Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 50306 18 пікір 23 Шілде, 2018 сағат 15:06

Соқпақбаев романындағы цензураға түскен беттер

«Кеңестік дәуірдің бар шындығын айпарадай ашып көрсеткен» делінетін Бердібек Соқпақбаевтің «Өлгендер қайтып келмейді» романының қидалаудан өткенін өткенде жазып, цензураға түскен бірер бетін жариялаған едікAbai.kz ақпараттық порталы бүгін шеңгелді цензураның салдарынан  қиылып кеткен тағы бірнеше бетті (Соғыс кезіндегі әйелдер мәселесі, олардың амалсыздан бала көтеріп қалуы турасында) оқырман назарына ұсынып отыр. 

"Өлгендер қайтып келмейді" романы

46

Бұл август айының бас кезі. Колхоз шаруашылығының ең қарбаласқан қысыл-таяң шағы. Бір жағынан шөп орылып бітпей жатса, екінші жағынан оған егін қабаттасып, колхозшылардың мұрнынан қан кетіп жатыр. Бала, кемпір-шал демей барлық жұрт жұмыс басында.

Бір күні біздікіне бригадир Жағыпар келді. Менің хал-күйімді көріп  отырып, колхоздағы қиыншылық жағдайды әңгімеледі. Ақыр-аяғында жеңіл-желпі бір жұмыстың басын ұстасаң қайтеді деген сөз айтты.

Мен мақұл дедім. Ертеңінде шөпке шықтым. Маяға атпен шөмеле тасимын. Бұл онша ауыр жұмыс емес. Ат үстінде отырып алам. Қиналатын ат байғұс қана. Бір адам арқанды шөмелеге орап салып береді. Мая тұрғызып жатқан жерге дырылдатып сүйреп әкелем. Мұнда келген соң бір адам арқанды шешіп, босатып жібереді. Қайтадан барам. Менің күндегі кәсібім осы. Мая салушылар үшеу: біреуі Кошқарбай, денесі тіп-тік келген қара шал. Екіншісі көсе Садуақас, өзі кәрі, өзі ақсақ. Үшіншісі – Қаныша жеңгем.

Қошқарбай маяның үстінде. Садуақас пен Қаныша оған жердегі сүйреп әкелінген шөпті айырмен көтеріп алып береді. Садуақас кішкентай әлжуаз адам. Бір жақ жамбасынан шойнаңдап ақсап басады. Бір уыс кішкене беті қалың әжім. Басындағы сұйық шашы қадап-қадап қойған ақ тікен – қылтанақ тәрізді.

Сүйір иегінің ұшында небәрі төрт-бес қылтанақ қана бар. Онысы да қазақ мінездес: бірімен бірі ынтымақ-жарастық таппай, әрбіреуі әр жаққа тарбиып, быдықы-шыдықы.

Садуақастың еңбек еткенінен де тыныққаны көп. Мен әкелген шөмеле таусылып, келесі шөмеле келіп жеткенше ол жарбаң етіп отыра қалады да темекі дорбасын алып, бипаздап темекі орап жатады. Садуақас темекісін тұтатып сора бастаған кезде және бір шөмеле келіп қалады.

– Қарағым, келін, әпере бер. Мен шылым шегіп алайын.

Қаныша жеңгем қайт демейді. Төрт салалы айырды бойлата нығарлап басып көтергенде, жарым шөмеледей шөп маяның үстіне бір-ақ барып жетеді. Қошқарбай оны әрең үлгеріп қабылдап жатады. Жеңгемнің еркекше киініп алған жұмыр денесінде сықаған күш бар. Қолдары жігіттің қолындай әлеуетті. Шындығына келгенде екі адамның жұмысын ол бір өзі атқарады. Садуақастың серіктігі шамалы. Айырмен шөп көтерген кезде оның аласа бойы шөптің салмағымен одан бетер жаншылып жоқ болып кетеді. Айырдағы шөп маяның үстіне жөнді жетпей, жолда шашылып қап жатады.

– Жә, болды, Сәке! Сіздің әпергеніңіз құрсын, бәрін шашып болдыңыз, – деп Қаныша жеңгем оны итеріп тастайды.

Мен Садуақасты да, Қаныша жеңгемді де аяйтын болдым.

– Сәке, сіз атқа мініп, шөмеле тасысаңыз қайтеді. Маяға шөпті мен әперейін.

Садуақас қуанып кетті:

– Е, мақұл олай болса.

Бұдан нашар кезімде де күніне пойыздан он екі сағат бойына таскөмір түсіруге жараған едім. Оның қасында мынау, тәйірі, жұмыс па? Қаныша жеңгемді аяп, одан гөрі неғұрлым асыра қимылдауға тырысып бағам. Сөйтіп екеуміз жердегі шөпті жарыса алып лақтырғанда, енді маяның үстіндегі Қошқарбай жия алмай қалатын болды:

– Ой, жайлап әперіңдер! Жайлап! Немене, біреу қуып келе ме? Жердегі шөп әп-сәтте сап болады.  Келесі шөмеле  келгенше жеңгем екеуміз біраз демалып қаламыз. Қаныша жеңгемнің оқта-текте ұстап кететұғын бала мінездері бар.

– Ерка, күресесің бе?

– Кел!

Жеңгемнің жұп-жұмыр қыпша белі құшағыма тола кетеді. Қап-қатты алмасы кептеліп кеудемнен тіреледі. Бірімізге-біріміз беріспей көп алысамыз. Жыққым-ақ кеп жан-тәнімді салсам-дағы жыға алмаймын. Жеңгемнің қимылы менен гөрі ширақ та тегеурінді. Мені сілкиді де аяғымды жерге тигізбей ұршықтай үйіріп әкетеді. Мен де мысық секілдімін, жығылмай дік етіп, аяғыммен түсем.

Жоғарыда маяның үстінен әлдене есіне түскендей болып күнге күйген қара әжімді жүзі жылтырап, күлімсіреп Қошқарбай қарап тұрады. Жұмысқа барған-қайтқанда міңгесіп атпен жүреміз. Қошқарбайдың сол араға сап қойып бағатын кер биесі бар. Садуақас екеуі соған міңгеседі. Екінші шөмеленің атына Қаныша жеңгем екеуміз міңгесеміз. Жеңгем – ерде. Мен шапан төсеп, артына жайдақ мінем.

Екі шал жұмыс доғарылды болды, асхананы бетке алып тартып жөнеледі. Біз артта қалыңқырап қоямыз. Кейде күн аса ыстық кездері осы арадан бірталай жердегі Ақсудың өзеніне барып, салқындап шомылып та қайтамыз. Жеңгемнің бала мінездері ат үстінде де ұстап кетеді. Тып-тыныш келе жатады да, бір кезде оқыстан тебініп қалып, шаба жөнеледі. Мен бейқам отырғандықтан шалқалап жығылып қала жаздаймын да, жеңгемнің белінен құшақтай алам.

– Өзіңді құлатайын ба? – деп жеңгем олай-бұлай бұлқынып әлек салады.

– Құлата алмайсың.

– Құлатам.

Екеуміз ат үстінде шындап алысамыз. Кейде ұмар-жұмар құлап та аламыз. Жуас ат қашпайды. Жеңгем жығылса да, жықса да мәз боп сақ-сақ күледі. Көзінде құтырынған жарқыл бар, мен әлгіден сескеніп, байқамауға тырысам.

Ағамнан бір жарым жылдан бері хабар жоқ. Күнәһар көңіліне әртүрлі  сұғанақ ой кіреді. Жеңгемді әлі де жақсы көріп, сүйетінім өз алдына ауызданып дәндеп алған нәпсі ит те қызыл көрген қырандай кей-кейде ақыл санамды билеп кете береді. Мен енді күн санап жығыларын білген адамдай аяғым тайғанақтап, ұстамдылығымнан айрылып бара жатқанымды кеш сездім...

***

Бір күні жұмыс соңында сіркіреп жаңбыр жауып кетті. Салынып жатқан маяның іргесін үңгіп кіріп-кіріп кеттік. Қаныша жеңгем екеуміз бірге жатырмыз. Мен ірге жақтамын. Жаңбыр жуық арада басылар емес. Көк  жүзі тұтас бұлыңғырланып, аяғы ақ жауынға айналып барады. Су шөп кеппейінше, маяға салуға болмайды.

Қошқарбай мен Сәдуақас жаңбырдың басылмасын көрген соң, шапандарын киіп алды да, міңгесіп, орта қазанға қарай тартып отырды.

– Жеңге, кетпейміз бе?

– Су боламыз ғой. Мүмкін, жаңбыр басылып қалар. Жата тұрайық. Айнала төңірек тым-тырыс. Тек жауынның шөпке шып-шып тамған сыбысы ғана естіледі. Мына жағымнан жауын тие бастады. «Ары таман жатшы», – деп жеңгем де мені қысып, тақала түсті. Маяның шөбі әлі кең, үңгіп кірсең бойлап кете беретін тәріздісің.   Әлгі арада кәдімгідей әдемі үңгір пайда болды. Іші алакөлеңке, әрі құрғақ, жып-жылы. Бұл арадан адамның тіпті шыққысы келмейтіндей. Бірсыпыра жаттық. Күн кешкіріп  барады.

Жеңгем маған тақалып, өн бойымен дір-дір етеді. Тоңып дірілдейтіндей. Бір кезде ол оқыстан жалт бұрылып, маған қарап жатты. Демі ыстық. Басын төсіме басып, құшақтап алды да, оқыстан солқылдап жылай бастады. Мен шошып кеттім.

 

49

– Ерка, сен не сезесің? Ештеңе сезбейсің бе?

– Жоқ.

– Бер таман тақалып жатшы... Әне, байқадың ба?

– Бұл не?

– Өзің не деп ойлайсың?

Басым зың ете қалды. Қуаныш пен ұят қабат қысып, не дерімді білмедім.

Бүлк еткен кішкентай қатқыл нәрсе жеңгемнің құрсағында. Батып жоқ болып кетеді де, сәл орын алмастырып, қайтадан білінеді. Тағы да бүлк-бүлк ете қалады.

– Енді білдің бе?

– Білдім...

– Ерка менің кетуім керек.

– Қайда?

–Өзім де білмеймін. Не де болса, енді мен көз көрмес, құлақ естімес бір жаққа кетем. Ертең ел бетіне қалай қараймын?

Мені енді қайғы баурады.

– Ендеше, бәріміз бірге кетеміз де.

– Ертең Сәрсебек келсе, онда не болады?

Не болатынын мен қайдан білейін. Үндемеймін.

– Сендер өз күндеріңді өздерің көретін халге жеттіңдер, – дейді жеңгем.

Мұнысы - менсіз де өлмейсіңдер. Адам болып кетесіңдер дегені.

– Жоқ, сен ешқайда да кетпейсің.

Жеңгем осы ауылға алғаш кеп, бала оқытып жүргенде, мен де оған ынтық болғандардың бірі едім. Соны оған әлі айтқан жоқпын. Айтсам ба екен?

Жоқ, айтудың қажеті жоқ. Айттым не, айтпадым не бәрібір, болар іс болды.

Жеңгемді мен Жарқұлаққа көшіріп әкететін болдым.

Өндіріс артелінің директоры қазақша судай Иванов дейтін жақсы адам. Қол астында бір ай жұмыс істегенде жұмысшылар арасында үгітшілік қызмет атқарып, газет оқып беріп, мен оған ұнап қалғам. Жағдайды айттым. Мұнда көшіп келген соң жеңгем де қарап отырмайды, еңбектенеді. Өндірістің жұмыскер саны көбейеді.

– Жақсы, – деді Иванов. – Ат, арба берейін. Неше күнде көшіп келесің?

– Төрт күн жетеді.

– Төрт емес, бес күн рұқсат еттім. Бір күн ондағы ел-жұртыңмен қоштас.

– Жарайды, үлкен рақмет.

Күйлі екі ақбоз ат жегілген арбаны безілдетіп айдап, Тұйыққа келе жатырмын. Қуанышым қойныма симайды. Адам болып жол таптым. Жөн таптым. Еңбек етіп, үй-ішімді бағатындай мал таптым. Өндірістің білдей бір жұмыскері ретінде аз уақыттың ішінде құрметті адамдардың сеніміне бөлендім. Бір ауыз сөзге келместен ат, арба сұрап алдым. Ақыл тоқтатып қажетті бір үйге бас, ие бола бастады деген осы емес пе?

Аманшылық болса, енді бір алты-жеті ай өткен соң балам да болады. Өзім біреуге әке болам. Содан кейін еңбек етіп, өмір сүре бергеннен басқа не қызық қалады.

Бір кезде жартастан құлап өлмекші де болдым-ау. Тфу, неткен ақымақпын. Орысша айтсам, дурак екенмін ғой!

«Абай» ақпараттық порталы Бердібек Соқпақбаев мұрасын үздіксіз насихаттап келе жатыр. Осыдан біраз уақыт бұрын біз Бердібектің ешқандай кітабына енбеген, КСРО-ның тоталитарлық жүйесіне қарсылық білдірген «Ергежейлі еліне саяхат» атты хикаятын жариялаған едік. Мұнан кейін жинақтарға енбей жүрген бірнеше әңгімесін оқырман назарына ұсындық. «Балалық шаққа саяхат» повесіндегі бір кейіпкерді тауып алып, сол кейіпкердің жазушы жайлы естелігін  де жарияладық. Бүгінгі мына материал да оқырманды бей-жай қалдырмайды деп ойлаймыз. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасын табатын болады. 

Дайындаған Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052