Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2187 0 пікір 14 Маусым, 2009 сағат 19:44

Көлік апатынан күніне 15 кісі көз жұмады!

 

 

Халықаралық еңбек ұйымының дерегі бойынша, дүниежүзінде жыл сайын өндіріс орындарында 270 миллионнан астам оқыс оқиға тіркеліп, 2 миллионнан астам адам қаза табады екен. Яғни бір қаланың, тіптен кішігірім бір мемлекеттің халқындай адам жер бетінен жойылып кетеді деген сөз. Біздегі жағдай да оңып тұрған жоқ. Арнайы мекемелер елімізде өндірістік өлім-жітім азайып келе жатыр деп жыбырлап жатқанына қарамастан, жылына осындай үш мыңнан астам жазатайым оқиға орын алады. Осылайша, отбасын, бала-шағасын асыраймын деп құрылыс, шахта секілді қара жұмыстарға жалданатын жұмысшылардың 400-ге жуығы өмірімен қош айтысып жатады. Мыңдаған адам мүгедек болып қалады.
Бұл сандар – тек тіркелгендері ғана. Көбі халықтан жасырылып, құқық қорғау органдарына жетпей жабылып қалып жатады екен. Мұндай оқиғалардың жиі орын алып жататынын кеше Астанада өткен Үкімет жанындағы Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінде денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің өзі айтып өтті. Айыппұл мен қылмыстық жауапкершіліктен қашып, өндіріс басшылығы осы сипаттағы оқиғаларды әдейі бүркемелеп тастайтын көрінеді. Министрдің айтуынша, мұндай жағдайлар, әсіресе тау-кен, металлургия, құрылыс саласында көп орын алады. «Өндірісте зардап шегушілердің 40 пайызынан астамы осы салаларға қатысты. Елімізде жылына 600 мыңнан астам адам әртүрлі деңгейде жарақат алады. 22 мыңнан астам адам қайтыс болады. Соның 83 пайызы – еңбекке жарамдылар. 22 пайызы балалар болса, 78 пайызы жасөспірімдер мен ересектер», – деп атап өтті Ж.Досқалиев. Қысқасы, Қазақстан өндіріс жарақаты жағынан – әлем бойынша екінші, мүгедектік бойынша үшінші орында тұр екен. Осындай деректерді алға тартқан бас дәрігер адам өліміне әкеліп соғатын оқиғалардың көбі жол қозғалысы ережелерінің, қауіпсіздік техникасы мен еңбек және өндірістік тәртіптердің сақталмауынан болатынын айтты.
«Осындай себептерге байланысты адам өлімі Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында өте көп. Көлік құралдарының көбеюі мен құрылыстың қарқынды дамуы да ауыр зардаптарға әкеліп отыр. Зардап шеккендердің тең жартысынан астамына ауылдық жерлерде дер кезінде, тіпті мүлде травматологиялық көмек көрсетілмейді», – дейді Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұрлан Батпенов.
Сондай-ақ үйлестіру кеңесінде Астана – Қарағанды, Алматы – Жамбыл – Шымкент – Қызылорда бағытындағы қауіпті жол бойындағы медициналық нысандарды жабдықталған автокөліктермен қамтамасыз ету мәселесі сөз болды.
SOS статистика:
Әлемде жылына шамамен 1,2 миллион адам жол апатынан қайтыс болады екен (!) Елімізде жылына төрт мыңнан астам адам жол-көлік апатынан қаза тауып, 19 мыңнан астам адам мертігіп жатады. Яғни күніне 10-15 адам жол апатынан ажал құшады деген сөз. Соңғы 10 жыл ішінде еліміз аумағындағы жол бойларында 27 мың адам опат болып, 156 мың адам түрлі дәрежеде жарақат алыпты. Ең өкініштісі, осындай апат салдарынан жылына 300-ге жуық бала қаза тауып, 2000-ға жуығы түрлі дене жарақатын алғаны екен.

 


Бүркіт НҰРАСЫЛ, Астана
«Алаш айнасы» газеті 11 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5615