Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3130 0 пікір 16 Қаңтар, 2011 сағат 20:26

Бейбіт Қойшыбаев. Смағұл Сәдуақасұлының рухына тағзым

Белгілі қоғам қайраткері, заңгер Сабыр Қасымовтың Жаңа жыл алдында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатынан  мәлім болғандай, әйгілі қайраткер Смағұл Садуақасовтың Мәскеуде 1933 жылы кремацияланған мәйітін елімізге әкеп жерлеуге рұқсат алынған екен. Осы жаңалық сталинизм дәуірінде опат болған боздақтың - тәуелсіздік жолына бас тіккен ұлт қайраткерінің өмірі мен қызметі, оның істерінің бүгінгі ұрпаққа тағылымы жайында арнайы басқосу жасауға мұрындық болды. 2011 жылғы 13 қаңтарда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қайраткер Смағұл Садуақасұлы және Қазақстан отаншылдығы: елдік мұрат пен жауапкершілік» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.  Конференцияға Парламент депутаттары мен ғалымдардан бастап, 30-шы жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың   ұрпақтары және қайраткердің жерлестері қатысты.

Белгілі қоғам қайраткері, заңгер Сабыр Қасымовтың Жаңа жыл алдында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатынан  мәлім болғандай, әйгілі қайраткер Смағұл Садуақасовтың Мәскеуде 1933 жылы кремацияланған мәйітін елімізге әкеп жерлеуге рұқсат алынған екен. Осы жаңалық сталинизм дәуірінде опат болған боздақтың - тәуелсіздік жолына бас тіккен ұлт қайраткерінің өмірі мен қызметі, оның істерінің бүгінгі ұрпаққа тағылымы жайында арнайы басқосу жасауға мұрындық болды. 2011 жылғы 13 қаңтарда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қайраткер Смағұл Садуақасұлы және Қазақстан отаншылдығы: елдік мұрат пен жауапкершілік» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.  Конференцияға Парламент депутаттары мен ғалымдардан бастап, 30-шы жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың   ұрпақтары және қайраткердің жерлестері қатысты.

Совет өкіметі жылдары Смағұл Садуақасов туралы партия тарихында тек сыни тұрғыда ғана сөз болып, оған «оңшыл-коммунист», «оңшыл-ауытқушы (уклонист)», «ұлтшыл» деген айып тағылатын. Сондай теріс  бағаға кезіккен сайын мен оны тереңірек білуге ынталанатын едім.  Ақыры, қайта құру жылдарында, оның әйгілі «Ұлттар мен ұлт адамдары туралы» (осы конференцияда еске алынған) мақаласымен таныстым. Сонда мені Смағұлдың республика экономикасын дамыту орайындағы терең де байыпты, сындарлы ойлары қайран қалдырды. Өйткені ол экономикалық тәуелсіздік мәселесін, өз елімізде өңдеуші өнеркәсіпті өркендету мәселесін көтерген-ді...

Одақты индустрияландыру жоспары жасалып жатқан шақта ол аймақ басшылығының біздің республиканы тек шикізат базасы етіп қалдыруды көздеу пиғылын әшкерелеген, ондай көзқарастың залалды екенін айтқан. Қарапайым мысал келтірер болсақ, қазақ малының жүнін Мәскеуге тасып, сонда иірілген жіптен, тоқылған матадан тігілген костюмді қазақ еліне кері тасығаннан тек ұтылатынымызды, сол  костюмді өз елімізде тігуге қол жеткізу керектігін дәлелдеген болатын.

Алайда большевизм «ғұламалары» пікірсайыс орайында жазылған сол мақаласы үшін оны қатты ғайбаттады. «Қазақстанда тұйық экономика құрғысы келген», «буржуазиялық демократияның жолын салушы», «ұлтшыл»-коммунист Смағұл Садуақасовтың партиялық ісі Ташкенттегі Қазақ университеті партия ұйымында қаралып, оны ректор лауазымынан түсіру жайында шешім қабылданды. Бұл 1928 жыл еді. Сол жылы Мәскеуге оқуға кетеді де, содан бастап ол Қазақстанда жұмыс істеу мүмкіндігінен біржола айрылады. Ұзамай есімі «халық жаулары» қатарынан орын алды...

Қайта құру мұраттарына арқа сүйеген осы жолдар авторы 1988 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне «Қайраткер Садуақасов» деген мақала жариялаған болатын. Содан бері көптеген зерттеушілер «тарихи ақтаңдақтар» тасасындағы ардақты тұлғаны саяси айыптардан аршып, сан қырынан қарастырып келеді. Аталмыш конференциядағы жасалған баяндамалар мен хабарламаларда да небір тың мағлұматтар мен пайымдар, түйінді ойлар, пікірлер айтылды.

Смағұл Садуақасұлының өмір жолы белсенді күреске толы екені белгілі. Солардың бірі ретінде жас автономияның өрімдей жас қайраткерлері елдік мұрат үшін дауыс көтеріп, елеулі күш екендіктерін танытқан 1920 жылғы желтоқсанда өткен партия жиналысындағы ұстанымын айтуға болады.  Бұл жиналыстың хаттамасы әзірге көзге түсе қоймаған, тиісінше ғылыми айналымға алынбаған. Дегенмен мәні зор. Ресей Коммунистік партиясы Қазақ обкомының хатшысы Кулаковты орнынан алу туралы қаулы алғандықтан, маңыздылығына күмән туғызбайтын, өз зерттеушісін тосып тұрған ерекше оқиға.

Қазақ автономиясы жария болғаннан кейін бірнеше ай өткен соң, Орынборда орталық мемлекеттік аппараттарда істейтін жауапты қазақ қызметкерлері обком хатшысы Кулаковтың баяндамасын тыңдайды. Бұл жиын жайындағы мәлімет бізге 1920 жылғы Қазақ Республикасы ішкі істер халық комиссарының міндетін атқарушы Дінше Әділовтің естелігі арқылы жетіп отыр. Әділов - 1917 жылғы Алаш партиясы Ақмола обкомының мүшесі, 1925 жылы Ұлт театрының (бүгінгі Әуезов атындағы драма театрының) іргесін Смағұлмен бірге қаласқан, кәсіби сахна өнерінің күллі практикалық ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп,  театрдың алғашқы директоры және бас режиссері болған мәдениет қайраткері. Осы азаматтың  1928-1929 жылдары тергеу хаттамасына түскен жауаптарында аталған жиналыстың мазмұны келтірілген.

Діншенің тергеуші алдында айтқан  сөздеріне қарағанда,  Қазақ обкомының хатшысы Кулаков баяндамасында ешкімді тура атап айтпағанмен, басшылық орындарда жұмыс істеп жүрген қазақ қызметкерлерін ұлтшыл деп ғайбаттапты. Мақсаты - ұлт коммунистерін «моральдық топансуға тоғытып алу арқылы өзіне қажет картинаны анықтап алу, әрі кейбір өзі қырына алған қызметкерлерді лауазымынан кетіруге қол жеткізу» болған сыңайлы. Сонда, жарыссөзде бірінші болып сөйлеген Смағұл оған қарсы өте қатты,  қызына сөйлеп, обком хатшысы Кулаковтың жаңаша орнығып алып, қазақтарға әмірін жүргізіп отырған переселен чиновнигі болмасына кім кепіл деп түйген екен. Оның бағытын хатшы Кулаков пен халкомкеңес төрағасы Радус-Зенковичтің әміршілдік әдеттерін сынаған Дінше, одан кейін сөз алған басқа қазақ жігіттері де қолдайды. Содан, айыпталушының куәлік етуінше, «Кулаков жеңіліске ұшырады, оны орнынан алу туралы шешім қабылданды».

Жас қазақ қайраткерлері ұлт мүддесі жолындағы күресте Смағұлдың бастауымен  алғаш рет осылай  ірі жеңіске жетеді. Бірақ бұл, өкінішке қарай, соңғысы да еді. Алғашқы жеңіс рухтандырған Смағұл Семей, Қостанай аймақтарына барған іссапарлары кезінде республиканың орталық билігінің өкілі ретінде, отаршылдық рухтан ажырамаған деп тапқан губерниялық басшылықты жұмыстан босатып жіберуге дейін барады. Бірақ, сондай шетін әрекеттері үшін, әрине, ұлтшыл атанып, партиялық сөгіс алады...

Смағұлдың өмірі мен қызметі - ұлтты сүюдің, елдік мүдде жолында отаншылдық сезіммен жан аямай күресудің тамаша үлгісі. Ол автономия ішіндегі мемлекеттік мәселелерді шешуде білгірлік танытып, қазақ елі болашағына шын мәнінде қызмет етті. Бұл жөнінде конференция мінберінен сталиндік репрессиялар тарихының ірі маманы, қайраткер Смағұл Садуақасұлын 1989 жылдан бері терең зерттеп келе жатқан профессор Мәмбет Қойгелдиев,  қайраткердің әдеби шығармашылығын зерттеп, еңбектерін екі том етіп шығарған, үлкен монография жазған профессор Дихан Қамзабекұлы, профессорлар Талас Омарбеков, Дана Махат, Тұрсын Жұртбай, өзге де ғалымдар мен сөйлеушілер жан-жақты атап көрсетті.

Өкініштісі, қазақ қайраткерлерінің кеңес өкіметі идеясына негізделген күллі жасампаздық ниеттерінің жүзеге асуына тосқауыл көп еді. Таптық көзқарасқа иек артқан большевизм ұлттық тұтастықты көздемейтін. Ұлт мүддесін тап идеологиясымен шектеп, іс жүзінде жоққа шығарған қасаң коммунистік-тоталитарлық неоимперия билігін Мәскеудің Қазақстандағы эмиссары Филипп Голощекин «сана-сезімді қырнау, нивелировка жасау» тәсілімен ойындағыдай жүзеге асырды. Ол қазақ мүддесін ойлаған ұлт кадрларын қуғын-сүргінге ұшыратты. От жүрек Смағұл сол боздақтардың бірегейі еді. Баршамызға белгілі, ол туған  республикасынан қитұрқы  саяси  қыспақ салдарынан шеттеп кетуге мәжбүр болып, ақыры, Донбасс темір жол құрылысында жұмбақ жағдайда уланды да, Кремль ауруханасында дүние салды. Кейінгі зерттеулерде айтылып жүргендей, осынау білімді де білікті, барша күш-қайратын халқының бақыты жолына арнаған ұлт қайраткерінің өлімі құпия қызмет тарапынан ұйымдастырылуы да мүмкін.

Оның жарық жұлдыздай жарқ етіп сөнген  қысқа, бірақ айрықша мағыналы ғұмырындағы ұстанымы, отансүйгіштігі бүгінгі азаматтарға, өскелең ұрпаққа үлгі етуге әбден лайық. Оның елдік мұраттарға адал бай мұрасын танып-білу, қайраткерлік қабілетіндегі ұлттық тамыр іспетті қайнар көзді игеріп, бойға сіңіру бүгінгі тәуелсіздік жастарына өте-мөте қажет.

Сабыр Қасымов, Дихан Қамзабекұлы, Берік Әбдіғалиев секілді жігіттердің Мәскеу қабірстанында жатқан Смағұлдың кремацияланған  мәйітін туған еліне әкеліп, жер қойнына беру орайындағы бастамашылық  істеріне, әрине, қолдау көрсету керек. Конференцияға қатысушылардың баршасының ойлары осыған тоқайласты. Игі ниетті қолдай отырып, мұндай шаруаның адамгершілік, имандылық, мұсылманшылық жолдары өз алдына, тәуелсіздік азаматтарының бойына ұлттық рухты бекем ұялату ісіне өлшеусіз зор үлес қосатынын ұдайы есте ұстаған жөн. Бұл ретте, біздің ойымызша, сталинизм жылдары опат болған азаттық күрескерлеріне жіті назар аударып, сүйектері әр тарапта шашылып қалған сол боздақтарды да ұмытпау ләзім. Көпке мәлім, сонау қайта құру саясаты өрістеген жылдары өмірге келісімен, «Әділет» қоғамы жазықсыз қуғын-сүргін құрбандарын анықтау, ақтау, олар жатқан қорымдарға күтім жасап, ескерткіштер қою ісіне мұрындық болған еді. Бүгінде Астана, Алматы маңдарында, көптеген облыс, аудан орталықтарында құрбандарды еске алып, аза тұтатын белгілер бар.  Дегенмен, қазіргі күн тәртібінде Смағұл Садуақасұлының мәйіт-күлін елімізге әкеліп жерлеу мәселесі көтеріліп отырғандықтан, бұған мемлекеттік мән беру қажеттігі сұранып тұр. Конференцияға қатысушылар осы орайда өз пікірлерін ортаға салды. Біз де ұсынысымызды білдірдік...

Смағұлдың Мәскеуде кремацияланған мәйіт-күлін туған жер топырағына әкеліп қоюды жүзеге асыру жұмысы оның қатарына өзге де тәуелсіздік күрескерлерінің рухы сезілетін белгі орнатумен қатар жүргізілсе... Былай айтқанда, ұлт азаттығы жолында сталинизм қуғын-сүргіні салдарынан шейіт болған тәуелсіздік күрескерлерінің ұлттық пантеоны немесе аллеясы іспетті орын жасалса, дұрыс болар еді.

Мәселен, топтап көмілгендіктен сүйектерін нақты танып-ажырату мүмкін емес тұлғалар - империя астанасының Дон, Ваганка, Комиссаровка, басқа да зираттарындағы бауырластар қорымында жатқан: Мәскеуде 1930 жылғы 21 сәуірде пролетариат көсемінің туғанына алпыс жыл толуы құрметіне құрбандыққа шалынған Жүсіпбек Аймауытов, Дінше Әділов, Әбдірахман Байділдин, Ахметсафа Юсуповтердің, 1937-1938-жылдары атылған Әлихан Бөкейханов, Жанша Досмұхамедов, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нығмет Нұрмақов, Нәзір Төреқұлов, Садық Нұрпейісовтердің,  1937-1938-жылдары атылып, құпия түрде Алматыдағы Жаңалық зиратына беті жасырылған Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұмабаев, Жанайдар Садуақасов, Ұзақбай Құлымбетов, Ораз Исаев, Темірбек Жүргенов, Санжар Асфендияров, Ораз Жандосов, Рахым Сүгіров, Ғабдолхакім Бөкейхановтардың, Торғайға қайта жерленген Міржақып Дулатовтың, Берлинге қойылған Мұстафа Шоқайдың, сондай-ақ қоғамдық істерде, ғылым мен мәдениетте терең із қалдырған басқа да ірі тұлғалардың бастарынан арнайы бір-бір уыс топырақтан әкелінсе. Сөйтіп,  азаттық күрескерлері бейіттерінен жеке символдық құтыларға салып тасымалданған топырақтарды  арнайы аллеяға я пантеонға естелік тақталармен орнатса...

Сонда, сөз жоқ, мұндай қасиетті орындар барша ардақтыларымыздың рухын еске салып тұрады.

Сталиндік репрессиялардың қара толқындарында ұлт үшін шейіт болған азаматтарымыздың аруақтары алдындағы бір парызымызды осылай өтеуге болар еді. Әрі бұл секілді абыройлы іс еліміздің тәуелсіздік туын әрдайым биік ұстауға тиіс жас ұрпағының бүгінгі отаншылдық тәрбиесі толымды болу үшін де қажет.

Конференцияда Смағұл Садуақасұлының рухына тағзым етудің бірқатар жөн-жобасы айтылып, арнайы қарар қабылданды.

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5486