Қазақстанға ядролық қару керек пе?
Қазақстанға ядролық қару керек пе? Осы сұраққа ойланушылар саны бүгінде тым көп. Өйткені әлемдегі қауіпсіздік мәселесі ушығып, мемлекеттердің тәуелсіздігіне тікелей төнетін түрлі қауіптер саны артуда. Күн сайын.
Біз 1992 жылы 1400 ядролық оқтұмсықтан өз еркімізбен бас тарттық. Ол сұмдық күш еді. Біздің ядролық арсеналымыз Қытай, Франция мен Ұлыбританияны он орайтын. Саны мен қуаты жағынан ол сәтте біз төртінші орында тұрдық. Бірақ одан бас тарттық.
Ол сәтте бізге "ядролық қарудың бір данасын сат" деп Каддафи, артынша Мысыр қолқа салды. Болмады. Сатпадық. Оған дейін олар "әлемде ядролық қаруы бар мұсылман елі пайда болды" деп қуанған еді.
1992-де Лиссабонда өз еркімізбен бас тартқандықтан, 1994-те АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция біздің аумақтық тұтастығымызға кепілдік берді.
Жә, қойшы. Дәл осындай кепілдікті олар Украинаға да берген болатын. Бүгінде Ресей әдеттегідей өз сөзінен бас тартып, бейбіт елдің аумағынан бірнеше облысын тартып алды. Онысын "ұлттық қауіпсіздікті қорғау жолындағы әрекет" дегенмен жылы жаппақ. Сол арқылы өзі кепілдік берген құжатқа тікелей түкірді.
2014 жылы Ресейдің Украинаға жасаған иттігі, ешбір мемлекет өзге елдің тұтастығына жауап бермейтінін анық көрсетті. Державалар сенің аумағыңды қорғамайды, бірақ қуана-қуана онда соғыс бастауы ғажап емес.
Бүгінде күн сайын артып келе жатқан Ресейдің тікелей агрессиясы мен Қытайдың экспансиясына төтеп берудің, оны тежеудің бірден-бір жолы осы ядролық қару дейтіндер көп. Тіпті бұл ойды кезінде құптамағандар да айта бастады.
Әрине, 90-да бас тартпасақ біз не санкция құрсауында қалар едік, не Ирактың кебін киер едік. Бірақ қазір бізге керек пе? Сіз не ойлайсыз?
Асхат Қасенғалидың Facebook-тегі парақшасынан
Abai.kz