Жұма, 22 Қараша 2024
Біздің шенеунік 6507 15 пікір 29 Қараша, 2018 сағат 07:07

Елбасының тапсырмасынан кейін Сүлейменов кәсіпкерлерге жалынып жүр

Елбасымыз өз Жолдауында келесі жылдан бастап ең төменгі жалақыны бір жарым есе көбейтіп, оны 42 мың теңгеге жеткізу қажеттігін айтқанда айлығы шайлығы жетпей жүрген жандардың еңсесі бір көтеріліп қалғандығы хақ. Алайда тауарларының құнын тек  көтеруді ғана білетін, жұмыртқадан жүн қырыққан қулар бұл игі бастаманың аяғына тұсау салатын түрі бар. Бұларға енді түкірігі жерге түспейтін, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс»  ірі монополистерді қосыңыз. Кейінгілеріне ешкімнің де сөзі өтпейді. Ал үкіметіміз тым сыпайы, оларға қатты айтуға батылы бара бермейді. Осындай еркіндікті сезген олар тіпті есіріп кетті. Сосын, амал жоқ, бұған Елбасымыздың өзі араласуға мәжбүр болды.

Монополистердің бетімен кеткен іс-әрекетіне тоқтау салып, халықтың қатты қиналатын жанды жері - жылу тарифтерінің ешбір негізсіз өсуін тоқтату керектігін қатаң да қатты айтты. Содан соң ғана республика деңгейінді ғана емес, облыстарда да жылу бағасының төмендейтініy айтып, жанталасып бағуда. Сонда дейміз-ау, Елбасы айтпаса, ол еске салмаса, билік басындағылар жылу мен газды, ыстық су мен суық судың бағасының жылдан-жалға емес-ау, күннен күнге шарықтап бара жатқанын сезбеді ме? Әлде қарапайым халықтың тіршілігі бір бөлек те, жұмсақ креслода шалқайып отырып, сылаңдаған көлікті шіреніп мінгендердің өмірі бір басқа ма? Әрине, бір миллионға жуық жалақы алатын минbстрлеріміздің ең төменгі айлық - 28 мың теңге алатын жандардың жағдайын қайдан түсінсін.

Жә, біз олардың жоғары жалақы алып, дәмді тамақ ішіп, тәтті түс көруіне қарсы емеспіз. Тек өз міндетін адал  атқарса, Елбасымыз еске салмай-ақ қолынан келетін ісін іскерлікпен тындырса деген тілек қана. Алайда, олардың осынау қарапайым ғана қағиданы естерінен шығарып алатынын қайтерсің. Енді өзгесін былай қойғанда, жыл басынан бергі шарықтаған баға жағына қайта оралайықшы. Экономика министрлігінің айтуына қарағанда елімізде халық тұтынатын тауарлардың қымбаттамағаны некен-саяқ. Өзгесін былай қойғанда, қанттың, ірімшік пен сүттің, май мен жылқы етінің, сиыр еті мен қой етінің бағасы шарықтап тұрған көрінеді. Тіпті медициналық пен бала бақшалық қызмет көрсету де қымбаттағанын естігенде халықтың «бұл дүние не болып барады?» деп салы суға кеткенін жасыруға болмас.

Ал енді бұған билік басындағылар не істеді дейсіз ғой? Ештеңе де. Бұрау басын да сындырған жоқ. Оны айтасыз, біздің ұлттық экономика министріміз Тимур Сүлейменов өз саласы бойынша пәрменді шаралар қолданудың орнына тауар өндірушелерден өз өнімдерінің бағасын көтермеуді «өте өтініп» сұрапты. Сонда бүкіл экономика тізгігін ұстап тұрған мықтымыз не дейсіз ғой? «Айтқанымды бұрмалады» деп кінә тақпас үшін оның сөзін сол қалпында берелік. "Хотел бы обратиться к нашим бизнесменам, к крупным, мелким торговым сетям. Мы не должны поднимать цены вслед за понятием зарплат. Эта гонка - она вечная. Мы должны рассчитывать на то, что зарплаты поднимаются исходя из того, что они отставали в течение предыдущих пары лет - реальные доходы у нас отставали. То есть экономика росла в целом, но доходы на душу населения не росли. Потому сейчас мы их приводим в соответствие. Делаем так, чтобы реальные доходы населения соответствовали реальному росту самой экономики", - деген Сүлейменов мырза өз ойын:  "Просьба ко всем нашим предпринимателям подойти к этому ответственно, разделите этот правильный, хороший посыл вместе с государством. (…) Не надо повышать цены, если можно без этого обойтись",- деп түйіндейді.

Міне халық бір үміт күткен, қолында пәрменді билігі бар министріміз кәсіпкерлерге осылайша жалынса, өзгелерге не жорық? Мұндайда атамыз қазақтың: «Сенген серкем сен болcаң..», - деп қатты айтылса да, орынды айтылған мәтелі ойға оралады.

Ал жалпы, қазір біз онша бағалай бермейтін Маркс шалдың «Капиталист  өзіне келетін пайда үшін қандай да құйтырқы да заңсыз әрекетке барады» деген сөзін ешкім де жоққа шығарған емес. Ендеше олардан бірдеңені өтініп сұрау немесе ақылға шақыру - өнбейтін іс десек, артық айтқандық болмас. Тек біздің экономикалық заңдылықтарды шемішкедей шағуға тиісті министріміздің осынау қарапайым ғана қағиданы түсінбейтініне таң қалдық.

Айтпақшы, осы мақаланы жазу барысында осы тақырыпқа байланысты тағы да қолайсыз хабар естідік. Елімізде құстың еті аяқ астынан аса қат дүниеге айналып, бағасы екі есеге шығандап кетіпті. Сөйтсек, Ресей жағы құстың етін бізге жіберуді жаппай тоқтатқаннан кейін, өзіміздің осы тауарды өндірушілер де бұл өнімді шығаруды күрт азайтыпты.

«Құс еті мен жұмыртқаның өзіндік құнының 70 пайызы оың жемінің үлесіне тиеді, - дейді Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шарипов мырза. - Ол қазірдің өзінде 15 пайызға қымбаттап кетті. Қалған 30 пайызы әртүрлі салыққа кетеді. Бұған енді тасымалдау шығынын қосыңыз. Қазір бәрі де қымбаттап жатыр. Жағдай мүлдем ауыр. Бұдан шығатын жалғыз ғана жол бар. Ол мемлекет бұл салаға арнайы қаржы бөліп, субсидиялауы қажет. Сонда ғана дүкен сөрелерінде арзан ет пайда болады.

Міне, қала тұрғындарының негізгі асына айналған тағамның қол жетпейтін дүниеге айналуы кім-кімді де мазаламай қоймайды. Осыған лайықты шара қолданып, жағдайды түзеудің орнына біздің министр әркімге жалынып жүр.

Тағы да қолайсыздау  хабар. Жаман хабармен оқырмандарды үркітіп аламыз  ба деп қорықсақ та бұл «жаңалықты» айтпаудан басқа шарамыз қалмады. «Қукырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей министрдің «мұнысы несі?» деп  аң-таң қалып жүргенімізде білдей бір премьер-министріміз Сағынтаев мырза одан тіпті де асып кетіпті. Ол жақында облыс әкімдерін бағаны пәрменді бақылауды, әсіресе Жаңа жыл қарсаңындағы қымбатшылықты қатаң қадағалауды қатты тапсырыпты. Сонда дейміз-ау өзгелерге қарағанда Жаңа жыл алдындағы қымбаттаушылық несімен ерекше болады? Әлде билік басындағыларға төл мерекелерімізден гөрі Жаңа жыл мейрамы маңыздырақ па? Діни сипаты бар бұл күннің қарсаңындағы бағаның өсіп кетуі жылдағы «дәстүр» емес пе? Баға неге шарықтамайды, егер біздің осындай «тойқұмарларымыз» бұл мереке алдында бұрын тойып тамақ ішіп көрмегендей, дүкен сөрелері мен базараларды жылан жалағандай етпесе? Қымбат десе, осыншама шашылмасын. Қарапайымдау өткізсін. Олай істесе Жаңа жыл келмей қоя ма? Халық сонда қалай, өзіміздің төл мерекелерімізде ақшаларын аямай шашады да, Жаңа жыл келерде тиын санап, алақан жайып жүре ме? Бұл не деген қисын? Тіпті Жаңа жылды мерекесін осындай терістік жақтағы тым ерте келетін қақаған суықта атап өтпейтін ана Вьетнам мен алып Қытай секілді елдер қай көштен қалып отыр?

Бұл мәселенің екінші қыры бар. Бұрын да Жаңа жыл десе ерекше құлшынып тұратын біздің Қостанайжың Архимед секілді өңір басшыларының енді Сағынтаевтың сөзінен соң, тіпті де құдайы беріп қалды. Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік мерекесін өткізбеді деп кінәламасы үшін жедел бас қосып, салатантты жиналыс өткізген болады да Жаңа жыл мерекесіне құлшына кірісіп кетеді. Бюджеттен ондаған миллион теңге қаражат бөлінеді, орманнан сұлу да сымбатты шырша әкелініп, қала орталығына орналастырып, оны барынша әсемдейді. Сосын әкіміміз күн қанша суық болса да жұртты жинап, ойын-сауық өткізіп, оны міндетті түрде салтанатпен ашады. Қарапайым халықты құттықтайды. Сосын Жаңа жыл қарсаңында Елбасыдан соң іле-шала теледидар арқылы тағы да Жаңа жыл жайлы ыстық тілегін білдіруді де ұмытпайды.

Ішімі удай ашиды. Мұндай бір ай бойы дайындалып, бюджет қаржысын оңды-солды шашып, осынша мұқият дайындықпен әрі барынша сән-салтанатымен тойлануы біздің ешбір төл мерекеміздің маңдайына бұйырмаған, бағына бітпеген, тағдырына жазбаған. Бізді алаңдатып, қабырғамызға аяздай батып отырған мәселенің осы жағы.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

 

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5292