Сенбі, 23 Қараша 2024
Дабыл 6874 14 пікір 11 Қыркүйек, 2019 сағат 17:08

Тағдыршешті мәселеге келгенде қазақ неге жауапсыз?

«Тәрбиесіз берілген білім ұлтқа, елге апат әкеледі»
Әл-Фараби.

«Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті»
К.Ушинский.

Келешегім, Алаш баласы, тіршіліктің барысында және талғампаз ізденістің бағытында ой елегі мен сын таразысынан өткізе отырып, көкірекке түйген сан алуан тұжырымдарымыз бен ұлттың бүгінгі және болашақ тағдырына алаңдайтын көкейтесті тұстарымызды ортаға сала отырып, ой бөлісе, пікір алмаса білуіміздің, ұлт, ұрпақтың тәлім-тәрбиесі мен тағылымын қайткен күнде де бәсекелі жаһандық заманның қатаң талаптарына лайық жаңаша жетілдіре түсуге үлес қоса білуіміздің өзі де бір ғанибет емес пе?!

Кешегі дана ата-бабаларымыз балаға білім-ілімнен бұрын алдымен тәрбие берілуі керек екендігін бұдан мың жыл бұрын тасқа қашап тұрып жазып кеткен. Демек, отбасы тәлімі мен елдік тәрбие, ұлттық құндылық пен азаматтық ұтқырлық, бұл – бәсекелі де сапалы білім жүйесінің ең негізгі әрі өзегі, әрі айнасы болса керек.

Олай болса, барша адамзат дамуының шамшырақ тұлғасы және ел мен тәуелсіз елдіктің, ұлт пен ұлттық болмыстың, білім мен біліктің ұйытқысы – мұғалім, ұстаз. Әлемдік деңгейде – педагог, өз ұстанымызда мұғалім, ұстаз ұғымының сипаты, мән-мағынасы қашанда айқын: ол – мазмұны бірыңғай көреген ізгілік пен ізденімпаз іскерліктен ғана тұратын есті де текті кәсіп, ол – ұрпақ пен ұлтқа, адамзат пен болашаққа бар саналы ғұмырын арнаған, жанкешті халықшылдықпен қара қылды қақ жара алатын турашыл, шыншыл, таза, адал қайраткерлік және ұлтшылдық дәрежеде ғана өмір сүре білу салты. Тіпті дүниенің ең асылы мен інжу маржандарын іздеп тауып, соны өзгеге, әсіресе, шәкіртке қайткен күнде де үйретпекке, ой санасына шегелеп сіңіруге ұмтылатын, құлшынатын жан қалауы. Яғни әке-шеше мен ұстаз өзін-өзі тәрбиелей білудің, жетілдіре, кемелдене түсудің озық үлгі-өнегесін оздыруға келгенде күнделікті өмірде баласына, шәкіртіне көрсете жүріп ұғындыру, өзінен, ата-бабалардан оза білудің үрдісін сезіндіру ерекше болғандығы ақиқат.

Ұлы Даланың теңдесі жоқ өнегесі зор өркениеті

Сонымен Жаратушы Ұлы Иеміз қыз баланы 9-10, ұл баланы 12-13 жасқа толғанда балиғаттық кезеңге қадам басатындай етіп жаратқан. Мұны «Он үште – отау иесі» деген ата-бабаларымыз да, қазіргі ғылым да жоққа шығармайды. Сондай-ақ, қазақ қауымында «Он үшінде ұл – ұлан, Он алтыда қыз – ұлан» дейтін сөз де бар. Бұның түп төркініне тереңірек үңілсек, көп жаугершілік заманды басынан кешірген қазақ халқының көне салтында он үшке толған ұлды, он алтыға толған қызды атқа қондырып, қалың қолдың қатарында жауға қарсы шабуға қосқан. Бұл дәстүр, бір жағынан, қалың қолдың қарасын көбейтуді мақсат тұтса, екінші жағынан, бейбіт елді шабуға келген жаудың ең басты олжасы жас ұл-қыздар болған. Сондықтан бұл дәстүр жаудан сақтану мен қорғанудың ең негізгі жолы болса керек.

Міне, Ұлы Далада осынау айтулы салт-дәстүріміздің арқасында ғана қазақтың ұл-қыздары байтақ жерді қорғай білу, ел, ұлт, ұрпақты сақтай білу санатына тым ерте қосылған. Өркениеттің төрінде болғаны, өнегелі ұлағаттың көгінде самғағаны өткен тарихымызда айшықталып көрсетілгені белгілі.

Не деген кемел де кемеңгер, көреген де данагөй, ұлы көсем бола білген, қайран бабаларымыз! Жау алдында тізе бүгуді білмеген халықтың бойындағы асқақ рухы мен қаһарман батырлығы қандай ғажайып дәрежеде болған десеңізші...

Таңқаларлық бір ғажабы, кешегі ұлы ата-бабаларымыз балабақшаға барған жоқ, мектепте, институтта оқыған жоқ, аспирант болған жоқ, ғылыми диссертация қорғаған жоқ, профессор, академик атанған жоқ. Солай болғанына қарамастан, олардың ой өрісі, ақыл-парасаты, жан-жақты терең білімділігі мен біліктілігі, ел басқара білудегі кемел де көреген, кемеңгер көсемдікпен атқарған істері, жазған дүниелері, қара қылды қақ жара білген әділ де турашылдығы, бекзат мінезі, сөйлеген сөздері, қалдырған өсиеттері, үлгілі де өнегелі ұлағаттары әлі күнге дейін құндылығын жойған жоқ, керісінше, ұрпақтан ұрпаққа ұласып, жаңаша жаңғырып, ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. Бұлардың бәрі бізден кейін де жалғаса бермек.

Айталық, ұлы ойшылдар, ағартушылар, ақындар, кемеңгер көсемдер, билер, күйшілер, батырлар, данышпандар, қайраткерлер, даналар, даралар өмірге келді. Мысалы, Әл-Фараби, Жалаңтөс Баһадүр, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Мөңке би, Құрманғазы, Исатай, Махамбет сынды, басқа да көптеген ұлы алыптарымыз бен асыл тұлғаларымыз артына, бізге қалдырған аманаттары, ескертпелері ше? Сонда бұлардың бәрі қандай білім-ілімнен, қандай озық тәрбиеден өсіп шықты? Ал қазір ше?... Ақталу мүлде мүмкін емес.

Ұл болсаң – шоқ бол, шоқ болмасаң – жоқ бол

Кешегі жаугершілік заманда жауға қарсы қасқайып тұра алатын жаужүрек, рухты, отты, шоқты, жеңімпаз ұлды өмірге келтіру, бұл – қазақтың ең негізгі әрі міндеті, әрі борышы, сондай-ақ сын болғаны белгілі. «Ұл болсаң – шоқ бол, шоқ болмасаң – жоқ бол» дейтін қатаң сөз осы кезеңде шықса керек-ті. Екінші жағынан бұл сөз ұл арқылы әкесінің өзінің кім екенін таныту деген сөз де болар.

Жалпы ұлтта туындаған кез келген сұраныс, кейін ұсыныс тудырмай қоймайтындығы сөзсіз. Демек, бүгінгі тәуелсіз атанған елдің қазақ қауымында жоғарыда атап өткен сан алуан ұлыларға сұраныс та, ұсыныс та құрдымға жеткені ақиқат. Өйткені, оларды қайткен күнде өмірге келтіру үшін ешкім армандамайды. Басын ауыртқысы келмейтін қазақ қауымы күрескісі де келмейді. Қазақта «Ақылың жетпесе, ақылды сатып ал», «Ұлыңды ұлыққа жұмса» деген сөз бар. Бұл өсіп келе жатқан ұлды елге аты жайылған тұлғаның, ел басқарушы, билік айтушы ұлықтың алдын көріп өскені абзал, соның өнеге-үлгісін алсын деген ниеттен шыққан сөз. Шындығына келгенде, ұрпаққа ұлылардың алдын жиі көрсете отырып өрбіту, жетілдіру, бұл – тәрбиенің ең ұлысы.

Кешегі Ұлы Даланың ұлыларын өмірге келтірудің қамы үшін баланы тәрбиелеуден бұрын ең алдымен ата-ана да, ұстаз да өзін-өзі тәрбиелей білуі қажет... Әке болуға, ұстаз болуға жараймын ба? – деген үлкен сұрақ, үлкен жауапкершілік тәулік бойына қатты мазалауы керек. Өмірге келген мына бала менің балам емес, ол елдің баласы, ұлттың баласы, халықтың баласы, тәуелсіздіктің баласы, ертеңгі күні менен қалатын жерді қорғайтын, елді сақтайтын, жердің асты мен үстіндегі сан алуан байлыққа ие болатын, ұлттың иесі болатын, міне осылар деп сенім арта  аламыз ба? – деген сұрақ ешкімді де мазаламайтындығы аса қауіпті жағдай. Құдай алдында да, ұлт алдында да парызымыз бен қарызымызды мінсіз толық өтей алдық па, о дүниеде тыныш ұйықтай аламыз ба? – деген сұрақ ше... Қысқасы, бұл ұл Аллаһ Тағала маған берген аманат қана, сол ұлы аманатқа қиянат жасауға ешқашанда болмайды дейтін ұлттық ой сананы қалыптастырмайынша, ұлттық психологияны қаламайынша, дәстүрге айналдырмайынша, әлемдік жаһандану, ғаламдану аждаһасынан, ғаламторлық алапаттан қазақ ұлт ретінде аман қалу-қалмауы екіталай дүние. Демек тағдырымыз қыл үстінде тұрғаны айдай анық. Барлық қауіп-қатерлі кесапаттың гәбі, міне, осында жатса керек. Мұнымен, әрине, мемлекет те жанқияр дәрежеде күресе білу керектігі айтпаса да түсінікті.

Бүгінгі қазақ отбасындағы бала тәрбиесіне тоқтала кетелік. Иә, замана ағымының, қоғамдық қатынастың, өмір сүру бұрынғы ұлы үрдістердің жаһандық сипатқа енуі өзіндік әсерін тигізгені де белгілі. Айталық ұлы бабалар салған ұлы жолдан ауытқымауға қоғамдық қатынастағы уақыт көшімен бірге келген евроцентристік өзге ұлт-ұлыстар тигізген ықпалға түсіністікпен қарасақ та, қазақ өзінің негізгі діңгегінен, кешегі ұлылар салған сүрлеуден ажырамауға болатын еді. Қазақ қоғамында кемеңгер көсемдіктің болмауының кесапатынан, өкінішке қарай, батыстың қақсығына, әсіресе орысқа еліктеушілік, ермелік тек қазақты ғана ұлттық текті болмысынан, қадір-қасиетінен айырып, шектен тыс қор болуға жықты. Өрісте малымыз, төсекте жанымыз араласып, бірге тіршілік кешіп келе жатқан көрші өзбек халқы «орыс боламын десең, алдымен қазақ болып ал» деп мазақ қылып, келемеждеуі міне, осыдан туындағаны белгілі.

Бір-ақ мысал. Өзінің тілі және озық ұлттық болмысына ие бола алмаған біздей елді, қазақтай ұлтты таба қою өте қиын шығар. Осыған орай биші Майя Плисецкая «қазақтың орысқа құлай берілгендігі, орысша акценсіз сөйлеуге тырысып құбылуы қандай жиіркенішті, қандай өкінішті опасыздық» дейтін сөзі де айдай шындық.

Қалай айтқан күнде де бүгінгі ұл-қызды тәрбиелеу үрдісі кешегі ата-бабаларымыздың қалаған ұлағаты зор өнегелі жолдан түбегейлі алшақтау бұлай тұрсын, тіпті құрдымға жеткені ащы болса да шындығы – осы. Бұған кім кінәлі? Бұл – әрине, мемлекеттік саясаттың кінәсі.

Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға Алаш деген атты аламын.

Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?

Алаш ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров «Мен, қазақ!» – деген өлеңінде осылайша жырлаумен өткен ғой. Сонда тегіміз – түрік, дініміз – ислам, өзіміз қазақ болсақ, біз, қазақ, не үшін қазақы мәдениеттен қашқақтаймыз? Тағдыршешті мәселеге келгенде қазақ неге жауапсыз?

Ұлтқа жанқияр көзқарас тумай – ешнәрсе оңбайды

Хан халықтың қамы үшін жанын қияр, әділ, таза, адал құлы болмайынша, қазақ елі теңдесі жоқ дәрежеде тоналудан да, ит төзгісіз тозақ пен азаптан да құтыла алмайды.

Мәселен, ұрпаққа білім мен тәрбие беру саласын алайық. Бұл жерде біздің ойымызша, бірнеше мемлекеттік ең өзекті де, ең өткір де өмірлік факторлар бар.

Біріншіден, ең бастысы білім беру саласына реформа жүргізуді желеу етіп, министрдің орынтағына кәсіби біліктілігі мен ұлттық принціпі жоқ кісіні («прораб», «кассирді») отырғызудың кесапатынан аталмыш киелі сала табантасына дейін талқандалып, құрдымға жетті;

Қысқасы, өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда жемқорлар – мұғалім, мұғалімдер – жемқор болды. Өйткені мемлекеттік құрылымды пара алуға мәжбүрлейтін дәстүр орныққаны қай заман. Адами тіршілік атаулы парасыз бітпейтін күйге жеттік. «Ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді» дегенді осындай опасыздық жайлағанда айтылса керек. Қазақстанның болашағы болған жастарды жемқорлар тәрбиелеп жатса, елдің ертеңі не болмақ? Қасқырға қой бақтырып отырған мына түрімізбен алдағы жүз жылда да жемқорлықты жоя алмайтын шығармыз.

Біз Білім және ғылым министрлігіне орынсыз мін тағып отырған жоқпыз. Жемқорлықпен күрес агенттігінің өзі бұл салада жең ұшынан жалғасқан қылмыстың көп екенін айтып отыр. Онымен қоса, министр ауысқан сайын реформа жасалатын бұл саланың дау-дамайы басынан асып, ушығып барады. Мемлекет үшін ең маңызды министрліктің мұнша былыққа батып жатқаны жанымызды айрықша қатты ауыртады.

Бүгінгі таңда кез келген мұғалімді ұстаз деп атауға болмайды. Ұлы ойшыл Абайша айтқанда, олар толық адам емес, яғни толық ұстаз емес. Демек, ХХІ ғасырдың сахнасында шын мәнісіндегі жанқияр халықшылдығы мен белсенді күрескерлігі зор нағыз ұстаз жоқ. Себебі, ұстаз дегеніміз аса қастерлі де ұлы есім. Сол ұлы есімге қол жеткізе білу үшін  мұғалімге тек қана бір пәнге немесе бір тақырыпқа байланып қалған академиялық білім мен ізденіске қоса, өле-өлгенше бейнетқорлық еңбек пен жанкешті күрескерлікті және әмбебаптық қабілет-қарымды айрықша дәрежеде дамытуды талап етеді. Олсыз кемелденудің сәті тумайды.

Екіншіден, барлық шаруа халықпен ақылдасып шешілген іс анағұрлым өнімді болмақ. Бізде ешкім ешнәрсеге жауап бермейтін, халықпен мүлде санаспайтын, тек жеке басқа табынатын сыбайлас парақор, жемқор, қылмыскер, қысқасы, опасыз, құдайсыз қоғам орнықты;

- Бұрын-соңды болып көрмеген дәрежеде ұлттық мүдде, халықтық мүдде табанға тапталып жатыр;

- Өмір сапасы – отбасындағы түйіткілді мәселе дер кезінде шешілуіне тікелей байланысты. Үйсіз, күйсіз, жұмыссыз, яғни лажсыздықтан қазақ тұрмыс құра алмай, қыз – кәрі қыз, ұл – сор сақа бойдақ атануы, тіпті отау көтергендерінің өзі тұрмыстық жоқшылыққа шыдай алмай ажырасып кетуі шектен шығып, ушығып барады;

Десек те, отан отбасынан басталады. Өзінің кеудесін жылытуға жарай алмаған ұл, өзгенің кеудесін жылытуға жарай ала ма? Расында көптеген жастардың экономикалық белсенді топқа кеш қосылуы да, «Бас екеу болмай – мал екеу болмайды» деген сөздің түп-төркінін ұғынудан қалған, түрлі әлеуметтік кедергілерді сылтау етіп, отбасын кеш құратындардың қатары да шектен тыс қалыңдап барады, сондай-ақ балалық шақтан кеш қол үзудің басым түсуі себебінен туындайтынын да ерекше ескергеніміз абзал.

- Ұлттық мүддені қорғау – алдымен мемлекеттік тілден басталады. Ел ішінде сөз бостандығы бопсаланды және ұлттық тіліміздің, яғни мемлекеттік тіліміздің нан табарлық дәстүрге айналатындай түрі әлі көрінбейді;

Мәселен, «2019 жыл – жастар жылы» деп жарияланғаннан кейін «шындықтан қашып құтыла алмайсың» деген плакатты көшеде ұстап тұрғаны үшін ғана жас жігіт темір торға қамалды. Журналистерге әр қилы күш көрсетілді. Бұл – ең сорақы сұмдық емес пе?

Үшіншіден, ұлт, ұрпақ қамы үшін тек ат үстінде жарық жұлдыздай жарқырап жүріп, жанын қия алатын адал зиялы қауым жоқ. Бары ұлттық болмысқа, елдік, халықтық мүддеге қарсы жүзуге келгенде алдына жан салмайтын, өңшең сатылымпаз, екіжүзді, жағымпаз, опасыз... яғни ең зиянды тобыр ғана бар;

Төртіншіден, ұстаздықты ойлау – елдігіміз бен ұлттығымызды ойлау. Бүгінгі қазақ қоғамында ұрпақ, шәкірт қамы үшін жанқияр халықшылдығы мен өнегелі күрескерлігі зор нағыз ұстаз жоқ. Бары тек өлместің қамын ғана күйттеген, өңшең байынан айырылған тексіз, билікке кіріптар бейшара, сайлау науқаны кезінде сайлаушылардың дауысын ұрлайтын күнәһар, ертеңіне класқа барып, шәкірт алдында дәріс беруден ұялуды білмейтін ұятсыз, сағақ үзбес мәңгүрт, дүбәра, рухсыз, жігерсіз, дәрменсіз... ұстазсымақ құлдар қоғамымызды түбегейлі жайлады; Сонда ұл-қыздарымыз озық, ұтқыр үлгі-өнегені кімнен алмақ? Жер, ел, ұлт, ұрпақ қамы үшін күресетін топқа қалай кірмек?

Ұстаздық тұлға – білім беру саласында да, тәлім-тәрбиені ұтқырлықпен оздыру бағытында да міндетті түрде пір тұтарлық киелі тұлғаға айнала білгенде ғана ұрпақ, шәкірт өркениеттің төріне шықпақ.

Сөздің шыны керек. Осы жолдың авторы 1994 жылдан бергі уақыт ішінде ұстаз бен дәрігердің мәртебесін заман талаптарына лайық жедел түрде жаңаша заңдастырудың аса қажеттігін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мақала күйінде де, Ашық хат түрінде де, мінбеден сөйлеу кезінде де үнемі жариялап келемін. Айталық, «Сағақ үзбес мәңгүрт ұстаз кімге тиімді? немесе жанқияр халықшылдығы зор нағыз ұстаз қашан қаулайды?», «Хан – құдайдың ұлы емес, ұстаз – ханның құлы емес» атты Ашық хаттар жарық көрді. Айтарым көп...

Олай болса, рухы асқақ, ұлтшылдық қайраткерлігі зор, есті де текті, таза да адал еркекті ұстаздық қызметке орналастыруды 90 пайызға жедел түрде жеткізбейінше, тәуелсіздігіміздің айы ешқашанда оңынан тумайтындығы әлімсақтан аян. Ол үшін еркекті қолдау мен ынталандыруға қатысты қысқа мерзімді бағдарлама керек. Рухы мықты, батылдығы басым, ізденімпаз да талғампаз, турашыл да жанқияр халықшыл, талантты қазақтың еркектері – сарқылмайтын қажымас қуат, таусылмайтын асыл қазына. Тек соларды ұлттық игіліктерімізге жарата алмай отырғандығымыз ешкімді де қынжылтпайтындығы жүрегімізді қан жылатпай қоймайды. Абай хәкім айтпақшы «Қолымызды мезгілінен кеш сермеп» жүруіміз қалай? Бүгінгі таңда кеудесінде оты жоқ, жігерсіз, күрессіз, намыссыз, армансыз, дәрменсіз, ынжық, мәңгүрт, құл, яғни, өңшең масыл ұрпақты қаулату кімге тиімді? Жер, ел, ұлт, ұрпақ, шәкірт қамы үшін топқа түсетін отты ұрпақты, жалындаған шәкіртті, яғни жанқияр халықшылдығы мен қажымас қайсар  қайраткерлігі зор нағыз ұстазды кім тәрбиелейді? Топқа түсуге жарайтын абадан ұлды кім туғызады? Әлемде жер асты және үсті толған теңдесі жоқ орасан зор байлықтың үстінде отырғанымызға қарамастан, қазақ шықпашы жаным шықпашы деп тек өлместің күйін ғана шегу, бұл – өмір емес.

Бесіншіден, ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Жұрт бүгіншіл, менікі ертең үшін...» демекші, бүгінгі тәуелсіз атанған қазақ елі, ұлттық отбасы мен мектеп атаулы кешегі текті тәлім-тәрбиенің озық үлгілі де өнегелі үрдістерінің тізгінен толық айырылып қалды;

Бұлардың сыртында басқа да кезек күттірмейтін көптеген көкейтесті ұлттық мәселелердің ауқымы шектен шығып, ушығып барады. Осылайша айта берсек, көкейде сұрақ өте көп.

Бүгінгі иесіз ұлттың бала тәрбиесіндегі олқылықтар

Реті келгенде ата-анаға қатысты әңгімені де айта кетелік. Жалпы ата-ана мен ұстаздың қарым-қатынасына қатысты, олардың жеке бастарына қатысты айтар болсақ, олар ұрпақ, шәкірт пір тұтарлық үлгілі де өнегесі озық келбетте болуы аса қажет. Өйткені, олар – ұл-қыздарына, шәкірттеріне ең ізгі ниет, шынайы махаббат арнауға қоса, күрескер тұлғалық үрдіске баули отырып, олардың бүгіні және болашақ қамына, жан-дүниесіне рухы мықты, күрескерлік қабілет-қарымы зор сәулелі жарықты түсіре білу бағытындағы жұлдыздық сипатта болу керектігі даусыз.

Ендеше шындығына келетін болсақ, ата-ананың көпшілігі, бәрі десек те болады, тек материалдық тұрғыда қамтамасыз етуді, әсіресе әлпештеуді, жиырмадан асқанша, тіпті отызға дейін бесікке бөлеуден басқасын, яғни шаруаның бәрін жасауды бала тәрбиесіндегі басты қағидасы ретінде түсінеміз. Бұл түсінік өз кезегінде ата-бабалардан бізге жеткен «Балаңды жеті жасқа дейін патшаңдай көр, жеті жастан соң құлыңдай жұмса, он бес жасынан досыңдай сырлас» дейтін мән-мағынасы мол өсиетті, тәрбиелік-өмірлік маңызы зор ұғымды санадан түбегейлі шығарып алуға жеткізді.

Есті де текті, дана қазақ «Он үште – отау иесі» деп тегін айтпаған. Он үш жас – алғашқы мүшел жас. Ата-бабаларымыз бұл жасқа келгенді азамат болдыға балап, бір шаңырақтың жүгін арқалатқан. Осы жаста бабаларымыз әмеңгер атанған. Жетім бала, тастанды бала, жетім балалар үйі, қараусыз қалған қарттар үйі деген ұғымның пайда болуына жол бермеген. Ал бұларды бүгінгі қазақ санасына сыйдыра алмайды. Неге? Өйткені, әсіре балажандылық, балаға тап болуы мүмкін қауіп-қатерден туындайтын секемшіл сезім, басқа да қорқыныш сананы буып, жан-жақты ойлауға, бабалардың сонау ұғым-түсініктің мәнісін терең түсінуге мүмкіндік бермейді.

Бала көзден таса болса, мазасыздық еңдеп, әлдебір қара ниетті адам ұрлап кеткендей шала бүлінеміз (бұны көшеде қауіп-қатердің ушығуына орай түсінісуге де болар), аулаға шықса, бір кеселге ұрынып қалатындай қалтырап-дірілдеп шектен тыс күйгелекті күйге түсеміз. Ақырында күйбеңдеп жанынан шықпай, сылап-сипап, байғұс баланы «бөлеп» тастаймыз. Мұндай ата-ана «Он үште – отау иесі» деген ұлы ұғымды санасына қайдан сыйдырсын?

Он екі жастағы ұлды үйден таяқ тастам жердегі дүкенге жұмсай қалсақ, жік-жаппар боп, абайла деп сан қайталап, шығарып саламыз. Дүкеннен келгенде қатерлі қыл көпірден өтіп келгендей қарсы аламыз. Содан соң «Азамат болды деген осы» деп арқасынан қағамыз.

Бүгінгі он үштегі ұлымызды ана сүті аузынан кетпеген сәбише көретіндікті жоғарыда атап өттік. Бұл өз кезегінде көптеген ұл-қыздың он үшті былай қойғанда, отызға, отыз беске келгенше өмірден өз орнын таба алмауына, ата-ананың зейнетақысына телміріп, масыл болуына әкелетіндігі даусыз. Ұл-қызды ерте есейту, оң-солын ерте таныту өз қолымызда. Ол үшін ұрпаққа сенім арта білейік, шектен тыс өбектемей, бір сәт өз бетінше әрекет етуіне мүмкіндік берген абзал. Баланың болмыс-бітімі, мінезі орнығар 13 жасқа келген сәтте сенім арта білген кешегі есті де текті, кемел қазақтың бүгінгі буыны 19-20 жасында отаудың, 25-30 жасында ұлт, Отан жүгін мінсіз көтере білудің мақсатына баули білуге келгенде бәріміз де аса қатаң түрде жауапты екенімізді ұмытпайық.

Адам құқығы күндей салтанат құрмай – өркендеудің айы тумайды. Қазақ алдымен құлдық психологиядан арылмайынша, түбегейлі оянысқа түспейінше, ұлт, ұрпақ қамы үшін жаппай қаулаған жанкешті күреске түспейінше, Ұлы Дала өркендеудің сілкінісі мен серпілісіне түспейтіні анық. Яғни ХХІ ғасырда ел, ұлт, ұрпақ қамы үшін тәуелсіз елдің озық үлгілі де өнегелі отбасын бұрын-соңды болмаған дәрежеде жедел түрде қалыптастыра отырып, өзге ұлт-ұлыстан оздыра білу, бұл – ең маңызды мемлекеттік стратегиялық мәселе.

Қорыта келгенде айтарымыз, біз, қазақ баласы, кешегі өткен ғасырлардағы ұлы ата-бабаларымыздың қол жеткізген теңдесі жоқ жетістіктерімен мақтануды қойып, ендігі жерде, ХХІ ғасырда өз ұл-қыздарымыздың шыққан биік шыңдарымен ғана мақтана алатын, марқая алатын, тіпті әлемді таңқалдыратын ұтқыр үрдісті орнықтыра отырып, оздыра түсуді жедел түрде қолға алуымыз әрі қарыз, әрі парыз екенін естен шығармайық, ағайын!

Молдағали Матқан

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407