Әлімжан НҰРҒАЗЫҰЛЫ, ҚХР Бейжіңдегі «Ұлттар баспасы» қазақ редакциясының меңгерушісі: Кітаптарымыз кем дегенде 3 мың данамен шығады
Қытай астанасы Бейжіңде орналасқан «Ұлттар баспасы» қазақ редакциясының меңгерушісі - аға редакторы Әлімжан Нұрғазыұлы бір топ әріптесімен бірге Астанаға ат басын бұрған еді. Мақсат - Су Шу Яңның «Қытайтану» кітабының тұсаукесер рәсімін елордада өткізу болатын. Біздің тілшіміз осы мүмкіндікті пайдаланып, сұхбаттасып қалған еді.
Қытай астанасы Бейжіңде орналасқан «Ұлттар баспасы» қазақ редакциясының меңгерушісі - аға редакторы Әлімжан Нұрғазыұлы бір топ әріптесімен бірге Астанаға ат басын бұрған еді. Мақсат - Су Шу Яңның «Қытайтану» кітабының тұсаукесер рәсімін елордада өткізу болатын. Біздің тілшіміз осы мүмкіндікті пайдаланып, сұхбаттасып қалған еді.
- Әлімжан аға, әңгімемізді бастамас бұрын «Ұлттар» баспасы жөнінде аз-кем тоқтала кетсеңіз... Оқырмандарымыз да баспа тарихын тереңірек білгісі келеді.
- «Ұлттар баспасы» 1951 жылы негізі қаланғанымен, ресми түрде 1953 жылы ашылды. Моңғол, заңзу (тибет), ұйғыр, қазақ, шаушияң (корей), ханзу (қытай) тілдерінде кітап өнімдерін шығаратын алты редакция негізінде құрылды. Бірден-бір мемлекеттік баспа. Бүгінде бұл баспа дамып, бұрын әр редакция бөлімі 50 түрлі кітапты баспаға ұсынса, қазір 120 түрлі кітап жарыққа шығады. Жалпы, баспада 400 адам қызмет атқарса, қазақ редакциясында жиырмадан астам қызметкер еңбек етеді. Кәсіби редакторы бар, корректорларымыз да әбден жетілген сақа мамандар. Әр бөлім өздеріне тиесілі ұлттың кітаптарын басып шығарады. Жылына 1000-ға тарта кітап өнімін дүниеге әкелеміз. Десек те, бұл баспа өнімдерінің көбі мемлекеттің тапсырысымен, содаң соң, өзіміз талдап шығаратын кітаптар болады. Бұдан бөлек өзіміздің (қазақ ұлтының) қаламгерлеріміздің кітаптарын ханзу тіліне аударып, таратып отырамыз. Бұрындары тарихшы Нығмет Мыңжан, Қаһарман Мұқан деген кісілер қазақ редакциясында басшылықта болды. Қасымбек Арабин деген ақынымыз бар. Қазақстанда жинағы шыққан.
Алғашында қазақ редакциясынан көркем әдеби кітаптар шықса, кейіннен компартияның құжаттарын, көсемдердің жинақтарын және тарихи кітаптарды шығарды. Айтқандай, сол 1950 жылдары Маркс пен Энгельстің, Ленин мен Сталиннің кітаптарын да көптеп шығарыпты.
- Түсінікті. Енді Қазақстанға, соның ішінде Астанаға келулеріңіз жөнінде білгіміз келеді.
- Бұл жолы Қазақстанға жақсы бір іссапармен келіп отырмыз. Өздеріңіз көргендей, Су Шу Яңның «Қытайтану» кітабының алғашқы нұсқасы «Ұлттар баспасынан» ханзу (қытай), моңғол, заңзу (тибет), ұйғыр, қазақ және шаушияң (корей) тілдерінде жарық көрді. Әу баста бұл жинақтың ханзу тіліндегі тиражы 10 миллион данамен таралған. Мұның алдында ағылшын, француз тілдерінде жарық көріп, дүниені дүр сілкінткен еңбек болды. Кейін алты тілде шығаратын болып, халықаралық көрмеге үлгертуге тиіс едік. Ұзамай кітап жарық көрді. Сол көрмеде мен Су Шу Яңмен жақын таныс-тым. Көрмеден соң дастарқан жайылды. Сұхбаттасып отырғанда мен ол кісіге жинағыңызды өзге тілдерге аударсақ деген өтінішімді жеткізгенде, жазушы қатты қуанды.
- Қытай тарихы туралы кітаптар көп қой...
- Оның рас, Қытайда тарихи кітаптар жетерлік. Дегенмен, «Қытайтану» кітабында мағлұмат өте мол. Бұл еңбекте адамзаттың алғашқы жаратылу дәуірінен қазірге дейінгі аңыздарды негіз ете оты-рып, 5 мың жылдан астам тарихы бар Қытай елінің өсіп-өркендеу жолдары, сан мың соқпақты асулары және де бүгінгі жетістіктеріне жетекші күш болған ежелгі Қытай мәдениет тарихы да сөз болады.
- Кітапты қытай тілінен кімдер аударды?
- Дулат Мәлікұлы, Бек Дөкейұлы, Серік Кененбай сынды қазақтың талантты жігіттері тәржімалап берді. Ал бас редакторы ақын Ұларбек Байтайлақ, редакторы Иманғазы Нұрахмет болды.
Әу баста кітаптың Астанадан жарық көруіне мұрындық болған - жазушы Рахымжан Отарбаев, Серік Кененбай деген азаматтар. Осы үш жігіт жинақтың шығуына көп еңбек сіңірді.
- Бұл кітап туралы пікіріңізді білсек?..
- Қысқаша айтқанда, Қытай қандай мемлекет? Оның тарихы, сүрлеу-соқпағы мен өркениет үрдісі қандай? Бұл кітапты оқысаңыз, әлгі сауалдарға жауап аласыз. Мұнда, мәселен, тұрмыстық мәдениет те бар. Жақында мен бірнеше ауылға шығып келдім. Сонда бір қыстақ бар екен. Елді мекеннен өте шалғайда орналасқан. Олардың жастары он алты жасында үйленген соң, өз алдына тіршілік етіп, сауда жасап кетеді екен. Жазулары - көркем жазу!
- Кімдер болды олар?
- Қытайлар... Мәселен, отбасының бірге отырып тамақ ішуіне олар үлкен мән береді. Ол береке-бірліктің символы болып саналады. Дөңгелек үстел бар емес пе? Ас ішіп отырғанда отағасы тысқа шығып кетсе, үй іші үстелдің тең жарымын босатып, екінші жартысына жайғасады. Ал отағасы келсе, қайтадан үстелдің айналасына шашырап отырады.
Айналып келгенде, қытай дегеніміз - көп ұлттың қоспасы ғой... Мен мынау Орхон-Енисей, Күлтегін, Білге қаған, ар жағындағы Тоныкөктердің жазуларын көрдім. Осылардың жазуларының қайда кеткенін білмейміз. Ал қытайлар осы бабаларымызбен аралас-құралас болған ғой. Айта берсе, тарих кете береді...
- Қазақ редакциясынан соңғы кездері қандай кітаптар жарық көрді, жылына қанша кітап шығады?
- Кейінгі жылдары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қалың елім, қазағым», «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Еуразия жүрегіндегі Астана» және «Қазақстан жолы» атты еңбектері жарық көрді. Нұрсұлтан Әбішұлының «Қалың елім, қазағым» атты кітабы үш мәрте 10 мың данамен қайта басылды. Бұл кітаптарды Қытай халқының аса қызығушылықпен құмарта оқығандарын айта кету керек.
Сондай-ақ қазақ қаламгерлерінің, әсіресе, Абайдың құнды дүниелері, Мұхтар Әуезовтің 4 томдығы, Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», Ғабиден Мұстафиннің «Қарағандысы», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдары», Мұқағали Мақатаевтың «Аманат», «Қош, махаббаты», Мұхтар Шахановтың «Жаңа қазақтары», Рахымжан Отарбаевтың «Соғыстың соңғы бомбасы», Серік Қапшықбайұлының балаларға арналған «Бала» деген жинағы, тағы да басқа ақын-жазушылардың шығармалары жарыққа шықты.
- Қаламгерлерге қанша қаламақы төлейсіздер?
- Бұл енді кітап мазмұнына байланысты. Көбіне шығарманың құндылығына қараймыз. Оқырманды қызықтыра алатын жақсы шығармаларға жоғары қаламақы тағайындаймыз. Кей кітаптарды арнаулы авторларымызға жаздырамыз. Мәселен, бізден «Қазақ тарихына әйгілі адамдар» деген екі кітап жарық көрді. Қазақтың атақты билері, батырлары туралы еңбек. Тарихшыларға жаздырып, тиісті қаламақысын төледік.
- Сіздер тек кітап өнімдерін ғана басып шығарасыздар ма? Әлде...
- Жоқ, жоғарыда атап өткенімдей, 7 тілде «Жуңго ұлттары», «Ұлттар суретті журналы», «Іздену» қатарлы Қытай үкіметінің қаржысымен шығатын 17 журналды елдің іші-сыртына таратамыз...
- Кітаптың тез таралуына оның безендірілуі де көп әсер ететін тәрізді. Жылт-жылт етіп көздің жауын алатын кітапта не жазылғаны туралы оқырмандар да ерекше қызығушылық танытатындай...
- Оның рас. Біздің баспада қиялы ұшқыр, өз ісінің білгір мамандары еңбек етеді. Негізі, бір кітап үш адамның қолынан өтеді, жауапты редакторы бір адам болады. Бір кітапты бірнеше редактор, корректор оқыған соң ғана өндіріске жіберіледі. Қатесіз шығуына басты назар аударамыз.
- Басқа да баспалармен байланыс орнатып тұрасыздар ма?
- Бұрындары бірнеше баспамен тығыз байланыс орнатқанбыз. Рахымжан Отар-баев Ұлттық академиялық кітапханада директор болып тұрғанда енді-енді жақсы байланыс жасап келе жатыр едік... Бір қызығы, Қазақстандағы баспалармен әріптестік орнатайық десек, басшылығы тез ауысып кете береді екен...
- Қытай оқырмандарына кеңінен танымал қазақ қаламгерлері бар ма?
- Ханзу тілінде жазатын Әкпар Мәжит деген жазушымыз бар. Осы жолы бізбен бірге Қазақстанға келмекші еді, бір тығыз шаруалары шығып, келе алмады. Жақында оның 5 томдығы баспа жүзін көрді.
- Баспаларыңыздан шығатын кітаптар таралымы қаншаны құрайды?
- Бізде ең аз деген тираж - 3 мың. Одан төмен болатын болса, баса алмаймыз, өйткені, әр кітап өніміне кететін қаражатты алдын ала есептеп аламыз. Егер ақтамаса, онда...
- Ал енді бүгінде қанша данаға дейін шығарып жатырсыздар?
- Кезінде кей кітаптарымыз 38 мың данамен басылған. Жуңгодағы қазақтың саны 1 млн. 500 мың. Әлгі тираждар халыққа жетпейді деген сөз... Бұдан өзге шығармалар 5, 7, 10, 15, 20 мың данамен тасқа басылады.
- Әлімжан аға, Қытай қазақтарының көркем шығармаға, жалпы, кітапқа деген сұраныстары қалай?
- Қазақ тілінде шығатын кітабымыз біршама жақсы таралады. Бірақ сондағы қазақтардың бәрі бірдей кітап оқиды деуден аулақпын. Кейде ғылыми-зерттеу баспа өнімдерін оқитын оқырмандар көп емес болуы мүмкін. Мұндай кітаптар малшы, диқандар үшін не керек?! Сатып алмайды ғой?! Ғылыми-зерттеу кітаптарына қызығатын адам қанша баға қойсаң да қарамайды, сатып алады. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығына, диқандарға арнап кітаптар шығара бастадық. Балаларға арналған суретті кітаптар жарық көріп жүр.
- Алдағы мақсат-жоспарларыңыз жайында айта кетсеңіз...
- Қытай еліндегі қазақ жастарының шығармаларын аударып жарыққа шығардық. Балаларға арналған әңгімелер, аңыз-ертегілер, жұмбақ-жаңылтпаштар шығарып жатырмыз. Өйткені, кейінгі ұрпаққа осындай дүниелер керек-ақ. Болашақта қарт қаламгерлердің шығармаларын тасқа басу жоспарда бар. Мәңгілік тақырып - балалар мен жастарға арналған шығармалары ғой. Міне, осыны кейінгі ұрпаққа таныстыруды мақсат етіп келеміз.
- Айтпақшы, бұған дейін де Қазақстанда болған шығарсыздар?
- Үшінші рет келіп отырмыз. Алғаш он екі адамнан құралған делегация құрамында Алматыда 2001 жылы өткен Халықаралық кітап көрмесіне қатысқанбыз. Екінші рет 2004 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Сауытбек Абдрахмановтың шақыруымен келдім. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде болдық. Ол кезде Астанада қақаған қыс болатын. Қаланы дұрыстап аралай алмадық. Одан бері де бірнеше жыл өтті. Елорда ерекше құлпырып кетіпті. Әсем жерлерін көріп, көзіміз тоймай жатыр. Маған Астананың ауасы, табиғаты айрықша ұнады! Халқының да пейілі кең сияқты көрінді. Айтары жоқ, әдемі, таза шаһар!
- Қазақ қаламгері Қажығұмар Шабданұлының атышулы «Қылмыс» романы сіздерден жарық көрмеді ме?
- Жоқ! Басылған жоқ...
- Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ
http://nurastana.kz/?p=2160