Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3354 0 пікір 20 Ақпан, 2011 сағат 22:30

Руда Зайкенова. Қажығұмар әлемі және «Қылмыс»

Басы

Басы

Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романының бірінші томы Қазақстанда тұңғыш рет 2005 жылы  халық жазушысы Қ.Жұмаділовтің «Тас түрмені бұзып шыққан тарлан сөз» атты кіріспесімен жарияланған-ды.  Кітаптың беташарына енген бұл мақаланы сексеннен асқан ғұмырының қақ жартысын түрмеде өткізген Қажығұмар Шабданұлы туралы ең алғашқы зерттеу деп қараған жөн. Мұнда алты томның жазылу тарихы мен жанрлық сипаты, Қ.Шабданұлының абақтыда ұзақ отырудан дүниежүзінің рекордтар кітабына кірген түрмедегі кезеңі толық көрсетілген. Қытайдағы 1950 жылдың соңында басталған «Тарих тапсыру», «Үшке қарсы», «Беске қарсы» деген әрекеттер, «Жер арендасын кеміту», «Стил түзету» сияқты дабыралы науқандар кезінде «ұлтшыл» атанып, 1958 жылдан 1978 жылға дейін табаны күректей 20 жыл уақытын Такламакан шөліндегі Тарым лагерінде өткізген Қ.Шабданұлының «Қылмыс» романын жазуы осы жылдардан басталады. Қытай көсемі Маузыдұң өлгеннен кейін бостандыққа шыққан жазушы көздеген мақсатына дендеп кіріседі.  «Қылмыс» романының алғашқы екі томы кезінде, дәлірек айтсақ 1982,1985 жылдары Үрімжідегі Шыңжан халық баспасынан 15-20 мың тиражбен таратылған екен, ал үшінші томы түптеліп жатқанда ұсталып, өртеледі. Қырсықтың ең үлкені осы жерде айналдырады.  Қ.Шабданұлы «Кеңес  Одағының астыртын ұйымдарымен байланыс жасап, ұлттық дербестікті көздейтін «Үміт» атты партия құрған шетел жансызы» деген желеумен 1986 жылы қайта ұсталып, содан Үрімжідегі  № 1 абақтыда сар төсек болып 15 жыл  жатады. «Қылмыстың» қалған томдары осы түрмеде жазылады. Оның 1989 жылы жарық көрген Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтерілістің қаһарманы Зуқа батыр Сәбитұлы туралы «Пана» романы да - түрме туындысы. Бұл роман Қазақстанда 2004 жылы баспадан шығарылды. «Халықаралық рақымшылық»  (Амнести интернешнл) ұйымы оны «ар-ождан тұтқыны» деп танып, Қытайдың құзіретті ресми орындарынан әділ тергеу мен ашық сот жүргізуін жүйелі түрде талап еткендіктен, әбден қартайған шағында ғана оған бостандық берілді. Абақтыдан босаған соң, үнемі бақылауда болатын үй қамағы мен студент кезінде Гомиңдаң түрмесінде жатқан екі жылды қосқанда, Қажекеңнің қамаудағы стажының қырық жылдан асып жығылатынын Қ.Жұмаділов өз зерттеуінде атап көрсетеді. Қазіргі уақытта  көзі тірісінде қазақ әдебиетінің классигі, «қажымас қайраттың, мойымас қайсар мінездің эталоны» атанған, ақын, жазушы, драматург Қажығұмар Шабданұлы Шыңжанның Шәуешек қаласындағы «мырза қамақта» (үй қамағында) тұрып жатыр. «Жазылған тілдей қағаздарды астыртын сыртқа шығару, жазғандарын түрлі тәсілмен сақтау, кейін ол кітаптар мен қолжазбалардың әртүрлі жолдармен шекара асып, менің қолыма жетуі - өз алдына бөлек хикая», - дейді Қ.Жұмаділов жоғарыда аталған алғысөзінде. Міне осы тілдей қағаздар арқылы тар қапастан жарық дүниеге шыққан «Қылмыс» романының толық нұсқасы 2009 жылдың соңыңда ғана Қазақстан жұртшылығының қолына тиді. «Көптомды «Қылмыс» романын араб жазуы үлгісіндегі төте жазудан кирилицаға түсірткен, баспаға дайындап, жалпы редакциясын қараған - Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов» деген сөз әр кітаптың бірінші бетінде тұр. 2005 жылғы тұңғыш томға жазылған «Тас түрмені жарып шыққан тарлан сөз» атты жазушының «беташар» сөзі де сол қалпында беріліпті. Әлбетте «Қылмыстың» алты томы оңайшылықпен оқырман қолына тиген жоқ. Бұл - таза Қ.Жұмаділов бастаған жанкүйер, тілеулес азаматтардың жанкештілігінің арқасында жарыққа шықкан ғажайып қазына.  Оны қарау, сүзгіден өткізу, тағы басқа техникалық жұмыстарын қоспағанда, баспасөз бетінде қоғамдық пікір туғызатындай әлденеше мақала жариялатып, алты томдық кітап қашан жарық көргенше тағат таппай, өкше ізіне  түскен бірден-бір адам Қ.Жұмаділов болғандығын көзі қарақты оқырман түгел біледі. Оның бұл еңбегін 24 қараша 2009 жылы  Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында өткен «Қылмыс» романының тұсаукесер рәсімінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев те атап өтті. (Әбділханқызы С. Түрмеде жазылған «Мың бір түн». //Айқын. - 2009, 25 қараша). «Қазақ әдебиетінің классигі Қажығұмар Шабданұлының бұл шығармасы Шыңжан қазағының 1930-1980 жылдар аралығындағы жарты ғасырлық тарихын жүйелі түрде қамтитын, Қытайда өмір сүріп жатқан қазақ ұлтының тағдырынан сыр шертетін эпопеялық шығарма» деген Қ.Жұмаділовтің осы мәжілістегі пікірін  республикалық басылымдардың барлығы да жарыса жариялады. «Сөйтіп, қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет дүниеге келген алты томдық романның кіндігі түрмеде кесілді. Қандай төзім, қандай еңбекқорлық, әдебиетке деген неткен құштарлық десеңізші?! Өзі зынданда жатқан, жарық дүниеге аман шығар-шықпасы екіталай адамның ұлы мақсаттан айнымай, болашақ ұрпаққа арнап кітап жазуынан асқан ерлік бола ма?!- деп тамсанған осы жолдардың авторы Қ.Жұмаділовтің өз ұмтылысы да ерлікке пара-пар емес пе?!

Жанры жағынан бұл шығармаларды Қ.Жұмаділов мемуар яғни ғұмырнамалық романға жатқызғанымен де, мұнда суреткердің өмір жолы ғана баяндалып қоймайтындығын, сонымен бірге жарты ғасырға созылған тұтас дәуір шындығы қоса қамтылатындығын  жазушы өте орынды атап көрсеткен. Қазіргі уақытта романның сан  түрі бар. Кейінгі кезде тарихи роман түрлерінің қатарына әскери-эпистолярлық, әскери-тарихи роман түрлері  қосылып, Б.Момышұлының шығармаларын осы тұрғыдан талдау қолға алына бастады. Ал Қ.Шабданұлының  аталмыш шығармасы сөз жоқ, мемуар, соның ішінде тарихи ғұмырнамалық роман деуге болады.

Көптомдықтың бірінші кітабында 1925 жылы бұрыңғы Семей облысы, Аягөз ауданына қарасты (қазіргі ШҚО, Үржар ауданы) Таңсық аулында  дүниеге келген Қ.Шабданұлының қандай отбасында туғандығынан басталып, 1930 жылдардағы Қазақстан өміріндегі зобалаң, одан 1932 жылы болашақ жазушының жеті жасында ашаршылыққа ұшыраған елмен бірге Шәуешекке өтуі, жат жердегі босқындар тірлігі, олардың бірте-бірте Қытайдың Шыңжан аймағына қарасты Дүрбілжің ауданына сіңуі сөз болады. Бұл жер (Шәуешек, Дүрбілжің) Қ.Жұмаділовтің «Соңғы көш», «Тағдыр» романдары арқылы Қазақстан жұртшылығына жақсы таныс. Кітаптың басталуындағы «Кіріспенің» орнына «Кірісу» деп алғанының өзінен-ақ  жазушы жаңалығының ұшқынын көреміз. Себебі көтеріп отырған тақырыбы, суреттеу тәсілі тұрғысынан бұл романды әдеттегідей бастау мүмкін де емес. Сондықтан да жазушының «Кірісу» деген сөзі науқаншылдықтың белгісін бірден аңғартады. Бірінші кітаптың бірінші бөлімінің аты «Туған жер» емес, «Туған апан», одан кейінгі бөлімдер «Қашаған бөлтірік», «Үйірлі ұры», «Адаланған албастылар», «Таласта», «Ажал аузында» деп келсе, кейінгі кітаптарда «Аласапыранда», «Тартыста», «Шайқаста», «Жеңіс құшағындағы жеңіліс», «Ашылған құпия» деп кете береді. Барлық кітаптардағы бөлімге қойылған тақырыптардың өзінен-ақ оқиғаның қалай өрбитінін шамалап, шебер өрілген композициялық құрылымның куәсі боласыз. Келесі кітаптарда Шыңжандағы ұлт-азаттық күресі, реформалар мен төңкерістер, өкімет басшылары ауысқанмен де мән-мағынасы өзгермеген сірескен қоғамдық жүйе тізбектеліп беріліп отырады. Қ.Жұмаділов: «Біз осының бәрімен автордың екінші «мені», бас кейіпкер Биғабілдің басынан кешкендері арқылы танысамыз»,  - дей келе, оның батысқа еліктемей, өзі жақсы білетін шығыстың аңыз-ертегілерін соның ішінде темірқазықтай жол нұсқаған - «Мың бір түн» хикаясын дөп басып көрсетуі бұл шығармаға берілген алғашқы  жарасымды пікір деуге болады. Қ.Шабданұлының өз шығармасына осыншама ұзақ уақытты, сан алуан оқиғаларды сиғызатындай тамаша форма тауып, шығыстық желіні шебер пайдалана білгендігін халық жазушысы  ғажайып деп таниды. Олай дейтін жөні бар.

Расында «Қылмыс» романынының басталуының өзі ерекше. Негізгі кейіпкер автордың өзі тергеуде отырады да, «Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз» деп кесетіп алады. Бұл сөз алты романның өн бойын шарлайды. Былайша айтқанда - өз алдына табылған айрықша метаморфозалық пішін. Гректің эллинистикалық кезеңінде өмір сүрген  (б.э.д.ІҮ- Іғ) ертедегі Римнің соңғы атақты ұлы ақыны Публия Овидий Назон (43ж.б.э.д - 17ж. б.э.)  антикалық әдебиеттің екі жүз елу мифологиялық  аңыздары мен сарындарын жинақтап, жүйелей келе 15 кітаптан тұратын  «Метаморфоза» деген поэма жазып шыққан.  Осы поэмасы арқылы Гректің Metamorphosis - өзгеру деген сөзіне түбегейлі жаңа мазмұн бітіріп, антикалық мифологияны өлең тілімен  жаңадан түзіп шығады. Мұның поэма түріндегі аудармасы ғана емес, қарасөзбен аударылған нұсқалары да кезінде дүниежүзіне  тарап кеткен. Ал Қ.Шабданұлы романдарындағы қарсылығы да қайшылығы да мол шым-шытырық оқиғаларды автордың тізген моншақтай жымдастырып баяндауы, ештеңесін қалдырмай бір желіге бағындырып байлап шығуы - Публия Овидий Назонның «Метаморфозасымен» сарындас. Түрлендіріп айтсақ, бұл «Мың бір түн» мен «Метаморфоза» арасынан  өзгеше көктеп шыққан жаратылысы мүлде бөлек өсімдік тәрізді. Себебі жазудан бұрын қаламгердің қарымына сай  қалып тауып, өзіндік үлгі  жасап алғаны ақиқат. Ең алдымен жазушы жаңалықтарының  жарқын бір  көрінісі осында ғой дейміз. Осы арқылы Қ.Шабданұлы қазіргі қазақ прозасында автордың екінші «мені» атынан баяндалатын шығармалардың озық үлгісін көрсетіп берді дей аламыз. Бүкіл оқиға Биғабіл кейде жақын-жұрағат, дос-жарандарының Биға деп отыратын автордың екінші атымен беріледі.

Шығыс әдебиетіндегі «Мың бір түн» ертегісіндегі уәзірдің қызы Шахризаданың «О, құдіретті падишам» деп басталатын бірінен бірі өткен хикаялары сияқты романның әр бөлімі «Құдіретті тергеушімнен» басталып, роман оқиғасы тұтқынның тергеушіге қайтарған жауабы түрінде баяндалады. Мұндағы  айқын таңба оқиғадан кейін тағы да «Құрметті тергеушім, Әділетті тергеушім, Көреген тергеушім, Данышпан тергеушім, Кемеңгер тергеушім, Қаһарлы тергеушім, Қисық көз, қытымыр тергеушім» деп басталып, автордың  астарлы кекесін мен мырс еткізер мысқылға,  сын-сықаққа толы қорытынды ойымен кесек-кесек түйін жасалады. Әр оқиғаның соңын бұлайша тұжырымдап отыру «Мың бір түн» хикаясында жоқ. Әр томның тіпті әр бөлімнің соңы тергеушіге қаратылып саяси әжуамен аяқталып, шығарманың бас-аяғының жымдасып отыруы кітапқа жаңа сипат, жалынды қуат бітірген.

А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде жазба әдебиетті діндар дәуір, ділмар дәуір деп екіге бөледі де, қисса, хикаят, мысал, насихат (үгіт), мінажат, мақтау, даттау, айтыс, толғау, терме сияқты жанрларға жеке-жеке тоқталып, бұларды діндар дәуірге жатқызады.   (Байтұрсынов А. Ақ жол. - Алматы: Жалын, 1991).

Ислам діні тарағаннан бергі жазба әдебиеттің басы қасиетті алла  атымен басталып, жаратқанға мінәжат айтумен аяқталатыны туралы мағлұмат - түпнұсқалар қайта жарық көре бастаған кезден яғни тәуелсіздік алғаннан  кейінгі ұлттық жаңғыру үрдісімен үндес дүние. Ал А.Байтұрсынов поэзиялық шығармалардан мысал келтіріп, түсіндіріп беретін мінәжат жанры туралы мүлде хабарсыз болдық деуге болады. Тіпті  балалар әдебиетінің атасы Ы.Алтынсариннің  кәдімгі «Кел, балалар, оқылық» өлеңі де «Бір аллаға сиынып, Кел, балалар, оқылық» деп басталуы кездейсоқтық емес, бұл А.Байтұрсынов діндар дәуір деп бөлген әдебиеттің өзіне тән таңбасы  екендігіне енді ғана көзіміз жеткендей. Ал Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романында осы дәстүрді жаңа қырынан жаңғыртуы кездейсоқ емес. Қытайдағы қазақтарда  ХХ ғасырдың бас кезінде 24 таңбадан тұратын А.Байтұрсыновтың төте жазуы өзі «қазақ жазуы» деп атаған «Әліп биі» шыққанға дейін араб графикасына негізделген шағатай жазуы қолданылғаны белгілі. Жалпы Кеңестік жүйе орнағанға дейін кез-келген қазақ алғашқы сауатын діни оқудан бастаған. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында Қазақстандағы діни оқу мүлде жойылып кетсе, Қытайдағы қазақтарда керісінше бұл кезеңде діни оқыту жүйесіне негізделген мектеп, медреселер көптеп ашылған.  Сондықтан да бұл өлкеде көне түркі жазуымен жазылған (шағатай) шығыстың әлемге әйгілі классикалық әдебиет үлгілерін қисса, дастандарға айналдырып, қайта жаңғыртып жырлау салтқа айналған. Міне жазушының Европаға еліктемей-ақ, өзіне де халқына да етене таныс шығыстық үлгіге жүгінуі, яғни назиралық тәсілді шеберлікпен пайдалануы ешкімге ұқсамайтын соны роман жазуға себеп болды. Бұл жерде Қытайдағы қазақтар шағатай жазуымен тараған кітаби әдебетпен ғана сусындады деген ой тумаса керек. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қытайдағы қазақтардың мәдени, оқу-ағарту жүйесінің дамуына Шэн Шицайдың атақты «Алты саясатының» бірі Кеңес Одағымен жақсы карым-қатынаста болуы да белгілі мөлшерде ықпалын тигізді. Ана тілінде оқытатын бастауыш қазақ мектептері бұрынғыдан да көбейіп, барлық оқулықтар Қазақстаннан жеткізілді. Абай өлеңдерінен бастап, сол тұстағы шетел әдебиетінің аудармаларымен де ол өлке жақсы таныс болатын. Кеңес өкіметінің оқу-ағартуға көңіл бөлуімен бірге, 1936-1938 жылдардағы Қазақстандағы қуғын-сүргінді Қытайдағы қазақтар да айнытпай басынан өткізген. Бұл науқан Қытайдағы қазақтар арасында оқтын-оқтын жүзеге асырылып, одан «мәдени төңкеріске» ұласып, өкімет басына Дэн Шәупин келген  1980 жылдарға  дейін жүргізілгені әмбеге аян. Қ.Жұмаділовтің «Соңғы көш» романы арқылы ХХ ғасырдың 1962 жылға дейінгі Қытайдағы қазақтардың саяси-әлеуметтік өмірімен біршама таныс болсақ та, Қ.Шабданұлының романында мұның бәрі бастан-аяқ кейінгі кезге дейін жүйелі түрде сөз болады. Қазақстандағы әдебиетпен де, Қытай жазушыларының еңбегінен де хабардар Қ.Шабданұлы Абай өлеңдеріне ғана ден қоя отырып, «социалистік реализм» шиырына түспей, өз алдына жаңа форма табуы арқылы қазақтың ұлттық прозасын жаңа биікке көтерді деуге толық хақымыз бар.

Діндар дәуірге жататын  шығармаларда құдіреті күшті жаратушы иеге шын жалбарыну тән болса, мұнда бөлек. Бұл шығармада «Ұлы мәртебеліге» лайық келетін  дәріптеу сөз астарлы кекесінді түрде қызмет атқарған. Осы арқылы тергеушінің қаскүнемдігі, аярлығы, екіжүзділігі ғана ашылып қоймайды, бүкіл қоғамның іріп-шіріген хал-күйіне деген өзінің де кегі мен қыжылы қатар көрінеді. «Данышпан тергеушім, маған қылмыс-қылмыс деп қылқылдай беруіңізден ханымыңыз қылмысқа жерік болып қалған ба деп таңырқай беруші едім. Бұл жарықтықтың қасиетін әлмисақтан бері біледі екенсіз. Қылмыс деген қашан да Құдайы иіген шарапатты жерден шығатын киелі өнім ғой. Бұрын көбінесе мансапты, дәулетті, әулие-машайық шаңырақтарынан ғана мүңкуші еді. Бүгін құқығы жоғары «данақор коммунизмшілердің» шаңырақтарынан да будақтай бастады»

Жалғасы бар

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435