Жексенбі, 24 Қараша 2024
Талқы 6145 31 пікір 29 Қазан, 2019 сағат 13:22

Қарақалпақтан ұрлап болдық, енді түрікке көштік пе?

«Соңғы қабылданған латын графикасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек» деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы шыға салысымен, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек бастаған «айдаболдар» дереу «біздің жаңа нұсқамыз дайын» деп Түрік тілінің графикасынан көшірген қойыртпағын ұсына бастапты.

Бұл нұсқаға тоқталмас бұрын, жалпы осы Латын графикасына көшуде негізгі рөл атқарып жүрген А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі Институты мен Ш.Шаяхметов атындағы бұрынғы тілдерді дамыту орталығы, қазіргі «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы АҚ осы уақыт аралығында қазақ тілінің қандай мәселелерін шеше алды дегенге аз маз тоқтала кетсек.

1) Орфография. Қазақ тілінің емле ережесі осы уақытқа дейін әлі бір ізге түскен жоқ.

2) Орфоэпия. Бізде ең кенже қалған салалардың бірі. Әлі күнге біздің ғалымдар осы нормаға келгенде орфоэпиялық мәселені шешу үшін «сөз қалай дыбысталса, солай жазу керек» дегеннен аспай жүр. Транскрипция енгізіп, бір ізге келтіру деген мүлдем жоқ. Салдарынан дыбыстық артикуляциялық базамыз бұзылып, сақау сөйлейтін ұлтқа айналып барамыз.

3) Терминология мәселесі. Біздің ғалымдардың ең бір сынға ұшырайтын проблемалы саласы. Біздегі ғалымдардың сорлылығы сонда, сырттан кірген термин сөздердің барлығын аударып, баламасын табу керек деген шаблонға түсіп қалғандығында. Айналайындар-ау, өзі бірнеше жылдың көлемінде айналымға енген «сайбер» яғни, «cyber» (біздің білгіштер жазып жүргенде «кибер» емес) сөзін аудару үшін қазақ тілінен қандай балама таппақпыз? Сайбер (дыбысталуы «сайбыр» болсын-ақ) деп алып, түсіндірмесін жазып қолданып кете берсек, аузымыз қисайып қала ма? Осындай қиындатулардан кейін, терминология дамымай, батпақтап отыр. Ал, бұған дейін аударылған терминдер мен кірме сөздер қала берсін. Оларды да қай жерде қолдануға болатынын жүйелеуге болады.

4) Осыдан келіп, қазақ тілінің стилистикасы мәселесі жығады. Бізде, халықаралық термин болғандығына қарамастан, «информация» (дұрысы information «инпөмейшін») сөзін қолдануға мүлдем табу қойылған. Міндетті түрде аудару керек деп – «ақпарат» деп аудардық. Оған қоса, айналымда «мағлұмат», «мәлімет», «дерек», «хабарлама» деген сияқты мағыналас сөздер де қоса қолданып жүр. Сорақысы сол, осы сөздердің қайсысы қай жерде қолданыналытыны жүйеленбеген. Егер, бұларды (мысал ретінде жазайын) «information» - IT, Big Data саласында, «ақпарат» - публицистикада, «мағлұмат» - көркем әдебиетте, «мәлімет» - ресми стильде, «дерек» - криминалистика мен археологияда қолданылады деп жүйелеп тастаса, «күйсандық» пен «пианиноның» қайсысын аламыз деген сияқты болмашы проблемалар туындамас еді.

5) Лексикология мәселесі. Жоғарыда аталған мәселелерді оңтайлы шешкенде, біздің сөздік қорымыз одан әрі толыға түсер еді.

6) Аббревиатура мәселесі. Біздің аталған институттар әлі күнге аббревиатура мәселесін де бір ізге келтіре алмай келеді. Біздер «UAE» - United Arab Emirates атты мемлекетті – Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) деп дұрыс аударамыз да, Түпнұсқада United States of America, яғни «Біріккен Америка Шттатары» деп аталатын мемлекетті – орыстың «Соединенные Штаты Америки» (США) дегенінен аударып, «Америка Құрама Штаттары» деп атап жүрміз. Бүкіл дипломатиялық, нормативтік құжаттардың барлығында да солай. Мұнымен қоса, UN – United Nations деген халықаралық ұйым бар. Біздің білгіштер оны «Біріккен Ұлттар Ұйымы» деп аударып берді. Солай қолданып та келдік. Енді қараңыз, сол UN-ге қарасты UNESCO, UNICEF сияқты халықаралық ұйымдарды түпнұсқада қалай жазылса, біз де солай жазып, таңбалап жүрміз. Сонда бірізділік қайда?
Құрметті достар, бұл менің келтіріп отырған мысалдарым – «қазақ тілінің проблемалары» атты айсбергтің бір пұшпағы ғана. Егер, тереңдей берсек, бір пост емес, бірнеше кітап арнауға тура келеді. Енді қараңыз, тәуелсіздік алғалы отыз жылға жуық уақыт ішінде осы проблемаларды бір ізге келтіре алмаған жоғарыда аталған заңды тұлғаларғ мен олардың мамандарына еліміздің тағдыршешті «латын графикасына» көшу деген үлкен жүгін артып қоюды қалай түсінуге болады? Шарасыздық па, маман жоқтық па, жоқ әлде сыбайластық па?

Енді, сөз басында сөз еткен «жаңа латын графикасын» ұсынып жүрген Ерден Қажыбек мырзаға тоқтала кетсек. Танымайтындар үшін айта кетсек, Ерден Задаұлы – қазір айналымға ене бастаған «акутты» әліпбидің авторларының бірі, соның насихатшысы, түсіндірушісі болған. https://www.zakon.kz/video/v/71346.html .

Сол науқанның барысында, Ерден мырза – «бұл әліпби барлық жағынан ыңғайлы, ақпараттық технологияларға да қолдануға кедергі жоқ» деген сарындағы сұхбаттар берген. Енді келіп, бұл әліпбидің кемшін тұстары көп, өзгерістер талап етеді деп https://tengrinews.kz/…/pochemu-kazahskiy-alfavit-latinits…/ мынадай сұхбат беріп жатыр. Оның орынбасары болып қызмет атқарған, бір кездері «акутты» латынды қолдамаған Анар Фазылжан ханым да қазір сол латынды түсіндіріп, қоғамға енгізуге әрекет ететін «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында басшылық қызметте. «Акутты» латынды халыққа үйрету жолында «жемісті» еңбек етіп жатыр. Ал, бұл ғалымдардан Анар ханымның қазіргі әріптесі, сол орталықтың атқарушы директоры Ербол Тілешов мырза асып түспесе, кем түскен жоқ. Ол кісінің пікірінше, бұған дейін ұсынылған нұсқалардың бәрі – диграфтық нұсқа да https://adebiportal.kz/kz/news/view/19309 , апострофтық нұсқа да http://ult.kz/…/latyn-alipbiinin-apostroftyk-nuskasynda-tus… , соңғы акуттық нұсқа да https://sputniknews.kz/…/astana-latyn-alipbii-it-jobalar-tu… дұрыс, бәрі керемет болды. Енді қазір өзгерістер енгізу керек деп шығып отыр. https://www.mks.gov.kz/kaz/press-sluzhba/news/… . Құдды, өрге салсаң – өрге, ылдиға салсаң – ылдиға тартып кете беретін «әмбебап сарбаз» дерсің. Сонда деймін де, принцип мәселесі қайда қалды? Әлде ол – жақсы «объем» мен жоғарылау жалақылы қызмет шыққанда айырбастап кете беретін «төлем құралына» айналып кетті ме?

Ал енді, Е.Қажыбек бастаған А.Байтұрсынұлы ұсынып отырған мынау нұсқаға тоқтала кетейік. Қысқа қайыра салайын, Түркия мемлекетінің мемлекеттік тілі түрік тілінің бір кездері Ататүріктің діншіл буквалистерден шаршап, Еуропаға бет бұруымыз керек деп өте аз уақыт ішінде жасап шыққан нұсқасының көшірмесі. Біздің тілдік заңдылықтар түгілі, өздерінде проблем туғызып жатқан әліпбиден көшіру кімге керек болды?

Қарақалпақтан ұрлап болдық, енді түрікке көштік пе? Біздің ғалымдар неге осы латынға көшуде тарихи шешім қабылдап, бізге қандай латын керектігін тапсырған бұрынғы Президент, қазіргі Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасын аяқасты қылуға құмар? Ол кісі «Түркияның жағдайы басқа, олар латынға асығыс өтіп кеткен. Сондықтан, олардың әліпбиінде кемшіліктер жетеді. Бізге компьютерге лайықтап, ешқандай нүктесі, ноқатсыз әліпби жасауға болады» деген болатын. Сенбесеңіздер, өздеріңіз тыңдап көріңіздер https://web.facebook.com/groups/391593384225792/permalink/1545337628851356/?hc_location=ufi . (Біз Елбасының бұл сөзін құптаймыз, сол бағытта қыруар жұмыс та жасалды. Нәтижесін BaiLatyn хэштегімен қарап көріңіздер ). Осы сөзді ести тұра, Е.Қажыбек бастаған ғалымдардың неге түрік әліпбиін тықпалай беретіні түсініксіз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Латын әліпбиіне өту атты мұндай ел болашағының бағытын айқындайтын мәселемен – кімнің тарысы піссе соның жанынан табылатын,кеңестік жүйенің шапанынан шыққан ғалымдар емес, қазақ тілінің ғана емес, еуропалық шет тілдерін қатар игерген, жаңа дәуірдің технологияларынан хабардар, өз позициясына берік принципті жастар айналысуы керек деп білемін. Бұған біз сақадай-сай дайынбыз, кез-келген ісімізді ғылыми, экономикалық жағынан негіздеп беруге, латын әліпбиіне өту процесін мемлекет қаржысын аста-төк шығын қылмай, тиімді өткізіп беруге әзірміз!

Нұраддин Садықов,

"BaiLatyn" жұмыс тобының мүшесі.

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Abai.kz

31 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562