Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Масқара! 11576 15 пікір 10 Тамыз, 2018 сағат 11:57

Алматыдағы Соқпақбаев атындағы мектептен Соқпақбаев есімі алынып тасталды

Алматыдағы Соқпақбаев атындағы мектептен Соқпақбаев есімі алынып тасталды, - деп хабарлайды Абай-ақпарат "Егемен Қазақстан" басылымына сілтеме жасап. Аталған газетке белгілі ғалым Сағатбек Медеубекұлы «Мектебімізге Бердібек Соқпақбаев есімін қайтарыңыздар!..» атты мақала жазған. Біз сол материалды жариялай отырып, Алматы қалалық Білім басқармасынан осы оқу жылынан бастап, қателікті түзеп, қазақтың классик жазушы атындағы мектепке  қайтадан жазушының есімін беруді оқырмандар атынан талап етеміз. Бұл мәселе алдағы уақытта Abai.kz ақпараттық порталының басты назарында болатынын ескертеміз. 

Abai.kz ақпараттық порталы

«Мектебімізге Бердібек Соқпақбаев есімін қайтарыңыздар!..»

1992 жылы қазіргі Таусамалы, бұрынғы Каменка ауылында тұңғыш қазақ мектебі есік ашты. Бұл игі іске ұлтын сүйген біраз патриот азаматтар бір кісідей атсалысты.

1993 жылы 1 қыркүйекте, алғашқы қоңырауда мектепке балалар әдебиетінің классигі, әйгілі жазушы Бердібек Соқ­пақбаевтың есімі берілгені туралы шешім оқылды. Оған мектептің ашылу салтанатына қатысқан сол кездегі ауыл кеңесінің төрағасы Мәдениет Тастанбекұлы Кәркенов (қазір аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы), мектеп директоры Ұлтай Амангелдіқызы Бархинова (қазір Қарасай ауданында әкім­шілік қызметте) және басқа да құзырлы орындардан келген адамдар, сонымен бірге, бүкіл ата-аналар мен ұстаздар, барлық ауыл тұрғындары куә.

Осы мектепте Бердібек Соқ­­­­­пақбаевтың туғанына 80­ жыл толуын үлкен салта­нат­пен өткізгенбіз. Оған Бер­ді­бек­­тің көзін көрген белгілі ақын-жазушылар Қадыр Мыр­за­-­Әлі, Әшірбек Сығай, Кә­дір­бек Сегізбаев, Баққожа Мұ­қай, Шекербек Садыханов, Те­мір­­хан Тебегенов, Асқанбай Ерғожаев секілді қаламгерлер және Бердібек Соқпақбаевтың жары, қызы, басқа да туған- туыс­қандары, Райымбек ауданынан арнайы делегация келіп қатысқан еді.

Жылдар жылжып өткенде Алматы қаласында жаңа аудан шаңырақ көтергеніне орай бар­лық мектепті қайта тіркеу жүр­гізіледі. Сол кезде мектепке классик жазушының есімі берілгені жөніндегі құжат «жоқ» болып шығады. Мектеп алдымен Қаскелең ауданына, содан соң Қарасай ауданына, одан кейін Әуезов ауданына, кейін Наурызбай ауданына ауысты. Осы ауысулар кезінде құжат бір қалтарыста қалған ғой. Ақиқатына келгенде жауапкершілікпен із­де­ген жан болмаған. Көп ұза­май «мектепке Бердібек Соқ­пақ­баевтың аты берілгені жө­ніндегі шешім жоқ екен» деген желеумен қасиетті есім аяқастынан алынып тасталған да, «№188 орта мектеп» деліне сал­ған. «Б.Соқпақ­баевтың аты берілгені жөніндегі шешім жоқ екен» деген сөз жалған – 1993 жылы Ал­маты облысы әкімдігінің 15 қыркүйекте шы­ғар­ған №135 шешімі әлі өз күшін жойған жоқ.

Қазір бұл мектеп жаңа құрыл­ған Наурызбай ауданының енш­і­сінде. Мектепте алғаш екі жүз­дей ғана оқушы табалдырық ат­таса, қазір мыңнан астам бала оқиды.

1993 жылдан бастап Наурыз­бай ауданы құрылғанға дейін Бердібек Соқпақбаев атын­дағы орта мектепті бітіргені жөнінде қаншама түлек аттес­тат алды. Осы жылдар ішінде «Бер­дібек Соқпақбаев атындағы қазақ ор­та мектебі» деп мөр басылған қан­шама құжат толтырылды. Соның бәрі заңсыз, Бердібек Соқ­пақбаевтың есі­мінің берілуі де дұрыс емес болып шыға ма, сонда?

Қазақтың атын әлемге та­ныт­­қан классик жазушының есі­мін ұрпақ жадынан өшіріп ал­май, қайта оның өмірі мен шы­ғар­маларын насихаттау арқылы жас буын санасына отаншылдық рухты сіңіруге мұрындық болып келе жатқан мектепке Бердібек Соқпақбаев есімін қайтаруымыз керек. Бұл менің ғана сөзім емес, бұл мектеп ұстаздарының да, ата-аналарының да, түлектерінің де, қазіргі шәкірттерінің де ті­легі.

Р.S. Тіпті  қиналатын ештеңе жоқ. Бұрынғы аты­ «Бердібек Соқпақбаев атын­дағы қазақ орта мектебі» еді. Қа­зіргісі «№188 қазақ орта мектебі» болып тұр. Осы екеуін біріктіріп «Бердібек Соқпақбаев атындағы №188 қазақ орта мектебі» деп атасақ болды емес пе!

Сағатбек Медеубекұлы, Білім беру ісінің құрметті қызметкері

Редакциядан. «Абай» ақпараттық порталы Бердібек Соқпақбаев мұрасын үздіксіз насихаттап келе жатыр. Осыдан біраз уақыт бұрын біз Бердібектің ешқандай кітабына енбеген, КСРО-ның тоталитарлық жүйесіне қарсылық білдірген «Ергежейлі еліне саяхат» атты хикаятын жариялаған едік. Мұнан кейін жинақтарға енбей жүрген бірнеше әңгімесін оқырман назарына ұсындық. «Балалық шаққа саяхат» повесіндегі бір кейіпкерді тауып алып, сол кейіпкердің жазушы жайлы естелігін  де жарияладық. Соқпақбаев романының цензураға түскен беттерін (бірінші сілтеме, екінші сілтеме) үзбей ел назарына ұсынып келеміз. Сондықтан да, бұл мәселеге бей-жай қарай алмаймыз. 

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053