты акция өткізіп жатыр. Бұл тұрғыда жұмыс басталды. Аймақтарға да барады деген ойдамын. Материалдық тұрғыда көтермелеу институты толыққанды тұрғыда жұмысын күшейтіп, 2016 жылы 167 адамға 21 млн теңгеге жуық ақша табысталды. Бұл көрсеткіш 2015 жылғымен салыстырғанда 15 есе көп. Біздің еліміз құқықтық мемлекет болу жолында алға жылжып келеді», - дейді Алик Шпекбаев.
Еске сала кетсек, Астанада PRI (Халықаралық түрме реформасы) ұйымы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, тұңғыш рет «Түрмелерді тиімді басқару: бас бостандығынан айыру орындарында сыбайлас жемқорлықты жою» тақырыбында ұлттық жиналыс өткізген болатын. Жиынға қатысушылар түрмедегі сыбайлас жемқорлықты жою мәселелерін ортақ талқыға салды. Ұлттық жиналыста Алик Шпекбаев мемлекеттік қызметтердің электрондық әдіске ауысуы елімізде сыбайлас жемқорлық жағдайын едәуір азайтқанын айтып отыр.
Abai.kz