Сейсенбі, 31 Желтоқсан 2024
Тұлға 32987 9 пікір 12 Сәуір, 2019 сағат 14:39

Қазақтың Қанышы...

Бүгін – Қазақ Ғылым Академиясының негізін қалаған көрнекті ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев дүниеге келген күн. Ол саналы ғұмырын қазақтың қазба байлығын, минералды ресурстарын зерттеп, ел игілігіне айналдыруға жұмсады. Сәтбаев тапқан қазба байлықтар мен ол ашқан ғылыми жаңалықтар КСРО-ның ғана емес, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның экономикасына зор серпін берді.

Бүгінде Қазақстан мұнайға бай ел дегенді кеуде керіп мақтанышпен айтамыз. Сол мұнайдың көзі болған Маңғыстау түбегін алғаш тауып, өз болжамын айтып кеткен Қаныш Сәтбаев еді. Тіпті сол жерге Ақтау қаласын салуға тікелей ықпал еткен де Қаныш Имантайұлы болатын. Ол 1949 жылы Гурьев, қазіргі Атырау қаласында ҚазКСР ҒА-ның көшпелі сессиясын жүргізді. Сөйтіп, батыс Қазақстанның жер қойнауын кешенді зерттеуге мұрындық болды. Сол кезде оның басшылығымен, мұнай геологиясы, игеру, бұрғылау, өндіру мен тасымалдаудың негізгі мәселелері жан-жақты қаралды. Арада 30 жыл өткенде, яғни, 1979 жылы Атырау облысынан әлемдегі алып мұнай кен орны табылды.

Өкінішке қарай, Сәтбаев тапқан сол мұнайдың мол қоры 90 жылдары трансұлттық алпауыттарға сатылып кетті. 1993 жылы Қазақстан Үкіметі мен Америкалық Chevron компаниясы келісім шартқа қол қойды. Келісім бойынша, америкалық алпауыт компания Теңіздегі мұнайды 40 жылға дейін барлап, өндіруге мүмкіндік алды...

Қаныш Имантайұлының тағы бір іргелі еңбегі - Жезқазған, Қарсақбай өңірлеріндегі мыс кен орындарын ашқаны еді. Ол жерден табылған ұшан-теңіз жер байлығы халықтың әлеуметтік, рухани әлеуетін көтерді. Одан бөлек Өскемен, Зырянь, Риддер өңірлерінен кен көздерін ашып, Орталық Қазақстандағы жер байлығын өндіруде үлкен еңбек сіңірді.

1927-1928 жылдары – Жезқазған, Қарсақбай, Атбасар, Спасск аудандары, Қарағанды тас көмір алабы және Қаратау полиметалл кендері жөнінде ғылыми маңызды еңбектер жариялайды.

1929 жылы Атасу темір-марганец кендерін игерудің негізінде Қарағанды облысында қара металлургия өнеркәсібін дамыту туралы мәселе көтерген.

Жезқазған – Ұлытау ауданында мыстан басқа темір, марганец, көмір, қорғасын кендерін ашып, барлау нәтижесінде маңызды геологиялық қорытындылар жасаған.

Екінші дүниежүзілік  соғыс жылдарында танк бронын құюға қажет марганец тапшылығы туған кезде Сәтбаевтың жетекшілік етуімен өте қысқа мерзімде Жезді марганецкені барланып, іске қосылған.

Ал, тәуелсіздік жылдары Қазақстан марганец қорынан әлемде – 3-орынды иемденген.

1946 жылы Қаныш Сәтбаевтың тікелей ықпалымен Қазақстан Ғылым Академиясы құрылды. Ол орталық республиканың табиғи ресурстарын  неғұрлым толық зерттеуге және пайдалануға, ел экономикасының ғылымы мен мәдениетінің өркендеп өсуіне үлкен мүмкіндік берді.

Қаныш Имантайұлы ғылым саласынан бөлек, тарих пен мәдениет саласында да мол еңбек қалдырды. Ш.Уәлиханов жазып алған Ер Едіге жырын қазақ оқырмандарына арнап, қайта дайындады. Сондай-ақ, Затаевичтің “қазақтың 500 ән-күйі” жинағына өз орындауында қазақтың 25 әнін қосты. Және, оған орыс тілінде ғылыми түсініктеме берді.

Ол кісінің атқарған еңбектерінен бөлек, азаматтық болмысы да бүгінге аңыз болып жетті. Әсіресе, ағылшын премьерінің алдында  “Менің халқым менен де биік” деп ұлтының мәртебесін асқақтатқан тұлғаны біз де ұлықтауға тиіспіз.

Түйін.

Жуырда Қаныш Сәтбаев атындағы Атыраудың орталық даңғыл көшесі Нұрсұлтан Назарбаев болып өзгеріп кете жаздады. Өкінішке қарай, Атырау атқа мінерлері Назарбаевтың еңбек жолы Қаныш Сәтбаев ашқан кен орнынан бастағалғанын ескермеді. Ал, біз тәуелсіздік кезеңінен бері Сәтбаев тапқан сол байлықтарымызды ел игілігіне жұмсай алдық па? Ол құрған Ғылым Академиясын неге тараттық?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2122