Дүйсенбі, 25 Маусым 2018
Сүйінші! 835 4 пікір 12 Қаңтар, 2018 сағат 07:45

Елордада Қайым Мұхамедхановтың атына көше берілді

 

Бүгін Астана қаласындағы Қайым Мұхамедханов, 37А көшесі бойында сағат 11:00-де Қазақ технология және бизнес университеті мен «Баян Батыр» қоғамдық Қоры  «Қайым Мұхамедханов - ғалым, азамат, патриот» тақырыбында Республикалық ғылыми семинар өткізеді.

Семинар жұмысына қазақстандық атақты ғалымдар, педагогтар, студенттер, қоғамдық және мемлекеттік қызметкерлер, Қайым Мұхамедхановтың шәкірттері – Тұрсын Жұртбай, Ғарифолла Есім, Ербол Іргебай, ақын Несіпбек Айтов және тағы басқалар қатысады. Семинарда Қайым Мұхамедхановтың өмірі, Отан алдындағы қызметі мен еңбегі талқыға салынады.

Семинар шеңберінде Қазақ технология және бизнес университеті ғимараты алдында Астана қаласында Қайым Мұхамедханов атындағы көшенің ашылуына орай салтанатты шеру өтеді.

Қ.Мұхамедханов – Қазақ КСР мемлекеттік әнұранының сөз жазған ақын,  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан тәуелсіздігінің рухани негізін құрайтын ғылыми-мәдени құндылықтарды ашуға және сақтауға үлкен септігін тигізгені үшін көптеген лауызымдар мен марапаттарға ие болған тұлға. Ол - Абай мемлекеттік музейінің негізін қалады (1940 ж.), абайтану, шәкәрімтану, әуезовтану, алаштану ғылымын бастап берген  ақын, жазушы, драматург, аудармашы. Абай және Шәкәрім сөздерінің түпнұсқасын сақтаған майталман педагог, тыйым салынған кезеңге қарамастан жүздеген жазбаларды сақтап қалған тұлға.

Қ.Мұхамедханов – Қазақ КСР халықтық ағарту ісінің үздігі, КСРО ағарту саласының үздігі, Семей,  Аягөз қалаларының және Шығыс Қазақстан облысы Жаңасемей, Абай аудандарының Құрметті азаматы. Көптеген лауызымдар мен марапаттардың иегері: Абай Халықаралық Академиясының алтын медаль лауреаты (Лондон, 1995 ж.), Қазақстан жазушылар Одағының Абай халыққаралық сыйлығының бірінші лауреаты (1996 ж.), Қазақстан жазушылар Одағының «Алаш» Халықаралық әдебиет сыйлығының алғашқы Лауреаты, Қазақстан жазушылар Одағы сыйлығының лауреаты.

1951 жылы Абай мектебін сақтап қалу әрекеттері үшін репрессия мен азапты бастан кешіріп, өз иедяларынан бас тарпағаны үшін ғалым Қазақстанның тәуелсіздігін жариялағаннан кейін 1996 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына лайық табылды.

Оның өмірі мен тағдыры – туған елге қызмет ету мен адам бойындағы рухтың асқақтығына, ар-намыстың тазалығына мысалы болып табылады.

Abai.kz

 

4 пікір