Қажымұқан Ғабдолла: « Адам - азды, билік - тозды...»
- Қажеке, өзіңіз ұйымдастыру тобының жетекшісі болған «Қазақ Елі» қозғалысы алдын-ала ойластырылған шаралардың нәтижесі ме, әлде, кенеттен, аяқ астынан пайда болды ма?
- Турасын айтсам, қазақ еліндегі ақырғы президент сайлауында да халықтың шынайы белсенділігі байқалмады. Керісінше, соңғы кезеңдерде нендей құбылысқа да халықтың терең немқұрайлылығы анық көрінді. Бұл - өте қауіпті құбылыс.
Ертеңінен үмітін үзіп, сенімін жоғалтқан елді немқұрайлылық меңдейді. Биліктің бірсарындылығы, жалғандығы, мақтангершілігі жұрттың жүрегіндегі сенімді ұрлайды, жігерін табанға басады.
Қазір әлемнің «тұрақтылық символы» атанған елдеріндегі дүмпулер бір күнде туа қалған жоқ. Ол - халықтың ұзақ жылдарғы немқұрайлылығының нәтижесі.
Қазаққа ондаған жылдар жинап-жеткен жетістіктерін күйретіп, әл-ауқатына жойқын шығындар әкелетін халық наразылықтары керек пе? Жоқ!
Олай болса, ертерек неге қам қылмаймыз? Ең алдымен мемлекеттің атымен аталған қазақтың жағдайы жақсармай, қоғамда саяси тұрақтылық орнықпайды. Жалғандық, өтірік, мақтангершілік құрған «тұрақтылық» қағаздан жасалынған үй секілді әп сәтте қирайды.
Ендеше, бірінші кезекте қазақтың жағдайы жақсаруы керек. Осындай алқалы ойлар мен пайымды пікірлердің жемісінен «Қазақ Елі» халықтық қозғалысы дүниеге келді...
- Басты мақсаттарыңыз не?
- Қажеке, өзіңіз ұйымдастыру тобының жетекшісі болған «Қазақ Елі» қозғалысы алдын-ала ойластырылған шаралардың нәтижесі ме, әлде, кенеттен, аяқ астынан пайда болды ма?
- Турасын айтсам, қазақ еліндегі ақырғы президент сайлауында да халықтың шынайы белсенділігі байқалмады. Керісінше, соңғы кезеңдерде нендей құбылысқа да халықтың терең немқұрайлылығы анық көрінді. Бұл - өте қауіпті құбылыс.
Ертеңінен үмітін үзіп, сенімін жоғалтқан елді немқұрайлылық меңдейді. Биліктің бірсарындылығы, жалғандығы, мақтангершілігі жұрттың жүрегіндегі сенімді ұрлайды, жігерін табанға басады.
Қазір әлемнің «тұрақтылық символы» атанған елдеріндегі дүмпулер бір күнде туа қалған жоқ. Ол - халықтың ұзақ жылдарғы немқұрайлылығының нәтижесі.
Қазаққа ондаған жылдар жинап-жеткен жетістіктерін күйретіп, әл-ауқатына жойқын шығындар әкелетін халық наразылықтары керек пе? Жоқ!
Олай болса, ертерек неге қам қылмаймыз? Ең алдымен мемлекеттің атымен аталған қазақтың жағдайы жақсармай, қоғамда саяси тұрақтылық орнықпайды. Жалғандық, өтірік, мақтангершілік құрған «тұрақтылық» қағаздан жасалынған үй секілді әп сәтте қирайды.
Ендеше, бірінші кезекте қазақтың жағдайы жақсаруы керек. Осындай алқалы ойлар мен пайымды пікірлердің жемісінен «Қазақ Елі» халықтық қозғалысы дүниеге келді...
- Басты мақсаттарыңыз не?
- Қозғалыстың аты айтып тұрғандай, тек қана қазақтың қамы. Қазақтың мұңы... Қазақтың зары... Қазақтың бүгіні мен ертеңі... Қазақтың басын қосу, біріктіру, жұмылған жұдырықтай қуатты ету... Бір тудың астында шынайы топтастыру... Қазақтың басы біріксе, билік онымен шарасыз санасатын болады.
- Қырық жыл қырғында бірікпеген қазақтың басы қазір біріге қояр ма екен?
- Неге бірікпейді?!. Біріккенде қандай! Бірігуге тиіс. Бірігу керек. Бірікпей болмайды. Егер бар қазынамызды шетелдіктер талап-тасуын тоқтатпай, түгелімен тасып кетпесін десе - бірігеді! Егер баласы мен немересі шетелдік бай-манаптарға мәңгілік құл болмасын десе - бірігеді! Егер үш ғасыр бодандықта болған қазақ бүгінгі бостандығынан айырылып қалмасын десе - бірігеді! Егер... Бұл «егердің» шеті-шегі жоқ...
- Қазақты біріктіру - айға ұшып барумен бірдей ғой. Әгәрәки, қазақ біріге қалса, өзіне жаны ашымайтын билікті атынан аударып тастамай ма?
- Қазақстандағы кез келген оппозициялық құрылым «Билікті ауыстыру керек!» деп ұрандағанымен, жеме-жемге келгенде, бастары бірікпейді. Оның бірінші себебі - оппозиция серкелерінің жеке басындағы билікқұмарлық, яки, аспандаған амбиция сырқаты. Екіншіден, қазіргі оппозициясымақты билік ақшамен немесе лауазыммен оп-оңай құрықтап отыр.
«Қазақ Елі» қозғалысы басқарма мүшелерінің арасында амбициясын ауыздықтай алмайтын билікқұмарлар жоқ. Біздің құрылым - жүректері «Ұлтым!» деп соққан қарапайым жігіттердің ұйымы. Біз ешкімді ә дегеннен атынан аударып тастауға талпынбаймыз. Біз - ақылдасып-кеңесетін, сөйлесіп-келісетін ұйымбыз.
Тіпті, шынайы жүрегімен қазақтың көз жасын сүртуге ұмтылған бес қаруы сай, сарабдал серке табылса, «Исатай - басшы, мен - қосшы» деуге де жарап тұрмыз...
- Менің түсінгенім: ақыл тоқтатып, қаражат жинаған ұлтшыл ұл ел ішінен табылса, сіздің ұйымға серке бола алады ғой?
- Алдымен, ол қазағына шынайы жаны ашитын азамат болуы керек! Ал, ақылы мен ақшасы ұлтының ұлы мүдделеріне қызмет етсін!
- Бүгінгі күнге дейінгі қаражаттарды кім көтерді?
- Өзімнің жеке қаражатымды жұмсадым. Ешкімнен соқыр тиын қаржы алғаным жоқ.
- Өткен жылы мәжіліске дейін «дау тудырып», сөз болған «Батыс қазақтарының құрылтайына» да демеушілер табылмады ма?
- Демеушінің көлеңкесі де көрінбеді. Оны айтасыз, «Батыс қазақтарының құрылтайын» өткізбеуге билік бар күш-жігерін салды. Оппозиция сымақ біреулердің асыранды иттері бөрінің бұтындай шәуілдеп қоя берді, құқық орындары сұс көрсетті, тіпті, Оралдағы ақын Ақұштап Бақтыгереева апамызға дейін араласып, маған «ақылын» айтты.
Мәжіліс қазақтың күллі қам-қарекетін ысырып қойып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен Қажымұқан Ғабдолланы «тәртіпке салуды» талап етті. Керек десеңіз, менің Орал қаласындағы жер үйім кенеттен өртке оранып, ішінде қалған жалғыз мен темір-шойын есікті әзер бұзып шығып, әупірімдеп аман қалдым...
- Мынау барып тұрған бассыздық қой. Сосын, не болды?
- Сосын, Алматыға келдім. «Қазақ елі» халықтық қозғалысының ұйымдастыру тобын құрып, жиылыс өткіздік. Бірақ, біздің ұйымдастыру жиылысына қатысып-қолдаған бір адам ертеңгі күннің таңында-ақ басқаша әуенмен «сайрап» шыға келді. Сонда бір түннің ішінде не болды? Осы бір түннің қандай құдіреті бар? Осыған басым қатты...
- Расында, сіздің қозғалыстың ішінен де қазірдің өзінде ала тонды бөле қырқып, бөлек отау тіккендер бар көрінеді ғой?
- Өмір өзгеріссіз тұра ма?! Адамның бәрі бірдей емес: біреу сөзге ереді, біреу бөзге көнеді. «Түймедейді - түйедей» етудің қажеті болар ма екен?!. Бірақ, есіңізде болсын, «көкек өз атын өзі атайды» демекші, кімде-кім: ««Қазақ елі» қозғалысының билікке қатысы бар» деп, қаттырақ айқай салса, сол кісінің дәл өзі биліктің жансызы екендігі айдан анық. Бұл - дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
- Қажеке, жеке қаржыңызды төгіп-шашқаныңызбен, үлкен істерді атқаруға өзіңіздей орташа шаруаның қауқары жете қоюы неғайбыл-ау. Қазақтың бай-шонжар жігіттері бастама көтеріп, қолдау білдірмеді ме?
- Әншейінде қазақтың бай жігіттері көпіріп сөйлеп, шайқап-төккенге құмар. Бірақ, солардың дені намысы өшкен, рухы сынған қоян жүрек қорқақтар. Кейбірі дастархан басындағы әңгімеде: «Қазағым!» деп, кеуделерін тоқпақтайды. Бірақ, биліктің қаһарынан жаны қалмай, бозторғайдай безілдеп қорқады. Оларға Құдайдың қаһарынан гөрі, биліктің қаһары анағұрлым қорқынышты...
Таяуда Ресей теледидарынан Мәскеуде жалғыз қаңғып қалған армян шалын көрсетіп еді, ертеңіне-ақ армянның бақуатты жігіттері қариясын іздеп-тауып, қонақүйден тегін бөлме бөліп, аялы қамқорлықтарына алды.
Міне, ұлттық намыстың нағыз наркескен жігіттері қандай болуы керек!
Енді біздің көшелеріміз бен «Қарттар үйінде» қаншама ақсақалды аталарымыз бен кейуаналарымыз екі көздері төрт болып, ішқұса болып жатыр?!. Қаншама қарияларымыз қапа қалпында, көшенің ортасында бақилық болып кетті?!. Мұндай статистиканы мемлекеттің жүргізбегеніне жиырма жылдан асты.
Ал, қазақтың бай-манап жігіттерінің қолдары ұлтының мүддесі үшін соқыр тиынын жұмсауға қалтырайды. Қит етсе, орыстың немесе шетелдің әншілерінің екі сағаттық концертіне миллиондаған қаржылар шашады. Дәп осы уақытта қаншама қазақтың жетім-жесірлерінің аш-жалаңаш жүргенін есіне де алмайды...
Қазақтың бай жігіттері мақтан үшін, мешіт салған болады, мешітке өзінің атасының атын бергізеді, өзі оқыған мектебіне компьютерлер сыйлайды және осындай болмашы істерін аудандық, облыстық, республикалық баспасөзге пара төлеп, айқайлатып жазғызады. Ол - ол ма, ауыл жақтан арзанқол жорналшы тауып, әлгі істерін тізбелеп, том-том кітап шығарады...
Жоқ жерден, өзінің өткен ата-бабасының арасынан батыр мен би іздетеді, мүлдем таппаса, нағашы жұртына «шауып», жасанды батыр тапқызады. «Батырға» ескерткіш орнатады, көшенің атын береді...
Мінеки, ұлттың нағыз қорқаулары осындай болады...
- Мысалы, шетел асып, «шындық күйіттеген» қазақтың бір бай-шонжары Мұхтар Әблязов та мемлекеттің ортақ қазанынан шамасы келгенше асап, қамсыз қарпыған жігіт. Негізі, қарымы кең, үлкен бизнестегі жігіттерді мемлекеттік қызметке тарту зор саяси қателік. Өйткені, бизнесменнің ой-жүйесі жеке пайдасы мен өз қалтасын күйіттеуден екі дүниеде де аса алмайды. Жақын күндерде Мұхтар мәлімдеме жариялап еді, оның ішінде «қазақ» деген бір ауыз сөз жоқ. Енді "К+" телеарнасына берген сұхбатында «бұрын Елбасының туған күніне 2 млн. АҚШ доллары көлемінде сыйлық жасаған едім», деп кекірейеді. Қазақ ұлтының мүддесін көксеген «Қазақ Елі» халықтық қозғалысына келгенде, Мұхтар Әблязов құмға басын тыққан түйеқұстай ештеңені көрмей қалды ғой?!.
- Қазаннан қақпақ кетсе, кімнен де болса ұят кетеді. Қазір қазақ қоғамында тек қана қорыққанын сыйлайды. Қорықпаса, қораңды қопарып, қотаныңды талқандап кетеді...
...Қазақтың мемлекеттік қызметі бүгінде теміржол вокзалына ұқсайды, кім келіп, кім кетпей жатыр? Кешегі базар басшысын бүгін министр қылдық, бүгінгі қылмыскерді ертең әкім еттік. Осыны жұрт білмей ме, көрмей ме? Әрине, көріп-біліп отыр. Сондықтан, билікке деген сенім жойылып барады...
Ал, мемлекеттік қызметке шақырылатын азамат, алдымен, ұлтшыл болуы керек. Өйткені, кез келген сәтте оған мемлекеттің мүддесін сатып, шексіз байлық иеленетін құйтұрқы ұсыныстар түсуі мүмкін. Екіншіден, шенеуніктің жеке басының қадір-қасиеті, иманы мен адамгершілігі, білім-білігі мемлекеттік деңгейде ойлайтын дәрежеде болуға тиіс...
- Ұзынқұлақтың қауесетінше, «Астананың мэрі, қазақтың мөрі» атанған Иманғали Тасмағамбетовтың «Қазақ елі» қозғалысына қатысы бар көрінеді?..
- Қазақты құртатын, түбіне жететін жегі құрт - жүзге бөліну мен руға бөлшектену. «Иманғали Тасмағамбетовтың «Қазақ елі» қозғалысына қатысы бар» деген қауесет тарататындар жүзшіл, рушыл пасықтар, немесе бізге сырттан шүйліккен орыстың, қытайдың, американның, жөйттің өкілдері...
Қай дұшпан да қазақтың ең осал тұсын біледі. Орыс империясы үш жүз жылдан астам уақыт қазақты дәп осы ең осал тұсынан мықтап ұстап, арасына іріткі салумен шексіз билеп келді.
Тасмағамбетов екеуміздің жүзіміздің бір екендігі «біздің бауырымыз жабысып қалған» деген сөз емес. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ұлы жүздің әрбір жігітінің басына май құя алмайтыны тәрізді, Тасмағамбетовтың кабинетінің табалдырығын талай Алшынның балалары тоздырып жүрсе де, Тасмағамбетов олардың түгелін жарылқай алмайды. Сондықтан, Иманғали Тасмағамбетовтың «Қазақ елі» қозғалысына көк түйір қатысы жоқ. Және осындай өсек-өтірік таратушылардың өздері де Тасмағамбетовтың Мемлекет басшысына қарсы қарыс ауыз сөз айтпайтынын біледі. Арандатушылардың арманы, біріншіден, «суға салса - батпайтын, отқа салса - жанбайтын» Тасмағамбетовке тағы бір қара күйе жағып қалу болса, екіншіден, «Қазақ елі» қозғалысының абыройына дақ салуға тырысу...
Қадым заманнан жалғасқан қазақтың бір салты бар: шешімі күрмеулі бәсекеге түскенде - жеңіліс тапқан адам астындағы атынан түсіп, жеңімпазға сыйға тартқан. Егер әлгі өсек отын үрлеушілер «Қазақ елі» қозғалысына Тасмағамбетовті қатыстыра алса, мен де ата-бабамыздың салтын аттап өтпек емеспін...
Жақында «Қазақ елі» халықтық қозғалысы ұйымдастыру тобының құрылғанына жүз күн толады. Қарапайым қазақтар еліміздің түкпір-түкпірінен лег-легімен біздің қозғалысымызға қосылып жатыр. Әрбір облыс орталықтарында, әр ауданда, шығыс пен оңтүстіктің екі ауылының бірінде бөлімшелеріміз құрылуда. Маңғыстау мұнайшылары біздің қолдау-мәлімдемемізге қатты ризашылықтарын білдіріп, мұнай-газ кәсіпорындарынан «Қазақ елі» қозғалысының бөлімшелерін құруға ниет білдірді. Қайсыбір ата-әжелеріміз ақ баталарын беріп, қазақты қанаудың шегіне жеткенін айтып, өздерінің талғажау еткен зейнетақыларын қаржылық демеу ретінде біздің қозғалысымызға аударғысы келетіндіктерін мәлімдеуде...
Иә, биліктің бәтеңкесін кимеген, саясаттың сүйегін мүжімеген ақ пейіл, адал жүрек жайсаң қазақтар біздің рухымызға қуат беріп, сенімімізді бекіте түсті. Дегенмен, осы уақыттың ішінде қазақтың бай-бақуатты жігіттерінің бірі де телефон шалмады. Қазақтың атқа мінген шенеуніктері де хабарласпады...
Жарайды, Иманғали Тасмағамбетовті ұлтшыл азамат дейік. Ендеше, пышақтың жүзіндегідей өткен жүз күнде Имекең, тым құрыса, өзінің өкілдері арқылы бізге бір ауыз жылы сөзін айтып, қолдау көрсетуі керек еді ғой?!.
Ұйым құрылған жүз тәулікте мен нағыз «Жүз күндік жалғыздықты» басымнан кешкендей болдым. Ақтамберді жыраудың:
«Жағалбай деген ел болар,
Жағалтай деген көл болар,
Жағалтайдың жағасы
Жасыл да байтақ ну болар.
Атадан алтау туғанның
Жүрегінің бастары
Алтын менен бу болар,
Атадан жалғыз туғанның
Жүрегінің бастары
Сары да жалқын су болар,
Жалғыздық, сені қайтейін!» - деп жырлағаны бар.
Мен қиындық көріп өскен жігітпін, сондықтан, жалғыздық мені жатырқанбайды. Тек, жаныма бататыны: «Маған түннің жарымында хабарласып, зейнетақысын ұсынған аяулы аналарымыз пен асқар таудай әкелеріміздің ертеңге деген сенімін қалай ақтасақ екен?!.» - деген уайым...
- Қазақта қарны тойғанының түп-тұқияны ұлтын ұмытса, шындығында, шыңыраудың шегіне жеткен екенбіз. Өз басым, Иманғали Тасмағамбетовті ұлтшыл тұлға танитынмын. Кешегі «Бақай» мен «Шаңырақтың» шуында да Имекең жағына шығып, баспасөз бетінде шырылдап, қорғаштап едік...
- Мәселе, жалғыз Тасмағамбетовте болса, жарамыз жеңіл болар еді-ау. Мәселе - тұтастай жүйенің іріп-шіруінде...
Менің бір досым бар. Өзі жазушы, жорналшы әрі экономист-банкир. Мемлекеттік қызмет те атқарған. Ұдайы ұлтшыл, орасан отаншыл, мықты мемлекетшіл жігіт. Сырлас-мұңдаспыз... Мен әр кезеңде досымнан: «Қазір кімді оқып жүрсің?» деп сұрағанымда, үш рет: «Әбағамды - Әбіш Кекілбаевты!» деп жауап берді...
Сөйтсем, оның жауабының сыры тереңде жатыр екен. Таяуда Әбағаңның «Ханша-Дария хикаясынан» Шыңғысханның билігі туралы мынадай жолдарды оқыдым: «...Бұл салған ойран-бүліктердің тұсында тек басын баққандардың ғана қол-аяғы сау қалады. Басын баққандар тек басын бағатындарды туады. Сөйтіп, бұдан былай дүниеде тек басын бағатындар ғана өмір сүреді...
Басын бағатындардың мойын омыртқа сүйегі осал болады. Сосын бұл, бұның анау Шағатай, Үгедей, Жошылары, олардың жер бетінің түкпір-түкпірінде өсіп-өрбитін шашыранды тұқымдары өңшең құрттаған шыбыштың құйрығындай шыбындаған бастарды ғана көреді. Шыбындаған бастар маңайында не болып, не қойып жатқанын көре алмайды. Олар, сөйтіп, тек бастан ғана емес, көзден де айрылады. Бұның тұқымына бас пен көздің қажеті шамалы, жыбырлайтын аяқ пен қимылдайтын қол табылса болғаны...».
Ең қауіптісі - қазіргі билікке де тек қана аяғы ғана жыбырлап, қолы ғана қимылдайтындар қажет болып тұр...
- Қажеке, бұл тұжырымыңызға қарсы айтар уәжім бар. Мәселен, «Ақжол» партиясының кешегі серкесі Әлихан Бәйменов батысқа ат басын тірей қалса, өзіңізбен жүретіндігін білеміз. Сол серіктесіңіз табан астында партиясын сатып, биліктің қойнына кіріп алды. Олай болса, Әлиханның да тек бастан ғана емес, көзден де айырылғаны ма?
- Махамбеттің мынадай бір өлеңі бар:
Әзіреттен ант ішіп,
Ақыретті жанға байланып,
Талай жүрдік далада,
Әділ жаннан түңіліп...
Мінеки, Әлихан Бәйменов алдымен биліктің тәтті дәмін татса да, өз ырқымен халықтың жағына шығып, жүрегін жарар, жанына батар қаншама күстәнә-сөз естісе де, ел аралап, әділ жанынан түңіліп, тер төккен жігіт...
Сіз: «партиясын сатып...» - деп отырсыз. Қаншаға «өткізіпті»?..
- Дәл сомасын білмедім...
- Ешқашан біле де алмайсыз. Өйткені, бұл - ішіне май айналмайтын өтірікшілердің өсегі. Қазақ қоғамында партия сатқаннан гөрі, памидор сатқан тиімді. Оның үстіне мен білетін Әлекеңнің болмысы мұндай мағынасыз қадамға бармайды.
Енді Бәйменов биліктің мүмкіндігімен қазақтың мүддесін қорғаштайтынына сенемін. Мемлекеттік қызметке қазақтілді, иманды, ұлтын сүйгіш азаматтардың көптеп тартылатын күні туды. Әлбетте, кеше ғана Әлекеңе топырақ шашқан биліктің адамдары енді «ләппай, тақсыр!» деп, айналасына құжынай бастайды. Дегенмен, Әлекең оңай шағылатын жаңғақ емес. Өз шаруасын мығым біледі, мемлекеттік қызметтің де жампозы.
- Қажеке, «бір аштықтың - бір тоқтығы болады» демекші, «Ақжолдың» басшысымен «қоштасып» жатқанда, «Халық майданы» атты ұйым дүниеге келді...
- Елдің қамын жейтін ұйым болса бізге көптік етпейді...
«Мирас насихат»: - Бірақ, мәселен, Украинаның «Халық майданының» таққа отырғызған президенті орнынан түсіп, үкімет басшысы сотталып жатқан жоқ па?
- Әрине, өзгенің қателігінен сабақ алу - ақылдылық болар еді. Қазақтың басын «билікке жетемін» деген пиғыл емес, «қазақтың қамын жеймін» дейтін ниет қана біріктіре алады...
- «Халық майданының» тасасында қандай олигархтардың тығылғаны бірден көзге ұрып тұр. Сіз серіктестеріңіздің айлығын төлемесеңіз, біразы қағар есігін алмастырып, «Халық майданынан» табылар, деп қауіптенбейсіз бе?
- Сөз жоқ, кейбіреулердің жүрегі мен тілінің қалауы әрқалай. Мысалы, тілімен: «Қазағым!» десе, жүрегімен: «Айлығым!» дейді...
Материалдық, пенделік тұрғыда мен оларды түсінемін. Бірақ, мен қазақтың қазынасына қол салып, алысқа асырған баукеспе ұры емеспін. Мемлекеттік қызметте де бір сағат жұмыс атқарған жоқпын. Үлкен бизнеспен де шатыстығым болмаған.
«Қазақ Елі» халықтық қозғалысына қазағына шынайы жанашыр адамдар ғана келеді. Қазақ топырағының байлығы қарапайым қазаққа да тиесілі. Осындай жарқын да жеңісті күндерге жету үшін қиыншылықтарды жеңе білуге тиіспіз. Бөтен итке қанша жуынды құйсаң да, жаттығын көрсетіп, балағыңнан қабатыны сияқты қазір байлығымызды тонап жатқан жатжұрттықтар бір заманда өз еліне кететін болады. Өз қолымыз өз ауызымға жетіп, бай-қуатты күн кешетін кезеңді сәт сайын, сағат сайын жақындата түсу - біздің парызымыз.
- Құрылғанына үш ай болған «Қазақ Елі» қозғалысы баспасөзде неге жиірек көрінбейді?
- Күн сайын баспасөзде жылтыңдай беретін әкімдер емес пе? Саясат - сабырлылық пен салиқалылықтың жолы. Күнделікті қызу жұмыстың қарқыны басылған жоқ. «Қазақ елі. kz» газеті шыға бастады. «Майдан. kz» сайтын ашып жатырмыз...
- Астана тойына ат басын бұрдыңыз ба?
- Той тойлайтын уақытты тапқан екенсіз. Мұнайшы мұңданып жүрсе, әділдік әлсіреген күй кешсе, қаңғырған қазақтың басы бірікпей жатса...- несіне жетісіп той тойлаймын! Әуелі, Стинг құрлы болмадық-ау! «Қазақ билігі қазақтың мұнайшыларының құқықтарын табанға таптап жатыр. Ондай озбыр елге бармаймын!» депті, әйдік әнші. Өзгеден үйренеріміз де аз емес-ау, біздің!
- Өткеніңізге, бүгініңізге өкінішіңіз бар ма?
-. Доспамбет жырау бабамыз:
«Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым, өкінбен,
Толғамалы ала балта қолға алып,
Топ бастадым, өкінбен,
Тобыршығы биік жай салып,
Дұспан аттым, өкінбен
Тоғынды сарты нар жегіп,
Көш түзедім, өкінбен.
Ту құйрығы бір тұтам
Тұлпар міндім, өкінбен.
Туған айдай нұрланып
Дулыға кидім, өкінбен,
Зерлі орындық үстінде,
Ақ шымылдық ішінде
Тұлымшығын төгілтіп
Ару сүйдім, өкінбен.
Бүгін, соңды өкінбен,
Өкінбестей болғанмын,
Ер Мамайдың алдында
Шаһид кештім, өкінбен!» - депті ғой.
Ең бастысы, балаларымыз бен немерелеріміздің алдында жанарымызбен жер шұқып қалмайық! Келешегімізге қапа болмаудың қамын бүгіннен бастасақ игі...
Сұқбаттасқан:
Жанкелді ЕСТЕНБАЙ,
«Мирас насихат»