Сынның бәрі жала емес!
Биыл 24 маусым күні «Abai.kz» ақпараттық порталында тарихшы А. Қамбаровтың «Тарих институтының «жалған мәліметке толы кітабы» жарық көрді» деген мақаласы жарияланып, онда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты шығарған «Қазақ мемлекеттілігі және Алашорда» атты зерттеу еңбегінде орын алған кемшіліктер сынға алынған болатын. Бірақ та бұл сынды аталмыш институттың ұжымы қабылдамай, 1 тамызда «Институт жариялаған еңбекті сапасыз деп көрсету нағыз жала жабу» деп терістеу мақаласын жария етті.
Қазақ жұртшылығы арасында сұранысқа ие Алаш туралы еңбекке неге жала жабылды екен деген оймен «Қазақ мемлекеттілігі және Алашорда» кітабын тауып оқуға тура келді. Бұл кітаппен танысу барысында А. Қамбаровтың сыны орынды екеніне және оның пікірінде ешкімнің жеке басына тиісушілік жоқ екеніне көз жеткізуге болады. Мұның өзі Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих институтының ұжымы ешқандай сынды қабылдамайтындығын, мұндай сынды «жала» деп еспетейтінін, өз аттарына шаң жұқтырмауға тырысатынын аңғартады. Оның үстіне Тарих институтының ұжымы А. Қамбаровтың сыни мақаласын бұрынғы басшылықтың «қастандық» әрекетімен байланыстыруын ғылыми этикаға жат бейәдептіктің көрінісі ретінде бағалауға итермелейді.
А. Қамбаровтың сыни пікірі ғылымға жанашырлықтан, Алаш мәселесінің терең зерттеліп, бұл жөнінде халықтың қолына салиқалы туынды тисе деген ниеттен туындаған. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұжымы А. Қамбаровтың сын-пікірін дұрыс қабылдауы тиіс еді және ол атап көрсеткен кемшіліктерге институттың абыройы үшін жол бермеуі керек еді. Оның үстіне институт ұжымы орынды айтылған сынды жала дейтін болса, сынағанның бәрін сотқа беремін деп қоқаңдайтын болса, сонда не болғаны!?
Жуырда ғана Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов мектеп оқулықтарында кемшіліктердің көп екенін айтып, оны жөндеуге шақырды. Осындай кезде білдей бір ғылыми-зерттеу институтының монографиясында кемшіліктер жіберіліп жатса не болмақ!? Оқулықтар мен оқу құралдарының мәтіні ғылыми еңбектердің мәліметтеріне негізделеді ғой!
Тарих институты шығарған кітабында А. Қамбаров көрсетпеген қателіктер әлі де баршылық. Мәселен, А.М. Ауанасова мен Е.Қ. Нұрпейісов «1917 жылдың соңында «Алаш» автономиясы жарияланғанда, Ресей территориясында бірыңғай мемлекеттік басқару жүйесі болған жоқ. Өзін-өзі жариялаған үкімет – Уақытша үкімет...» (46-бет) дей отырып бірнеше қателікке жол берген. Біріншіден, «Алаш» автономиясы 1917 жылдың соңында жарияланған жоқ, 1917 жылы желтоқсанда өткен екінші жалпықазақ съезінде «Алаш» автономиясын жариялау кейінге қалдырылған, екіншіден, Уақытша үкімет өзін-өзі жариялаған жоқ, Уақытша үкімет Мемлекеттік думаның уақыша комитеті мен Петроград жұмысшы-солдат депутаттары кеңесінің арасындағы келісім негізінде құрылды. Осы жәйтті кітапта дұрыс ашып көрсетудің орнына А.М. Ауанасова мен Е.Қ. Нұрпейісов тарихи фактіні бұрмалауға жол берген.
Кітап авторларының тарихи фактіні бұрмалуға бейім екені Б.Ғ. Аяған әзірлеген «Алаш қайраткерлері еңбектеріндегі мемлекеттілік идеясы» деген тараудан айқын аңғарылады. Оны кітаптың 91-бетіндегі «Алашорданың көшбасшылары қиын сынақтарға қарамастан, Уақытша үкіметпен қысқа әрі тең емес Одақ құру арқылы күрделі жолмен өтіп, Комучпен байланыс орнатуға тырысты, ... шет елдердің – Түркияның, Қытайдың, Орталық Азия халықтарымен қарым-қатынас орнатты» деген мазмұндағы мәтіннен байқауға болады.
Б.Ғ. Аяған Алашорда құрылған кезде Уақытша үкіметтің жойылып, оның орнына кеңестік билік келгенін ескермей, Алашорданы «Уақытша үкімтпен қысқа әрі тең емес Одақ құрды» деп қателікке жол берген. Сонымен қатар оның Алашорданың төрағасы Ә. Бөкейхановтың Түркістан автономиясымен одақ құруды қолдай қоймағанын бүркемелеп, «Алашорда көсбасшылары Орталық Азия халықтарымен байланыс орнатты» деуін қалай түсіндіруге болады!? Автордың Алашорда көсбашылары Түркияның және Қытайдың халықтарымен байланыс орнатты деуі – өрескел қателік. Алашорда көсбасшылары Түркия мен Қытайдың көп ұлтты халықтарымен байланыс орнатуға қол жеткізе алмады. Алашордашылар тек Қытай мен Түркияның бірен-саран өкілдерімен ғана байланыс жасауға қол жеткізе алды. Бұл жерде бәлкім, Б.Ғ. Аяған Қытайға М. Дулатов бастаған топтың Қытай қазақтары арасына барғанын айтқысы келген шығар!? Бірақ мұны Қытай халықтарымен Алашорда байланыс орнатты деуге болмайды есмес пе!?
Ұжымдық монографияны даярлаушылар жалпы жұртшылыққа мәлім фактілерді де бұрмалаған. Бұған Қ.А. Еңсеновтің Ережеп Итбаев жөнінде жазған мәтіндегі мына жолдар дәлел: «1920 жылдың басында Алашорда мен Кеңес үкіметі арасында жүргізілген келіссөздер нәтижесінде дүниеге келген Қазревкомның 1920 жылғы наурыздың 5-індегі қаулысына сәйкес Алашорда таратылды» (693 бет).
Қ.А. Еңсепов осы пікірі арқылы 1919 жылы 10 шілдеде құрылған Қазревкомды 1920 жылы құрылды деп оқырман қауымды шатастырады. Оның үстіне ол «Қазревкомды Алашорда мен Кеңес үкіметі арасындағы келісім негізінде құрылды» деп өрескел қателікке жол берген. Ғылым нақтылықты қажет етеді. Бұл жерде кітапты даярлаушылар ғылымға баяғыдан белгілі нәрсенің өзін дұрыс көрсете алмай, өздерінше бір «жаңалық» ашқысы келген. Тіптен, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында қызмет жасаған К. Нұрпейісовтің «Алаш һәм Алашорда» деген кітабындағы мәліметтерді аяқ асты еткен.
Қателіктер кітапта тіптен көп. Оларды тізе берсең кем дегенде 10-нан астам парақ кететін түрі бар. Кейбір авторлар тақырыптан ауытқып, тақырыпқа қатысы жоқ нәрселерді баяндап кеткен. Мәселен, Ж. Таңатарова «Алаш Ода және Ресей демократиясы» деп аталатын 17 беттік мәтіннің тек біржарым бетін ғана Алашорда мәселесіне арнаған. Мәтіннің қалған беттерінде Алашорда үкіметі құрылғанға дейінгі оқиғалар баяндалған.
З. Қабылдинов «ХІХ-ХХ ғасырдың тоғысында Ә.Н. Бөкейхан қазақ халқының ұлттық жазбаша тарихын жазуға кіріскен жалғыз қазақ халқының өкілі» деген пікір білдіремін деп Қ. Халид, Ш. Құдайбердіұлы, М-Ж. Көпейұлы секілді тұлғалардың тарих туралы жазған еңбектерін қаперге ілмеген. Ол Ә. Бөкейханның отан тарихын зерттеуге қосқан үлесін сол дәуірге дейін жарық көрген еңбектермен салыстыра талдауды назардан тыс қалдырған. Осындай салыстыра талдау арқылы ғана Ә. Бөкейханның отандық тарихты зерттеуге қосқан үлесін көрсетуге болатынын З. Қабылдинов тарихшы ретінде ескермеген.
Кітап авторлары арасында жалған мәлімет келтіруге әуестенушілікке бой алдырғандар да бар. Мәселен, Т. Әпендиев Базарбай Мәметов атты тараушада бұрын ғылыми айналымға енген авторлардың еңбегін көшіріп пайдалануда да алдына жан салмағаны осы тарауды оқыған адам бірден байқайды. Автор Верный ерлер гимназиясындағы мұсылман балалар діни пәндерді оқудан босатылғанын мүлде білмесе керек. Кітаптың 555-бетінде «Сонымен бірге діни сауат ашып, Ресей империясындағы халықтардың тілі мен мәдениетін үйренді» - деп айды аспанға бірақ шығарады. Сондай-ақ кітаптың 561-бетінде 1917 жылы Оралда, Орынборда, Ақтөбеде, Ташкентте облыстық қазақ съездері өтті деген мазмұндағы пікір білдірген. Бұл жерде автор Ақтөбе мен Ташкентте 1917 жылы облыстық қазақ съездері өткізілмегенінен бейхабар екенін танытқан. Қазақ съездерінің өткізілу жайынан хабары жоқ адам қалайша Алаш тарихын жазады?
Т.Ә. Әпендиев 567-бетінде алаш қайракері Б. Мәметовті «Түркістан мен Алашорда үкіметтері құрамында саналды (болды)» деген жалған мәлімет келтіреді. Б. Мәмбетовтің Түркістан автономиясы үкіметінің құрамына мүше болып кірмегенін Т.Ә. Әпендиев ескермей, өз бетінше тарих ғылымына «жаңалық» қосқан.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұжымы Алаш тарихын жазуға біліксіз, жалған мәліметтер беруде алдына жан салмайтындарды тартуы үлкен қателік болған. Бұған оқырман қауым Т.Ә. Әпендиев даярлаған «Әзімхан Кенесарин» және «Базарбай Мәметов» деп аталатын мәтінмен танысу барысында анық көз жеткізе алады. Оның жазғандарында бірізділік, логикалық үйлесімділік, ғылыми этика принциптері мүлдем сақталмаған.
Осы кітап қолыма тигенде Алаш қозғалысы қайраткерлерінің Самарадағы Учкомммен, Уфа директориясымен, Сібір автономиясымен, Колчак, Дутов, Анненков секілді т.б. ақгвардияшыларымен байланысы ашылып көрсетілген шығар деп ойлағанмын. Алайда кітапта мұның бірде-бірі қамтылмай қалған. Қазіргі кезде көпшілік қауымды осы жәйттер көбірек қызықтырып, қызу пікірталастар тудырып жатқанын кітапты даярлаушылар қаперге алмаған.
Сөз соңында айтарым, А. Қамбаровтың сын пікірі орынды. Оның сын-пікірін жалған, жала деуге келмейді. Басты қателік Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының өзінде. Әлі талай ғылымға жанашыр адамдар осы кітаптағы кемшіліктерді тізіп көрсете жатар. Бәлкім, Тарих институтының ұжымы бұл кітапты еліміздегі көрнекті алаштанушылардың ғылыми сүзгісінен өткізіп барып, өзінің терістеу пікірін жазар.
Н. Қыстаубай,
Тарихшы
Abai.kz