Фазылбек Әбсаттарұлы. Арыстарымызды ардақтауды жатжұрттан үйренеміз бе?
Мұстафа Шоқайға Қазақстан емес шет мемлекеттердің көрсетіп жатқан құрметтеріне ендігі кезде құлақ та үйреніп қалды. Бір өкініштісі шетелдіктердің көрсетіп жатқан құрметтеріне халық болып қуана алмай, жеке дара мемлекет ретінде алғысымызды айта алмай келе жатқандығымыз. Тіпті Ресей тарапы 2008 жылы Санкт-Петербор қаласының мәдениеті, ғылымы және өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін «Петербор тұлғасы» атты медалімен М.Шоқайды марапаттағанын енді ғана біліп отырмыз. Онда да интернет болмаса білмес едік. Өткен жылы арысымыздың құрметіне Париж қаласынан саябақ ашылып, мүсіні қойылғанда да елеусіз қалдырдық. Франциядағы Мұстафа Шоқай атындағы француз-қазақ қоғамы болса ескерткішін салып, кино түсіреміз деп бел шешіп отыр. Қысқасы, бәрін жіпке тізер болсақ ұзап кетеді. Бір сөзбен айтқанда М.Шоқайға Еуропа елдері жүрген-тұрған жерлерінің бәріне ескерткіш-тақта орнатып, өз тілдерінде кітаптарын шығарып, еске алу шаралары, конференциялар өткізіп барлық құрметтерін көрсетуде аянбауда. Біле білгенге қазақтың ешбір тұлғасы Еуропада мұндай құрмет көрмеді. Еуропада тұңғыш рет қазақтың тұлғасына мүсін орнатылуының өзі неге тұрады. Ал біздегі жағдайға келсек, Алматы қаласынан бір мектептің атын береміз деп ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 2009 жылы шешім шығарғанына екі жыл өтсе де орындалмай келе жатқаны таң қалдырады.
Мұстафа Шоқайға Қазақстан емес шет мемлекеттердің көрсетіп жатқан құрметтеріне ендігі кезде құлақ та үйреніп қалды. Бір өкініштісі шетелдіктердің көрсетіп жатқан құрметтеріне халық болып қуана алмай, жеке дара мемлекет ретінде алғысымызды айта алмай келе жатқандығымыз. Тіпті Ресей тарапы 2008 жылы Санкт-Петербор қаласының мәдениеті, ғылымы және өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін «Петербор тұлғасы» атты медалімен М.Шоқайды марапаттағанын енді ғана біліп отырмыз. Онда да интернет болмаса білмес едік. Өткен жылы арысымыздың құрметіне Париж қаласынан саябақ ашылып, мүсіні қойылғанда да елеусіз қалдырдық. Франциядағы Мұстафа Шоқай атындағы француз-қазақ қоғамы болса ескерткішін салып, кино түсіреміз деп бел шешіп отыр. Қысқасы, бәрін жіпке тізер болсақ ұзап кетеді. Бір сөзбен айтқанда М.Шоқайға Еуропа елдері жүрген-тұрған жерлерінің бәріне ескерткіш-тақта орнатып, өз тілдерінде кітаптарын шығарып, еске алу шаралары, конференциялар өткізіп барлық құрметтерін көрсетуде аянбауда. Біле білгенге қазақтың ешбір тұлғасы Еуропада мұндай құрмет көрмеді. Еуропада тұңғыш рет қазақтың тұлғасына мүсін орнатылуының өзі неге тұрады. Ал біздегі жағдайға келсек, Алматы қаласынан бір мектептің атын береміз деп ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 2009 жылы шешім шығарғанына екі жыл өтсе де орындалмай келе жатқаны таң қалдырады. Әлде билікте М.Шоқайға, яғни тәуелсіздік идеясына қарсы басшылар отыр ма екен? Неге М.Шоқайға бір мектептің атын осынша күттіріп қоямыз? Еліміздің тәуелсіздігі үшін соңғы деміне дейін күресіп өткен азаматымыз осындай «құрметке» лайық па?
Оның идеясының күштілігі сонда М.Шоқайдан әлі күнге дейін қорқатындар бар. Оған дәлел осы күнге дейін М.Шоқай кім дегенге елімізде нүкте қойылмай келеді. Әлде де сатқын деп ойлайтындар баршылық. Әлемге үкімін жүргізген Түрік қағанаты тектес, түркі халықтарының бірлігін көздеген Түркістан идеясынан әлемдік алып державалар зәредей қорыққан. Тіпті Кеңес өкіметі кезінде оның атын атаудың өзіне тыйым салынып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. М.Шоқайға әлі баға бере алмағанымызға қарағанда бұл идеядан қорқыныш әлі де сейілмегендігін байқаймыз. Түркістан деген ұлы мақсатты мұрат еткенімен әрбір түркі мемлекетінің жеке тәуелсіз ел болғанын қалаған. Ортақ одақ құруды көздемеді. Еңбектерінде Орталық Азиядағы түркі мемлекеттерінің жауы ортақ, ол Ресей билігі. Сондықтан біздің мақсатымыз да, мүддеміз де ортақ. Ол тәуелсіздік алу. Тәуелсіздік алғанға дейін бәріміз ортақ жауға қарсы бірігіп күресейік, тәуелсіздік алған соң жеке-жеке мемлекет құрамыз деген пікір төңірегінде күрес жүргізген. «Біріксек алмайтын асу жоқ» деген осы. Ал алып державалар бұл әрекетіне қарап түркі халықтары бірігіп кетеді деп ойлаған.
М.Шоқайдың ұлылығы, ұстанған позициясынан ешқашан ауып көрмегендігінде жатыр. Болшевиктердің ниетін түсінгендіктен о бастан-ақ Кеңес үкіметін мойындамады және өмірінің соңына дейін мойындамады. Ал сатқын дейтіндерге айтарым, КСРО азаматтығын алмаған, мойындамаған адам заң жүзінде де сатқын болып саналмайды, ар алдында да. Ол КСРО-ны отаным деп танымады. Азаматтығын алып, танып тұрып қарсы шықса онда сатқын деп айтуға болар еді. М.Шоқай тәуелсіз Түркістанның азаматы болды және сол азаматтығын өмірінің соңына дейін қорғап, күресті.
Жеті сегіз тілді еркін меңгергендіктен Париж, Лондон, Варшава, т.б. сияқты қалаларда баяндамалар жасап, сол уақыттағы АҚШ-тан бастап батыс еуропа елдерінің басты басылымдарында сауатты еңбектері жарияланып, әлемдік масштабтағы саясатқа баға беріп отырды. Еуропа елдерін айтпағанның өзінде Американың беделді университеттерінде бірнеше қайтара еңбегі жарияланған (Кембридж 1957, 1964 жж., Беркли 1960 ж., Оксфорд, 1986 ж.,). Ресей Ғылым Академиясының «Шетелдегi орыстардың қоғамдық ой-пiкiрлерi» атты энциклопедиясында қазақтардан тек М.Шоқайға мақалалар арнаған. Осы арада ерекше атап өтерлік мәселе, оның әлемдік масштабтағы саясаткер екендігін Лондондағы әлемнің озық ойлылары ғана баяндама жасайтын Халықаралық істер бойынша Корольдік институтында 1933 жылы 27 наурызда баяндама жасайды. Осы аталған іс-әрекеттерінің бәрінде Түркістанды әлемге танытып, Түркістан халықтары арасында тарихта тұңғыш рет түркістандық саяси эмиграциялық қызметтің негізін қалады.
Қазақтардың ғана емес түркі-мұсылман халықтарының да мұң-мұқтажын жоқтап, күрескен жеке дара қайраткер ретінде де туысқан ұлттар арасында қандай құрметке болса да лайық. Қазақ тарихында ғана емес әлем тарихында ізін қалдырған осындай дара тұлғаны тудырған қазақ халқы да бақытты. Тек осындай бақытын қадірлей алса болғаны. Тәуелсіздіктің 20 жылдығында тәуелсіздікпен мағыналас болып кеткен М.Шоқайға Алматыдағы бір мектептің атын екі жыл күттіріп қою Қазақстанға үлкен сын болмақ. Парижден саябақ ашылып, мүсіні қойылып жатқанда Астанадан көше, мектеп атауы беріліп, Ататүрік ескерткіші жанынан ескерткіші қойылып жатса түркі бірлігі үшін күрескендер қатар жарасып тұрар еді, одан қалды елдігімізді көрсеткен болар едік. Өзге түркі тектес мемлекеттеріне үлгі болар еді. Түркі халықтарының екі алып тұлғасы тек Астанада ғана тұруы заңдылық.
Фашистерге қарсы екенін дәлелдейтін құжаттар табылып жатса да, құлдық санадан арыла алмаған дәйексіз қаралаушылар азаяр емес. Оларға М.Шоқайдың мына сөзін оқуды ұсынамын: «Сіздер немістер өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті халықпыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргендерім болса, онда мен сіздерге тұтқындардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер ХХ ғасырда өмір сүре отырып, ХІІІ ғасырдағы Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асып түстіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларыңыз жоқ».
Стамбулдағы Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қара: «Бұл кісінің олқылықтары, кемшіліктері жоқ па» деп, өзім зерттеулер барысында бұл жағына да салмақ салып іздедім. Бірақ зерттеуші ретінде М.Шоқайдан бір кемшілік те таба алмадым. Адамгершілік жағынан ешқандай кемшілік жоқ. Былайша айтқанда, М.Шоқай - түркі-мұсылман халықтарының асыл қасиеттерін бойына сіңірген ұлы тұлға. Онымен қалай мақтансақ та болады».
«Абай-ақпарат»