Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3960 0 пікір 6 Сәуір, 2011 сағат 11:42

Әмин Тұяқов: «Болашақ чемпиондар ауылда құм кешіп жүр»

- Әмин ата, сіздің бала кезіңіз қаһарлы соғыс жылдарына тап болыпты. Күн көрудің өзі қиын тұста үлкен спортқа бет бұру оңай емес. Бәрі қалай басталып еді?

- Әмин ата, сіздің бала кезіңіз қаһарлы соғыс жылдарына тап болыпты. Күн көрудің өзі қиын тұста үлкен спортқа бет бұру оңай емес. Бәрі қалай басталып еді?
- Рас айтасың, қазақ үшін ызғары аз болмаған, Алаш боздақтары қаза тапқан 37 жылы дүниеге келіппін. Ол кезде қазіргідей жағдай жоқ, ауыл балаларымен бірігіп қолдан жасаған допты қуғанымыз болмаса, үлкен спорт туралы ойлаудың өзі қиын еді. Сол кездері өзімнен үлкен немесе қатар балалардан оқ бойы озық болсам керек. Мектептегі жылдарым соғыс бітіп, елдің еңсесін көтере алмай жүрген кезіне тұспа-тұс келді. Ол кездегі мұғалім дегеніміз соғысқа бармай қалған ерлер немесе буыны бекімеген жас қыздар болатын. Соғыстан жараланып келген әкем мен оның інісі біздің білім алуымызды арман етті. Науқастығына қарамастан, қолындағы бар жандығын сатып, Атыраудағы институқа оқуға жіберді. Осында Куликова деген кісінің жүгіруге қабілетті жастарды жинап, дайындайтыны туралы естідім. Куликованың үйірмесіне қабылданғаннан кейін, Атырау чемпионатын жеңіп, 1956 жылы  тұңғыш рет өткен Қазақстан халықтарының спартакидасында жақсы нәтижелер тіркеуге мүмкіндік туды. Осыдан соң КСРО халықтарының спартакиадасында жарыс жолына шықпасам да, кіл мықтыларды көзбен көріп, тәжірибе жинау бақыты бұйырды. Спорт шебері деген разрядты орындаудың өзі үлкен күшті қажет ететін ол кезде. Он бес одақ республиканың сен тұр, мен атайындары ішінен КСРО құрамасына қабылдану қиынның қиыны. Менің спорттық ғұмырым осылай  жалғасып кете берді, айналайын. Бастысы, еш нәрсе оңайлықпен келген жоқ.
- КСРО құрамасында қабылданудың оңай іс еместігін айттыңыз. Көптеген қазақ спортшыларына Мәскеудегі бапкерлердің қырын қараған тұсы аз емес. Елдің ең басты командасына қабылдану сәтінде сізде мұндай қиындық тумады ма?
- Әрине, даңқты боксшымыз Әбдісалан Нұрмахановтың Олимпиялық ойындар мен әлемдік додаларда топ жаратын қауқары бар еді. Әбілсейіт Айхановты Медведьтердің көлеңкесінде қалдырғаны рас. Бірақ, жеңіл атлетикада бәрі көзге ұрып тұрады ғой. Мәрені бірінші кескен спортшыны құрамадан тыс қалдыруға олардың хақы жоқ. Жүйріксің бе, озып келіп өзіңді көрсет. Бокс, күрес сықылды жекпе-жек түрлеріне қарағанда жеңіл атлетикада өзіңді дәлелдеу оңайырақ. Қарсыласыңа шаң қаптырып кеткеніңді жанкүйер мен бапкер байқаса болды. Қазір, тіпті басқа. Дамыған замандағы жеңіл атлетикаға төрешінің де қажеті жоқ. Электроника дәурені шын мықтыны анықтауға септігін тигізіп жатыр.
- Кезінде өзіңіз талай жүлде салған жеңіл атлетикадан Олимпиада ойындарында ең көп медаль таратылады.  Өкініштісі, «спорт падишасынан»  қазіргі жеңісіміз көп емес...
- Дұрыс айтасың. Мен алпысыншы жылдардың аяғында спорттық ғұмырыма нүкте қойып, бапкерлікке бет бұрдым. Жетпісінші жылдардың басында Кеңес үкіметінің спорты қарқынын бәсеңдетіп, әлемдік сындарда жүлдеден қағыла бастады. Ол кездегі спорт тізгінін ұстаған адамдар ақымақ болған жоқ. Жаппай спорт залдары мен спорт мектептерін көбейту туралы бұйрық шықты. Дәл қазіргі кезде бізге осындай жүйе керек. Бар ынта, мақсатымызды спорт интернаттары мен спорт мектептері, залдарын тұрғызға жұмсауымыз қажет деген ойдамын.  Еліміз тәуелсіз атанған тұста біздің спорттың бәсі төмендеп кетті. Бірақ, одан бері де жиырма жыл өтті ғой. Бүгін спорт ғимараттарын көбейтіп, ауылдың қара домалақтарын спортқа тарту арқылы, біз 2020-2024 жылдардағы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерін дайындаймыз. Мен Лондонда топ жарамыз деп айта алмаймын. Тіпті, 2016 жылы да жүлдесіз қалуымыз мүмкін.  Жеңіл атлетикадағы нәтижесіздік әрі қарай жалғасын тапсын демесек, кадр мәселесін тезірек шешіп, спорт мектептерін көбейтуді күн тәртібінен түсірмеу қажет. Мәселен, Қазақтың спорт және туризм академиясы өз міндетін толық атқарып отырған жоқ. Осы академияда дене шынықтыру пәнінің мұғалімін дайындайтын кафедра ашу керек дегенді айтып жүргеніме қанша болды. Республикалық спорт колледжі де Амалбек Тшанов басшылыққа келген соң еңсесін тіктей бастады. Мұңайтпасов атындағы спорт интернатты Астанаға көшіріп әкету де қате шешім. Облыстардағы жағдайды айтпайсам да болады. Қазіргі біздің басты мақсат - бұқаралық спортты жолға қою.
- Әмин ата, жеңіл атлетикадан ұлттық құрамада қарагөздердің жоқтығына себеп не? Тәуелсіздік алғалы төрт рет жазғы  Олимп ойындары өтті, жүлде алмақ түгілі, жарыс жолына шыққан қазақты көрмедік.
- Құрамада қазақтардың жоқтығы менің де жаныма батады. Бірақ, бар болып алмай отырған ештеңесі жоқ. Қазақ балалары жеңіл атлетикадан гөрі ұлттық спортқа айналып кеткен күрес пен боксты, одан қалса шығыс жекпе-жектерін меңгергенді жөн санайды. Мүмкін, жеңіл атлетикадағы мәз емес жағдайдың да әсері бар шығар. 1997 жылы зейнетке шыққанға дейін ұлттық құраманың басы-қасында жүрдім. Жаңадан дербес ел атанған сәтте бапкерлермен  ақылдаса келіп, қазақ ауылдарын аралауды қолға алғанбыз. Жүгіруге қабілетті балаларды іріктеп алып, спорт интернатқа әкелеміз. Менің қол астымда 60-тан аса бала жаттықты. Олардың ешқайсысын қазақ, орыс деп бөлген жоқпын. Бірақ, бәрібір қазақтың оза шапқанын, қазақтың тұғырдан тұрғанын көргім келеді. Спортымыз тұралап тұрған кезде Жапонияның белгілі спорт киімдерін шығаратын компаниясына өтініш жазып, біраз жыл тегін киім алып тұрдық. Жапония Қазақстанды жаңадан егемендік алып, бойын енді түзеп жатқан ел деп көмек қолын созды. Рахмет сол үшін. Жылына жүз киім жинағы келеді. Алпысын ұлттық құрамадағы балаларға алып қаламыз да, қалған қырық данасын облыстарға таратамыз. Осылай күн көрген кездер де болды. Қазіргі  жағдайымыз оның қасында алқам шүкір ғой. Олимпиада ойындарында атой салатын қазақ баласы ауылда құм кешіп жүр. Солардың көзін ашсақ, шіркін деп армандаймын. Бір сенатордың маған: «Аға, ақшасын беремін, 6 жылдың ішінде бір чемпион шығарып берші» дегені бар. Бала 10-12 жасында спортқа келсе, дайындыққа 7-8 жыл анық керек. Одан кейін ол спортшыны халықаралық жарыстарда шыңдау керек. Содан кейін барып, Олимпиада туралы ойлана бастайсың. Кезінде Сейдағаңның тәлімін алған Несіп Жүнісбаев деген спорт журналисі кіл қазақтан құралған «Намыс» футбол клубын құрды емес пе?! Қазақстанның әр түкпірін аралап жүріп, доп тебетін қара домалақтарды қатарға қосты. Дәл осындай жүйені жеңіл атлетикада қазір қолдансақ та кеш емес.
- Рим Олимпиадасының күмісін олжалаған қазақ Ғұсман Қосановпен жақсы дос болғаныңыз рас. Алайда, біртуар ұлын  жастар түгілі, аға буын өкілдері де ұмытып бара жатқан сыңайлы
- Осы жайт өкінішті. Үгіттеу жұмыстары аз болғаннан кейін, Олимпиадада оза шапқан Ғұсманын қазақ ұмытып барады. Бірде спорт академиясының проректоры мені студенттермен кездесуге шақырған. Сонда болашақ желаяқтар Ғұсман Қосановтың, Әмин Тұяқовтың кім екенінен бейхабар болып шықты. 90-ы жылы Ғұсман бақилық болды. 91-і жылдан бастап  оның атындағы халықаралық турнир өткізуді қолға алдым. Биыл бұйырса жиырма бірінші рет өтеді. Азия федерациясына хат жазып, Ақтау жақтағы мұнайшылардан көмек сұрадым алғашында. Қазір федерация ақша бөледі, ұсақ-түйек демеушілер бар, дәстүрлі турнирді үзбей келеміз әзірге. Бірақ, Ресейлік, Еуропалық мықты желаяқтарды шақыруға қаржының аздығы қолбайлау болып отырғанын жасырмаймын. Былтыр стадион жөндеуде тұрғасын күз кезінде өткіздік.
- Қазір құрама бапкерлері сізден кеңес сұрап, ақылдасып тұрады ма?
- Федерация, ұлттық құрамамен қатынасым үзілген жоқ. Шамам жеткенше жарыстар мен жиналыстарды жібермеймін. Маман даярлап, спорт мектептерін көбейтейік дегенді реті келсе Темірханға да (Досмұхамбетов) айтып жүрмін. Жалпы, жеңіл атлетиканың жағдайы сәл де болса оңғарылып келеді.  Жастар бар. Қарағандыда өткен қысқы чемпионатқа 400-ге жуық желаяқ қатысты. Енді осылардың сапасына арттырсақ болғаны.  «Желаяқтар желмен ығып кеткен жоқ».
- Әмин ата, сіз бала кезіңізден жыр дастан оқып, кітапқа құмар болып өсіпсіз...
- Әрине! Үлкеннің тәрбиесін көргеннен кейін кітаптан алшақтаған жоқпын. Қазіргі жастар интернет дейді, басқа дейді, әйтеуір кітап оқымаудың амалдарын тауып жатыр. Әлі есімде, Франциядағы халықаралық жарысқа барған кезде Мұстафа Шоқайдың кітабын сатып алдым. Оны тығып, бапкерлердің көзінен тасада ұстап, елге әкеліп, оқыдым. Құрамадағы кез келген адам бұл кітапты көріп қалғанда, менің спорттық ғұмырым далада қалатын ба еді деп ойлаймын қазір. Қиын кез еді ғой. КГБ өкілдері Мұстафаны халық жауы ретінде насихаттауын тоқтатар емес. Ал, Шоқайдың өзі жазған кітапты оқып, көп нәрсеге көзім ашылды. «Темір жолды жағалай жатқан қазақтардың кесілген бастары» деген тіркес әлі көз алдымда. Жаным түршікті. Бүгінде бодандық қамытынан құтылғанымыз үшін тәубә деймін.

- Әңгімеңізге рахмет!

www.masa.kz интернет газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588