Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3582 0 пікір 8 Тамыз, 2011 сағат 04:36

Серік Ерғали. КӨСЕГЕ ҚАЙТСЕ КӨГЕРЕР ...

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

«Как нам обустроить Россию» мақаласын жазған орыс шовинисі А.Солженыйцыйнға (қазақ транкрипцимен осылай) еліктеп жазылған бұл жарияланым бұдан 19 жыл бұрын жарық көрген еді.

Осы еңбекті жариялаған «Ақтөбе»газетінің сол кездегі бас редакторы ТЕКТІҒҰЛ Қуанышқа, сондай-ақ, мұны елдің саяси жоғары билігіне жеткізген сол кездегі Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты Ізбасқан АЙМАҒАМБЕТОВКЕ аса зор ырзалығымды білдіремін.

Ақтөбе қаласы.1992ж қазан - қаңтар 1993ж

 

Кіріспе

Бодан болғанымызға әрісін білмейміз, берісі -  300 жыл. Ал, соңғы 70 жыл отар екенімізді де ұмыттырып, мәңгүрткені мәлім.

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

«Как нам обустроить Россию» мақаласын жазған орыс шовинисі А.Солженыйцыйнға (қазақ транкрипцимен осылай) еліктеп жазылған бұл жарияланым бұдан 19 жыл бұрын жарық көрген еді.

Осы еңбекті жариялаған «Ақтөбе»газетінің сол кездегі бас редакторы ТЕКТІҒҰЛ Қуанышқа, сондай-ақ, мұны елдің саяси жоғары билігіне жеткізген сол кездегі Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты Ізбасқан АЙМАҒАМБЕТОВКЕ аса зор ырзалығымды білдіремін.

Ақтөбе қаласы.1992ж қазан - қаңтар 1993ж

 

Кіріспе

Бодан болғанымызға әрісін білмейміз, берісі -  300 жыл. Ал, соңғы 70 жыл отар екенімізді де ұмыттырып, мәңгүрткені мәлім.

Айтып - айтпай не керек, азаттығымызды жарияладық. Иә, оны алған жоқпыз, жариялаған болатынбыз. Алдық деп айтуға әлі күнге мемлекет, ұлт тарапынан субъективтік жайттар жеткіліксіз. Ал, тәулсіздігімізді жариялатқан объективтік жағдай ғана. Сондықтан да, айтулы күш жұмсамай, алыспай-жұлыспай жариялаған Азаттыққа басқаны қойып, өзіміз де кейде менсінбей қарайтындаймыз.Тер сіңбеген жемістің қадыры әруақытта солай ғой. Азаттық та - еңбек пен күрес арқылы ауызға түсетін жеміс. Қай халыққа да бодандық бұғауын бұзу жеңіл болмаған, оңай бұзғанның өзінде оның артында түйедей төлемі жатады.

Қазақ халқы да Азаттық атты арманды Тарихтан қарызға алып, жариялап отырғандай. Уақыт-қожайын бәрібір оның төлемін сұрайды.Ал, біздің соған дайындығымыз қалай?

Азаттық дегеніміз - бодандық бұғаудан құтылуға қаншалықты күш-қайраттың қажеттігін ұлттан талап ететін категория. Қаншалықты тырбынсақ, азаттығымыздың көлемі де, құны да соншалықты. Азаттық үшін декларация мен демогогия емес, ең керегі философиялық және физикалық екі шаманың үйлескен көрінісі: ақыл+қайрат. Осы қосынды ғана ұлтқа қажетті Азаттықты әпереді. Ал, Азаттық қана - көсегені көгертетін аспап.

 

Сан мен сапа және уақыт

Әдетте аталмыш аспаптың іске жарауы ұлттың субъективті жағдайына (қара басына) байланысты.  Ал, ол жағдай ұлттың саны мен сапасынан тұрады.

Мемлекетіміздегі санымыздың аздығына өзіміз қынжылып, жауымыз бетке салық етуде...

Ал, сапамыздың төмендігі сөз болғанда ұлттың бастан кешкен тарихи объективті жағдайын ескермей, оның субъективті міндерін санамалап кететініміз бар. Ашығын айтсақ, жалқаулық ауызбірсіздік, парықсыздық, дарақылық, іске икемсіздік сияқты міннің бәрі қазақы кемшілік емес. Бұл міндер - қазақтың қанына сіңген субъективті жайттар емес, бар болғаны объективті жайттардың салдары екендігіне көз жеткізетін уақыт жетті. Мұндай міндерді түзеуге мүмкіндік те, ұлттық қажыр-қасиет те жеткілікті. Ол үшін тек қана Уақыт керек. Бұл жерде уақыт ретінде республикадағы Тыныштық, Татулық мерзімін атаған жөн.

Қазақстан үшін қазырғы өтпелі кезең мен мемлекетті нығайту дәуірінде Тыныштық валютадан да аса қымбат. Бізге неғұрлым тыныштық болған сайын, Азаттығымыз беки түседі, көтерем күйімізге шыр бітеді. Сондықтан да жауларымыз әлсін әлі от лақтырып, арандату әрекетін жасап бағуда. Тыныштықпен Уақыт ұтатын Қазақстан өзінің кәзіргі жауы үшін сол себепті де қорқынышты. Қазақтың тұңғыш президентінің ұлтаралық шиеленістен алтын көзесін сындыратындай шошитыны да сондықтан. Сол себепті де, біздің басты байлығымыз - кәзіргі сәтте далыйған Даламыз емес, бал татыған Татулық! Бұл үшін басқаны шамадан тыс басындырмай, өзіміз өзгенің арандату тұзағына ілінбей, шыдампаздық танытуға тура келеді. Бұл - кеше ғана тәуелсіздік туын желбіретуге мұрсат берген Тарихтың басты шарты.

Бейбіт кезең - әруақытта сан мен сапаның кепілі. Бейбітсіз мезгіл санды да, сапаны да кемітетіні белгілі ғой.

Азаттық жолындағы қазырғы Алаштың осыған дейінгі ұтқаны - Тыныштық. Қалған жетістігіміз осы себептің салдары ғана.

Басы.

 

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР ...

 

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

 

Саясатта батырлық емес, батылдық бар

Саясаттағы тактиканың мәнін тайыз ұғатындар ұшқары да үстем сөйлейтін қайраткерлерді нағыз саясатшы деп түсінетіні бар. Сөйтіп, бәсең сөйлеуші саясатшыны жалтақ, қорқақ санайды, оның әрекетін саяси жеңіліс деп бағалайды. Ал, жалпы саясатта «қорқақ», «батыр саясатшы» деген ұғымдар атымен жоқ, егер батыр екендігін дәлелдеуге тырысқан болса, оның шын аты - популист! Бірақ, саясаттың сүйікті қасиеті - батылдық. Батыл қадам жасалмаса, саяси бейшаралық - сол! Сондықтан кейбір политикандардың Нұрсұлтанның тактикасын түсінбей, қорқақ санауы ұғымсыздық. Себебі, саясатта қорқақтың орнына шарасыздық қана жүреді.Ал, қазақтың президентін шарасыз деп айту - Нұрсұлтанды кемсіту емес, дүние жүзінің қазақты танып отырғанын жоққа шығару.

Жалпы, саяси тайыздық екі ұғымнан басқаны білмейді, оның мойындайтыны: батырлық не қорқақтық, күштілік не әлсіздік. Батырлық тек қана соғысқа тән екенінен хабарсыз, батылдық тек қана тактикаға қажет екенін қайдан білсін. Саясатта күшке емес, тактикаға сүйенесің, сол себептен де батылдықтың қажеттігі осында.

Кейбіреудің Нұрекең тактикасына түсінбейтіндігін бүркемелеу үшін оны қорқақ, жалтақ ретінде ғана сынауы әлгінің саяси саяздығы. Оның орнына президент қатесін тап басып айтып, бүге-шүгесіне дейін саяси талдау ондайлар үшін, әрине,  алынбас асу. Ондайларға ең оңайы бір-ақ сөзбен, «Әй, соны қойшы, жалтақ!» деу.

 

Қазаққа кәзір қай қаблет қажет?

Басқаның қандай екені емес, бізге бәрінен бұрын кәзіргі таңда өзіміздің қандай екенімізді тану өзіміз үшін әлдеқайда қажет. Әрине, кей ағайынның «қазақтың қандай екенін әлі күнге білмейтін не қылған жан?» - деп күйіп-пісуге қақысы бар. Оның үстіне алашты Абайдан асырып тану да мүмкін болмас.

Десек те, Абай заманындағы көшеген қазақ қазыр ебропаланып, отырықтанды. Осымен бірге көшпелі өркениетті отырық өркениетімен алмастырып, қазақы мінезін бұрынғыдан гөрі өзгертті.

Абай атаған мін азайған жоқ, үстемеленді. Ең ауыры қазақы парасаттан (интеллект) ажырап, ебропалық парасатты игере алмай орта жолда қалып отырмыз. Бұл - ұлттығымыздың ең осал тұсы.

Ұлттық парасат - ұлттың рухани діңгегі. Бұл діңгек ұлттың тағдырына байланысты қалыптасқан объективті жағдайға байланысты не көгеріп, не қурап отырады. Қазақы парасатқа үлкен  нұқсан келтірген осы ғасырдың  4 онжылдығы.

ХХ ғасырдың 30 -жылдары қазақ тарихында оны сандай да, сапалай да жұтатқан жылдар болды. Қазақ халқы 30-жылдардың зұлматы болмаса, репрессиядан қанша арыстарынан айырылса да, рухани белі қайыспаған болар еді.Өйткені, ХХ ғасырдың басы қазақ үшін сандай да, сапалай да өсім берген дәуір еді. Ұлттың парасатын құрайтын зиялы лек қанша қырғынға ұшыраса да, ұлттың келесі жеткіншек буыны оның рухани сағын сындырмас еді де, бұл рухани тірек ұлттық парасатқа айналып үлгерер еді. Мұндай жайтты біз қазыр украин, өзбек, қырғыз, грузин, т.б. халықтардың еңсесінің биік, рухының ұлттық бояуынан көреміз.

Кез келген толыққанды ұлт бір бірімен байланысты үш буыннан тұрады: бала, аға, ата буын. Әр буын ұлттың белгілі бір жүгін көтерер. Ата буын - ұлттың кешегі келбетін сақтап, халықтың әдебін ұстайды, өткен әлектен сақтандырады, тәрбиелейді. Аға буын - ұлттың жасампаз буыны, Ұлттың кешегісін ескеріп, келешегіне рухани, материалдық қамту жасайды. Ұлттың үрдісті дамуына тиек болады. Бала буын - ұлт болашағының кепілі, оның келешек резерві.

Аштық жылдары қазақ ұлтының қауқарсыз ата және бала буынын негізінен қаусатып кеткенін ескерсек, ұлттың тауқыметі аға буынға түскенін көреміз. Осыдан келіп, ата буынның тақсыретінен ұлттық тәлім мен әдет, әдепке үлкен нұқсан келді. Ал, мұның бәрі сайып келгенде ұлттық келбетті,  сыйықты құрайтын еді. Бала буынның селдіреуі ұлттың санына ғана емес, оны санасыздыққа, парасатсыздыққа, пайымсыздыққа және парықсыздыққа итермеледі.

Бүкл бір ұлттың тауқыметін бір буын көтерген халықта басқамен теңесерлік парасат қайдан болсын?! Ал, бізге қазыр керегі де жалпы ұлттық парасатты қалпына келтіру. Әдеттегі жекелеген адамдардың парасатын (Нұрсұлтанның, Олжастың, Әбіштің интеллектісін) бүкіл ұлтқа телуге болмайды. Олардың парасаты әлемдік деңгейде болса да жалпыұлттық деңгей төмен екенін мойындау қажет. Мұның барлығы ұлттың субъективтік бейшаралығы емес, объективтік жайттардың салдары.

Қазақты ұлы болашаққа апаратын оның тамаша екі қасиеті бар: икемділік пен төзімділік. Бұлар - біздің ішкі ұлттық ресурсымыз. Әрине, қазақтың кім екенін, қандай ұлт екенін сұрасаң, біреу оның әлі ұлт еместігін, енді біреу ауызбірлігінің жоқтығын, енді біреу қой мінезділігін, жалқаулығын тізіп ала жөнелетіндігі белгілі. Бірақ, мына нәрсені әр уақытта есте ұстаған жөн: жоғарыдағы аталған қаптаған кемшілік бүгінгі күнге қазақты аман-есен жеткізбеген болар еді.

Біреуге бодан болған халықтың сол сәттен бастап ұлттық сыйпатына нұқсан келе бастауы әбден белгілі жайт. Ұлт дегеніміздің өзі - әуелі ешкімге тәуелсіз халық. Қандай деңгейдегі ұлтты да бодандық арқылы ұлтсыздандыруға болады. Керісінше, қандай ұлтсызданған бодан елді Азаттық арқылы қайта түлетуге болады.

Жалқаулық пен бірліксіздік - әр уақытта құлға тән мінездер. Құлды сабамаса, өздігінен еңбектенбейді, сонымен бірге олардың бірігуі де қыйын процесс. Демек, қазақтың көптеген жаман қылықтары - құлдық психологияның салдары. Құлдық мінезді қазақтың бойынан ғана емес, отар болған басқа да ұлттың бойынан табу қыйын емес.  Грузиндерді алыңыз. Армян, азербайжандар әуелі бірігіп, бодандық бұғауын бұзуға тырыспай, бір бірін қырып жатқанын ескеріңіз. Ендеше құлдық қылық - бодандықтың белгісі, соның салдары. Ал, жалқаулық, даукестік - құлдық нышан. Құлдық мінезден құтылуың басты негізі - сананы жетілдіру, басқаның кемшілігінен үйрену. Сондықтан «қазақ анадай да мынадай» деп өзімізді жазғыруға тиек болатын қылықтар қазақтың маңдайына жазылған мінездер емес, ұлттың субъективтік нашарлығы емес. Оның орнына осыған душар еткен объективтік жайттарды саралау қажет.

 

1992жыл. Қазан-желтоқсан. 1-жалғасы.

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР ...

 

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

 

Ұлттық сана мен парасат

Ұлттық сана дегеніміз - кез келген ұлттық мәселеге бүкіл халық болып бас қатыру көрінісі болса керек. Бұл жағынан алғанда, Аллаға шүкір, ұлттық санамыз орнығып, тіл, дін, жер, болашақ жөнінде жаппай жарыса толғаныс баршылық. Алайда, ұлттық сана халық мәселесін көтеруге ғана қауқарлы болғанымен, оны шешуге келгенде дәрменсіз. Ұлттық мәселелерді қанша көтеріп, ұлттық санамызбен қаншама даурығыссақ та, оның шешу жолы үшін әлдебір сапа керек. Ол сапа - Азаттықты іс жүзіне асыруға бірден бір қауқарлы да жігерлі ұлттық парасат (интеллект). Ал, парасат деп отырғанымыз - арлы, намысты ақыл мен ойдың жыйынтығы.

Ұлттық парасат - ұлттың асыл қаруы. Парасат болмай, ұлттық бірлік те қылаң бермейді. Парасат болмай, ешбір ұлттық асу алынбайды. Ұлттық парасаттың болуы өз алдына,оны ұлттың игілігіне жарата білу - ерекше бөлек мәселе. Пайымдауымызша, парасат ұлтымызда қажетті деңгейде емес, оның үстіне барымызды ұқсата алмай отырған жайымыз бар. Жеткілікті дәрежеде парасатты ұлт қай мәселеде де даурығыспай, аптықпай, асып-саспай шара қолдануды қолға алады. Сөзінен ісі алда жүреді. Демек, бізге қайткенде де парасатты көтеру керек.

Оны дамытудың басты жолы - ұлтты жүйелі ойлау дәрежесіне жеткізу. Қай мәселені шешу де, оны жүйелі түрде ойлап, ұйымдастыруға байланысты. Ал, кәзіргі кезде біз тыңғылықты ойластырып, бүге-шүгесіне дейін ешбір істі жүйелі түрде ұйымдастыра алмаймыз. Қай ісімізден де «әттеген-ай» жылтыңдап тұрғаны. Мұны бәрі парасатты түрде ойлап, пішпегендіктен.

Мәселен, 1989 жылы улап-шулап тіл мәселесін көтердік. Сөйтіп жүріп, әйтеуір, жаратқанның құдыретімен, жекелеген жандардың қайратымен тілді мемлекет мәртебелі еттік - дұрыс-ақ! Бірақ істі сонымен біттіге санадық. Іске асуы неғайбыл программа-жоспарлар жасап, оны бірнеше рет өзгертумен әуре болдық. «Қазақ тілі» қоғамын құрдық. Алғашқы жақсы нышанды, жемісті де көре бастадық. Бірақ тіліміздің әлі де тұрмыстық ахуалдан жоғары көтерілмегені белгілі. Бұрынғы арынымыз басылып, тіпті, тілдің мемлекеттік мәртебесін сақтай аламыз ба, жоқ па деп қыбыжықтай бастадық. Тіл жайы жауға айнала жаздап та жүргені тағы бар. Міне, осы тіл майданының өзінен ұлттық парасаттың жетімсіздігі көрініп-ақ тұр.

Біріншіден, тілдің мүшкіл халының өзі жете зерттелмей отыр. Тілдің бұл ахуалы қандай дәрежеде екендігі айқындалмады. Оның бір ғана тұрмыстық дәрежеде қалғандығын білу жеткіліксіз еді, одан арыға ойжүйеміз (мышление) жібермеді. Парасаттың керегі осындайда.

Екіншіден, «тілді дамытудың қандай сфералары бар?» деген сауалға әлі жауап жоқ.

Үшіншіден, тілді қайткенде дамытамыз, тазалаймыз деген мәселеге әлі жауап ізделген жоқ. Және оны кім атқару керектігі де белгісіз. Шамасы, мұның бәрін біз үшін тіл туралы заң атқарады деп ойлағандықтан болар. Мемлекеттік тіл комитетінің құрылуы саяси жағдайға байланысты кешігуде, алайда, оның ісін қоғамдық жолмен де атқаруға болар еді. Міне, осындай жерде керегі, әлгі - Парасат. Бұл қаблет бізге жоқтан барды жасатар еді.

Ұлттық парасаттың көрінісі әруақытта зиялы қауымның әрекетінен көрінген. Әр салалы сферадағы зиялы қауым өз міндетін жүйелі құра отырып, іске асырса, ұлт тағдырын шешу соншалықты қиын емес. Ал, біздің зиялы қауымда ауызбірліктің жоқтығы ұлт бірлігінің жоқтығы болып табылады. Ол әркім айта беретін ұлттық мінездің кесірі емес,зиялы қауым парасатының төмендігінен. Алайда, зиягерлердің бірлігі бұған дейін қазақта болғанын ұмыта қалатынымыз ұят. «Алаштың» ардагерлері ұлтты қалай оятып, қалай біріктіріп еді?!

Ұлт парасатын жаппай дамытудың бір тәсілі әрі ыңғайлы түрі - ұлттық идеологияға негізделген көсемсөзді (публицистиканы) дамыту. Парасаттың даму көрінісі көсемсөздің деңгейінен көрінеді. Көсемсөз дамыса, онымен бірге парасат та өсті деуге болады. Ал, көсемсөзді дамытудың бірден бір көзі - көпшілік ақпарат құралдарына жағдай жасай отырып, оларға биік те нәтижелі талап қою.

 

Азаттық көсемсіз алынбайды

Дәл солай! Ұлтазаттық процесс - ұлы іс. Ұлы іс әруақытта ірі тұлғаларды қажетсінеді және тудырады, өсіреді. Оның мысалы аз емес: Әмрикада - Вашингтон, Үндістанда - Джавахарлал, Түркиеде - Ататүрік, т.б. осылай тізіліп кете береді. Егер біз қазырғы жайымызды ұлтазаттық процес ретінде мойындасақ, онда осы процесте ірі тұлғалардың жүруін қалауымыз қажет және оны тани білгеніміз жөн. Қысқасы, Азаттық әруақытта ұлттық көсемнің болуын қалайды, олай болмаған күнде процес жүрмейді, жүрсе де кесірге тап болады.

Әрине, қызыл идея «көсем» ұғымын «пайғамбармен» қатарластырып, асыра насихаттап, мәніне нұқсан келтіргені рас. Ал, «көсемнің» о бастағы мәніне ой жіберсек, ол - бар болғаны ұлтты ұлы іске жұмылдырушы. Ал, кәзіргі Қазақ жағдайында бұл мағынаны қанағаттандыратын тұлға ретінде Нұрекеңді (Нұрсұлтан Назарбаев) мойындау әділетті әрі шынайы. Оны бұлайша тану - оның портретіне құлдық ұру емес, оған ұлттың жауапкершілігін арту. Қазырғы кезде ұлттың жүгін көтеретіндей тұлға таба алмасақ, ұлтпыз деп Азаттыққа ұмтылудың өзі қатерлі.

Көсем - ұлтқа жалауша желбірейтін пайғамбар емес не ұлттың басына қамшы үйіретін диктатор емес, халықтың бағыт-бағдарын бастаушы, оның тағдырын талапайға түсірмей, ұлттық потенциалды ұлы іске жұмылдыру үшін қажет категория.

 

Саяси қалып

Кәзіргі саясатта әр мемлекет саясатының іргетасы болып табылатын саяси қалыптың болатындығын байқау қиын емес. Саяси қалып әр елдің саяси мінезі, тұрғысы іспетті. Ол - мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатының мүмкіндігінен  ғана туындамайды, мемлекет басшылығының субъективтік, елдің объективтік жағдайына қатысты фактор. Саяси қалып - мемлекеттік субъективтік саяси іргетас.

Саяси қалып негізінен сыртқы саясатта өзін көбірек байқатады. Мәселен, АҚШ кәзіргі кезде дүние жүзіне бірден бір саяси ықпал етуші ретінде паңдана қимылдауда. Ал, Ресей         өзін бұрынғы КСРО-ның қаншалықты мұрагері етуге тырысқанымен, оның саяси қалыбына бұл амбиция сыймай отыр. Ресей қазыр бейне бір шайпау әйел секілді. Бірде бұлай, бірде олай. Бұдан оның жаңа мемлекет ретіндегі жаңа саяси қалыбы әлі қалыптаспағандығын көреміз. Ендеше оның саяси іргетасы қаланбағаны. Бұл Ресей үшін ғана емес, өзгелер үшін де қауып. Бұл жағынан Қазақстан өзінің саяси кейпін біршама қалыптастыру үстінде. Оның саяси қалыбына ұстамдылық, байсалдылық, ұмтылғыштық пен бейбітқойлық тән екендігі айқындала бастады.

Дегенмен, саяси қалып мемлекет дамуына орай немесе ішкі-сыртқы саяси күштердің ықпалымен өзгеруі мүмкін.

Саяси қалыпты таңдау мемлекет тағдырының бірден бір басты жайы. Алайда, саяси қалыпты таңдау мүмкіндігіне Қазақстан секілді жас мемлекет Тыныштықпен уақыт ұту арқылы ғана ие болады.

Бұрынғы КСРО жераумағындағы шиеленіске тап болған мемлекеттерде саяси қалып бар деуге болмайды. Оны қалыптастыруға олардың мұршасы да жоқ.

1992жыл. Қазан-желтоқсан. 2-жалғасы.

 

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР ...

 

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

Геосаясат - елдің сыртқы тұрпаты

Қайбір тәуелсіз мемлекет өзінің дүниеге келуімен бірге саяси дүниеден өзінің орнын ала отырып, айналасымен қарым-қатынастық ауан дәйектейтіні бар. Саяси айналаны (геосаясатты) дәйектеуде кәзіргі саяси қалыптың біраз ықпалы бар. Шынын айту керек, Қазақстанның ішкі кейпі күрделі болғандықтан, оның геосаясаты да қарапайым бола қоймайды. Сондықтан бұл жайт Қазақстан жағдайында ежіктеліп барып, сомдалатын болар. Жалпы, Қазақстанның болашақ ірі мемлекеттер қатарынан табылатын қайнарын ескере отырып, оның саяси айналасын былайша кейіптеген жөн:

-         экономика жағынан еброазиялық бөрі, бұған мол байлық пен халықтың аса икемділігі, жастығы кепіл;

-         географиялық жағынан Дүниежүзілік саяси кіндік, оған батыс-шығыс, оңтұс-солтұс көпірлер торабы болу мүмкіндігі мен географиялық орны куә;

-         этнодемографиялық жағынан - түркілік қарашаңырақ, оған тарих  та, объективтік жағдай да, барлық түркілердің Қазақстанды айнала орналасуы да итермелейді;

-         діни сенімі жағынан - дүниежүзілік дін тартысының ешбіріне аса жақтаспайтын зайырлы мемлекет.

 

Осы аталған геосаяси жағдайы Қазақ мемлекетінің қазырдан бастап сыртқы ниетінің қалыптасуына негіз етілгені жөн.

 

Қандай одақ қажет?

Жұрттың бәрінің есінде, федерация үшін де, конфедерация үшін де біздің президентіміздің бәрінен бұрын одақшыл ынтасының болғандығы. Тіпті, ақырында ТМДсыз қалатынымызға бөгет болған да сол. Не себеп? Президент сонша неге одақшыл? Бар мәселе: Қазақстан жағдайында империялық бұғаудан босаудың тактикасында. Ол бұл тактика бойынша Ресейден іргені үзілді-кесілді аулақ салу қаншалықты қауып екенін жақсы біледі. Оны тек әсіре азатшылдарға сездіру қиын. Олар үшін армияны құру да, ақшаны шығару да, шекараны жауып, басқаны қуу да оп-оңай. Бейнебір жапандағы жалғыз отар қоймен тәуелсіздіктің тәуекел шыңына шығатындай!

Барлай білген адамға, Қазақстанның солтұс шекарасы Ресеймен жымы білінбей жымдасып жатқандығы рас. Ол жікті шекаралық шарбақпен ажырату мүмкін емес. Оған уақыт пен объективтік жағдай керек екендігін мойындау ләзім.Міне, сол уақыт пен жағдайды ұту үшін ұтыры келген қай одаққа да (әйтеуір, отар одақ емес) бас шұлғып, ынталану қажет екендігі рас. Бұл - президенттің одақшылдығы емес, азатшылдығы деп ұққан жөн. Әрине, бір күн, не бір ай, бір жыл азат болып, қайта бұғауға түсу - біздің таңдауымыз емес. Ендеше түпкілікті тәуелсіздік үшін уақытша «тәуелділікке» көніп, қайыс ноқтаның шіріп түсуін күткеннен өзге амал жоқ.

Одақ демекші, ТМДдан қайран жоқ екені рас. Алайда, оның қаусаған сықпытының өзі Қазақстан үшін, айталық, Қытай секілді қорқаудан қорғайтын серік екені рас. Және әркім өзімен өзі кеткеннің өзінде біздегі өзге ағайындар дәл кәзіргідей момақан болып жүре беруіне кім кепіл? Сол себептен де қазақ өкіметінің бұғанасы қатып, мемлекеттің қабырғасы бекігенше Ресеймен қол ұстаса тұрудан басқа жол көрінбейді.

Әрине, одақтың бір нұсқасы: Орта Азия-Қазақстан. Алайда, бұл одақтан Қазақстаннан басқасына ғана саяси пайда көбірек. Ал, біздің солтұс шекараны әлдеқандай жағдайда ортазиялық бауырлардың қорғасуға дәті бара ма? Тіпті, бұл одақтың Тәжікстан шиеленісіне де араласуы неғайбыл. Демек, өтпелі дәуірге тәжікелессек те, дәрменсіз ТМД тәуір. Жалпы, ТМДның күрт ыдырауынан сақтанған жөн. Бұл одақсымақты ең болмағанда мемлекетті толық қалыптастырғанша, барынша пайдаланып қалған мақұл. «Жыланнан түк тартсаң да пайда!». ТМДның шұғыл ыдырауы КСРОның жераумағында  жаппай азамат соғысының ұласуына апаруы мүмкін.

Ал, болашақты көздесек, түркілік конфедерация сағымдай бұлдырайтыны рас. Түптің түбінде осы сағымды нысаналаудан танбау қажет. Ондай түркілік одақты алғышартсыз, объективтік жағдайсыз бөлек қой отарларын бір біріне жамыратқандай күй кешуге және болмайды. Сондықтан ойда түркілік конфедерация тұрса да әзірге тарихи-мәдени-экономикалық бауырластықтан бастаған мақұл болар.

Түркілік одақ қаншалықты мүмкін? Таяу мезгілде мұндай одақ жөніндегі бастаманың бола қоюы да неғайбыл. Бола қалғанның өзінде Қазақстанның ішкі әлпеті ондай одаққа жібере қоюы екіталай.

Жалпы бұл одақтың жүзеге асуы бастаманы кімнің көтеруіне байланысты.Егер кешегі бодан елдер бірігуді қолға алса, оның одақ болып жарытуы белгісіз. Себебі, толық азаттық жолынан өтпей, әрқайсысы өзінің толық мемлекет екеніне көзі жетпей, бодандық мінезден айырылмай, бодан елдердің ерікті одақ құрып көктеуі екіталай.

Ал, бұл бастаманы жалғыз егемен түркі елі Түркия қолға алса, үміт молырақ. Бірақ, жағалай жалаңаш елге жалғыз Түркия қамсау болуға жүрегі дауаламас. Және дүние жүзінің бірыңғай қандас одақтың дүниеге келуіне түрткі болатын Түркияға қалай қарайтыны белгісіз.

Қазырғы ең ұтымды да болашақ ұлы одақтың бастамасы боларлық қадам - түркі қоғамдастығының стратегиялық нысанасын діттейтін Түркия бастаған іс жүзіндегі өзара бауырластық. Осы бауырластық түбінде одаққа айналатынына шүбә жоқ.

1992жыл. Қазан-желтоқсан. 3-жалғасы.

 

 

 

 

 

 

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР ...

 

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

 

 

Қоғамдық саяси сықпыт

Саяси ұйымдардың саны жөнінен мақтана алмайтынымыз рас. Кәзіргі өтпелі өлара кезең үшін бұл біздің бағымыз да шығар. Экономикалық қуатсыз, әлеуметтік әлсіз кезде саяси белсенім қоғам үшін бәрінен бұрын басты кесел. Мұны, ТЖМКден (ГКЧП) кейін алғаш құрылған республикашыл (1991 жылы «Азаттың» негізінде құрылған) партияның бастамашысының бірі болсақ та, ащы шындық ретінде мойындауға тура келеді. Қоғамдағы саяси белсенділік, әсіресе, біздің мешеу де жас мемлекет үшін аса қауыпты. Ондай белсенім үкімет ауыстыруға құштар, сол қылығымен-ақ, мемлекеттің дамуын жолдан қалдырады, тәуелсіздену қарқынын тежейді.

Қазақстан үшін қазырғы мемлекеттік құрылыс аяқталмай, жалпыұлттық билік орнықпай, қазырғы үкіметке тайталас (оппозиция) болудан сақтану керек, оған апаратын арандатудан абай болған жөн. Мұндай арандатуға ұрынып үлгерген мамыр айындағы «азаттықтардың» қылығын саяси даурықпалық демеске лаж жоқ. Сол әрекеттің басқасын былай қойып, қатенің бір қырын алсақ та, жеткілікті: коалициялық үкіметке орындық бөлісуде «Азатқа» ауыл шаруашылығы, білім беру мен денсаулық сақтау ғана тиер. Өзге сала бойынша бастамашы «Азат» тырп ете алмаған болар еді. Ал, осыны жақсы сезген орыстілді баспасөз ішкі қуанышын жасырса да әркімнен сүйінші сұрағандай жеткізді. Ендеше саяси қадамды осылай жасау ақылсыздық емей немене?

Шынын айту керек, әлдебір тарихи жағдай қалыптаспаса, қазырғы саяси ұйымдардың ықпалы жоқ. Бәлкім, бұл пайдалы да болар. Әйтпесе, «Азатпен» қосарланып «Единство» аренаны бермесе, мемлекетіміз не күйде болмақ. Әрине, бұл уақытша жағдай және осы саяси ауан әлеуметтік жабағы көтерілгенше сақтала тұрғай.

Осы жерде ұлттық зиялы қауымның мұншама ұзақ ұйқысын жазғырмай өтуге болмайды. Біздің ойымызша, дәл қазырғы кезде жас азат мемлекетімізге демеу ретінде дүниежүзілік қазақ зиялылар коалициясы немесе Алаш ассамблеясы іспетті ұйым ұлтымызға аса пайдалы нақты істер атқарған болар еді. Өкінішке қарай, быйылғы І бүкілқазақтық құрылтай ұлттық потенциалды қайратқа айнала алмай, бар болғаны шетелдік қазақтарға Атажұртты таныстыру мәнінен әрі аса алмады. Зиялы қауымның қазақ қоғамына пайдасының өзі де сонда, оның қазырғы жаңадан тұсауы кесілген шағында, ақыл, зерде, парасат жағынан демеуге мұқтаждықты жоюда ғой.

Қазыр Қазақстандағы саясатпен үш жақ айналысуда. Біріншісі - ресми басшылық, екіншісі - қоғамдық-саяси ұйымдар болса, үшіншісі -  ең енжар да бірақ дүлей саяси күш - қарапайым бұқара. Соңғы жақ әзірге, ұйымдарға да, басшылыққа да төтенше де тұтқиыл қарсылық көрсете алмайды. Оған қоғамдық психология жетілмеген және әлеуметтік көнбістілік етек басады. Рас, бұқара түрлі еңбек ұжымдары деңгейінде басшылыққа талап қою көрінісімен өз наразылығын білдіруде. Алайда, мұндай жайтты қазырғы әккі «коммунистік» басшылық айналып өту тәжірибесін игеріп те алды. Ендеше Қазақстан саясатына алғашқы екі жақ қана ауан жасайды.

Рас, Қазақстанның тәуелсіз айлары, бір қызығы, бұрынғы коммунистік басшылықпен жасалуда. Бұл жерде мынадай заңдылықты ашып өткен жөн. Бұрынғы КСРО республикалары тәуелсіздік алғаннан кейін дәрмені жеткенше коммунистік басшылық кезеңіне тап болады екен де, оның қауқары кетіп, өздерін демократтар санайтындардың қолына үкімет көшкеннен кейін қоғам біраз сырқайды екен. Бұл, сірә, қоғамның жаңа басшылық дүркініне үйренісе алмауынан болар, қоғам басшылығының жаппай өзгеріп, необольшивизмге ұрынуынан шығар. Айтпақшы, бір қызығы, необольшивизм тән ұйымдардың бәрі де өздерін коммунистік тайталас санайтындар. Осыдан бір жыл бұрын бір необольшевик «Егеменді Қазақстанды» соттауды көтерген еді...

Жалпы, жас радикал ұйымдар қолына тиген үкіметті биліктің алғашқы кезеңінде жасампаздыққа емес, қиратымпаздыққа көбірек арнайды. Міне, Қазақстанды осы кезеңнен құтқарып тұрған, билікке сусап келген жас ұйым емес, биліктің бешпетін тоздырған бұрынғы коммунистер екендігін мойындау кейбіреуге күлкілі болса да шындық. Бұл басшылыққа не тән? Темірдей тәртіп, жоғарының айтқанын бұлжытпай орындау, басты ауыртып ойланбау, бірақ үлкен лауазымды не істесе, соны сол күйінде қайталау. Ал, мұндай қасиет қоғамға қай кезде қажет? Дәл кәзіргідей өтпелі дәуірде және ең жоғарғы лауазымды адам қаблетті болса.

Алайда, бұдан Қазақстанды қасаң әрекетті, құбылма ойлы «коммунистік» басшылық ұшпаққа шығарар деген ой тумауы қажет. Қазақстан басшылығына тән болып отырған кәзіргі партократиялы-тоталитарлық өңез жаңа қоғамды құруға алғышарт жасағанмен оны құруды өз мойнына ала алмайды. Өйткені, правосыз қоғамда өмір сүрген бұл басшылыққа праволы қоғамның заңын ескі әдет бойынша аттап кетуін қоймайды және базаргөй экономика талап ететін еңбекқорлықтың ерекше түрін өңі түгілі түсінде көрмеген басшылық өтпелі дәуірді барынша соза түсіп, одан қарпып қалуға тырысады. Бұл бәріне тән деген сөз емес.

Сондықтан Қазақстан басшылығы қаблетіне қарай жаңа жылдан бастап ұдайы жаңа күш өкілдерімен толығып тұруы оның басшылығының жаппай жаңа күшпен өзгеруіне соқтырмай, оның өтпелі сырқатын болдырмауға септік етеді.  Ескі басшылықтың жаңаға айналуы бірте-бірте жүреді.

 

Идеологиялық босаң (вакуум)

КСРОның ыдырауымен бірге күйреген марксизм-ленинизмнің орны жыны аласталған сарайдай даңғырайтыны рас. Әрине, аталмыш идеологиядай тұғыртасты болмағанмен, оның өткінші түрлері иесіз қалған ескі үйде соққан өкпектей азынап өтуде. Айталық, ТЖМКден кейін барлық республикалар жаппай тәуелсіздік идеологиясына бас қойды. Одан соң базаргөй экономика мінбеден сөз алды. Ал, соңғы кездері ыссылай қапқан жайттар жайына қалып, бауырластық, мамыражай кезең аңсалуда.

Әрине, кейбір мемлекеттер діни идеяны тұғыр етуге жармасқанымен, жалпылай алғанда, КСРОның бұрынғы субъектілері рухани жағынан бір бірінен алыстай қойған жоқ. Қазақстанда демократия, гуманизм, еңбек, татулық әңгіме түрінде сөз болса да, ол президенттің өз аузымен ғана айтылып, жалпы идеологияға айналып үлгерген жоқ. Бұған басты себеп - идеологиялық үстем болмаса да бағыттаушы органның жоқтығы.

Айталық, базаргөй экономика туралы көп насихаттың орнына, бұрынғы коммунистік идея таптаурын еткен санаға қажетті қарапайым да нәзік идеология арқылы шаруа адамына қалай баюдың, шағын кәсіпорынды қалай құрып, басқарудың негіздері үгіттеліп отырса, қоғам қаншалықты алға басып, бұқара нақты іспен айналысуды бастап, ескі жүйенің құрым киізін жамылуды дереу тастаған болар еді.

Қазақстанның іші мен сыртынан ұлттық мемлекетке дұшпанкөз идеология бас көтермей тұрып, Қазақстан отаншылдығына, бауырластыққа, демократия мен базаргөй экономикаға табан тіреген прагматикалық идеологияны жолға салатын уақыт жетті. Әрине, идеология құр насихат пен үгіттен тұрып, оның өмірдегі нақты көрінісі болмаса, ол демогогиялы мылжыңнан әрі аспайтынын тағы ескеру керек.

1992жыл. Қазан-желтоқсан. 4-жалғасы.

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР ...

 

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

Билік құрылымы

Қазақстанның билік құрылымын зерделеу үшін оның ежелгі (хандық дәуір), ескі (кеңес дәуірі), кәзіргі (өтпелі дәуір) және жаңа (болашақ дәуір) нұсқаларын шартты түрде бөліп қарастырайық.

Жалпы мемлекеттік билік құрылымын геометриялық тәртіппен көлбеу (горизонталь) және тігіңкі (вертикаль) сыйпатты деп түсіндіруге болады. Көлбеу билік дегеніміз - кәдімгі биліктің бөлісу көрінісі, яғни, атқару, заңдаушы және сот биліктерінің қазқатар (параллель) жүруі.

Ежелгі Қазақстанда көлбеу биліктің қазырғы келбеті болмағанмен, оны сыйпаты, мәні болғаны рас: атқару - хандық билік, заң билігі - хандық кеңес, сот - билер кеңесі арқылы жүзеге асқаны белгілі және бұл сол заманғы қажетті халықтық билік процесін толығымен жүзеге асыра білді. Ал, тігіңкі билік  ұлыстық, жүздік, рулық болып таратылып, мемлекеттік билік оның өн бойына қантамырдай жайылды. Мәселен, руды билеу мемлекеттік биліктің ру ауқымындағы көрінісі болып, атқару үкіметін рубасы, сотты ру биі, ал, заңдық билікті ру ақсақалдарының кеңесі атқарғаны аян. Әр ауыл болса, сол ауылдың байымен биленді. Әрбір бай өз ауылын әлеуметтік, экономикалық жағымен қамтыды, басқа салалар тікелей ру көлемінде биленді. Бұл билік Қазақстан отарланғанға дейін өзін өзі қамтып, ал отар болғаннан кейін ұлттық билік құрылымы патшалы Ресейдің қол жаулығына айналып, халықты ұлтсыздандыруға, яғни ұлтсызданған ұлтты жүздік, рулық жікке бөлуге, сайып келгенде бөлшектеп алып, билей беруге сәтті қолданылғаны белгілі.

Кеңес дәуірлі ескі Қазақстанда шын мәнінде көлбеу биліктің орнына, тоталитаризм жүгені ғана болды, ал көлбеу биліксіз қоғамда тігіңкі билік әруақытта бодандық пен демократиясыздықтың белгісі болып табылмақ.

Қазырғы Қазақстан билігін сөз етсек, көлбеу, биліктің, яғни, билік бөлісінің іргетасы қалануда, алайда, Қазақстанның кәзіргі жағдайы оған түпкілікті нақты ұлттық сыйпаттағы билік құрылымын белгілеуге мүмкіндік бермей отыр. Сол себептен де Қазақстан өзінің билік құрылымын құруда да, атазаң (конституция) қабылдауда да өтпелі сыйпатты дүние иеленуге душар болуда.

Айталық, бізге кеңес өкіметіне, мұра боп қалған қазырғы Жоғарғы Кеңес ала-құла заңдарды балалататын орган ғана емес, оның дұрыс орындалу барысын бақылау мен қабылданған заңдарды бұқараға ұғындыру, насихаттау жайын іске асыру мүмкіндігінен тыс қалып келеді. Бұл - заңдық биліктің қауқарсыздығының көрінісі.

Ал, енді мемлекетіміздің қазырғы жергілікті аталып жүрген өкіметінің де сорақы жағы аз емес. Әдетте, өркениеті кемел мемлекеттің көлбеу және тігіңкі билігінің болуы оған жеткіліксіз. Ол үшін сонымен бірге бұл биліктердің бір бірімен қайшылықсыз, айқассыз қабысуын болдыру қарастырылып, әсіресе, билікті тігінен таратқанда аса сақтық қажет болады.

Кәзіргі тігіңкі билікке тән кемшіліктің бірі - түрлі атқару және заңдаушы өкіметтердің мәртебелері көптеген жағдайларда айқасып кететіндігі немесе бірін бірі жұтып, ара жігі ажыратылмай белгіленетіндігі. Мәселен, облыстық, аудандық деңгейге дейін көлбеу және тігіңкі билік бір бірімен жымдасып тұрғандай сыйпатта болғанымен заңдаушы биліктің өкілі болып табылатын кеңестерде мүлдем қауқар жоқ десек, қателесеміз бе? Кеңестердің бар қадыры аудандық, облыстық сессияларды шақыру ғана, оларда қаралатын мәселе де әкімнің белгілеуімен бекіте салу, газет редакторлары мен әзірленген сот өкілдерін сайлау сияқты бір мәртелік істер ғана. Ал, басқа кезде ол кеңестер не бітірмек? Ең болмаса қабылданған  заңдардың дұрыс орындалуы мен олардың тежелу, бұрмалау көріністерін неге жұмыс қылмасқа? Ал, ауылдық кеңестің халы, тіпті, мүшкіл. Қарап отырсақ, ауылкеңес - ішінара істері бойынша ауылдық әкімшіліктен азаматтық актыларды жазу, ішкі істер, мәдениет пен білім, денсаулық салалары бойынша атқару билігінің ауылдық звеносы да, ал ауылдық кеңес сессиясы аудандық кеңестің  ауылдық звеносы екен. Сонда ауылдық кеңес биліктің екі түрлі тармағына бағынышты орган болып отыр ғой.

Әрбір ауылда колхоз, не совхоз барын ескерсек, бұлар да аудандық әкімшіліктің ауылдық звеносы. Өйткені, әр шаруашылық (әсіресе, совхоз) кадр, қаражат, әлеуметтік, экономикалық жағынан аудандық әкімшілікке бағынышты. Ал, ауылкеңес бейшара орган есебінде осы шаруашылыққа барлық жағынан іс жүзінде кіріптар. Демек, ауылдағы биліктің өзі де тоталитарланған күйінде өзгеріссіз келе жатыр. Ауыл дегеніміз - Қазақстанның іргетасы. Сол себепті ауылдарда мемлекеттік деңгейдегі алынып жатқан үкіметтік  шаралар іске аспайтыны түсінікті. Қысқасы, ауыл билігінің мәртебесі анықталып, нақтыланып, өкіметтің дәрменді ең төменгі звеносы болмай, жалпымемлекеттік шаралардың жүзеге асуы неғайбыл. Өйткені,үкіметтің ауылдағы тізгіні совхоз директорының қолында болып, ал шылбыры әкімде болса, ауылдық меншікке ие болуға ұмтылған совхоз бөлімшелеріне ауылдық кеңес төрағасы совхоз директорының алдында неге араша түсу қауқары болмайды?

Ондай дәрменсіз үкіметтің қай ауылға қажеті бар? Ауылдық кеңеске ауыл тағдырының аудандық билік пен кеңестен қалған өкіметін үлестейтін уақыт жетті. Бұл үшін, бәлкім, ауылдық кеңес аудандық әкімшіліктің тікелей звеносы болып, ал оның сессиясы аудандық кеңестің ауылдық үлгісі болғаны тиімді болар еді. Ал, шаруашылықтарды ауылкеңес құзырына есепті (бағынышты болмағанмен) қылса, көтерем совхоздар ауылға жүк болудан қалып, олардың тағдырын ауылдық кеңес бірге шешіскен болар еді. Қысқасы, ауылдың өңіне қан жүгірту үшін, оны тек қана езбеу, билемеу керек, сонымен бірге оған да биліктің бір ұшын ұстататын уақыт әлдеқашан жетті. Ал, қазырғы ауылды «асырап» та, билеп-төстеп те отырған совхоз, колхоздар оларды көркейтуден гөрі, ең әуелі сүліктей соруға арналған кешегі тоталитаризмнің бірден бір төменгі звеносы болатын.

Жаңа Қазақстанның билік құрылымы кез келген мемлекет сияқты оның жераумақ бойынша билік бөлісіне байланысты. Қазақстанда кәзіргі кезеңде билік құрылымын жетілдіруге мүмкіндік бермей отырған себептің бірі де осы әкімшілік-жераумақтық бөлініс. Мемлекеттің қазырғы бұл бөлінісі тоталитарлық отарланған қуыршақ мемлекетке арналған тамаша жүйе екенін мойындайық. Тоталитарлық тәуелді облысқа, аудан-қалаларға одан ауыл-қыстаққа бөлінім, ашса - алақанында, жұмса - жұдырығында бола қалады. Және алда-жалда оның бір бөлігін Ресейге қосу керек (ондай сәт 70 жыл ішінде кез келген уақытта мүмкін еді) болса, солтұстан бастап облыстарды аумақ-аумағымен шекітіп ала бер. Ал, егер де олай болмай, Қазақстан бірден аудандарға бөлінгенде ол тоталитарлы түрде билеуге де мүмкін емес. Және саяси жағынан ресейлік орталықтың уысынан шыққан болар еді. Ал, Қазақстанды облыстарға бөлу оларды тікелей Мәскеуге бағындыратын өлкелерге айналдыруға да оп-оңай болатын. Қысқасы, Қазақстанның қазырғы әкімшілік бөлінісі тәуелсіз елдің жүйесі емес, отар елдікі.

Азат Қазақстанның билік-жераумақ бөлінісі қандай болуында оның бірегей (унитарлы) мемлекет екендігі, жераумағының кеңдігі, демографиялық алуандығы және дамушы ел екендігі ескеріліп барып, әрі қазақ халқының тарихи әкімшілік бөлінісінің дәстүрлері көрініс табатындай болуға тиіс. Ең бастысы - болашақ өркениетті де құқылы, демократиялық Қазақстанның ішкі саясатының ойдағыдай жүргізілуін қамтитындай мемлекеттің ішкі органы жан жақты ойластырылғаны абзал.

Кәзіргі кездегі жергілікті әкімшілік бөлініске жататын және бір бірін билік жағынан қайталап, ауқымы жағынан ғана ажыратылатын облыс пен ауданнан бір ғана бірлік жасақтаған тиімді. Дәлірек айтқанда, облыстық бірлік жойылғаны жөн. Мұндай бөлініс мемлекеттік биліктің ортаңғы звеносы болып табылатын облыста жөнсіз қаралмай-ақ, аудандарға ықпалын бірден тигізуге ыңғайлы және иерархиялы түрде аудандарды тоталитарлық жүйемен бағындырып келген облыстың ендігі жерде мәні де, сәні де жоқ, демографиялық әлеует те көтермейді, әрі атқару билігі үшін ұлыстық биліктің бірден аудандарға таралуы мемлекеттік билік тәртібін тиімді етеді.

Кәзіргі жағдайға орай атап өтетін бір жайт, бұдан былай әрбір облыс белгілі бір саяси объектіге айналып, мемлекетке іріткі салу ықтималдығы күшейе түсетін де түрі бар.

Әрине, облыстық бөлініс бірлігі қысқарған жағдайда аудандардың мән-мағынасы облысқа теңесіп қоймай, олардың жераумағы да үлкен өзгеріске түсері хақ. Сонымен, нақты айтсақ, кәзіргі 220-ға таяған аудандардың санын 200-бен шектеу қажет. Бұл аудандар жераумағын, демографиялық жағдайы мен экономикалық, әлеуметтік ахуалдарының бір біріне барынша қарайлас болуы байланыстырыла қарастырылып барып қайта құрылуы керек.Ауданға қазырғы облыстық бағыныстағы қалалар жатқызылатын болады. Сонда кәзіргі аудандардың жераумағы біршама өзгеріп қоймай, кеңейіп, ал, кейбір аудандар қысқарысқа түседі. Әрбір ауданды ауылдар, кенттер (поселка) мен қалалар құрайды.

Әрине, 200 ауданды тікелей астанаға бағындыру мүмкін емес, ол белгілі бір дәрежеде тиімсіз де. Сондықтан бірыңғай аймақтағы аудандарды біріктіріп, топтастырып, мемлекеттік деңгейдегі үйлестіру аймақтарын құрған мақұл. Бұл үшін әр аймақтағы (шығыс, батыс, оңтұс, солтұс және орталық) 40 ауданды біріктіріп, бір аймақ құру қажет. Осылайша, Қазақстан бес аймаққа бөлінетін болады. Ол аймақтарды ежелгі түркіше: шығыс - ақ, батыс - қара, оңтұс - қызыл, солтұс - көк және орталық - сары аймақ деп атанғаны тарихи діңгекті болар еді. Алайда, билік бөлісі, яғни, көлбеу биліктің үш тармағы таратылғанымен, олар аймақтарға толық енгізілмейді. Аймақтар бойынша төбе бидің (жоғарғы сот) өкілдігі мен елбасшының аймақтық ордасы енгізілгені жөн. Ал, әрбір ауданнан сайланған елгерлер (депутат) құрамы - 200-ден тұратын ұлы Құрылды (құрылтайдың түбірі, моңғолша «хуралдың» қазақы нұсқасы) құрайды.

Бұдан әрі осы тақырыптың жалғасы іспетті жаңа Қазақстанның мемлекеттік құрылымын толық елестету үшін қажет болатын кейбір мәртебелі қалалар жайын сөз етейік.

 

1992жыл. Қазан-желтоқсан. 5-жалғасы.

 

 

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР ...

 

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

 

Астана және кіндік қалалар

Астана - қашаннан да мемлекет құрылысындағы айырықша қасиетті құрамта (компонент). Қазақстандай ірі мемлекет үшін астанаға бірнеше ерекше жағдай қажет. Атап айтқанда, жағырапиялық жағынан елдің орталық аумағында орналасуы; көлік қатынастары мен байланыстың астаналық торабының болуы; демографиялық құрамының ұлттық үлес пайдасында болуы; қоғамдық-саяси ауаны мен экологиялық жайлылығы және табиғат көркемдігі, сондай-ақ тарихи қасиетті мекенге жайласуы мен ел халқы үшін ерекше қасиетті орын екендігі; сонымен бірге қазырғы өркениетке сай сәулетті де сәнділігі. Ал, біздің Алматымыз астананың мұндай талабына сай келе ме?

Әрине, бір ғана қанағаттандыратын талабы - көркем табиғаты. Оның өзі де қаншалықты табиғи әсем болса, соншалықты жерсілкініс қаупы мол жағдайы тағы бар. Басты кемшілігінің тағы біреуі - оның еліміздің оңтұс шығыс шекарасына таяу орналасқандығы. Мұндай астананы бір самғауыр (самолет) немесе бір ұшаққа (вертолет) жүк болатын десант тобы-ақ басып алуы қыйын емес. Қысқасы, Алматы астана болар талапты қанағаттандырмайды. Оның үстіне соңғы кездегі қоғамдық-саяси ауаны мен әдеті жағымсыз үрдіске айналуда. Себебі, кәзірдің өзінде Алматыдағы қоғамдық-саяси қатпар (слой) саяси ілімсіз, қағидасыз, шулы тобырға көбірек ұқсап, ірі мемлекеттік қадамдар кезінде дұрыс ықпалдан гөрі кесірі тиіңкіреуде.

«Әйелді сынасаң, ішінде анаң да кетеді» демекші, астаналықтарға топырақ шашқандай болсақ та, байқалған мына бір сорақылықтарды атасақ, жала деп ешкім сөкпес. «Әкесі өлсе де естіртеді»: алматылық ағайындар елдің басқа өңірлерінен астанаға ынтыға барғандар үшін көбіне лепірмелік, даңғойлық, даурықпалық, мансапқойлық, іштарлық, менмендік, жікшілдік дағдыларымен көрінуі. Әрине, өте өкінішті.

Әсіресе, астана ретінде қазақ ұлтын біріктіру факторы болудың орнына, керісінше, жүзге, руға бөлініп, жіктелудің ордасы іспетті; қай жүз, қай рудан екеніңді Алматыдан үйреніп қайтатының ештеңе емес, рулық, жүздік деңгейдегі жіктеліске бой алдырып, оралатыныңа астана түрткі болса, қынжылудан басқа амал қалмайды. Бір қызығы, астанада әлі күнге аталған сорақылықтарға қарсы атойлап шыққан зиялы қауымды көре алмай отырмыз. Бейне бір шетінен зиялы қауымның өкілі емес, интеллигенттер (зиялы қауым мен интеллигенция ұғымдары қабыспайды) ғана секілді. Ал, егер бірлі-жарымы (Олжас, Мұхтар, Нұрсұлтандар) аттан салса, басқалары өзге елдің адамдарындай әлгі атойға мән бермейді.

Алматының астана болуының өзі әуел баста күмән тудырады. Өйткені, кеңес империясы Қазақ астанасына басында солтұстағы Орынборға келіседі, империялық өкімет орныққасын Ақмешітке көшіріп, оны «Қызылорда» атап нықтайды, ал сонан соң Қазақстанның ұланғайыр жераумағын оңтұсқа қарай тықсырғысы келгендей, астананы оңтұс шығыстағы Верный қалашығына бір-ақ аударды. Қыйтұрқылық қайда жатыр! Әрине, тәуелсіздік алған Қазақстан бұл қыйтұрқылыққа көз жұмуы мүмкін емес. Жоғарыда аталған астаналықтардың мінезі бір жағынан кешіріммен қарауға болатындай объективті себептері де бар. Өйткені, Алматы қазақ үшін жұмақпен тең болды. - республикадағы ең ірі, ең әуелі ең, ең... астана! Сол себепті сол жұмаққа жеткен қазақтың көкірегіне нан пісетіні, әрине, бір жағынан мойындарлық жайт. Оның үстіне қызыл империя қазақ ұлтына құлдық, мәңгүрттік мінезді мықтап еккені белгілі.

Жалпы, астана туралы соңғы кезде әңгіме көп. Оның ең басты түйіні әркім әр қаланы ұсынып, астанаға айналдыруды қалайтын сияқты. Шындығын айтсақ, Қазақстандағы үй де, көрнекті қалалардағы бір де бір нәрсе қазаққа астана болатындай ыстық та қасиетті емес, жайлы да жағдайлы емес. Кәзіргі қалалар жайлы мойындайтын ащы шындық - олардың қазақты отарландыра түсудің тетігі, тұқырта түсудің тиегі немесе құлдығының көрінісі болып келгендігінде. Бізше, жаңа Қазақстан астанасы да жаңалай салынып, қазақтың Вашингтонындай әлемдегі әккі қалаға айналғаны дұрыс. Кәзіргі айтылып жүрген бар қалалардың бірін астанаға айналдыру мен жаңадан астана салудың құны бір, тіпті, алғашқы нұсқа қымбатырақ тұруы ғажап емес. Себебі, ескіні жаңғыртудан әруақытта жаңаны жасау әрі оңай, әрі тиімді екені белгілі.

Астана, әрине орталық сары аймаққа ірге тепкені құба құп. Орнын дәлірек айтсақ, астанаға лайықты әрі көпшіліктің ауызында жүрген, тарихтың өзі куә Ұлытау бар екені рас. Шындығына көз жіберсек, Сары арқа Алаштың әмір Темірге дейінгі Тайқазаны - ортақ жайлауы да, Ұлытау астаналық мекені болғаны, оған соңғы рет Ұлы Темір қыпшақтектіні жыйнап, көктен түскен ғарыштасқа (метеорит) бар рудың таңбасын бастыруы куә. Ұлытау биіктігіне орай емес, өзінің көшегендер үшін мәні зор астаналығына байланысты, ұлы мәселелер бірігіп шешіліп, тарыдай шашыраған Алаштың (ежелгі түркілердің) ауық-ауық ірі істері қаралып, бас қосатын орнына орай аталса керек, әрине. Оның үстіне аңыз бойынша жерді қаптаған топан судан төбесі көрінген жалғыз нүкте Қазығұрт та осы үстірттің қасиетті шыңдарының жалғасы болып есептеледі.

Ал, Сарыарқа сол маңның түсінің немесе шөбінің сарылығына қарай емес, ол ежелден түркілік ұғымдағы ортақ немесе ортаңғы арқа (жер, мекен) деген түсінікке қарай аталуы тағы да ғажап емес. Өйткені, «сары» сөзінің түсті білдіруі беріде қалыптасқан жағдай. Жалпы, ол әуелгі ұғымда алтын түсті дегенді білдіріп, ол о баста «сар» (қасиетті билік, сар-ай(үй), сар-дар, сар-баз) аталуы мүмкін. Осыдан барып орыстың «царь» сөзі бастау алып жатуы ықтимал. Басқа жағынан алғанда, қазақ даласының шөбі қурап, сарғаймайтын пұшпағы жоққа тән. Сол себепті, Сарыарқадай қасиетті мекенді түсіне орайластырып, қадырын төмендетудің қажеті жоқ.

Ұлытаудағы тағы бір ерекшелік: кәзіргі Қазақстанның нақ ортасы (эпицентрі) екендігі және шөлейт-шөлді белдеу мен суы да нулы белдеу аралығы болып табылады, мал шаруашылығы мен солтұсты қаптай орналасқан егін шаруашылығы қыйылысқан, батыстан шығысқа қарай созылған жолақта орналасқандығы, демографиялық жағынан: Ұлытау маңы негізінен малды мекен болғандықтан, қазақ жұрты тұтаса тұрып жатыр және өзге жұртты солтұстың демографиялық белдеуімен шектелуі көңіл аударарлық жайт.

Ал, енді болашақ астананың қоғамдық-саяси ахуалы мен мәдени ауаны, әрине, өзімізге байланысты. Егер де 300-400 мыңдық тұрғыны болатын астаналық қаланы салушыларды іріктей білсек, астана тұрғындары да солар болып шыға келеді. Ұлттық астана боларлық Алаш қаласы салынар болса, оның сәулеті де ұлттық өрнекке малынған ерекше қала болары сөзсіз. Сөйтіп, ол республикадағы барлық қалалардың сәулеттік сымбатына ықпал етер еді. Ұлытаудан орын тебер Алаш қаласы Қазақстанның геосаяси айналасына кіндік болатыны тағы белгілі, өйткені, ол республика үшін төрт құбылаға түгел бірдей аралықта орналасып, геосаясаттың іске асуына бірден бір септігі тиер еді және мұндай географиялық орын көлік қатынасы мен байланысқа ыңғайлы екені аян.

 

1992жыл. Қазан-желтоқсан. 6-жалғасы.

 

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР ...

 

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

Алматы

Әрине, көз үйреніп, ойға сіңген, жол тораптанып, бойға біткен қазырғы астана туралы қасаң пікірден жеме жемге келгенде арылу да оңай емес. Дегенмен, ару Алматы бәрінен бұрын сұлулықтың нышанындай өнер мен спорттың, туризм мен саяхаттың және білім беру мен бизнестің қаласына айналса, құба құп болар еді, әрі осы бағытқа лайықты да. Алматы мұндай мәртебені алар болса, оған алғышарт жасалғаны жөн. Ол үшін ірі өндіріс орындарын көшіріп, табиғи айналасын тазартып, сәулетіне ұлттық әр мен сәулетті қоса түсіп, жетістіре түсу қажет. Сонда ғана Алматыға келген қазақтың досы да, дұшпаны да сұқтана түседі. Айтпақшы, Алматыны алақанымен көмкеріп тұрған Тәңіртаудың «Тянь-Шань» атауымен ауысуын қолға алуды үлкен саяси іс деп ұққан жөн.

 

Түркістан

Йассы қаласының Түркістан аталып, жалпытүркілік астана болуы да Темір әмірдің атымен байланысты. Ол маңды Ақсақ Темір неге таңдады? Оған басты екі себеп бар еді:

-         сол кезде Йассының Темір хандығы үшін орталық орын болғандығында;

-         Йассының екінші Мекке бола алатындай жағдайы мен түркілерді топтастыру рухының барлығында. Міне, сол себепті де астана аты Йассы болып қайта аталмай, Түркістан болып жаңғырды. Ал, бұл түркілерге жалауша желбіреген атау еді;

-         Қ.А.Йассауи мазары екінші (түркілер үшін) қажылық орынға айналуы қажет (ең болмаса рухани);

-         түркілік және әлемдік тілдер зерттеу институты, түркілік және әлемдік тарихты зерттеу институты, түркілік өнер мен мәдениет, этнография зерттеу институты ашылуы тиіс;

-         сәулеттік келбетін жандандыру үшін жер бетінде қанша түркі жұрты болса, сонша болатын және сәулеттік сыйпаты сол жұрттарға тән микроаудандар салынса құба құп;

-         сондай-ақ арап харыпты баспахана құру шаһардың белді келбеті мен мазмұны болар еді.

 

Байқоңыр (Ленинск)

Ленинск аталып жүрген болашақ Байқоңыр қаласының дүние жүзі бойынша адамзат тарихында ғарыш қақпасын алғаш айқара ашқан қала ретінде-ақ оның тағдырына енжар қарауға қақымыз жоқ. Әрі оның қазырғы мәні де бір мемлекетке жетерлік абырой. Алайда, Байқоңырдың кәзіргі өтпелі тағдыры өте қынжыларлық, дегенмен, Дүние жүзіндегі ірі ғарыш айлағы болып қалатынында күмән жоқ.

Сондықтан да оның мәртебесі техникалық прогресс болып белгіленіп, әлемдік деңгейдегі техника жаңалығының лабораториясы мен Қазақстанның ғарыштық жанарына айналғаны мақұл болар еді. Бұл үшін, сірә, Байқоңырда ғаламшар, ғарыш және жер зерттеу институты құрылғаны жөн болар.

 

Дегелең (Курчатов)

Түбінде осы қаланың атауы, жұлым-жұлымы шығып, ядролық жарылыс кесірінен жер астына жұтылған Дегелең тауының атауын алса, оңды болар еді. Дегенмен, оның атына емес, затына тоқталайық. Курчатов қаласында дүние жүзіндегі ең ірі әскери полигонды ғылыми қамтыған ғалымдар шоғыры қазырғы кезде сетіней бастаған болар. Әйтсе де, қазаққа төрт бірдей ұлы адам (Құнанбай, Абай, Шәкәрім, Мұхтар) сыйлаған бұл топыраққа дүниеге келген қаланың да тағдыры бекер емес деп ойлаймыз. Сондықтан бұл қаланы ыдыратудан Қазақстан үлкен зиян шегеді. Оған, тіпті, кеңес кезіндегі мәртебеден де жоғары саты белгілеген жөн.

Егер Курчатов кеңес кезеңіндегі ядролық жабық қала болса, енді ол барлық табиғи ғылым саласы және технология қаласы болып мәртебеленуі әлдеқайда пайдалы және ықтимал жайт.

Сонымен, астананы қоса есептегенде, мәртебелі қалалар мемлекеттік бағыныста болатындығы онсыз да аңғарылып тұр. Бұл қалалар өздеріне қажетті жераумағымен ешбір ауданға не кірмеуі, не бағынбауы дұрыс. Сондай-ақ, бұлардың бас жоспар бойынша ғана дамуы қолға алынса, нұр үстіне нұр.

1992 жыл. Қазан-желтоқсан. 6-жалғасы.

 

 

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР ...

 

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

 

Мемлекеттік құрылым

Ұсынылмақшы мемлекеттік құрылым жобасы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш атазаңын қабылдау тұсындағы оның қазырғы жобасымен келісе қоймайтын болғанмен, Қазақстанның нағыз ұлттық мемлекет болатыны рас болса, дүбәрә құрылымнан арылған, ұлттық мемлекет басқару жүйесін бойына сіңірген және мемлекеттік құрылыстың өркениетті құралдарына сүйенуден қаша алмайтыны да шындық. Тағы бір мойындайтын нәрсе, қазақ мемлекеті үшін кәзіргі өлара шақта қабылданбақ оның алғашқы атазаңы да кемел мемлекеттікінен гөрі өтпелі дәуірге тән екендігі. Ал, қай заң болса да, оның ішінде атазаң да барлық уақытқа бірдей қасаң күйінде жүзеге аса бермей, өзгеріске ұшырайтыны рас. Сол себептен де ұсынылып отырған мемлекеттік құрылымның бірте-бірте іске асуы уақыт үшін де, еліміз үшін де тиімді болар еді. Басқаша айтқанда, бұл жоба бет-пердесін біржолата анықтаған, айқындаған мемлекеттің әрмен қарай даму жолына түсуі үшін бәрінен де бұрын қажеттірек. Сонымен, бұл жобаның іске асуы Қазақстанның белі қатайған кезеңімен бірге жүзеге асатын бірден бір ұлы іс деп мойындау керек.

Кәзіргі демократиялық қай мемлекет те құрылымын атазаңға сүйейтіні рас болса, елдің басты жүгінетіні де сол заңның бұрмаланбауы мен дұрыс орындалуын қадағалап, жүзге асырушы Төре бидің (конституциялық сот) болатындығы анық.

Мемлекеттік билік жоғары деңгейде үшке бөлінуі қазыр да бар. Дегенмен, аталмыш жоба нағыз билік бөлінісін, тек қана, жоғарғы мемлекеттік деңгейге негіздейді. Бұл жоба бойынша ең жоғары заңдаушы орган - Құрылтай. Ол бес жыл сайын парламент қайта сайланып, өкімет бөлінісі қайта жасақталған жаңа құрамды бекіткен немесе елдегі төтенше жағдайға байланысты болатын елгерлер (депутат) мәжілісі. Екі құрылтай аралығында Құрыл мәжілісі заң шығарумен, сот (жоғары сот - төбе биден өзгелерін) және атқару өкіметтерінің (елбасшыдан өзгелерін) ішінара өзгерген өкілдерін қайта бекітумен айналысады. Мәжілісті Ұлы және Кіші Құрылдың біріккен жұмысы қамтиды. Ол үшін Кіші Құрыл заң жобаларын тұрақты түрде әзірлеп, ұйымдастырумен шұғылданады, ал Ұлы Құрыл оны мәжілісте (сессия) қабылдайды. Ұлы Құрыл әр ауданнан бір елгердің және кіндік қалалардан (астананы қоса, 5 сайлау төңірегін құрғанда) 5 елгердің  сайлануымен небәрі 205 адамнан тұратын орган. Кіші Құрыл әрбір 4 аудан бойынша 1 елгер және кіндік қалалардан 1 елгер, небәрі 51 мүшеден тұратын тұрақты жұмыс істеуші орган. Ол тұрақты алқалар (комитет)  мен комиссиялардан тұрады. Құрылтайға қатысымпаз (делегат) ретінде Құрылдың барлығы 256 мүшесі (елгер) қатысады. Құрылтайды және мәжілісті төрбасшы (председатель) басқарады, ал Кіші Құрыл жұмысын Құрылбасшы ұйымдастырады және ол төрбасшының орынбасары болып табылады, әрі аудандық мәжілістермен (сессия) тұрақты (олардың төрбасшыларымен) байланысты болады.

Ұлы Құрыл сондай-ақ, кез келген бір сайлау төңірегінде (округ) бас қоса алатын кемінде 1000 сайлаушы жыйналған сайлаушылар мәжілісінің шешімдерін қарап, талдап, шешуге мүдделі.

Жергілікті билік құрылымы Жоғарғы өкіметтердей билікті нақпа нақ бөліске салмайды және жартылай жегілікті, жартылай мемлекеттік мазмұнға ие. Айталық, аудандық мәжіліс арнайы заңдар көрсетіп, бекіткен мемлекеттік бюджеттен ауыс қалған белгілі бір аудан табысының бөлігін аудан бюджеті ретінде қабылдай тұрып, оны бекітумен және бұқаралық өкімет ретінде ауданға тән басқа да шешімдер қабылдай отырып, атқарылуын аудан әкімшілігіне тапсырады және қабылданған заңдардың дұрыс орындалуын қадағалап, Мәжіліске заң жобаларын ұсынумен де шұғылданады. Сонда аудандық мәжілістен қала, аудан көлемінде емес, мемлекеттік істі атқарысуға төменнен қатысады. Сол сияқты аудан әкімі елбасшының (президент) тағайындауымен бола тұрып, ол аудандық мәжіліс шешімінің орындалуын ұйымдастырады, сондай-ақ елбасшының аудан ауқымындағы уәкілі болып есептеледі. Қалалық (кенттік, ауылдық) мәжіліс қалалық (кенттік, ауылдық) бюджеттің және муниципалдық органдарды құру және оның жұмысын қадағалау, қалалық әмірдің (кентбасшы, ауылнай) атқаруына сай шешімдер шығарумен шұғылданады.

Қала және аудан мәжілісін төрбасшылар басқарады. Олар мәжілісте сайланады, ал ауылнай мен кентбасшы ауыл, кент мәжілістерін жүргізеді, бірақ, атқару өкіметінің төменгі өкілдері ретінде бұлар мәжіліс алдында есеп береді. Әкім әмірді, кентбасшы мен ауылнайды тағайындайды.

Аймақ бойынша атқару жаңа сот биліктері жергілікті және жоғарғы өкімет арасын жалғаушы өкілдігі ғана болады. Елбасшының аймақтардағы өкілдіктерінің жұмысы аймақтық ордаларда (Ақ орда, Қара орда, Көк орда, Қызыл орда және Сары орда) шоғырланады. Оларды басқаратын ордашылар елбасшының ұсынуымен Құрылтайда бекиді. Сонымен бірге дәл осылайша кіндік қалалар (астана) мәртебелері де бекітіледі.

 

1992 жыл. Қазан-желтоқсан. 7-жалғасы.

 

 

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР ...

 

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

 

 

 

Ұлттық мүдде

Ұлттық мүдде дегенде ұлтқа қатысты сан салалы аспектілер кіретіні сөзсіз. Тіл, дін, мәдениет, ғылым, өнер, демография т.б. ұлттық қайнардың көзін қалай ашамыз деген сауал көкейде самсағалы қашан...

Әрине, Қазақстан қазақтың ұлттық мемлекеті, бірақ бұл деюре жүзінде ғана, ал оның дефактіге айналуын толғану жоғарыдағы сан салалы мәселелердің шешілуін қарастырумен байланысты. Қазырғы жағдайда ұлттық мүддені мемлекет тарапынан қамту мүмкіндігі аса шиеленісті әрі қыйын соғып отырғаны рас. Ендеше олардың іске асуға дейінгі сатысын немесе мемлекеттің қолға алуға дейінгі алғышартты құлшынымпаз ұлттық потенциалдың көмегімен қамтып, өтпелі де өлара шақты босқа өткізбеуге болады.

Бұл үшін түрлі саладағы ұлттық парасат біріктіріліп, саясаттан тыс ұйым ретінде барлық күш-жігер ұлттық мақсат-мүддеге бағышталса, ұлттық аспектілерді мемлекет қолға алуға дейінгі алғышартты жасау үйлестірілсе, үкімет тарапынан соны әрі қарай іске асыру, әлдеқайда жеңіл болар еді. Айталық, әлі күнге тіл мәселесі бойынша оның салаларына арналған немесе оны қайта түлетуге бағытталған сәуе (позиция), тұжырымдама (концепция), мұратіз (программа), жоспар жоқ. Кез келген мәселенің мұндай шешім жолы болмаса, ол мәселенің жайы даурығыспен бітеді.

Тіл мәселесінің осылайша нақты шешімдік тактикалық және стратегиялық іздері айқындалмағасын, басымызды тауға да, тасқа да соғып, аққу көкке, шортан көлге тартып, анархиялық әрекетке көше бастадық.

Ал, үкімет алдына қоятынымыз қай сала бойынша да істің мәнісіне жапайтын талап және оның іске асу мүмкіндігі бар ма, жоқ па, онда шаруамыз жоқ. Қазырғы қазақ үкіметі сәби екені, ал қазақ халқының өзі оған ана болуын ұмыта беретініміз өкінішті.

Кәзіргі кезде қоғамдық саланың қай қайсысын да кеулеген популизм өкпегі қабындыратын түрі бар.

-         Тіл саласы бойынша патриотсыған талай сабаз сайрап-сайрап, не «жағы семді» не тіл жағдайынан даңққа ие бола алмайтынын сезіп, үн-түнсіз өз тірлігіне көшті, бұл - тіл популизмі;

-         саясат бойынша популистер саясаттың қай жағынан жүретінін білмесе де, жұрттың алдына шығып дауыс қарлықтырудан тынар емес;

-         кейбір басшы-популистер бұқараға қайтсем жағамын деп, беделден бешпет киемін деп шетінен салтшыл, ас бергіш, той жасағыш болып алды, бұл өз дәстүрі мен ретіне сай болса ғой, бейіттің басына қай қазақ ас берер еді;

-         ал өнер саласының суретші-популистері болса, бірнеше ғасыр бұрын өлген бабалар суретін жорамалмен салып айды аспанға бір-ақ шығаруда.

Түрлі сала бойынша осындай желбуаздық кейіптегі жайттарды атай беруге болады. Алайда, жұрттың бәрі жаппай популист емес-ау, бірақ соларға мән бермей, еретіні - жаман.

Популизмнің қайсысына да тән сыйпат - бар әрекетті жұрт көзіне түсу үшін жасап, ал, істің негізіне мән бермеу болып табылады.

Қоғамдағы мұндай желбуаздық шынайы әрекет пен жалған істің ара жігі ашылу мүкіндігі жоқ кезде орын алады. Неғұрлым нәтижелі шынайы іс оңға басқан сайын даңғой популизм етек-жеңін жыйя бастайды. Ал, нәтижелі іс болу үшін жүйелі ойлау мен қайраткерлік, тізе қоса қимыл керек. Мұндай қосынды әрекет үшін оның пісіп-жетілу уақыты керек. Сол себптен қазыр қоғамға пайдалы нәрсе, ең болмаса шынайы істен популизмді айыра білу, неғұрлым популизмнің бет-пердесі ашылған сайын оны нақты қаблет алмастыратын болады.

Сондықтан да ұлттық мүддеге ұлы көзқарас болмай, алдамшы популизм қайбір ұлттық аспектіні қоға алып, дамытуды тежейді және оның берекетін кетіріп, мәнін төмендетеді.

Сонымен, ұлттық мемлекеттің болашақ субъективтік сфераларына айналатын кейбір ұлттық мүдделі салаларға ой жүгіртейік.

1992 жыл. Қазан-желтоқсан. 7-жалғасы.

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР ...

 

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

Ішкі саясат

Кез келген мемлекеттің ішкі саясатының (ІС) көлемі дәуір сайын тарихи-саяси жағдайына байланысты құрылады. Ал, біздің Қазақстан - жағдайы жағынан өзінің дербес мемлекеттігін жаңа ғана жариялаған мемлекет. Демек, оның ІС- ның нысанасы - жарияланған мемлекеттікті түбегейлі құру. Бұл мақсат бір біріне тығыз байланысты екі шартты қажетсінеді:

-         ішкі тыныштық;

-         экономикалық даму жолы.

Дәл қазырғы кезде сырттан Қазақстанға төнер нағыз алакөздік сезілмейді. Алайда, сыртқы фактордың (мәселен, Ресей жайының) қазақ елінің ІС-на айтарлықтай әсері бар. Басқасын былай қойғанда, Қазақстанға Ресей жағынан әлмәлі идеологиялық диверсия бой көрсетіп қала жаздауда. Дегенмен, республиканың ішкі факторы (алуан ұлт өкілді бұқараның бір біріне күмәнсіздігі) ерекше саяси тұтқа болмақ. Осы орайда, Қазақстан басшылығының кәзіргі ІС-ы әр ұлт өкілдерінен құралған халықтың саяси бірлігіне бағытталуда. Алайда, бұл қазырғы айналаның бәрі ұлттық-нәсілдік, діни шарпысу кезінде шынайы әрі табиғи түрде жүзеге аса қоятын жайт емес.

Қазақстандықтардың бірлігі соцпартиядан үміт етіліп, ол ұйым КОКПның мұрагері болды. Оның құрамында басым бөлігі қазақтар болып, әр ұлт өкілдері кіргенмен, бұрынғы «интернационал» сыйпатты іргетасы бар бұл партия Қазақстандағы бұқараны саяси біріктіруші бола алмады. Дүниеге Халық конгресі партиясы келіп, аталмыш миссияны бұл да қозғап көрді. Күткен нәтиже болмады.

Енді саяси біріктіру рөлін ойнап, сахнаға «Қазақстан халқының бірлігі» қозғалысы шықты. Алайда, саяси ұжымдасудың алуан түсті Қазақстан халқы үшін бұл жолы да жүзеге асуы екіталай.  Әрине, қозғалыс құрамына сан жағынан әр ұлт өкілі тартылатындығы сөзсіз. Бірақ бұл ұйым, іс жүзінде осы құрамымен елдің ІС-на оның жұртының бірлік үшін қайраткерлігін оята қояр ма екен? Өйткені, аталған үш саяси ұйым да халықты жоғарыдан үндеу не идея тастап, «мобилизациялық» тәсілмен біріктіргісі келеді. Бұдан шығатын нәтиже аз. Халықтың өзі төменнен табиғи жолмен, табиғи қажеттілікпен құлшыныс арқасында ғана бірігеді.

Ал, Қазақстанда халықты төменнен ұйымдастыруды қолға алған ұйым бар ма? Бар. Ол - «Азат». Әрине, «Азат» әуелі Қазақстан халқын емес, қазақ ұлтын біріктіруден бастағаны белгілі. «Азаттың» республикада кең көлемде қанат жаюын қазақ ұлтының саяси бірігуінің тарихи көрінісі деп мойындайтын уақыт жетті және бұл жайт табиғи жолмен ұлт өзіне тәуелсіздік қажетсінгеннен барып жүзеге асқан бірігу процесі еді. Демек, бұқараның саяси бірігуіне алғышарт ретінде әлдебір идеяны немесе мақсатты нысана етуі шарт екен.

Ал, Қазақстанда бір ғана ұлт - Қазақ халқы болғаннан кейін, оның жұртшылығын біріктіру үшін әуелі ұлттың бірігуі шарт та, ал қалған диаспоралық бөлігін соған топтасатындай жағдай жасау керек. Мұндай жайт аса көрнекті болмаса да, «Азаттың» төңірегінде болуда. Алайда, бұл процеске бірден бір кедергі болып отырған «Азаттың» тактикалық, стратегиялық мақсатын айқындайтын басшылықтың болмауында. Және де ол басшылыққа ұйымдастыру қаблеті мен байсалдылықтың жетіспеуінде.

Мемлекеттік өкімет өкілдерінің «Азаттың» біріктіргіштік қаблетін қолдау орнына оны араздату факторы деп санап, тұншықтыру фактлерінің кездесуі өкінішті. Мәселен, ақтөбелік «Азаттың» орыс әйелді облыстық кеңес депутаттығына ұсынуы билік тарапынан жасалған түрлі қыйтұрқылықпен іске аспай қалды. Демек, бұл жолда да өкіметтің кейбір өкілдері билік пен бедел монополиясынан айырылғысы жоқ.

«Азаттың» кей жағдайда жеңіске жетіп жүргені рас, саяси тәжірибесіз бұл ұйымның мұндай нәтижесі, әзірге құлшынымға (энтузиазм) байланысты болып отыр. Егер де қазақстандықтардың бірігуінің алғышарты, әуелі қазақ халқының бірігуі екендігі мойындалса, «Азаттың» тағдырына ресми де, бейресми жағынан да немқұрайлы қарауға болмайды.

Қазақ халқының өзі әлі күнге орыстілді және қазақтілді болып екі жарылып отырғаны аян. Тіпті, кей уақытта Қазақстандағы ұлттық мүддеге байланысты саясат осы екі «жартының» тартыс сыйпатына айналып кететіні де рас. Бұл жайт - қазақ ұлты үшін де, Қазақстан үшін де өте қауып!

Қазақстандықтардың ынтымағы, әуелі екі алуан сыйпатты қазақ тарапының бірігуіне  байланысты. Сондықтан Бірігу мәселесі осы жерден ізделу керек.

1992 жыл. Қазан-желтоқсан. 8-жалғасы.

 

 

 

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР ...

 

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

 

 

Сыртқы саясат

Қазақстанның сыртқы саясаты (СС) әзірге қос жақты болып отыр:

-         қыйыр шетелге бағдарланған;

-         таяу шетелге бағдарланған.

Саясатта ұяңдық болмайтыны өтірік емес. Сондықтан АҚШтың ала көзқарасынан ядролық қарулы ел болмаймыз десек те, бізге қарсы ұяң саясат жүргізілмейтіні рас. Сол себепті де, қыйыр шетелмен басты саясат кәзірде экономикалық қатынас болса да, орайы келгенде ядролық қару қолдан оп-оңай сусып кетпеу жағын естен ешуақытта шығармаған абзал.

Біздің таяу шетелмен басты саясатымыз Ресеймен арадағы саясатқа негізделетіні белгілі.Алайда, ең қыйыны сол, Ресей тұрақты саясатты ел болмай отырғандығы. Тіпті, әрі-беріден соң Тарихтың күнтәртібінде Ресейдің ыдырауы тұрмасына кім кепіл?

Ресей бейне бір қылтамаққа шалдыққан жандай. Оның өзегін өзге елдің дамығаны, тыныштығы өртейді. Ал, өзінің бұл дүниеде қалатындығына күмәні болғасын, айналасына қытымырлана қатынасуда.

Қазырғы Ресейдегі ішкі саясаттың берекесіздігіне жүздеген жылдар бойғы империяның орыс ұлтына сіңірген әсіреқожайындық мінезі бұл халықтың КСРОдан қалған федерацияны да ұстап қалуының дәрменсіздігін күн өткен сайын көрсетуде. Орыстар үшін ең жақсы кезең сол уақытта болар, бәлкім,  өз бойларындағы «ұлылық ауруынан» құтылғанда ғана.

КСРОның ыдырауы Горбачевтың қысымға ұшырауымен байланысса, Ельцин билігінің қыспаққа түсуі де, Ресейдің ыдырауынан хабар беруі мүмкін. Алайда, бұл шақ Дүние жүзі бойынша ең қауыпты сәт болуы ғажап емес. Өйткені, өркениетсіз империяның ыдырауы да өркениетсіздікке ұрынуы ықтимал. Сондықтан, Қазақстан мұндай ауыр сәтке әрқашан дайын болуы керек.

1992 жыл. Қазан-желтоқсан. 9-жалғасы.

 

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР ...

 

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

Экономиканың кейбір қалтарысы

Адамзат тарихындағы қоғамдық табыстың бірден бір көзі әруақытта да жекеменшік болып келді, 70 жылдан аса меншіксіз өмір сүрген Кеңес одағының халқы кәзіргі экономикалық өлара кезеңді империяның құлауымен ғана байланыстыруда. Ал, мұның жай-жапсарын ұлтсызданған қазақ халқына ұғындыру идеологиясы әлі күнге болмай отыр. Әміршілдіктің әңгіртаяғының астында тірлік еткен халық тоқпақтан босағасын бостандықты не істерге білмей, әуре болудың да ретін таба алмай отырғандай. Базаргөй («нарық термині дұрыс емес, ол - «рыночная ценаның» баламасы)  экономиканың басталғанына жылға жуықтаса да, әсіресе, қазақ байғұс қалай күн көрудің жолын білместен, әлеуметтік жағдайдың қиындығына қарамастан «көппен көрген ұлы тойға» балап, жайбарақат күй кешуде.

Қазырғы жаңа экономикалық құрылымдарды қолдау мен антимонополиялық комитеті және жекешелендіру мен кәсіпорындарды мемлекет иелігінен алу комитеті шынтуайтына келсек,  республикада базаргөй экономиканың іргетасын қалаушы органдар ретіндегі нағыз мәнге ие бола алмай отыр. Мұның басты себебі, бұл екі саланың Қазақстанның қазырғы базарға енудің басқы жағдайында бір бірінен ажырағысыз қызметтерінің екі органға айналып, екі бөлектенуінен. Кәзіргі базардың басқы дәуірінде жекешелендіру мен базаргөй құрылымдарды қолдау бір процестің біртұтас сатысы. Сол себепті, біртұтас процесті екі бөліп, екі органға басқарту қазырғы кезде жаңа экономикалық құрылымдарды қолдау және антимонополиялық комитеттің жұмысының пәс тартуына апарып соғуда. Өйткені, жаңа құрылымдарды қолдайтындай бұл органның шынайы дәрмені жоқ, ал үстемсіздендіру (антимонополиялық) ісі елдегі мемлекеттік үстемдікті базаргөй құрылымдарға бөлшектеу деген сөз. Ал, бұл жайт бір ғана органның міндеті емес, мемлекеттің міндеті болып табылады. Мұндай құбылысты науқан етпей-ақ, жаңа құрылымдарға басты қолдау жасаса, мемлекеттік монополия өзінен өзі ыдырап, жаңа жекеменшіктік монополияның туындау мүмкіндігі пайда бола бастайды. Ал, жаңа құрылымдарды үстемсіздендіру қазырғы мемлекеттік құрылымдарды монополиядан құтқарудан гөрі оңай әрі сырқатсыз.

Біздің елдегі аталмыш қос органның «қызметі» бір бірімен байланыспай, өгейси қарағанның кесірінен екеуінің де қызметі мандымайды. Құрылымдар жекешеленуге құлшына кіріспей, амалсыз уақыт талабы болғандықтан түседі. Ал, жаңа құрылым болғаннан кейін, қолдау комитеті оны қолдай алмайды, оған қауқары да жоқ. Сондықтан да бір процестің осы қос бағытын біріктіріп, біртұтас базаргөй экономикалық комитет құрып, оның жұмысын үш салаға бөлген жөн:

-         жекешелендіру және мемлекет иелігінен алу;

-         жаңа экономикалық құрылымдарды қолдау және антимонополиялық қызмет;

-         базаргөй экономиканың идеологиясы мен бұқараны базар (рыйнок) негізіне сауаттандыру.

Сөйтіп, дүниеге нағыз мемлекеттік базаргөй комитет келсе ғана, сол сыйпатты экономика алшаң басады.

Қазырғы кезде ауыл шаруашылығының базарлануы өте баяу жүріп келеді және оған мемлекеттік көзқарастың да септігі тиді. Өйткені, совхоздардың тек қана мешеулері ғана мемлекет иелігінен алу көзделгені рас. Сөйтіп, жыл бойы мешеу совхоз да жекешеленбеді, ал алдыңғы қатарлы совхоздар мешеулене бастады. Демек, совхоздың мешеу, табыстысына қарап, жекешелендіру дұрыс емес. Өйткені, совхоз атаулы өзінің бар мүмкіндігін тауысты. Табысты шаруашалықтар да, түрлі себептермен уақыт тезіне шыдамай, мешеуленуі табиғи жайт. Әрине, биыл күзге дейін мал шаруашылығының денін жекешелендіру тиімді болар еді. Енді осы қатені қыстай аяқтап, көктемгі мал шаруашылығының негізгісі базаргөй сыйпатты болса, алдағы жаз мал шаруасының нағыз базарына айналуы ғажап емес.

Астық шаруашылығы да биылғы егіннің бітік шығуымен өздерін әупірімдеп ұстап отыр. Келесі жылы астық қанша мол болса да, оны мемлекетке тапсыруды ұйымдастыру қыйын болады. Өйткені, жаңа астыққа дейін шаруашылық мүшелерінің психологиялық және экономикалық көзқарастары мүлдем өзгеріп үлгереді. Сол себептен де астық шаруашылығы да, жаңа қырман науқанына дейін құрылымдық сыйпаты бір жағына шығып тынғаны мемлекет үшін де, бұқара үшін де аса пайдалы.

Ауыл шарушылығы базаргөй экономикаға өтуде сырқатты жағдай болмас үшін тоталитарлық жүйенің кәтесін түзете отырып, базар соқпағына түскені дұрыс. Ол үшін ауыл шаруашылығындағы тәуекел сыйпатты мал және астық шаруасын бір ретке келтіру керек. Айталық, Ақтөбе облысының Байғанин ауданы шөлді мекен бола тұра жүздеген отар қой өріске шығып, жердің де шұрайы кетіп болды, «Еділбай» тұқымды қойдың да тұрқы кішірейіп, тозып бітті. Ал мұндай шөлді жерлерге түйе мен жылқы малдарын өргізген анағұрлым ыңғайлы әрі экологиялық тиімді болар еді. Өйткені, жылқыға шөп шабудың қажеті жоқ, демек, жер қыртысы тозбайды. Аз ылғалдың өзі жыл ма жыл жердің шұрайын қалпына келтіруге үлгереді. Ал,қой-ешкі малын Ырғыз ауданы тәрізді сулы да нулы өңірге өргізген малға да, адамға да әбден ыңғайлы. Жалпы, шөлейт маңдағы қой-ешкі шаруасын тәуекел астық шаруашылығының жеріне көшірген дұрыс. Ал, «тисе - терекке, тимесе - бұтаққа» деп дән себетін астық шаруасын түгелімен қой-ешкі бағу кәсібіне көшірген мақұл.

Сонда, азайып, жойылуға айналған Даланың сәні жылқы мен түйе бағу кәсібі пайдасыз саналатын қой шаруашылығының орнын басады, ал қой-ешкі бағу кәсіпшілігі, аспаннан жауын күтіп жалтақтаған астық шаруашылықтарының орнын басып, жерді зорлап аздыру ісін түгелімен ығыстырып шығарады. Мұндай жағдайда шаруашылықтарды жекешелендіру кезінде ескеріп, іске асыруға әбден болады.

Қазақстанда жылқы мен түйе кәсібіне де жарамайтын жерлер бар. Бірақ ол маңда әдетте жез киігіміз өріп жүр. Өкінішке орай, қазақ даласының осы бір киелі жануарына тиесілі көзқарас әлі де ойластырылмай отыр. Жалпы, елде мемлекеттік бағыныстағы сайғақ кәсібін құратын мезгіл жетті. Мұндай кәсіпке көп шығын қажет емес, қайта ол мемлекетке алтын түріндегі табыс әкелері сөзсіз. Өкінішке қарай, бұл табыс көзі анархиялық сыйпат алып, мемлекеттік деңгейдегі қылмыс жасалып, пәк айуанның оңды-солды жойылуына тап келуде.

Егер де қазырғы мыштай (қаптесер тышқан) көрпештерді бағып, күллі зыйан шегіп отырған ауылдар негізінде мемлекеттік сайғақ кәсібі құрылса, ол елге де, құм басып аңызақ кептірген ауылдарға да мол пайда болар еді. Киікті жазықсыз қырған сол ауыл жігіттерін қылмыстан да құтқарар еді. Ал, мұндай кәсіп:

-         киіктің санын кемуден сақтау;

-         оны семіртіп, мемлекетке өткізумен;

-         көбейтумен;

-         киік өнімі өндірумен айналысар еді.

Бәлкім, сонда мешеу ауылдар Даланың жанды алтынын бағып, мемлекетке нағыз алтын жылғасындай қадырлы көрінер ме еді?!

1992 жыл. Қазан-желтоқсан. 12-жалғасы.

 

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР ...

 

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

 

Тіл

Қазақ тілін қолға алған 1989 жылдан бергі үш жыл есірік құлшыныммен ес кетіріп, уақытты бос кетірген уақыт екенін мойындайтын кезіміз болады, әлі! Рас, кәзіргі қазақ тілінің қолданым аясы бұрынғымен салыстырғанда шүкіршілік. Санға сан қосылуда. Тілге деген құлшыным көбеюде. Алайда, бұл көрініс тіл тағдырының төңірегінде төгілген тердің нәтижесі емес, бәрінен бұрын Уақыт талабының ғана көрінісі. Ал, егер бұл көрініске нағыз қайраткерлік пен мемлекеттік ресми көзқарас қосылғанда, бәлкім, қазырғы тіл жөніндегі жағдай да, желбуазданған даурықпа саясат та, басқа болуы ықтимал. Сонда біз не істемедік?

Ең әуелі мемлекеттік мәртебеге ие болған тіл үшін оның мемлекеттік деңгейінде қолданылуы үшін алғышарт жасалғаны жөн болар еді. Ал, ол қарапайым да, қордалы үш саланы қамтиды:

-         терминология;

-         орфография;

-         орфоэпия.

Қазақ тілі өзінің Қыпшақ заманынан кейін аморфты тілге айналғанына қазыр көз жетіп отыр. Кез келген дамыған тілдің шыңы - ресми тіл болу. Реси тіл  дегеніміз -  кез келген дерлік сөзі нақты ұғыммен қамтылған тіл. Ал, біздің қазырғы тіліміздегі кез келген сөзге кез келген мағына телуге болатын жағдайға жеттік. Бұл - тіл мешеулігінен, оған деген көзқарастан пайда болатын нәтиже. Ендеше тілдің даму көрсеткіші - оның әр сөзінің нақты ұғымды білдіру деңгейіне жетуі. Ол үшін не істеу керек?

Біріншіден, тілдің Ұлы термин жыйнағын (сөздігін) біртіндеп қолға алу керек. Әрине, ол тілдік салаларға бөлініп,  салалық термин сөздіктерін құрайтыны рас. Алайда, кәзіргі шығып жүрген терминологиялық сөздіктер, субъективті сыйпат иеленіп, авторлардың долбарымен шыққан туындылар іспетті. Мұндай сөздіктер алдына әлі күнге тілдік заңдылық, концепциялық принциптер мен терминдік теория ұсынылмағандықтан, субъективизимнен сүрінуде. Жалпы, мұндай істі қалай ұйымдастырған жөн?

Атақ-даңқына қарап емес, қазақ тілінің нағыз білгірлері мен ғалымдарын біріктірген мемлекеттік тіл комитеті құрылар (болмаса бұрынғы терминком) болса, термин жөніндегі іс объективтірек болуы үшін былай ұйымдастырған мақұл. Әуелі осы орган қазақ тілі терминологиясы тұжырымдамасының жобасын жасап, бұқаралық талдауға ұсынады.Талдауға түскен аргументті пікірлер мен қағидалар іріктеліп барып, тұжырымдаманың сынақ жобасы бекітіледі.Сынақ жоба біржылдық сынға түсіп, толықтырумен барып, түпкілікті  түрде тілком бекітеді.

Міне, содан кейін барып, қазақ тілінің терминологиялық сөздігін жасау басталады. Мұны да әрі қарай ұйымдастыратын әлгі терминком не тілком. Ол үшін бұл орган ай сайын белгілі бір терминдер тізбегін жариялап, соған баламаға екшем (конкурс) жариялайды. Балама термин екшелу кезінде термин тұжырымдамасының талабын қанағаттандыратындай принциппен және пікірталас бұқараның көз алдында жүретін процеске айналуы қажет. Әйтпесе, кәзіргі баламаны бекіту ешбір аргумент пен принципке сүйенбей, оның баспасөзде неғұрлым көзге көп түсіп, ауызекі көп айтылуына орай таңдалуы өте сәтсіз де объективсіз тәсіл.

Екіншіден, тілдің қайтадан қолға алатын бір саласы - орфография. Орфография үшін қазақ тілінің жаңа дәуіріндегі жаңа тұжырымдамасы қажет. Орфографиялық сөздікті осыдан кейін барып, қолға алған жөн. Сонымен бірге қазақ тілінің орфографиялық заңдылықтарын баспасөз бен басқа өнімдерінде бақылау органы болғаны жөн. Өйткені, соңғы кездері әуесқой басылым мен баспалардың көбеюіне орай, тілдің жазбасы түрлі сорақылықтарға душар болуда. Осы қиянатты болдырмаудың жолы қарастырылмаса, дамып, ресмиленіп үлгермеген қазақ тілінен сау-тамтұқ қалмайды.

Үшінші сала ретінде, орфоэпияны алсақ, қателеспейміз. Өйткені, ауызекі тілде қазақ тілін сауатсыз сөйлеу орын алып, ол барған сайын белең алуда. Мәселен, «шопанды» - «шабан» (шабан - жүрісі өнбейтін ат), «отарды» - «атар» (орыс тілінен енген нұсқа күйінде айтылып жүр), «ретті» «рез» деп бұрмалау әбден сіңіп барады! Демек, қазақ тілінің дикциялық жағдайын қамтыған орфоэпиялық сөздік те қажет және оны шығару уақыт талабы.

Қазыр қазақ тілінің мәртебесі өзектеніп тұрғанда, оны үйренушілер саны үстемеленуде болғанымен, тілді үйрену методикасының өте нашарлығынан, тіпті, жоқтығынан, оны үйренуге деген құлшыным тез суып қалуда. Ал, шындығында, қазақ тілі орыс тілінен екі есе жеңіл тіл. Өйткені, біздің тілде род жоқ, және екпін (ударение) бірыңғай соңғы буынға түседі. Қазақ тілінің табиғаты заңдылықты сүйеді және исключение жоққа тән. Мұндай тіл тез үйретіледі әрі тез дамиды.

Қазақ тілін үйрету методикасының сан салалы түрін: дәрісханалық, теледидарлық, грамматикалық, сондай-ақ, тереңдетілген және жеңілдетілген салалары бойынша екшем (конкурс) ұйымдастыру арқылы дамытуға болады. Алайда, оларға да алдымен тұжырымдама (концепция) бекітілуі керек. Жалпы, тілге байланысты кез келген құжат жобасы жарияланып, ол бұқаралық талқыдан өтіп барып бекітілгені әруақытта объективті болып табылмақ.

Сонымен бірге қазақ тілге көзқарас пен ниетті құлату үшін түрлі идеологиялық ырғауыштарды (рычаг) қолданған тиімді. Мәселен, шетелдік телесериалдарды тікелей қазақ тіліне аударып, беріп тұрса, қандай қолдау болған болар еді. Сондай-ақ, балаларға арналған шетелдік қызғылықты кино, телеөнімдерді орыс тілінен бұрын орағытып көрсеткен тіл үшін үлкен ұтымды.

Ол үшін «Қазақфильм» бірлестігінің аударма саласына тікелей мемлекеттік қолдауды аямаған жөн. Кәзір қазақ әліпбиі жөнінде де алуан пікір өрбуде. Жалпы әліпби харпын таңдауда мына жайттарды ескерсе болғаны, қай әліпби керек екені өзінен өзі шығады:

1.     әліпбидің тарихилығы;

2.     әліпбидің қазақ тілінің сыйпатынан ауытқымауы;

3.     болашақ бүкілтүркілік ортақ әліпби жасауға қайшы келмеуі;

4.     өркениеттік даму талабына сай болуы;

5.     тілдің дамуына әліпбидің кедергі болмауы.

Аталмыш шарттарға тоқталсақ, 1-жайт бойынша, қазақ халқының тарихында төрт харыптық нұсқаға негізделген бес әліпби (қыпшақ жазбасын ескермегенде) бар, тас жазбасы (руникалық харып) арап әліпбиі, Ахмет нұсқасы, латын харпы және кирилица негізді әліпби. Бұлардың қайсысы да неғұрлым алыс болған сайын соғұрлым ыстық та қасиетті саналады. Бірақ тарих үшін бұлардың қайсысы да құнды және бірдей.

2. Қазақ тілінің сыйпатына барынша негізделген тас әліпби, Ахмет нұсқасы және осының негізінде дүниеге келген латын харыпты әліпби.

3. Кәзіргі жалпытүркілік сауат дүниесі үш түрлі харып қолдануда; латынша, арап, кириллица. Азаттық алуға байланысты соңғы әліпбидің отарлық сыйпаты ескеріле тұрып, кириллицадан жаппай жиіркену жағдайы жүруде. Бұл жайт КСРОлық түркілерді кириллицадан түбінде ажырататыны анық. Сонда таңдауымызға екі ұлы харыпқа негізделген әліпбидің ғана бүкіл түркіні бірыңғай харыптандыру мүмкіндігі қалмақ.

4. Сайып келгенде, қазырғы тіліміз үшін, оны тезірек даму жолына мүмкіндік беретін әліпби қажет екендігі. Ал, бұл талапты бірден бір қанағаттандыратын латын харыпты әліпби және бұл қазырғы әліпбиден арап харпындай алыс емес, «үш қайнаса, сорпасы қосылады». Яғни, кириллицадан латыншаға өтудің сырқатсыздық талабын да, қанағаттандырады және өркениетті техникалық құралдарға да икемді. Қысқасы, латын әліпбиі қазақ тілінің дамуына тұсау болмасы айқын. Ендеше әліпби жөніндегі амбициялы пікірталас латын кейіпті харыпқа тоғысып, тез арада тоқтамға келетін уақыт жетті. Өйткені, тіл дамуының қазырғы негізі - әліпбиде.

Алайда, әліпби мәселесі бүкіл түркі болып бас қатыратын жайт. Сондықтан, түркілік ортақ әліпби тұжырымдамасын бірігіп жасаған дұрыс. Әліпби ұқсас болса, тілдердің туыстығы іс жүзіне асады.

Тіл саясаты жөнінде ескеретін бір жағдай, кәзіргі қазақ тілі уақыттың мүмкіндік арнасымен дамуда. Егер тіл дамуының бұл ағысын жасанды түрде не тездетіп, не күшейтсек, тіл саясатының бұл зардабы өзге саяси саланы қамтып кетуі ғажап емес. Тіл дамуына күш емес, тек қана жағдай жасау тиімді. «Орнында бар оңалатынына» әруақытта шүкір етейік.

1992 жыл. Қазан-желтоқсан. 13-жалғасы.

 

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР ...

 

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

 

Дін

Тарихта ешбір ұлт не халық табынусыз болған емес. Әрине, 70 жыл бойы Жаратқанды ұмытсақ та, оның орнына Маркс, Ленинді қойып шоқындық.

Кәзіргі Қазақстан саясатында ебропалықтарға біз нағыз мұсылман емеспіз деп саяси ақталатындаймыз. Ал, ТМД деңгейінде ислам фундаментализмінен өзіміздің алшақ екенімізді көрсету таяу шетелге бағыттаған саясатымыздан орын алады. Сайып келгенде, біздің мұсылман еліне айналуымыз біреуге қауып, өзімізге сор болмайтынына түпкілікті көз жеткізіп, бір діннің етегінен ұстауға ден қоя бастайтын уақыт алда екені рас. Дегенмен, кәзіргідей өлара шақта мемлекеттен дінді бөліп, зайырлы ел боламыз дегенмен, халық діннен, дін халықтан бөлінбек емес. Демек, діннің Қазақстан үшін бәрібір саяси нысанға айналуы сөзсіз. Ендеше, халық дінге қазығын айналған аттай байланса, біз босқа уақытты неге өлтіреміз? Мемлекеттік жолмен дамымаған дін, анархиялық, миссионерлік сыйпатпен дамыса не болады? Фундаментализм мен діни соқыр сенімнің көкесі сонда болуы мүмкін ғой. Сондықтан, ресми дінді бөлектегенмен, мемлекеттің көз қыры қазақ ұлтының мұсылман дінін екінші рет қабылдаудан сырқатсыз, ерікті де сауатты, жүрек қалауымен жүзеге асатын құбылысқа айналуға алғышарт жасауы қажет.

Кәзіргі өтпелі шақта әр ауданда бір мешіт ашылып, әр аймақта бір медресе құрылуын қамтыған жөн. Ал кейіннен бұл үрдіс әр ауылда бір мешіт, әр ауданда бір медресе болатындай жағдайға дамиды.

Бір өкініштісі сол, қазақ тілін үйрету методикасының жоқтығындай, арап тілінің үйрету методикасы да кәзіргі мезгілде өте қат. Осының кесірінен әр ұстаз өзінше үйретіп, араша үйреніс талапкерлердің талабын тауға тірегендей болып, қыйын істі қолға алғандай ниетте болатын шәкіртте шала үйренген әріптерін өзгеге үйретуге кірісіп, осылайша дүмшелік популизм жанданып келе жатқандай.

Әрине, кәзір Қазақстанға, әсіресе, діншіл түрік ағайындар дін жағынан қол ұшын ұсынуда. Алайда, табиғатында зерек қазақ бір ауық діни сауатты өзі қолға алатын уақыт келді ғой. Әйтпесе, Қазақстанда бастапқы исламның тарауына араптар, оның тұрақтануына татарлар, енді оның қайта түлеуіне түріктер кіріссе, қазақтың өзі қашан діндарлыққа жетеді? Сол себепті мұсылмандық сауат пен мешіт жұмыстарына халықтың өзін кәзірден бастап кірістірген дұрыс. Ауғаныстанның кәзіргі бас діндарын туғызған қазақ, Түркістанды екінші Меккеге айналдыра білген қазақ байсалды мұсылмандықты әлі-ақ қалпына келтірер. Ол үшін дін жазуының қажетін қанағаттандыру үшін Түркістанда арап харыпты баспа құруды қолға алу қажет. Сонымен бірге онда діни салауатты уағыздаушы радиообъект ұйымдастырған жөн.

Дінді қазырдың өзінде тәрбие құралы мен әруақтар алдындағы жауапты орын ететіндей мүмкіндік бар. Айталық елдің қай түкпірінде де қасиетті қорымдар жеткілікті. Оларды мешіттерге тіркеп, шырақшылар бөлінсе, қазақы сенімнің қайта түлеуіне орын бар.

Өкінішке қарай, кәзір емшілік, тәуіп, бақсылық саласында дүмшелікке ұрыну етек жая бастады.Тіпті кейбіреулер өздерін тірісінде әулие атандырып жүр. Бұл - қазақы ұғымның қадырын кетіру емей немене? Қазақ ұғымында тірі кезінде қасиетті батыр, би, бақсы, бай, тәуп т.б. елге қадыры сіңгендер өлгесін барып, әруаққа айналғасын, әулие атанатыны рас. Осыдан барып халықта әулиенің басына түнеу ұғымы қалыптасқан. Сондықтан да, тірі кезінде ешбір әулие болмайды және ешбір тәуіп бір қора адамды бірден емдемеген.

Кәзіргі кезде әруақты, биоөрісті, ерекше қабылетті жандарды мешіт ісіне байланыстырып, олардың халыққа шынайы қызметін дінмен қайта табысуға ықпал ретінде неге пайдаланбасқа.

Өкінішке қарай, қазыр әруақты «арқалаған» кейбір жандар популизмнің экстрасенстік түрімен айналысуда. Халық бойындағы әлі арылмаған құлдық психология кез келген шапағатты көктен күтуге әдеттендіргені кәзіргі экстрасенстерге фанатизммен ден қоюдан көрінуде.

Емшіліктің сыйпатына тағы бір тән жағдай - бүкіл бақсылар мен тәуіп, сынықшыларды бір жерге шоғырландырып, ем кіндігін жаппай құру болып отыр. Ал, тарихта мұндай жандар шоғырланып, мекемеге айналмаған. Бәлкім, олардың қабылеттері мен қасиеттері де сонда шығар?!

1992 жыл. Қазан-желтоқсан. 14-жалғасы.

 

 

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР ...

 

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

 

Халықнама

Ұлт мүддесінің қазырғы таңдағы басты саласы халықнама (демография) болғандықтан да, бұл айырықша саясатты қажетсінетін пән болып табылады. Алайда, Қазақстан халықнамасы әлі күнге жүйелі түрде өз соқпағына түскен жоқ. Бұл үшін сан алуан диаспоралы елімізде халықнама зердежайын (зерттеу институтын) құратын мезгіл де алыс болмас.

Қазақстанның ұлттық мемлекет болып қалуы, қазақ ұлтының саны мен сапасына байланысты екені аян. Сайып келгенде, тіл, дін секілді өзекті құндылықтар осы жайтқа тәуелді. Ендеше ең болмаса санымызды қалай молайтамыз деген сауалға елде талай әуесқой демографтар бас қатырып та үлгерді.

Санды көбейтудің негізінен екі жолы бар екені белгілі. Келім-кетім (миграция) және табиғи өсім (туылым). Келім-кетім мәселесі әруақытта да еріктілік сыйпатта болмаса, оны күштеу яғни басқаны кетіріп, қазақты келтіру жағдайы жалпы саясатты морт сындыруы ықтимал. Келім-кетім саясаты негізінен кетіріп, келтіру принципіне емес, кетіп,келу принципіне негізделсе жетіп жатыр. Соңғы кезде келу жайттарының өзі әжептәуір құбылысқа айналды. Ал, келім-кетім деректеріне сонша мән беріп,саяси сыйпатқа айналдырудың да соншалықты қажеті жоқ. Қазақтан басқаның өз елдеріне кетуі олардың өз ұлттық отанымен табысуы емес пе, тіпті, қазақ мемлекетін мойындамағандықтан да кетіп жатқаны қаншама! Ендеше «ондайларға ойбай, кете көрме!» - деудің орнына «тайып тұр!» деумен арада «тең» таңбасы бар екенін ұғатын уақыт жетті.

Кәзіргі кезде (өтпелі дәуірде) келем деген қазақты құрғақ құлшыныспен ғана қабылдай тұрған мақұл. Егер бұған мемлекеттік мән беріліп, саяси жағдай туғызылса, оның екіжақты зияны болмақ:

-         ішіміздегі өзгелердің алакөздігі артып, оған қарсы жергілікті жерлерде жоспарлы істер жүреді, ішкі саясаттың ішегі қатаяды;

-      кәзіргі қыйын шақта Қазақстанды отаным деуден гөрі оңай олжалы мекенге айналдырушылар көбейіп, мемлекетке әсіре міндетситіндер көбейе бастайды. Ал, шын мәнінде қазақта әлі міндеттенетіндей мемлекет құрылып болмағанын ескерген дұрыс. Қысқасы, қазырғы кезде Қазақстан үшін ең алдымен оның мемлекет құрылысына аз да болса пайдасы барлар мен мойынға түспейтіндер жыйналғаны дұрыс. Алайда, шет қазаққа босқындық туып жатса, амал жоқ, олар сөзсіз қабылдануы тиіс.

Шет қазақты келтірудің қандай тиімді жолдары бар? Ол Қазақстанға жерлестік деңгейіндегі (шетелде ру мен әулет басы, таяу шетелде аудан мен кәсіпорын басшылары) беделді де дәрменді адамдарды келтіруден бастайтын жағдайға негізделсе. Өйткені, мұндай адамдар әруақытта өзімен бірге бір қауым жұртқа қамқор бола біледі. Яғни, Орынбордан бір совхоз директоры келсе, онымен бірге кемінде 50 үй  бірден көтеріледі деген сөз. Сол секілді Моңғолиядан беделді бір әулет қозғалса, онымен бірге ағайын-жұрағат бірге көшеді.

Сонымен бірге, қазақ диаспорасын атажұрттандырумен бірге Қазақстан өзінің кадр мәселесін де бірыңғайлар еді. Мәселен, шығыс елдерінде (Қытайда, Иракта, Индияда, Моңғолияда, Араб елдерінде) гуманитар пәндердің қаншама маман-ғалымдары жүр! Қаншама дайын тілмаштар бар! Қанша піскен дипломаттар жүргенін де білмейміз. Ресейде қандай кәсіпорын басшылары бар! Әскери кадрлар қанша?! Ендеше жағдайды осыларға жасап, өзіміздегі ас ішіп, аяқ босатарлардан құтылу жөн емес пе?! Бұл жерде өзгенің емес, алдымен өзіміздің кертартпалар аталып отыр.

Санның көбеюінің тағы бір жолы - табиғи өсім. Алайда, Қазақстандағы қазақтың табиғи өсімі осындағы өзбектердің өсімінен біраз кем. Жалпы, қазақтың қазырғы туылу қарқыны аз болса, өркениет қабылдайтын болашақта ол өсім көбейер ме? Сондықтан бұл жағдай қазыр қолға алынғаны жөн. Ол үшін басты шешім - қазақ жастарын ауылда тұрақтандыру. Ал, ол үшін басты жұмыс - ауыл басшыларын жасарту. Жалпы кәзір «Жас Қазақстанды жастар басқару керек!» деген девиз кадр мәселесінде басты орында болу керек. Ауыл деңгейіндегі басшылықтың орта жасы 30-дан, аудан басшылығы  35, облыс - 40, ал мемлекеттік ауқымдағы орта жасы 45-тен аспауын діттемейінше, қызыл империяның жұқпалы дертінен айығып, қоғамды нағыз икемді қайраткерлер қолға алуына жағдай тумайды. Қоғам басшылығы жасармай, жалпы жастарымыздың есею жасы қартая бермек. Ал, бұл халық санына да, сапасына да басты зиян.

1992 жыл. Қазан-желтоқсан. 15-жалғасы.

 

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР ...

 

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

 

Тарих

Тарих - өткен оқиғалардың тізбесі емес, халықтың өткен ұрпақтан қалған зердесі. Ал, мұндай зерде қапелімде Қазақстан жағдайында қалыптаспайды. Әсіресе, тарихы қатталмаған, хатталмаған қазақ үшін мейлінше қыйын.

Қазыр тарихшылар арасында авторлық тарих жазу ағымы пайда болды, бұл -түбінде Қазақстан тарихын субъективизмге ұрындыратын қадам. Мұнан қашу үшін тарих жазуға да тарих керек екенін ескеру керек. Ал, ол бізде әлі жоқ.

Қазақ тарихын оның тұжырымдамасын дәйектеуден бастау қажет. Бұл тұжырымдама қазақ тарихының үш бұлағына иек артқаны жөн: бізге дейінгі қазақ туралы еңбектер, дүние жүзіндегі архивтік - шикізат материалдар, халықтың өзінде сақталған тарихи мазмұндағы мұрағаттар.

Тарихты жабыла жазудан бұрын, тарихи шикізат қорын әзірлеуден бастаған жөн. Ол үшін Қытай жазбалары мен Геродоттан бастап, орыс, араб жылнамаларын қамтыған, тарихи Игорь жасағы туралы жырдан бастап Желтоқсан оқиғасына дейінгі аралықта қамтылған мол материал ең алдымен хрестоматия түрінде қазақ тілінде том-том болып басылғаны жөн. Тарихи шикізат дегеніміз - осы. Міне, осы шикізатты тарихшылар жарыса зерттеп тарих жазуға содан кейін кіріскені ләзім. Бәрінен бұрын таяу шетелдегі архив материалдары алтынға айналмай тұрып, шолғыншыларды аттандырсақ, ұтарымыз көп болар еді.

 

1992 жыл. Қазан-желтоқсан. 16-жалғасы.

 

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР ...

 

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

Журналистика

Қазырғы кезде журналистикаға тек қана хабарлар тасқыны деп қарау бойымызда кеңестік психологиядан қалған қасаңдық. Өйткені, журналистік қызметке журналистердің өзінен бастап, мемлекеттік органдар мен бұқараға дейін хабар айту, жазу, тарату аясы деген түсінікпен қарағаннан бұл салаға жеткілікті жағдай жасалмай, талап қойылмай, қоғамнан өз орнын ала алмай-ақ келеді. Ал, шын мәнінде тәй-тәй басқан жас мемлекет үшін оның «жас» халқын қалыптастырып, ұлтты парасатты дамытуды ең қолайлы да іскер, тиімді қоғамдық сайман екенін, қоғамның дәрігері екеніне ой жіберіп, көз жеткізер шақ туды ғой. Бұл үшін арнаулы радио-теле және баспасөз журналистикасын қамтыйтын кәсіпқой оқу орнын құратын мезгіл болды.

Бір ғана тележурналистиканың жағдайын өтпелі кезеңде қалай демеуге болады деген сауалға жауап іздейікші. Әрине, мемлекеттік «Қазақстан» телерадиокомпаниясына миллиондап ақша аударса, оны сонша дауға айналдырмай шешуге болатыны түсінікті. Ал, ол жағдай мүмкін болмаса ше?

Қазырғы жаңа дәуірге сай жаңа құрылымдар дүниеге келуде. Өкінішке қарай мемлекеттік органдардың мемлекетке тәуелсіз органдарға ала көзбен қарауы немесе менсінбей назар салуы жақсылықтың нышаны емес. Өйткені, болашақ мемлекеттік емес құрылымдарға ерекше дәуір болғалы тұр. Демек, мемлекетті күшейту дегеніміз - соның мүддесіне беймемлекеттік құрылымдардың мойнын бұра білу. Кәзіргі жағдайда көптеген облыс орталықтарында тәуелсіз телекомпаниялар құрылуда. Алайда, бір қызығы әрбір облыста дерлік «Қазақстан» компаниясына қаражат жағынан қарайтын, ал атауы «облыстық телекомпания» дейтін телеқұрылымдар бар. Шын мәніне келсек, бұлардың бәрі «Қазақстанның» бөлімдері ғана, ендеше олардың атауын дабырайтып, ісін неге жабырқатамыз? Егер өз алдына компания болса, қаржы, әкімшілік тізгінін өздеріне беріп, жергілікті өкіметке түгелдей неге қаратпасқа?! Болмаса, «Қазақстан» компаниясына басыбайлы бөлім етіп, неге бермеске? Әйтпесе, заңды тұлға жағынан Ленинскіні қосқанда 20 мемлекеттік телерадиокомпания болғаны ма?! Одан да неге оның барлығынан толыққанды нағыз телерадиокомпания құрмасқа?!

Мәселенің басқа қырын алайық. Ақтөбеде дүниеге келгелі жарты жылдан асқан тәуелсіз РИКА телерадиокомпаниясы бар. Құрал-сайманның бәрі жапондық. Ұжымы жастардан құралған, ісі ширақ. Ол мекенжай болмағандықтан, облыстық телекомпанияның (ОТК) жаңа ғимаратынан орын жалдап отыр. Ал, керісінше, мекенжайы бар ОТК-ның жабдығы ескі, орын ауыстыруға жағдай көтермейді - жабдықты қайта жинау мүмкін емес.

Ал, осыны келісімпаздықпен «екі жартыны бір бүтін» етуге болмай ма?! Мәселен, кәзіргі инфляция РИКАға да бас көтертер емес, ал ОТК жаңа құралға ие болғанша ескі сайман мен оның қазырғы ісінен не қалады? Ендеше РИКА мен ОТК мынадай екіжақты келісімге келе алады ғой: ОТК - РИКАға өз мекенжайын бере тұрады. Ал, РИКА - ОТКның шағын ақпараттық ұжымын бюджетімен қоса, қазырғы заманғы техника алғанша, техникалық, қанатының астына алады. Ал, бұл «Қазақстан» телерадиокомпаниясы үшін де пайдалы. Өйткені, ОТК бұрынғыдай өтпелі дәуір бойына техника үшін қаржы сұрамайды. Қажет болса, РИКА ОТКның өнімін таңдап жүріп эфирге шығарады. Ал, сәті түсіп техника алынғанда әлгі ұжымды өз алдына бөлім етіп бөлек шығара қояды.

Әрине, бұл соншалықты білмей жүрген шаруа емес. Бар пәле бәрімізді құрсаған қасаң ойжүйенің бұзылмауында жатыр.

1992 жыл. Қазан-желтоқсан. 17-жалғасы.

 

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР ...

 

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

 

Тәрбие мен білімдендіру

Тәрбие мен білім беру қашаннан да қазқатар жүретін құбылыс. Сол себепті орта білім беру тұжырымдамасы бір бірінен ажырағысыз осы қос саланы қатар сыйғызуы тиіс.

Қазақстанның тәрбие білім жүйесін жақсы байланыстырып шартты түрде былай тұжырымдаған дұрыс:

-         1-3  жас аралығы - нәресте кезең. Бала бұл кезде ата-анасынан ажырағысыз тәрбиеде болуы керек. Бұл жастағы сәбихана, балабақтардың қажеті жоқ, оған кететін қаржы үйде бағатын анасына бөлінгені дұрыс. Бұл кезеңге басты шарт - нәрестенің ана тілінде сөйлей білуі, ата-анаға бауыр басқандығы.

-         4-6 жас аралығы - сәби кезең. Бұл кездегі балалар ата-ананың еркі бойынша тәрбие алуы қажет. Біреу үйде, біреу балабақша, ал енді біреу күтуші арқылы тәрбиелетуі мүмкін. Сәби кезеңге басты шарт - баланың оқуға икемдігі мен әр нәрсеге құмарлығын ұштау.

-         7-9 жас аралығы - бөбек кезең. Бұл мезгіл балаға бастауыш білім беру мен мектепке (гимназия, лицей) бауыр басып, білімге қажетті алғышарт жасалу кезеңі болуы тиіс.

-         10-12 жас аралығы - балдырған кезең. Бұл баланың дене, ой еңбегіне айрықша көңіл бөлінетін кезеңі болуы тиіс. Бұл мезгіл - баланың алаңсыз біліммен сусындайтын шағы. Осы жайт басты назарда ұсталуы көп нәтиже берер еді.

-         13-15 жас аралығы - өспірім кезең. Қазақстанның жалпы білім беру және азаматтыққа даярлау кезеңі 15 жаста аяқталғаны ләзім. Бұл кезде әр жеткіншек өзінің болашақта маман иесі болатынын нақты айқындап, шешімгерлікпен таңдауға мүмкіндік бергені қоғам үшін ұлы нәтиже болар еді. Сонда ғана адам мен қоғам арасына нақты да адал талап қойылып, оның бір бірімен байланысы ерте пайда болып, нағыз азаматтық қоғам құру мақсатына ие боламыз. Сонда ғана жастарымыз ерте есейіп, мұсалдат болудан қалады.

-         16-20 жас аралығы - азамат кезең. Бұл уақыт қазақ азаматының толық қалыптасып біту кезеңі болу керек. Яғни, 16 жастан бастап еңбекке араласу құқын жастарға толық беру керек және бұл кезең ерге де, қызға да жанұя құру жылының басқы шегі болып белгіленгені мемлекеттік демография үшін де пайдалы болып табылады. 16 жас болашақ білімқұмар жастардың жоғарғы оқу орнының табалдырығын алғаш аттауына мүмкіндік беретін жыл болғаны да бір есептен әлдеқайда тиімді және ықтимал. Өркениетке ұшыраған мемлекеттің жастары ақыл-ой жағынан тез жетілетінін ескеретін уақыт осы кез.

1992 жыл. Қазан-желтоқсан. 18-жалғасы.

 

КӨСЕГЕ  ҚАЙТСЕ  КӨГЕРЕР ...

 

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

 

Қуат

Қазақстанның экономикалық тәуелсізденуі оның энергетикалық қуат жөнінен азат болуына байланысты. Қазақстан 21-ғасырға дейін өз алдына энергетикалық тәуелсіздену жоспарын іске асырып үлгергені жөн. Болашақ қолға алынатын қуат жүйелері Қазақстанды энергиялық азаттандыруға бағытталуы керек. Елде біртұтас қуат жүйесін құру келесі ғасырдың үлесі болса да қалған 7 жылда ел бойынша қазырғы ең қуатты да таза саналатын атом электр жүйесін қолға алған мақұл.

Әрине, Чернобыль апатын бастан кешкен кеңестіктер үшін АЭС аса қауыпты саналса да, болашақ осы қуат бекетінікі болуы ғажап емес және оған бұқара көзін жеткізу керек.

 

Жол қатынасы

Қазақстандай ұлы жераумақты мемлекетке жол қатынасы өте тактикалық ұтымды екенін экономикалық, саяси әлеуметтік жағынан көру қыйын емес.

Қазақстан үшін оның жол қатынасын бірден бір жандандыруда қазырғы тез арада мүмкін түрінің бірі - әуе жолы. Мұның ішінде шағын самғауырлар (самолет) мен ұшақтар (вертолет) қатынасын орнату. Тіпті, әуе жолының бұл техникаларын жасауды бірден қолға алу да қыйын емес.

Теміржол мекемесі біз үшін стратегиялық қатынас түрі. Кеңес дәуірі Қазақстанның теміржол қатынасын бұтақтап, өзара байланыстырмай отарлы саясат жүргізді. Енді біз бүкіл ұланғайыр жераумақты қамтыйтын теміржол құрылымын құруымыз қажет. Бұл үшін ғасыр соңына дейін Қазақстанның аймақтарын өзара теміржолмен қосу мақсат етілуі керек. Бұл мақсатта: Арал-Жезқазған, Қарағайлы-Аякөз, Саяқ-Дружба, Қандыағаш-Торғай-Арқалық секілді батыс-шығыс бағыты бойынша салалар қосылса. Қазақстан ендік және бойлық бойынша өзінің басты аймақтарын теміржолдап (магистральдап) алар еді.

Тасжолдың стратегиялық соқпағын ойластырсақ, ол ел жераумағының тұрқына сай  шексіздік белгісі (∞) сыйпатты тасжол өңезін жоспарлаған дұрыс. Алайда, «∞» тасжолдың шығыс көзі батысынан гөрі әлдеқайда үлкен болғаны жөн. Бір өкініштісі, о баста теміржол секілді тасжол да Қазақстанның бойлығы бойынша Ресеймен ғана байланысы көзделген, ал ендік бойынша қатынастыру тағы да азат Қазақстанның өз үлесі болмақ.

Ол үшін солтұста Кереку-Көкшетау-Қостанай, Торғай-Шалқар, Зайсан-Аякөз-Алматы магистральдары салынса - белгісінің шығыс көзі дайын, ал батысын Шалқар-Бейнеу-Құлсары-Мақат-Чапаев-Жымпиты-Ақтөбе шығыры арқылы қосуға болады. Ал осы шексіздік белгісінің, «шығыршықтарын» бірте-бірте «торлау» қыйын болмайды.

 

Құрметті оқырман! Әрине, құрғақ ой әруақытта утопияға жетелейді. Кез келген ұлттық ойжүйе (мышление) қоғамдық сыйпат алып, ұлттық мүдденің  отын тұтатпайынша, қай ұсыныс та қараң қалар қиял ғана. Ұлттық мүддені ұлт болып бас қатырмайынша, көсегені көгерту мүмкін емес. Әсіресе, қазақ елінің өзге елден айырмашылығы да осындай жайттар бойынша қалыс қалып келуінде. Авторды бұлайша толғанысқа апарған басты себеп те осы еді.

 

«Ақтөбе» газеті,

«Көсеге қайтсе, көгерер?»,

2 қазан, 3 қараша, 4,18 желтоқсан 1992 ж.,

5 қаңтар 1993 ж.

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435