Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Әріптестің әңгімесі 6678 8 пікір 27 Мамыр, 2019 сағат 14:31

Хамзаның қатал тағдыры

Хамза Жармұханбетұлы Абдуллин 1917 жылдың 10-ақпанында Солтүстік Қазақстанның  (Қызылжар) Мағжан Жұмабаев  (бұрыңғы Булаев) ауданында дүниеге келген.1940 жылы Х.Абдуллин Алматыдағы Журналистер иниститутын бітіреді. 1941 жылы ұлы Отан соғысы басталып, Хамза әскер қатарына шақырылады.

Хамза Абдуллин

Тарихта «Харковский котловина» деп аталып кеткен Киев түбіндегі қоршауда – 300 мың кеңес әскері неміс армиясының қолына түседі.

Таяуда шыққан бір газетте: «Кеңес үкіметі қолбасшылары әлемдегі ең талантсыз, ең білімсіз қолбасылар» деп жазған. Ол туралы Жуковтың өзі: "Жеңіске жетудің жалғыз жолы жауынгерлерді оққа аямай айдап салу" деп мойындаған. Неміс әскерлерінің бес миллион солдаты ол дүниелік болса, Ресейден 48 миллион (орыс пен өзге ұлттарды қоса есептегенде) адам шығын болды.

Бұл жайында Хамзаекең күліп отырып, сағаттар бойына әңгіме айтудан жалықпайтын. «300 000 мың деген бері айтқандағы жалған сыйпыр» дейтін. Шындығы 600 000 мың. Жаңа заман соғысынан  бейхабар қолбасшы – Буденный соншама әскер мен қыруар техниканы қалай басқарсын?. Басқара алмайды,әрине!

- Немістер Кеңес әскеріне екі қабат қоршау салып тастады. Жоғарғы штабтағылар сасқалақтап, Буденный мен оның маңындағы генералдарды кукурузник ұшағымен (АН- 2) түн ішінде алып қашты. Жерге таяу ұшатын осы ұшақты неміс зениткасы атып үлгере алмайтын... Осылай бассыз қалған әлденеше армия қырылмағанда қайтсын, сырттан келер көмек жоқ. Басшысыз қалған армиялар екі қабат қоршауды бұзып шыға алмай түгелдей қолға түседі.

***

Оқырмандар менің Хамзамен таныстығым жайлы білмеуі мүмкін. Онысы заңды. Мен Зейнолла Тілеужанұлы (ақын) Хамза соғысқа аттанып, қызыл қырғынның ішіне енгенде туған сәбимін.

1968 жылы ҚазМУ-дың филология факультетін бітіріп, қалада қалу қамына кірістім. Кірістім деген жай сөз. Тоғыз шаршы метр жер табу мүмкін емес. Өлсең, екі метрді де бермейді-ау деп шамалаймын. Қалада өліп көрмегендіктен айтқаным ғой. Әйтеуір аш иттерге тастамаса болды!..

Диплом алған соң, сол кездегі орталық комиттетің бөлім бастығы Шляхов дегенге әрең деп кіргенім есімде. Бір мың болғыр екен, ерінбей бір сағаттай телефон соғып, әрең дегенде облыстық «Жетісу» газетіне корректор болып қызметке іліктім. Редакторымыз Олжас Сүлейменовтың өкіл әкесі Қарағұлов болатын.

Ақын Хамза Абдуллинмен қалай кездескенімді айтайын деп отырмын. Ол кезде алатыным 60 сом еді. Төлесем - пәтерақыға, ішсем - тамаққа жарымаймын. Жұмысы - тозақ. Газет таңғы бес-алтыда баспаға кеткенше ұйқы жоқ. Төрт қабат үйден лифтімен бір түсіп, бір шығасың. Гестапоның түрмесі одан жақсы ма деп қалдым. Мұным аз болғандай бірінші курстың студентіне үйлендім. Қарағұлов мені бөлімге алмады...

Амалсыз өз еркіммен қызметтен кетуге арыз жазуға тура келді. Алла берейін десе, шаңырағыңнан тастайды. Маған да сөйтті. «Қазақфильмнің» жанынан ашылған: «Новый фильм» - «Жаңа- фильм» журналына кіші редактор боп орналастым. Айлығы сол кездегімен алғанда орташа. Жүз жиырма сом. Айына екі рет беретін қаламақысы тағы бар.

Бұл 1969 жылдың мамыры болатын. Мен Хамза Абдуллинді сол журналға барғанда тұңғыш рет көрдім. Ол сонда бөлім бастығы болып мен барардың алдында орналасыпты. Бас редакторымыз - ақын Мыңбай Рәшев.

Сөйтіп, Шекиспірдің: «Екі қожайынға бір малай» деген пьесасының геройларынша өмір сүріп жүріп жаттық...  Екі журналдың үстінен орыс редакторы Изотов деген қарайды.

Хамза орта бойлы толықтау келген ет-жеңді адам екен. Өзі әңгімешіл. Басында мінезіміз шәлкем-шалыс келгенмен, артынша көп ұзамай достасып кеттік. Өзі тамаша ақын екен. Жаратылысынан ептеген рушылдығы бар. Мен де оқу бітірген екі жылдың ішінде трайбализмнен (рушылдық) ептеп сабақ алып қалғам. Қалада қалатын студенттерді қолында мәнсабы бар «шалдар» оқуды бітірер-бітірместе бөліп алып, қызыметке орналастырып, тіпті, кейбіреуіне пәтер де әперетін. Басында «крышасы» жоқ, қормалы жоқ, қорғаны жоқ мен сияқтылар далада қалғамыз.

Мен өлеңдерімді жатқа оқимын.Тәрізі сол жағым ұнаған сияқты ма қалай, Хамзаекең: «Бүгіннен бастап жұмыста сағат алтыға дейін отырма. Жұмысыңды істеп таста да жүре бер!» деп келтесінен бір-ақ қайырды.

***

Бастаған әңгімеме қайта оралайын. 1941 жылдың 18-қыркүйегінде Киев қаласының түбінде немістердің қолына Кеңес армиясының қатарында қолға түскен Хамзаны 1943-жылы мамыр айында Берлинге шақыртып алады.

Оған себеп болған марқұм Мұстафа Шоқай құрған Түркі халықтарының легионы еді. Былайша айтқанда «Вермахтың мұсылман сарбаздары» десе де болады. Журналистік жоғары білімі бар Хамза Түркістан ұлттық комитетінен шығатын «Жас Түрікстан» ба, әлде «Жаңа Түркістан» ба, әйтеуір бір басылымның бас редакторы болып қызмет атқарған.

1945 жылдың сәуірінің соңына қарай  Хамза Абдуллинді Гитлерге қарсы ұйымдастырылған жасырын ұйымға қатысқаны үшін гестапо тұтқынға алады. Өлім жазасына бұйырады.

Ол туралы Түрік-қазақ жазушысы, «Азаттық» радиосының Қазақ бөлімінің бас редакторы Хасан Оралтай өзінің 1973 жылы Стамбул қаласында шыққан: «Алаш-Түркістан түркілері азаттығының ең басты ұлттық ұраны» атты кітабында: «Эсэстіктер атып өлтірген Хамза (бүркеншік аты Сайран) өте талантты ақын болған, Қазақ халқының ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтің стилінде өлең жазған» деп атап өтеді. Сондай- ақ,Хасан Оралтай өзінің аталмыш кітабында «Сайранның» өмірден ерте озғанына өкініш білдіре отырып: «топырағың торқа болсын» деп көңіл айтуды да ұмытпайды.

Бірақ, Алла сақтап, Хамза Гитлершілдер оғынан аман қалғант еді.Ол гестапоның қолына легионның полкі Польша жерінде тұрғанда түседі. Сол Польшада болған кезінде Ядвига – атты поляк қызына үйленеді. Қолды болғаннан кейін, оның бақытсыз махаббатының тағдыры бізге беймәлім...

Редакцияда оңаша отырғанда ақкөңіл Хамза өзінің бастан өткерген тағдыр тауқыметін күле отырып, жырдай ғып әңгімелейтін.

- Кешкісін маған және камералас Жұмабаев деген қырғызға шығарған ату жазасын гестапо офицері оқып беріп, таңғы сағат 8-де атылатынымызды хабарлады, - деп жайбарақат күліп отырып айтушы еді.

Мен аузымды ашып, таңданып тыңдай берем. "Содан кейін... содан не болды?" деп сұраймын тықыршып. "Не болушы еді" дейтін Хамза күліп. "Ажалды күту азабының қандай болтынын сен білмейсің, баласың, мен білем... Атылар күн таяғанда дөңбекшіп ұйықтай алмадық. Шіркеудің қабырға сағаты сегізді соқты. Елегізіп естіп жатырмыз... Есік ашылған жоқ. Бір, екі... үш минут өтті. Біртіндеп бойымызға жан кірейін деді. "Енді бізді атпайды" деді камералас қырғыз жігіті. "Аузыңа май!" дедім қуанып. "Немістер өте дәл жүретін халық. Уақыттан қателеспейді". Жарты сағаттан соң, камераның есігі ашылып, кірген күзетші: "Сендерді Берлин түрмесіне ауыстыратын болды" деп хабарлады. Біз "Берлин түрмесіне" емес, елге қайтардай қуандық.

- Артынан білдік... бізге аудармашы болған башқұрт жігіті Түркістан легионының офицері екен. Сол - немістер тарабынан қойылған басшымыз Олщеге телефон соғып: "Хамзаны атқалы жатыр" деп хабарлайды. Олще соғыс министрі Розенбургке кіріп, Хамзаның тағдырына араша түседі. Сөйтіп,қырғыз жігіті екеуін шанаға салып, мықты күзетпен Берлиннің түрмесіне аттандырады. Жұмабаев жолда немістерден қашып кетеді.

Бұл кезде Қызыл Армия Берлин іргесіне келіп қалған. 1945 жылдың 23-сәуірінде түрме бастығы майор-неміс камераның есігін ашып тастап: "Бастарың ауған жаққа қаша беріңдер! Мен де қашамын!" деп тайып тұрады. Сөйтіп, ғайыптың күшімен Хамза тура келген ажалдан аман қалады.

Тәрізі түрме бастығы құдайға қараған адам болса керек... Олай болмағанда тұтқындардың бірін қалдырмай атып кетем десе, қолын ешкім қақпас еді...

НКВД жендеттері олай жасамас еді. Мәселен, СССР-дың батыс облыстарынан 1941 жылы Кеңес әскері шығысқа шегінген кезде, НКВД-шниктер арттарына айғақ қалдырмау үшін түрмедегілерді түгелдей атып кеткен. Бұл туралы Рой Медведев: (Знамя,1989-ж.,март,с.164):«Соғыс алдында: Львов, Кишнев, Рига, Таллин, Вильнюс, Каунас тағы басқа батыс  қалаларында көшіріліп үлгермеген саяси тұтқындар өте көп болатын. Соғыстың алғашқы күндерінде НКВД-шниктер соларды қырып салды»деп жазады.

Түрмеден шыққан Хамза Абдуллин Совет Армиясының 36-атқыштар двизиясының 110 атқыштар полкіне қосылады. 1946 жылдың сәуіріне дейін сонда қызмет етеді. Полк ол кезде шығыс Пруссия аймағында тұратын. Сол жылдың 9-сәуірінде «Смерш» арнайы жасағы Хамзаны Отанын сатқан сатқын ретінде тұтқындап, этаппен Алматыға аттандырады. Алматыға әкелінген Хамза НКВД-ның Дзержинский көшесіндегі ішкі түрмесіне қамалады. Бұған дейін ішкі түрмеде Хамзамен бірге Түрістан пегионында қызмет еткен 48 адам қамақта отырған. "Өлді" деп жүрген Хамза үстеріне кіріп келгенде бәрінің көзі атыздай болып, қатты таң қалады. Қазақта ондай өліп-тірілген адамды «жүз жасайды» деген мәтел бар. Таныстарының бірі сол сөзді еске түсіреді.

- Мен бұл сөзді легионда бірге қызмет еткен Айтікеш Толғанбаевтан естідім, - дейтін Хамзаекең.

Айтікеш сол уақыттағы бірінші Қазақ скрипашы. Оның өмір жолы да Хамзамен егіздің сыңарындай ұқсас еді...

Түркістан легионерлерін тергеу ісі бір жылға дейін созылып, 1947-жылдың 18-сәуірінде аяқталды. Түркістан әскери округінің трибуналы барлық 49 адамға сот үкімін шығарып, 11-іне ату жазасын кесті (Кейіннен 25 жыл түрмеде отыруға үкім шығарды).Қалғандарына -15 жылдан 20 жылға дейін мерзім берілді. Хамза Абдуллинге «Балалар мерізімі» он жыл берілді.

Неге аз мерзімге сотталғанын Хамзекең бізге былайша түсіндіретін. Сол кездегі куәлардың бірі болып, Қырғыз НКВД-сының полковнигі, тұтқыннан қашқан баяғы Хамзаның камералас серігі Жұмабаев куәлік береді. Тәрізі, КГБ оның Гитлерге қарсы астыртын ұйымға қатысқанын ескерсе керек.

Өмірден жолы болмаған Хамзаның фашизмнің концлагеріндегі көрген ит қорлығы 1947 жылы аяқталып, көкжиектен екінші бір концлагердіңСталин түрмесінің төбесі көрінді... Сібірдің ит тұмсығы батпайтын «Колыма» концлагерінде он жылға жуық жас өмірін ауыр азаппен өткерген Хамза 1955-жылы «Күн көсем» о дүниелік болғаннан кейін екі жыл өткенде бостандыққа шықты.

Жүрегі алып ұшып туған еліне оралған ақынды Отандастары салқын, ызғарлы қабақпен қарсы алды. Атышулы 58-баппен сотталған ақынды ары қарай қуғындау жалғасын тапты...

Сол кездегі Қазақстанның астанасы болған Алматының баспа орындары,газет-журналдарының есігін қағып жұмыс сұраумен біраз өмірін өткерді. Ауыздары күйіп қалған қарт коммунистер «Халық жауларымен» жасырын күресті бастап кеткен жас коммунистер атышулы 58-баппен сотталған Хамзаны ақталғаннан (реаблитация) кейін, яғни 1956 жылдан соң да қуғындауын қоймады.

Қайда барса, тұмсығы тасқа тиген Хамза, өзінің туған қаласы Петропавлға (Қызылжар) қайтып кетеді. Сол кезде  атақты әдебиет сыншысы, тамаша публисцист Ілияс Омаров облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқаратын.Сол кісінің көмегімен облыстық «Ленин туы» газетіне қызметке орналасады. Бақытжан деген қызға үйленіп, шаңырақ көтереді.

Ілияс Омаров қызметі жоғарылап, мәдениет министірі болып Алматыға ауысқан соң, Хамзаны қуғындау қайта басталады. Жас жұбайын қасына ерткен ақын Петропавлдың алыс аймағындағы өз аулына қоныс аударып, бастауыш мектепке сабақ беріп жүреді.

Оған Алматыда Жазушылар Одағында қызмет істейтін жаулары бұл жерден де қоныс таптырмай қуғындайды...

Табиғатынан туа біткен ақындықты Хамза түрмелерде де, концлагерлерде қоймайды. Грузиннің Ұлы ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» дастанын аударады.

Кеңес өкіметі жылдарында осы дастанның үзіндісін елуге тарта ақын қазақшаға тәржімалағаны есімде. Жаңадан қалам тартып, мектеп партасында өлең жазып жүрген мен де оқып көріп, түк түсінбегем...

Міне, осынау ұшан-теңіз дастанды ұзақ жылдардан кейін Қазақтың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов алғысөз жазып баспадан шығартты. Ұмытпасам жетпісінші жылдардың орта кезі-ау деймін. Хамзаның бірді-екілі өлең кітабы және Мұстафа Шоқай мен Мағжан туралы естеліктер жинағы жарық көрді.

Журналистер институтында оқып жүргенде «Шойын жол» атты поэмасы жыр мүшәйрасында бірінші орын алған Хамза сол кездегі жас ақындардан шоқтығы биік тұрған еді. Соғыстан соң оның соңына түскендер ақынның бақталастары еді. Мен оның өз аузынан естігенімді жазып отырмын.

Жоғарыда айтып өткендей Петропавлдан Алматыға қайта оралған Хамза жары Бақытжан екеуі шөппен емдейтін атақты халық емшісі Кәдірқожа Аманкелдиевтің жертөлесінде пәтерде тұрады. Бақытжан көкірек ауыруына ұшырап, екі-үш жылдан кейін қайтыс болады. Ақынның бақытсыз махаббаты осылайша сәтсіз аяқталады.

Хамза мені бірде үйіне қонаққа шақырды. «Целинный» кинотеатрының маңында Масанчи көшесінде тұрады екен. Көршілері де өзі сияқты «халық жауы»: АЛЖИР-дегі абақтыда отырған Қазақ әдебиетінің классигі Бейімбеттің жұбайы Күнімжан мен ұлы Мереке және 58-баппен сотталған Иван Федорович Калашников. Бұны айтып отырғаным – бүкіл өмірін дозаққа айландырған, көрмегенді көрсеткен Кеңес үкіметінің Хамзаға жасаған қастандығының қарымтасы есебінде  коммунист Масанчи көшесін  «Хамза Абдуллиннің» атына беру керек секілді.

Сонымен қатар, туған жері Петропалда көше беріп, аулына ескерткіш орнатылса ғой шіркін!

Хамзаның жоғарыда  аталған Қазақфильмнің қасынан шығатын «Жаңа фильм» журналына орналасуы да өз алдына бір әңгіме. «Жаңа фильм журналына» Д.А. Қонаевтың өзі араласып орналастырады

Өмірдің ащы-тұщысын бір адамдай татқан Хамзамен өмір бойы дос болып өттім. Бірде Хамзаекең: «Зейнолла сенің жүз жауың бар шығар... Менің мың жауым бар. Мен өлген соң, бір мың, бір жүз жаумен күресу қиын болар...» деді. «Күрес жолын сізден үйрендім ғой, дәнеме етпейді» дедім күліп. Кейіннен байқадым Хамзаның сол сөзі шындыққа шықты...

Хамзаның екінші некесі де бақытсыз болды. Артында бір ұл бір қыз қалды. Олардың көрген күнін айтуға ауыз бармайды. Осындай азапты ғұмыр кешкен Хамза 2001 жылдың 10 ақпанында өзінің туған күнінде дүниеден өтті.

Топырағы торқа болсын марқұмның.

Зейнолла Тілеужанұлы  

Abai.kz   

8 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2071