Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2002 0 пікір 14 Маусым, 2009 сағат 19:57

Жеті отбасы жылап отыр

 

 

Алматыда көлік тығынын азайту мақсатында қаланың шығыс жағынан – Көктөбенің етегін ала Талғарға қарай салынып жатқан күре жолдың біткенінен салынғаны сол аумақтағы жұрттың жүйкесін жұқартып бітті. Табиғаты тамылжыған жерді қазір сары топыраққа айналдырған техникалардың қуатты дауысы екі жылдан бері тұрғындарды түн ұйқысынан айырып келеді. Әсіресе, көпір маңындағы Казречка көшесіндегі отбасыларының көрмеген құқайы жоқ.
– 2007 жылы қаңтарда басталған құрылыс күндіз-түні жүргізілді. Ағылған көліктер, экскаваторлардың дауысы, расын айтсам, сау адам жынданатындай жағдайда өмір сүрдік. 30 метр тереңдікке көпір тіреулерін орнату кезінде тәулік бойына үйіміз сілкініп, таңды ұйқысыз өткізген күндер болды. Ал орталыққа қарай баратын жолдан мүлде айырылдық. Горный көшесі жақтағы сүрлеу жолды да жауып, балалардың мектепке баруы қорлыққа айналды. Тіпті жақында нөсер кезінде көршіміздің қызы саз балшыққа түсіп, жұмысшылар құтқарып қалды. Ал өткен жылы күзде жер қабатының лықсуынан бір жұмысшы қаза тапқанын өздеріңіз де білесіздер. Ендігі кезек тыныш отырған тұрғындарға келіп тұр. Топырақ қабатының тегістеліп, жарқабақтардың дұрыс бекітілмеуінен үйлеріміз жылжып барады, – дейді Казречка көшесіндегі 43-үйде тұратын Әлия Шүкебаева.
Жақында ғана ауруханадан шыққан Әлияның отбасында қызы, күйеубаласы және ұлы төртеуі тұрады екен. Баспана өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған. Онсыз да әзер тұрған жатаған үй жаңа көпірдің тіреулері қағылған кезде қабырғалары қисайып кетіпті. Расында да, бұл отбасының тағдыры қыл үстінде тұр деуге негіз бар. Тіпті Жанна есімді жалғызілікті келіншектің үйі ортасына түсіп, қазір ол үш баласымен туыстарын паналап жүр екен. Өзге үйлердің де жетісіп тұрғаны шамалы... Сол маңға арнайы келген мамандардың өзі айналма көпір салу барысында қағылған тіреулердің соққысынан жақын маңдағы үйлерге 1-2 балдық зілзала қуатындай күш түскенін ашық айтыпты. Ал тұрғындар «жасанды сілкіністің» 3-4 балға жеткенін айтады. Үй қабырғаларының жарылып, жарқабақтардың сайға қарай жылжуы – осыған айғақ.
Топырақ қабатының жылжуына әлі күнге тосқауыл қойылмаған.
Бұған кінәлі Алматы қалалық әкімшілігі жанындағы Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары департаментінің басшылары жұрттың мұңын айтып барған азаматтарға «тау баурайына неге үй саласыңдар?» деп өздеріне бәле салатын көрінеді.
Шатырлары шытынап, қабырғасы қисайған үйлердің 60-70 жылдық тарихы барын айта кеткеніміз орынды болар. Кезінде өзге ұлттар қызығын, бүгінде қазақтар шыжығын көрген көне саяжайлардың мұндай халге өздігінен душар болмағаны анық. Зардап көпірден келген. Қолымен істегенді мойнымен көтеруді жөн көрмеген Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаментінің бастығы В.Меренков жұрттың шағымына «Казречка, 43,43 «А», 61, 63 көшесінде орналасқан жер телімдері және онда тұратын жылжымайтын нысандар Мемлекеттік мұқтажға сатып алуға жатпайды, сонымен қатар жоғарыда айтылған үй құрылыстары Алматы шығыс айналма жолы құрылысының «қызыл сызығына» кірмейтінін хабарлаймын.
Қосымша Алматы шығыс айналма жол құрылысы жұмыстары «Мемлекеттік сараптама» бекітілген жобаға сәйкес жүргізілетінін және жұмыс жүргізілу барысында Қазақстан Республикасының барлық құрылыс нормасы мен ережелерінің сақталатынын хабарлаймын» депті.
Көпірдің сапасын өзгелер сұрар, ал сау үйден сау тамтық қалмаған кезде мұндай жауап кімге керек? Қазір үйінді астында қалудан сақтанған жеті отбасы бала-шағаларымен далаға қонуды әдетке айналдырыпты. Ауырған азаматтар №5 емханаға жаяу жалпылап, балшық кешіп, шаң жұтып жатса, бұл маңға жедел жәрдем келмегелі де үш жылға таяп қалыпты.
Ашынған азаматтар үкілі үмітпен жиырмадан астам құзырлы орындарға шағым жазған. Әйтсе де жеті отбасының жағдайын білуге, қол ұшын беруге құлықты орындар табылмай тұр. Көпірді салып жатқан «Дормехстрой» мен «Трансстроймост» басшылары жүрегі жылаған жұртты жұбатуға дәттері жетпей жүр. Бұл оқиғадан хабардар Медеу ауданының әкімі М.Байдалы жоғарыға жалтақтап, алақанын жайып отырған көрінеді. «Өтемақы төлеуге қаражат жоқ» деген шенеуніктер қыр басындағы хан сарайындай коттедждердің иелеріне тиісті ақшасын беріп, оларды бұза бастапты. Ол кімдердің үйлері екендігін танауын тартқылаған бүлдіршіндерге дейін біледі.
Көз жасын көл еткен көктөбеліктердің мұңына күмән келтіргендей, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаментінің бастығы В.Меренков үстіміздегі жылы 19 мамырда Казречка көшесіндегі үйлердің техникалық жағдайын арнайы құрылған комиссияға тексерткен. Қырда орналасқан үйлердің іргетасы мен қабырғасында жарықшақтар барын олар актілерінде айта келе, осы жер телімінде тұратындардың өмірі мен денсаулығына қауіп барын жасырмаған. Істі нақты шешу үшін білікті комиссия құруға ұйғарым жасаған.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, қараша үйінің қабырғасынан қорыққан жұрт Медеу аудандық төтенше жағдайлар бөліміне де хат жолдап, «отпен ойнауға болмайтындықтарын» хабарлаған. Бұған дейін де тұрғындардың тағдыры тығырыққа тіреліп тұрғанын өз көзімен көріп, Медеу аудандық прокуратурасына хат жолдаған бөлім бастығы С.Балтабеков бұл жолы дабыл қағу орнына мәселені қарауды бірқатар құзырлы орындарға жолдағандықтарын мәлімдепті. Ал мамырдың 26-сында келген комиссия не шешім қабылдағандықтарын әлі күнге айтпаған.
Айтпақшы, тұрғындар қауіпті аймақ санаған жер телімдерін «Қуат» корпорациясы әлдеқашан сатып алып қойыпты. Қысқасы, көмектесетін «Қуат» жоқ, оның орнын жоқтатпайтын құзырлы орындарда қаражат жоқ. Сонда «қызыл сызыққа» ілікпегендер өле берсін дегені ме? Тау басында теңселген жұрт бұл мәселені Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің білмейтіндігін айтады. Ол кісі хабардар болса, өздері әзер күн көріп отырған жеті отбасын «жылатып қоймас еді» деген ойда.

 


Жолдасбек ДУАНАБАЙ
«Айқын» газеті, 12 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5618