Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Талқы 9282 52 пікір 26 Қаңтар, 2018 сағат 15:46

Қазақстан үшін Сталин өлмеген бе?

kinopoisk.ru

Қазір әлемді жаулаған әлеуметтік желі Британия мен Франция бірлесіп түсірген «Сталиннің өлімі» атты көркем фильмді талқылап жатыр. Талқылайтын несі бар дерсіз, мүмкін. Біз айтайық ендеше.

«Сталиннің өлімі» – Сәбет лидерлерінің саяси карикатурасы

«Сталиннің өлімі» саяси сатиралық комедия жанрындағы еңбек. Сюжеті мынадай: 1953 жылдың 5-наурызы күні Кеңестер одағының тізгінін ұстаған тиран - Иосиф Сталин ажал құшады.

Қандықол Сталинді жерлеу рәсімі аяқталысымен, КСРО тағына талас басталады. Тақталасқа түскен бақталастардың бірі – Никита Хрущев болса, екіншісі – Лаврентий Берия.  Бұл екеуі политбюроның кәрі сүйек, қу бас, ышқыры тоқтамайтын ылғи шалдарын өздеріне қаратпаққа жанталасады. Ол аз дегендей, Сталиннің балалары: Света деген сәусәлімін бірі, Василий деген нәкөсін екіншісі айналдыра бастайды. Өзіне қаратпаққа, әрине. Сөйтіп, бұл екеуінің таласына Сәбет армиясын басқарған Георгий Жуков араласады. Ақырында Хрущев пен Жуков ауызжаласып жүріп, Берияны ығыстырып шығарады.

Фильм француз авторлары Фабьена Нури мен Терри Робеннің графикалық комиксінің желісінде түсірілген. Түпнұсқадағы атауы: «La Mort de Staline. Une histoire vraie… soviétique» («Сталиннің өлімі. Сәбет тарихының шындығы...»), деп аталады.

Сценарийді жазып отырып, британдық автор Армандо Ианнуччи Нури мен Робеннің негізгі сюжетінен алыстамауды ұйғарады. Тек сатиралық екпінді күшейтіп, графикалық новелладағы традегияны қаз қалпында қалдырады.

Ианнуччи былай депті: «Біз тарихи оқиғаларды мазақ етуден аулақпыз. Тарихқа құрметпен қараймыз. КСРО кезінде миллиондаған халыққа оңай болған жоқ. Біз тек Сәбет саясаткерлерінің іс-әрекетін, ой-танымын зерттеу барысында  комедиялық жанрды таңдадық».

Туынды авторлары ізденіс жолында Мәскеу барып, Сталиннің үйін аралап та көріпті. Сәбеттің көзін көрген, 50-жылдардағы сол оқиғаларды анық білетін адамдармен сөйлесіп, дерек жинапты.

Қысқасы - осы. Британиялық режиссер, режиссерден бұрын жазушы Армандо Ианнуччидің бұл каритинасы – Сәбет лидерлерінің таққа таласын зіл әзілмен көрсетеді. Бір ауыз сөзбен айтқанда, «Сталиннің өлімі» - Сәбет лидерлерінің саяси карикатурасы!

Армандо

Бұл саяси карикатураның авторы - шотландық сатирик, жазушы Армандо Жовани Ианнуччи дейтін азамат. Британ империясының Рыцарлық орденінің иегері. Армандо – Рыцар.

Өзі жазушы, өзі офицер Армандо Жованни – осыған дейін де саяси сатиралық фильмдер түсірген. 2012-2015 жылдар аралығында «Вице-президент» дейтін сериал түсіріп, онысы көрерменнің оң бағасын алған. 2009 жылы «Күл болмасаң бүл бол» деген саяси сатиралық жанрдағы көркем фильмі Оскар алды. Тағысы тағы бар. Бұл автор туралы аз кем ақпар болсын дегенде жазғанымыз.

Батыс менталитетіне тән диалогтық құрылым

Енді фильмге қайта оралайық. «Сталинің өлімі» Сәбеттен қалған сарқыншақ цензураға ілінді. Орыс пен Беларусте, енді бізде де бұл фильм экранизацияланбайтын болды. Ой, Тәңірі, осындай интригамен күткен туындыны, әне-міне көремізбе дегенімізде, тыйым-тұсаудың құрығы ілініп, әлгі Армандоның түсіргенін көрудің өзі арман болып қалды.

Енді мәтін жайлы айтайық. «Сталиннің өлімі» туындысындағы мәтін Батыстың еркін ойлы мәдениетіне тән жазылған. Ол түсінікті. Жоғарыда автор Армандоның өзі айтқандай, Сәбеттің сұсты лидерлерінің есалаң кейіпін көрсетуге әбден жарап-ақ тұр.

«Құдай атсын, біздің Генсек боқ-сідікке шыланып жатыр ғой...». Бұл фильмдегі Хрущевтің сөзі.

Өлім мен Сталин  жұмыс кабинетінде жолығады. Өз қақырығына өзі қақалып-шашалып жатқан Слатиннің есігін күзетіп тұрған екеудің бірі: «Мүмкін, кіріп көреміз, бірдеңе болып қалған жоқ па?» дейді. Екіншісі: «Аузыңды жауып тұр, әйтпесе, екеуімізді де атып тастайды» дейді.

«Мен Берлинді алғанмын. Мынау көзілдірікті боққарынды біржақты етуге шамам жетеді» дейді Хрущевпен ымыраласқан Жуков.

Жалпы кинодағы диалогтар осы ауанда. Бәдік деуге келмейді. Ауызекі тілде бар лексикондар. Фильмнің орыс тіліндегі дубляжы сәл-пәл әсірелеп жібергені демесеңіз, бұл мәнердегі диалог Батысқа да, орысқа да тән. Ал енді қазақ тіліне тәржімалануына келсек, бәлкім менталитетімізге сай мәтін жазуға болар. Болар дейміз-ау, бұл фильмді бізде де көрсетпейді екен ғой...

Ресейдің ықпалымен тыйым салынған фильмдер

Бұл туындыны Ресейде көрсетуге  Кремльдің кабмині әуелде рұқсат берген. Алғашқы көрсетілім 25-қаңтарға жоспарланған екен. Сөйтіп, аяқ астынан Дума мен РФ Мәдениет министрлігі райынан қайтып, «тарихымызды мазақ етті» деген желеумен көрсетілімге тыйым салған.

Бұған іле-шала Белоруссия да «Сталиннің өлімін» көрсетуге болмайды деген шешімге кепті. Енді Қазақстанда да бұл туындыны көруге мүмкіндік жоқ.

Орыстікі түсінікті. Осындай альтернативті дүниелерге түлен түрткендей тіксініп қарайтын әуелгі мінезі. Бізге не жоқ десеңізші?..

Әйтсе де, Ресейдің ықпалы ғой бұл. Алдымен Ресейдің, содан кейін Қазақстанның көрсетілімінен алынып тасталған жалғыз фильм “Сталиннің өлімі” емес. Одан бұрын  “Интервью”, “44 нөмірі” атты фильмдер де Ресейдің ықпалымен Қазақстан кинотеатрларына шықпай қалған.

“Интервью” - Эван Голдберг пен Сет Роген режиссерлік етіп, 2014 жылы жарыққа шыққан америкалық комедия. Фильмде Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынның бүгінгі әрекеті мен теріс көзқарасы сынға алынады.

"44 нөмірі" - Ресейдің ықпалымен Қазақстанда көрсетілмей қалған екінші фильм. "44 нөмірі”"- 2015 жылы шведтік режиссер Даниэль Эспиносаның АҚШ, Ұлыбритания, Чехия және Румынямен бірлесіп түсірген триллер жанрындағы фильм.

Тас-түйін тыйымға қарамастан «Сталиннің өлімі» Ресейдің кейбір кинотеатрларында көрсетілген екен. BBC-дің орыс тіліндегі қызметі солай деп жатыр.

Мәскеудегі «Пионер» кинотеатры «Сталиннің өлімін» көрсеткен. Әйткенмен әдеттегідей аншлаг болмаған. Себебі түсінікті. Орыс агитациясы.

Тәк, кешелі-бері жұрт Сталиннің қазаққа жасаған қиянатын жіпке тізіп жатыр. Сол есептен "Сталиннің өлімін" біз де жазғанды жөн көрдік.

Түйін: Қазақстан Мәдениет министрлігі бәлін-түген демегенімен, кинотеатрлар «бұл фильмге сұраныс жоқ» деген жалаң желеумен прокатқа жібермейтін болып шешті. «Арман» кинотеатры 1-ақпан күні бір рет қана көрсетуге ниетті екенін білдік. Болды.

Бұл нені білдіреді? Қазақстан үшін Сталин өлмеген бе? Бұлай деп топшылауымыздың жөні бар. Себебі, Қазақстан рухани Тәуелсіздік, мәдени Тәуелсіздікті толық алмаған. Бұның айқын көрінісі – «Сталиннің өлімі» фильмінің Ресей мен Беларуссия секілді ашық цензураға ұшырамаса да, ұсақ-түйек сылтаумен, прокатқа шықпай қалуы.

Бізде Сталиннің билігін көрген аға буын, ата буын бар. Тіпті, керек десеңіз, Қазақстанның басқарушы билігінде де кешегі компартияның өкілдері көп. Билікке жаңа буын, Тәуелсіздік жастары келмей, кешегі күлі көкке ұшқан компартиялық цензураның болғаны болған.

«Сталиннің өлімінің» көрсетілмеуі – Ресейдің Қазақстан билігіне әм Қазақстан қоғамына ықпалының тағы бір көрінісі болса керек.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

52 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048