Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2585 0 пікір 17 Қаңтар, 2011 сағат 19:42

Бақтыбай Айнабеков. Қайыра хат жазамын Қайрат саған...

ҚР Бас Прокуроры Қайрат Мәмидің назарына!

Құрметті Қайрат мырза!

Бұл менің газет арқылы Сізден нақақтан сотты болған азаматтардың тағдырына араша болуды сұрап жазып отырған үшінші мақалам. Алғашқы мақалам «ҚАЗАҚСТАН - ZAMAN» газетінде    ( №35, 03.09. 2009ж.) «ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы А.Мусиннің назарына, ҚР Жоғары Сотының Төрағасы М. Әлімбеков,  Бас прокурор Қ.Мәми мен Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаров мырзалардың қаперіне!» деген ескертпемен «Облыс әкімі Б.Қуандықов мырза, «Өлі моншаңызға» егелік етіңізші...» немесе үш азамат нақақтан-нақақ түрмеде неге отыр?», екіншісі «Жас қазақ үні» (№17,27.04.2010ж) газетінде    «Қызылорда облысының әкімі Б.Қуандықов, облыс прокуроры Б.Есенбеков мырзалар Газетке нақтылы жауап беруден неге жалтарады? Әлде қылмысты бүркемелегендеріне қысылып жүр ме?» деген тақырыптармен жарияланғанды...

ҚР Бас Прокуроры Қайрат Мәмидің назарына!

Құрметті Қайрат мырза!

Бұл менің газет арқылы Сізден нақақтан сотты болған азаматтардың тағдырына араша болуды сұрап жазып отырған үшінші мақалам. Алғашқы мақалам «ҚАЗАҚСТАН - ZAMAN» газетінде    ( №35, 03.09. 2009ж.) «ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы А.Мусиннің назарына, ҚР Жоғары Сотының Төрағасы М. Әлімбеков,  Бас прокурор Қ.Мәми мен Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаров мырзалардың қаперіне!» деген ескертпемен «Облыс әкімі Б.Қуандықов мырза, «Өлі моншаңызға» егелік етіңізші...» немесе үш азамат нақақтан-нақақ түрмеде неге отыр?», екіншісі «Жас қазақ үні» (№17,27.04.2010ж) газетінде    «Қызылорда облысының әкімі Б.Қуандықов, облыс прокуроры Б.Есенбеков мырзалар Газетке нақтылы жауап беруден неге жалтарады? Әлде қылмысты бүркемелегендеріне қысылып жүр ме?» деген тақырыптармен жарияланғанды...

Келітірілген мақала аттарынан-ақ байқап отырған боларсыз, әңгіме осыдан екі жыл бұрын  Шиелі аудандық сотының төрағасы С.Сүлейменов, аудан әкиматының «Шиеліні көркейту» мекемесін тарату туралы қаулысынан соң, аталған мекемені тарату комиссиясы құрылып,  аудандық салық комитетінің төрағасы Данабек Ермағанбетов, банкротқа кетіп жатқан кәсіпорын директоры Еділ Жұбанышбеков, бас есепші Мұхамедияр Жүсіп аталынған мекеменің Қызылордада тұратын 100 орындық монша ғимаратын 0,45 гектар жерімен бас пайдаларына жаратып, олар тергеу қорытындысымен сол моншаны сатудан түскен мемлекетке 29 848 000 теңге зиян келтіргенін сот өндірісінде анықтап, «...Ермағанбетов Данабек Қуандықұлын Қазақстан Республикасы ҚК-нің 176 бабының 3 бөлігінің «а,б,г» тармақтарымен және 307 бабының  2 бөлігімен кінәлі деп тауып, ҚК-нің  176 бабының  3 бөлімінің «а,б,г» тармақтарымен оның мүлкін тәркілеп және мемлекеттік қызмет лауазымдарын атқару құқығынан жеті жылға айыра отырып,  5 жылға бас бостандық еркінен айыруға, ҚК-нің  307 бабының 2 бөлігімен екі жылға бас бостандық еркінен айруға, ҚР ҚК-нің   58 бабының 3 бөлігінің талабына сай қатаңдығы жеңілірек жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен(!) түпкілікті мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызмет лауазымдарын атқару құқығынан  7 жылға айыра отырып,  5 жылға бас бостандық еркінен айыру жазасын тағайындауға, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуді белгілеуге...» деп «асығыс, әрі заңсыз» үкім шығарған болатын. Бұлай айтып отырғанымыз, айыпталушылардың сот шешіміне орай «...қаржы полициясы мен сот тергеуі жан-жақты обьективті жүрмей ҚР ҚІЖК- нің 24 бабы өрескел бұзылды...» деп облыстық соттың қылмыстық істер қарайтын апелляциялық алқасына  шағымдануында келтірілген, дәлелді құжаттары мен нақтылы деректері  біраз әділетсіздіктің бетін ашып берген-ді. Бұл құжаттар мен деректер Қызылорда облысының әкімі Б.Қуандықов пен Шиелі ауданының бұрынғы әкімі Е.Мұстафаев жасаған заңсыздықты  қомағай заңгерлер қалай бүркемелеп отырғандығын көрсетті.

Осы әділетсіздікке орай біздің жазып отырған үш мақаламыздан тыс сол кезде республикалық үш басылым; «Қазақстан» газеті «Қылмыс қай жерге бой тасаласа - сол жерге әлек кіреді.  (№37, 02 10 2008 ж), «Жас Алаш» газеті «Шиеліше соттау».  (№79, 02.10.2008 ж), «Заң газеті» «Өлі моншаның» иесі кім?» (№154, 09.10.2008 ж), «Қазақстан» газеті «Меңдуананы жеген кім?», (№20 28.05 2009ж) деген тақырыптармен   соттың  әділетсіз үкім шығарғандығы туралы өткір сын мақалалар жариялап,  судья С.Сүлейменовтың сот тергеуін бір жақты қарап, дұрыс өткізбегендігін,  төменгі сатыда шығарылған бұл үкімді облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы қараған кезде, көрсетілген өрескел кемшіліктерге мән берілуін, қолдан ұйымдастырылған қылмыспен жазықсыз сотталып түрмеде отырған үш азаматтың тағдырына араша түсіп, оларды жедел бостандыққа шығаруын талап еткенді. Елбасымыз үнемі БАҚ-тардағы сын материалдарға уақтылы жауап беруді қаншама міндеттеп, оның орындалуын қадағалауды заң орындарына тапсырса да, ол сырқаттан басқа мекемелер түгілі, сол заңдылықтың мүлтіксіз орындалуын бақылайтын Сіз басқаратын мекеме де таяу арада айыға қоятын түрі көрінбейді.

Республикалық прокуратурадан газеттердегі сынға  жауап болмады. Осы аралықта сотталушы азамат Шиелілік Данабек Ермағанбетовтен өз тағдырына араша түсу туралы менің атыма Сенім хаты мен өз өтініші түсті. Осы өтініш бойынша  Қызылордаға барып, нақтылы қосымша құжаттарды тағы да іздеуге тура келді. Таптым. «Бақсақ бақа екен» демекші, табылған құжаттарға қарасам, бұл мәселеге шынымен-ақ  облыс әкімі Б.Қуандықовтың тікелей қатысы бар болып шықты. Бұл шаруаны аяғына дейін жеткізу үшін облыстық әкимат 14.03.2003 жылы тағы да Шиелі ауданының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Шиеліні Көркейту» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынын құру туралы №450 қаулысын шығарады. Осы жерде ойланып қаралықшы, Қызылорда қаласына коммуналдық қызмет көрсететін мекемені, өз күнін өзі әзер көріп отырған, қаладан 200 шақырым шалғайдағы Шиелі ауданы әкімдігіне аударар бастарына не күн туды екен?.. Бұл сасқан үйректің артымен сүңгіген тіршілігі болатын.   Осы қаулы негізінде Шиелі ауданының әкімі аппараты 01.04.2003 жылы №49 санды Шиелі ауданының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Шиеліні Көркейту» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынын құру туралы бұйрығы өз ізімен өмірге келеді. Жаңа мекемеге мемлекеттік бола тұра жарғылық қаржы қаралмайды(?!). Бұл заңсыздыққа көнбеген  Шиелі аудандық әділет басқармасы 22.11.2005 жылы «Шиелі көркейту» мекемесі жарғысына өзгерту мен толықтырулар енгізуін тіркеуден бас тартқан өзінің №158 санды бұйрығын шығарады. Аудандық Әділет мекемесі тарапынан шығарылған бұл заңды қарсылыққа аудан әкімшілігі қысым жасап  25.12.2005 жылы  мекеменің Жарғысы   аудан әкиматының №1186 санды қаулысымен бекітіледі(?!...). Масқара! Осы құжаттан соң амал жоқ 29.12.2005 жылы аудандық әділет басқармасы өзінің №164 бұйрығымен мекемеге № 110 1933 08 МК тіркеу куәлігін береді. 18.05.2005 жылы  Шиелі ауданының әкімі өзінің №981 қаулысымен Қызылорда қаласындағы «Қызылорда Сервизді»  өз териториясына кірмесе де, «Шиеліні көркейту» мекемесіне қосу туралы(?!) заңға сыйымсыз қаулы алады. Қаншама заңсыздық, қаншама заң орындарының көзіне түспеген құйтырқы құжаттар!...

Мен осы құжаттар көшірмесімен Президент әкімшілігінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі С.Қанаев пен Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия  заңгерлерінің қабылдауында болдым. Облыс әкімі Б.Қуандықов тарапынан орын алған заңсыздықтарға қолдағы құжаттарды көрсете отырып көздерін жеткіздім. Қабылдаған азаматтар орын алған заңсыздықтарға бастарын шайқай отырып, тапсырылған құжаттар көшірмелерінің   заңдылығын анықтап,  жазбаша түрде жауап беру үшін,  менің көзімше бізден түскен шағымды ҚР Бас прокуроры Сіздің атыңызға жолдады. Сіздерден келген жауапты саралап,  қосымша өздері де жазбаша жауап жазатын болды. Құзырлы орыннан шыққан осы екі хатқа қосымша, газеттердегі өзім жазған мақалаларды тіркей  отырып, өз атымнан Сіздің атыңызға үшінші хатты да жолдадым. Бір сот Үкіміне байланысты үш жерден хат барған соң, оның үстіне мәселеге облыс әкімі мен  прокурорының қатысы барлығы жазылған соң, өзіңіз басқарып отырған ведомостваның абройын ойласаңыз да жауапты бір қызметкеріңіз Қызылордаға арнайы соғып, мәселенің мән жайын ашып қайтар деген үміт болғанды. Бірақ  заңдылықтың бұзылмауын бақылайтын Сіз басқаратын республикадағы басты мекеме бұл үмітті ақтамады. Түскен шағым  бір депортаменттен екінші депортаментке ауысумен жүріп алды. Болмаған соң өз қабылдауыңызға оңайлықпен қол жетпейтін болған соң, басқарма прокуроры Е.Алтынбековтың қабылдауында болдым.  Әңгіме барысында Бас прокуратурда адам тағдырына ат үсті қарайтын осындай кадрлардың отырғанына қайран қалдым. Бұл азамат арызда көрсетілген уәждерді тексеру мақсатында Қызылорда облысының прокуратурасынан сұратылған қылмыстық істі қарап, істі одан әрі зерделеу үшін бастығына жарты бет рапорт жазып, Екінші  депортаментке өткізгенін айтты. Мен;

- Сіз сот Үкімінің хаттамасымен толық танысып шыққан болсаңыз, аудандық сот өз өндірісінде айыптылар моншаны сатудан мемлекетке 29 848 000 теңге зиян келтіргенін анықтап, сол үшін жауаптыларды қылмыскер етіп көрсеткен. Келтірілген осы зиянға байланысты үкім шығарылған соң, сол қаржының шыққан жерін анықтау керек еді. Ондай құжат жоқ.  Жалпы мемлекет бюджетінен бөлінді деген осы қаржы шынымен болған ба және шынымен-ақ  «Шиелі Көркейту» мекемесіне жеткен бе, біз осыны сот хаттамсынан таппай жүрміз? -деген сауалымызға;

-Аудандық сот бұл мәселеге байланысты кезінде арнайы жеке қаулы шығаруы керек еді, шығармапты. Мен бұл туралы бастығыма жазған өз рапортымда көрсеттім. Істі одан әрі зерделейтін депортамент облыстық әкімшілік алған қаулылардың заңдылығын тексергенде, бұл мәселені де толық қамтитын болады... деп қипақтап қалды. Біздіңше, аудандық соттың осы кемшілігін көрсету арқылы да республикалық прокуратура тарапынан қадағалау шағымын келтіруге болатын еді ғой. Ондай ниет жасалмады, адам тағдырына байланысты  шағымның қарау мерзімінің ұзартылуына қарағанда, аралықта біраз «күпті» мәселелер болған сияқты... Бұлай ойлауға сотта осы істің ат үсті қаралуына ұйтқы болған Шиелі ауданының прокуроры сол кезде аға көмекші лауазымымен Сіздің бас кеңсеңізден шыға келуі де себеп болып отыр. ..

Содан шағым жеткен Екінші депортаментке шапқыладық. Облыстық әкимат алған қаулының заңдылығын зерделеп анықтауға тиісті бұл депортамент  қызметкерлерінің тірлігі алғашқыдан да сорақы болып шықты. Өздеріне, дәйектеп зерделеу үшін жолданған шағымды, кідіртпестен депортамент бастығы А.Кравченконың қолымен 13 мамыр күнгі №7/433-10 хатпен Қызылорда облыстық прокуратурасына жолдағанша асығыпты. Облыс прокуроры тарапынан орын алып отырған кемшілікті көрсеткен шағымды сол прокурородың өз атына жолдауды қай заңдылыққа немесе этикаға сыйдыруға келеді?...

Ұят-ақ. Бәлкім, «Ит итті жұмсайды, ит құйрығын жұмсайды» деген осы болар. Заңсыз қамалып үш азамат абақтыда жатыр, Сіз басқарып отырған әділдікке жанашыр болар деген республика прокуратурасы қызметкерлерінің істеп отырған тірлігі мынау. Сонда республикалық жауапты мекемеде орын алып отырған мұндай жауапсыздықты кім көруі тиіс ?..

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Бұл заңсыздықтың аяғы қай жерге жетіп жығылар екен деген ниетпен араға  екі апта салып, Қызылордаға жеттік. Облыс прокуроры Б.Есенбеков мырза қырық сылтау айтып, қабылдаудан қашқақтай бастады. Кейін мәлім болғандай өздеріне түскен шағымға байланысты менің атыма 24  мамыр күні шығарып салма жауабын жіберіп те қойған екен. Сол хаттың көшірмесін көрсете отырып сөйлесуге болатын еді ғой. Олай жасай алмады...  Өздеріне түскен біздің шағыммен айналысқан жауапты қызметкер А. Сайфулмаликов Оңтүстік Қазақстан облысынан ауысып келген прокурордың орынбасары Ержан Ералиевтің қабылдауына кіргізді. Шағымға байланысты ащылау сөздер айтылды. Әңгіме соңы насырға шауып бара жатқанын сезген орынбасар дәрменсіздіктен прокурорға өзі ертіп кірді. Арадағы әңгіменің мән жайы толық баяндалғанша қып-қызыл болып, үн-түнсіз отырған прокурор Б.Есенбеков  шағымды облыстық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес депортаментіне жібертіп, істі қадағалауды Е.Ержановтың тікелей өзіне тапсырды. Қабылдаудан көңіліміз қоңалтықсып шықты. Облыстық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес депортаменті әрбір тергеу жұмыстарын сотқа жіберерде облыстық прокуратура бақылауы арқылы өткізеді. Бар жұмысының көрсеткіші осы мекемеге тікелей байланысты. Сондай жағдайда бұл мекеме өз қызметін қадағалайтын прокуратураның кемшіліктерін қалай көрсетпек?..

Аталынған мекеме бастығы Нұрлан Қамбатыров мырза өз қызметіне жаңадан келіп жатқан кезі екен. Біздің шағымды өзімен бірге келген орынбасары Т.Шынтаевқа жүктеді. Атасына рахмет.  Депортамент бастығының орынбасары тергеу алды тексеру жұмыстарын жедел қолға алды. Нәтижиесінде 06.11.2010 жылы қосымша нақты құжаттарға сәйкес №12-8/12778 санды тексеру актісі және жеке менің атыма хат әзірленді. Алдымен хаттаға мынадай деректерге назар аударалық.

«...Арыздағы ««Бейбарыс» ЖШС-не бюджеттен 29 848 000 теңге аударылған ба?» деген мәселеге орай;

«...Экономикалық және әлеуметтік даму қорынан Қызылорда арнайы экономикалық аймағының әкімшілік кеңесінің шешімімен «Айжан» ШЖҚ-на «Қызылорда рисмаш» зауытын қалпына келтіруге және жаткалық машиналар шығару үшін 20.05.1997 жылы №31 санды және 02.09.1997 жылғы №74 санды келісім шарттарымен қордың есебінен 30 миллион теңге несие берілген. Кейіннен Қызылорда арнайы экономикалық аймағының қысқартылуына байланысты Қызылорда қаласының әкімі 12.04.1999 жылы №196 қаулысымен бұл қаржының қайтарып алу құқығын «Қызылорда» ММ-не берген. Облыс әкімінің 14.01.2000 жылғы №133 шешімімен «Қызылорда» ММ-нің  29 848 000 теңге дебиторлық қарызы «Қызылорда Сервиз» МКК-на өткен..»

Осы жерде хаттағы осы үзінді мен №12-8/12778 актідегі тіркеліп көрсетілген нақтылы құжаттарға сай мынадай пікір айтқымыз келіп отыр. ШЖҚ «Айжанға» (Ж.Ш.С Бейбарыс) Қызылорда арнайы экономикалық аймағы әкімшілік кеңесі төрағасының 28.05.1997 жылғы №17-ші қаулысымен және «Қазагропромбанк» Қызылорда филиалының 20.05. және 02.09.1997 жылғы 31-ші  және 74-ші нөмерлі кредиттік келісім-шарттары негізінде 6-айға дейінгі 8% несиемен жалпы сомасы 30 млн. теңге берілген. Яғни 20.05.1997 жылы алынған 20 млн. теңге несиенінің толық өтеу мерзімі 20.11.1997 жыл, ал 02.09.1997 жылы алынған 10 млн.теңге несиенің толық өтеу мерзімі 28.02.1998 жылға дейін. (Келісім-шарттағы екі жақты қол қойып мөр басылған мәліметтер қолымызда). Бұл 30 млн. теңге несие мерзімінде өтелмеген. Осыны біле тұра қала әкімі 12.04.1999 жылғы өзінің №196-шы қаулысымен  30 млн.теңгені 8% мөлшерімен қайтарып алу құқығын қай заңға сәйкес "Қызылорда» ММ-не берген? Не себепті келісім-шартта көрсетілгендей  бұл қаржыны өндіріп алуды заңға сәйкес сотқа жүгініп мемлекетке өндіріп алу шараларын ұйымдастырмаған? Ең қызығы несие алу кезінде кепілдікке қойған мүліктер қайда кеткен? Хатымызға қайта оралайық; «...Монша туралы;

«... алдын ала тексеру мен құжаттарды зерделеу барысында, Қызылорода қаласы Пролетарская көшесі №1 мекен жайда орналасқан монша ғимаратының меншік иелері бірнеше рет  ауысып отырғандары белгілі болды.

07.07.1992 жылы Қызылорда қаласы әкімшілігімен келісім шартқа сәйкес 197 мың сомға В.Дюзеновке сатылған.

Қызылорда қаласы әкімшілігі мен ұжымдық моншаның басшысының 31.08.1992 жылғы бірлескен отырысының қаулысы шығып, соған сәйкес 08.09.1993 жылы шешіммен монша мемлекеттік меншікке  қайта алынып, облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық баланысына берілген.

Қызылорда облысы бойынша ҚР Жекешелендіру жөніндегі мемлекеттік комитетімен 02.10.1995 жылы монша ғимаратын сатуға конкурс өткізіліп, оның жеңімпазы «Айжан» ШЖҚ  76 мың теңгеге сатып алды деп  танылып, бұл жөнінде 06.10.1995 жылы №1009 санды екеу ара келісім шарт жасалып, 18.10.1995 жылы жекешелендіру жөніндегі мемлекеттік комитеті облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығымен үш жақты алыс беріс актісі негізінде «Айжан» ШЖҚ-на өткен.

«Айжан» ШЖҚ-ы 20.11.1997 жылы «Бейбарыс» ЖШС-і деген атаумен өзгертіліп, қайта құрылған.

«Бейбарыс» ЖШС-і «Айжан» ШЖҚ-ның кезіндегі құралған қарыздың есебінен 15.04.2004 жылғы келісім шарт негізінде  «Қызылорда Сервис» МКҚ-ның баланысына берген.

Шиелі ауданы әкімінің 18.05.2005 жылғы №981 санды қаулысымен «Қызылорда-Сервис» МКК-ны құқытары мен міндеттері қоса «Шиелі Көркейту» МКК-на қосылуына байланысты, 29.12.2005 жылғы №164 санды бұйрықпен аталынған монша баланысқа алынған...

Хаттағы  және актідегі нақты  деректердің өзі-ақ барлық жайдың мәнін ашып беріп отырған жоқ па? Алғашқы саудада жеке адамға 197 мың сомға сатылған монша кейінгі  «Айжанға» сатылғанда одан да құнсызданып 76 мың теңгеге түсіпті. Осындай тозығы жеткен моншаны мелекет есебіне  қайтадан 29 848 000 теңгеге қайтарып алар облыс әкімдігінің басына не күн туды екен?.. Аудандық сот өз Үкімін шығарарда осы мәелеге қасақана неге назар аудармады, кімнің жыртысын жыртқысы келді ?!..

Облыстық прокуратура менің атыма жазған шығарып салма хатында «Қызылорда Сервис» МКК-ның таратылып, «Шиеліні Көркейту» МКК-на мүлкі мен қызметкерлерін қосудың заңдылығын тексеру туралы сауалыма;

«... Осыған орай, яғни аталған қылмыс төңірегінде жаңадан ашылған мән жайлар бойынша 06.05.2010 жылы облыстық прокуратурамен қаржы полиция Депортаментінің қылмыстар туралы арыздарды тіркеу кітабына тіркеу жолымен қосымша тексеру жұмыстарын жүргізу жайлы тапсырма жолданып, оның орындалуы бақылауға алынды. Атап айтқанда, «Қызылорда Сервис» ЖШС-не Қызылорда қаласы, Құлтекенов көшесі №1 үйде орналасқан 100 орындық монша және «Қызылорда Сервис» ЖШС-гі Шиелі ауданы әкімі аппаратына қалай берілгендігі, «Қызылорда Сервис» ЖШС-гі мен «Шиелі Көркейту» МКК-ны екеуінің біріктіру заңдылығына тексеру жүргізуді, «Қызылорда Сервис» ЖШС-не 29 848 000 теңгенің қандай мақсатта аударылғанын тексеріп, процессуалдық шешім қабылдау тапсырылды...» деген өз қызметі немен айналысатынын білмейтін сауатсыз жауабын оқығанда айтарға сөз таппаған едім. Осы жауабына орай облыстық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес депортаменті  бастығының орынбасары Т.Шынтаевтың жауабында; «Жинақталған құжаттар бойынша, жоғарыдағы аталған мекемелерге қатысты шығарылған қаулылардың заңдылығына тиісті баға беру прокуратура органдарының тікелей құзыретінде екендігін есіңізге саламын» деп прокурордың сол сауатсыздықтарын әдемі беттеріне басыпты. Бұл пікірге біздің жоғарыдағы аталынған актідегі көрсетілген құжаттарға орай тағы да мынадай қосарымыз бар; «Қызылорда» ММ-нің құрылтайшысы облыс әкімі 05.01.2000 жылы №126-шы қаулысымен осы аталған мекемені қайта құру негізінде шаруашылық жүргізу құқығындағы екі мемлекеттік мекемені жаңадан ашу жөнінде комиссия құрып  және осы комиссияға тарату балансын 2000 жылдың 13-ші қаңтарға дейін бекітуді тапсырады. Бұл қаулының орындалуы сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Б.Қуандықовқа жүктеледі. Осы қаулыға сәйкес комиссия мүшелері 05.01.2000 жылы сол күнге жаңадан ашылмаған белгісіз екі мемлекеттік мекемеге тарату балансын жасап оны сол күні бекітеді(!). Бұл жаңадан ашылатын мекеменің біреуі «Қызылорда-Сервис» Мемлекеттік Коммуналдық Кәсіпорыны Қызылорда Әділет басқармасына 20.01.2000 жылы ғана №3842-1933-МК нөмерімен тіркелген. Ал енді ҚР Азаматтық кодексінің 47-ші бабында «Қайта құрылған заңды тұлғаның мүліктік құқықтарымен міндеттері жаңадан пайда болған заңды тұлғаға бөлінген және бөліп шығарылған жағдайда бөлу балансына сәйкес ауысады. Айыру балансында қайта құрылған заңды тұлғаның барлық несие берушілерімен борышқорларына қатысты, барлық міндеттемелері бойынша соның ішінде тараптар дауласқан міндеттемелер бойынша да құқықты мирасқорлығы туралы ережелері болуы тиіс»- делінген. Сонда Заң не деп тұр, заңды белінен ба сқан әкімшілік қаулысы не деп тұр?..

Қадірлі Қайрат, өзіңіз айтыңызшы, шындығында алынған қаулылардың заңдылығына баға беру кімнің міндеті? Өйткені, біздің бұл сауалымызға облыстық покурордың сауаты жетіңкіремей отырғанын өзіңіз оқып отырсыз. Ал бұл жауап осы іс бойынша бізге өте қажет болып отыр...

Соңғы айтылар әңгіме мемлекеттік органдардың заң орындарынан түскен хаттарға жалған жауап беретіндіктері. Облыстық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Депортаменті бастығының орынбасары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары М.Алдоңғаровқа, облыстық Маслихат хатшысы Н.Құдайбергеновке, Қызылорда қаласының әкімі М.Ергешбаевқа, облыстық қаржы басқармасының бастығы Т.Ілиясовқа, облыстық мұрағаттар мен құжаттама басқармасының бастығы Ғ. Жарқынбаевқа хаттар жолдады. Сол хаттарға қала әкімінің орынбары Б.Көлбаев; «Қызылорда Сервис» МКК-ны Қызылорда қаласының коммуналдық меншігінде тіркелмегендіктен тиісті мәлімет пен қажетті құжаттар беруге мүмкіндік жоқ екендігін мәлімдейміз» десе, облыстық Маслихат аппаратының жетекшісі М.Қосмамбетов; «Сіздің сұранысыңызға байланысты мәліметтерді берудің мүмкіндігі жоқ екендігін жеткіземін», Облытық қаржы басқармасы бастығының орынбасары С.Мырзашев; «Басқарма жылдық қаржы шаруашылық қызметі жөніндегі есептерін 2006 жылдан бастап жинақтауда. 2000-2005 жылдар аралығында қаржы шаруашылық жөнінде есеп тапсырылмауына байланысты Сіз сұратқан мәліметтерді ұсына алмайтынымызды хабарлаймыз», облыстық мұрағаттар мен құжаттама басқармасы басқарма бастығы Ғ.Жарқынбеков; «Қызылорда қаласы әкімінің тарапынан шыққан 1999-2001 жылғы құжаттардан «Қызылорда Сервиз» мекемесі жөнінде мәліметтер табылмады» десе Қызылорда облысының мемлекеттік мұрағаты директорының міндетін атқарушы Г.Рахметова да осы жауапты қайталапты. Барлық жауап үш-төрт қатардан аспайды.Тек облыс әкімі аппарат басшысы К.Жайсаңбаев облыс әкімдігі тарапынан алынған қаулылардың заңдылығы туралы ештеңе айтпағанымен, өз жауап хаты соңында мынадай дерек келтіріпті; «...Монша ғимаратына қатысты. Қызылода облысы бойынша ҚР Жекешелендіру жөніндегі мемекеттік комитетімен 1995 жылғы 2 қазандағы Қызылорда қаласы, Пролетарская көшесі (Қазіргі кезде Күлтекенова 1) мекен жайына орналасқан монша ғимаратын сату бойынша конкурс (аукцион) өткізіліп, оның жеңімпазы «Айжан» ШЖК болып танылған. Аталған ШЖК-мен отырған 1995 жылғы 6 қазандағы №1009 сатып алу-сату шартына сәйкес жекешелендіру обьектісінің бағасы 152 мың теңге болып табылды.

2004 жылғы 15 сәуірдегі келісім шарт негзіндегі «Бейбарыс» ЖШС («Айжан» ШЖК) аталған моншаны  29 848 мың теңге құрайтын қарызды өтеу үшін «Қызылорда Сервиз» МКК-на берілгендігін хабарлаймыз». Бұл жауап облыстық әкімшіліктің өз қолымен жасалған қылмысты әдемі ашып беріп тұрған жоқ па?. Сосынғы бір қаттырақ қадап айтар мәселе, жоғарыда «еш құжат табылмады» деген мекемелерден «ретін» келтіріп, бізге қажетті құжаттардың бәрін тауып, көшірмелерін алдық. Тіпті айлық түгілі алтын берсең де Сіздің қызметкерлер таба алмайтын, бұл күнде жойылып кеткен Агробанк құжаттарын да таптық. Сонда заң орындарына жалған жауап берген аталынған мекеме басшыларынан жауапкершілікті кім сұрайды?

Сонымен жинақталған құжаттар бойынша қылмыс құрамы бар ма, жоқ па? Біздіңше бар және жеткілікті. Олар біз жанкештілікпен тауып келтірген құжаттар арқылы толық көрініп отыр. Бірақ, бар деп айтуға өз кемшілігін жасырып баққысы келетін облыстық прокурор бұл қадамға қалай бармақ? Әрине бармайды.

Рас, Жоғары Сотқа дейін бекіп кеткен сот Үкімін жоққа шығару тіптен де оңай шаруа емес. Ол  Үкімді бұзу, қаншама заң қызметкерлерінің жауапкершілігін қаратады. Тіпті соттаған судиялардың өздері де сотты болып кетуі мүмкін. Бұл оңай шаруа емес. Бірақ солақай шешім шығарған соттарды қорғаймыз деп, жазықсыз адамды жауапқа тарту қай әділеттілікке жатады? Әділетсіз соттау деген өсер адамның бүкіл тағдырына балта шабу емес пе? Мұндай әділетсіздікке кезінде Елбасы аузынан өзіңіз де ілігіп, кейіннен әділдік үстемдік құрып, қызметіңізге оралып, Сіз Жоғары Соттың Төрағасы, Бас прокурор болып, Қазақстандағы бүгінгі Заң жүйесінің қалыптасуына үлесіңізді қостыңыз. Осының бәрі өз-өзіңізді сол жаладан ақтай білуіңіздің нәтижиесі. Жаланың үлкен кішісі жоқ.

Қайрат мырза! Дәл осындай қиянат біз қорғап отырған мына азаматтардың да басына түсіп отыр. Әділ қадағалау-тексеру жұмыстары болса, жазықсыз жауапты болған азаматтардың да маңдайлары жарқырар еді...

Сізден өтінерім, құқық қорғау орындары тарапынан орын алған осы бір коррупциялық қылмысқа өзіңіз нүкте қойып, заңсыз сотты болған осы үш азамат пен олардың жазықсыз жапа шегіп отырған жанұясына қамқор қолыңызды соза көріңіз?..

Өзіңізге деген сеніммен, жазушы-журналист Бақтыбай Айнабеков

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522