Сенбі, 23 Қараша 2024
Адасқандар 4762 0 пікір 19 Қараша, 2017 сағат 21:41

Әлем нашақорлықпен күресуде. Бұл індет бізде де белең алып барады

Нашақорлық - барлық қылмыс пен қатыгездіктің, мейірімсіздік пен дінсіздіктің негізі. Еліміздің экономикасы артқан сайын, есірткімен күрес қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда бұл дертке шалдыққандардың басым көпшілігі жастар. Яғни, нашақорлардың 60 пайызын бірнеше рет көзге түскен жастар құрайды. Ал, жасырын түрде есірткі қолданып жүрген жастар қаншама? Осы қасіреттен талай жастар жас ғұмырларын азаппен өткізіп қана қоймай, көктей солып, жарқын өмірлерімен мезгілсіз қоштасуда. Қазіргі таңда нашақорлар тек олардың ата-аналары мен туысқандарына ғана емес, бүкіл қоғамымыздың қаупі мен қасіреті болып, асқынып барады.

Әлемде химия ғылымының ашылуымен қатар пайда болған кокаин, героин, ЛСД, амфетамин, первитин, МДМА, крэк, экстази түйіршігі, гашиш, апиын деген есірткі түрлері бар екені мәлім. Әсіресе, 120-дан астам ел марихуананың атын аспандатып-ақ тұр. Басқасын айтпағанның өзінде, ТМД-ның лаңкестікке қарсы күрес орталығы таратқан 2004 жылғы мәліметте: «Ауғанстан үкіметінің халыққа апиын көкнәрін өсіруге тыйым салуы сәтсіздікпен аяқталды…» деп басталған жолдар бар. Өйткені онда, керісінше, есірткі өндіру мүмкіндігі күрт артып, 5,9 мың тонна апиын жиналған. Жергілікті мамандар сол жылы 490 тонна героин да алғанын алға тартқан еді.

Енді ауғандық алыпсатарлар апиын көкнәрінің аталған көрсеткіштен де көп өнімін тұтас құрлыққа таратады деп болжануда. Әбден ықтимал. Соған қарсы күреске дайын болуымыз керек.

Бүгінде есірткіні сырттан тасып, оны ел ішінде өндіру мақсатында Қазақстанның өзі көшбасшы елге айналып шыға келгендей. Әсіресе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсіруі тыйылар емес. Сөйтіп, көп тосқауылға тап бола қоймағандар есірткінің халықаралық заңсыз айналымына тез сіңісті болып шыға келді. Аталған өңірлерде сора көбірек болса (жалғыз Шудың өзіндегі қарасора өсетін алқаптың жалпы аумағы – 140 мың гектар), Орталық және Солтүстік Қазақстан аймақ­тарында героинге деген сұраныс артып тұр.

Әлгі ауғандарды ауызға алмағанның өзінде, есірткі сатумен айналысатындар өзге елдерде аз емес. Мұны да қаперде ұстағанымыз жөн. Сөз басындағы СПИД мәселесіне қайта оралсақ, дәл осы көршілес мемлекеттерге Дүниежүзілік банк 25 милли­­он ­доллар аударған. СПИД-ке қарсы күрес әрекетіне! Ал шын мәнінде ол қаражаттың алақанға қонған шыбындай бір мысқалы да байқалмаған. Ақшаны ауаға шашу оңай, әрине. Одан да, тікелей сол СПИД-ке апаратын бірден-бір тура жол – есірткі бизнесіне нақты тосқауыл қоя алсақ игі.

Қарсы күрес қарымы бізде әлі де болса әлсіз деңгейде сияқты сезіледі. Мәселен, елімізде «Нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу және оған қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты үйлестіру жөніндегі комиссия» 11 отырыс өткізді. «Астана – есірткісіз қала!» өңірлік бағдарламасы аясында қаншама жиын, басқосулардың басын қайырып тастадық. Президенттің бұйрығымен «2006-2014 жылдарға арналған нашақорлықпен және есірткі сатумен күресу стратегиясы» да бекітілді. Осындай қаптаған көзалдар атаулар мен цифрлы есеп берулерді қанағат тұтумен ғана жүрміз әлі! Олай болмаса, әлемдегі нашақорлықты кәсіп көзіне тұрақты айналдырып алған елдер бізге есірткі тасымалдау­шы емес, оны тұтынушы мемлекет ретінде қараушы ма еді?!
«Тұтынушы» демекші, еліміздегі наша­қорлардың жартысынан көбі 18-19 жас­тағылар екен. Есірткімен есіріп, 2008 жылы 473 адам өмірімен қоштасса, 2009 жылы қазақстандық 400-дей жас қыр­шы­нынан қиылған. «55 мың нашақорымыз бар» деген көрсеткіш соңғы 10 жыл ішінде 2 есеге артқан сорақылық болып шықты. Тір­келмегені қаншама?!

Марк Твен айтқан ғой, «өмірде өтіріктің үш түрі бар: жай өтірік, арсыз өтірік және статистика» деп. Демек, ресми мәліметтердің дені дүрбінің екінші жағы сияқты, көз алдыңа үлкенді кішірейтіп көлбеңдете қояды. Мысалы, әлгіндей жиынқұмарлар әртүрлі деректерді көлбеңдетіп, әркімнің өз бетінше сандырақтап отырғандай болатындығы сондықтан. Мәліметке көп сүйене берудің де қажеті шамалы.

Бұнымен «күрес – нәтижесіз» деген кесімді пікірге маталып қалмағанымызды да ескерте кетейік. ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау комитеті өз кезегінде аянып қалып отырған жоқ. Тәубе етерлігі, жыл басынан бері (2016) еліміздің тәртіп сақшылары 1 мың 618 есірткі қылмысын тіркеп, 1,6 тонна есірткі тәркіледі. Оның 61 келіден астамы – героин. Нақтылай кетсек, Астана қалалық ІІД Есірткі саудасымен күрес басқармасы 117 қылмысты анықтады. Қала бойынша 16 есірткі сатумен айналысатын нүкте анықталып, күдіктілер ұсталған. Бұл жолғы айналымнан 104 келіден астам есірткі заттары тәркіленіп отыр. Ал Алматыда 140 келі дейін қолға түсті. Қалған дерек – өзге аймақтарға тиесілі. Сондай-ақ, сала мамандары 2015 жылдың соңғы 4 айында 94 тонна есірткі заттарын тәркілегендерін алға тартты. Немене, сонда бұл пәле кәдімгі кесірткенің құйрығы тәрізді болғаны ма, үзіп тастаған сайын артығымен қайта шыға беретін?!

Енді бағасына мән берейік: бір стақанға сыйғызып сататын 35 грамм марихуана дегеніңіз 7-10 мың теңге аралығында бағаланатын көрінеді. Ал 1,5 келі героин 3 мыңнан аса адамды азғындап, елден ерек есіртіп жіберуге жетіп жатыр. Қандай сорты екені мамандарға ғана мәлім, әйтеуір, сол героинның 1 келісі 5 миллион теңге тұрады. Жалпы алғанда, наркобарондарға әр сатылым сайын тіркеуде тұрған есірткімен есі кеткендерден 300 миллион теңгедей табыс түсетін болып шықты. «Тіркелмегені қаншама?!» дейміз-ау тағы да…

Несіне жетісіп мәз боламыз, соңғы 15 жыл ішінде нашақорлыққа шалдыққан жасөспірімдердің саны 20 есеге өсіпті. Негізінен Азиядан Ресейге өтетін есірткі транзитінің белсенді және тұрақты бағыттары Орталық және Батыс Қазақстан өңірі болып табылатындығын ескерген жөн.

Еліміз өзінің географиялық орналасуы­на байланысты есірткі қозғалысының Орталық және Орталық-Батыс Азиядан Еуропа мемлекеттеріне қолайлы транзиттік жол ретінде есірткі бизнесінің халықаралық құрылымдарының назарын аудармай қоймайды. Мәселен, есірткіні Ресейден Еуропаға қарай тарту үшін еліміздің ірі қалаларында аялдау базалары құрылып, онда тауарды жасырудың күрделі механизмдері ойластырылған. Сондықтан да есірткі мафиясының ғаламдық мақсаттарына бір ғана ішкі күштермен қарсы тұру жеткіліксіз. Ол үшін ҚР ҰҚК мен ТМД, АҚШ, Қытай, Германия, Ұлыбритания мемлекеттері арнайы қызметтерінің ақпарат­тық іс-қимылы кеңейіп, біріккен жедел жұ­мыстары жандана түсуі керек...

Міне, ағайын! Кезінде іргедегі індет ақырын жылжып, ақыры келіп, есігімізден бесігімізге сығалайды деп кім ойлаған?! Енді оған қарсы күресудің жолдарын күнде айтып әбігерміз.

Бір ерекшелеп айтарлығы, ел ішіндегі есірткі айналымына қарсы күреске қосқан біздің ақпараттық ағымның үлесі ұшан-теңіз. Ықпалы да зор. ҚР ІІМ қолдауымен жарық көріп келе жатқан есірткі саудасы мен нашақорлықтың алдын алу, оларға қарсы майдан ашу туралы үндеу дерліктей арнайы журналдар да жеткілікті.

Астана қалалық Ішкі істер департаменті Есірткі саудасымен күрес басқармасы 117 қылмысты анықтады. Қала бойынша 16 есірткі сатумен айналысатын нүкте анықталып, күдіктілер ұсталған. Бұл жолғы айналымнан 104 келіден астам есірткі заттары тәркіленіп отыр. Ал Алматыда 140 келідейі қолға түсті. Қалған дерек – өзге аймақтарға тиесілі. Сондай-ақ, сала мамандары 2015 жылдың соңғы 4 айында 94 тонна есірткі заттарын тәркілегендерін алға тартты.

Ерғали Берікұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5454