Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Саңлақ 7716 5 пікір 15 Шілде, 2020 сағат 12:41

Қойыртпақ тілден қашан құтыламыз?

Жақында ғана еліміздегі жалғыз спорттық телеарна «Qazsport» арнасының басшысы ауысты. Арнаны 5 жылдан аса басқарған Павел Цыбулин қызметінен кетіп, жас маман Нағи Бақытбеков директор болып тағайындалды.  

Цыбулин басқарған тұста, әсіресе соңғы бірнеше жылда Qazsport-ты сынамаған адам кемде-кем. Бірі «арна еліміз спортшылары қатысқан ірі жарыстарды тікелей эфирде көрсете алмады» десе, тағы бірі «арна әубаста ұлттық жоба ретінде жұмыс бастағанымен, ұлттық спортқа мүлде мойын бұрмайтынын» айтады.

Бұдан да маңыздысы телеарнаның идеологиялық және тілдік ұстанымы да жиі сынға ұшырайды. Мәселен Qazsport өзге шетелдермен салыстырғанда ресейлік спортшылар мен командаларға басымдылық беретіні байқалады. Оның үстіне Qazsport таза мемлекеттік тілде өткен спорттық шараларда орыс тілін тықпалаудан жалыққан емес. Бұл жайлы біз де сын айтқан едік: «Qazsport» қазаққа не көрсетіп жүр?

Сөйткен телеарнаға жаңа басшы келгенде қуаныштан бөркімізді аспанға атпасақ та, іштей қуанғанымыз рас. Сүйінші сұрап сайтымызда хабарладық. Біз ғана емес, спорт жанкүйерлерінің бәрі Qazsport-тың көші енді түзеледі десті.

Әрине жаңа басшының келгені «кеше» ғана. Бір айда бәрі жақсарып кетпесі сөзсіз. Сонда да бірнеше жоба жүзеге аса бастады. Ең алдымен футбол жанкүйерлері бірнеше жыл бойы зар болып жүрген ҚПЛ (Қазақстан Премьер лигасы) тікелей эфирге шықты. 1 шілде күні ел чемпионатының барлық матчын Qazsport көрсетті. Мұны атап өтпеу мүмкін емес.

Екіншіден, арнада футбол жайлы студиялық бағдарлама көрсетіле бастады. Футбол шенеуніктері, сарапшылар мен жанкүйерлер қатысатын бағдарламаның екі саны жарық көріп үлгерді. Жақсы бастама деп есептейміз...

Бірақ бағдарлама аралас тілде (мемлекеттік тілде және орыс тілінде) екен. Қаттырақ айтқанда қойыртпақ тілді болып отыр. Келген қонақтарға бір қазақ тілді, бір орыс тілді журналист сұрақ қояды. Екі тілде болғандықтан спикерлердің сөзі бір-бірімен байланыспай, әркім өз алдына сөйлеп тұрғандай әсер етеді.

Оның үстіне он қазақтың ортасына бір орыс келсе, сол орта тұтастай орысша сөйлейтін жаман дәстүр бар бізде. Сол әдеттің әсері шығар, бұл бағдарламаның екі санынында да орыс тіліне басымдылық берілген.

Енді жеке-жеке тоқталып көрейік. Бірінші бағдарлама «Қазақстан чемпионаты. 3 тур. Матчтарға шолу» деп аталады. Бағдарламаға Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Азамат Айтқожин, танымал журналист Амангелді Сейтхан, бұрынғы футболшы Али Алиев қатысты.

Бағдарламаның уақыты 30 минут 10 секунд. Мұның 11,6 минуты қазақ тілінде, 16,7 минуты орыс тілінде болды. Тағы 1,4 минутында матчтарға видеошолу көрсетілді. Байқап отырғандарыңыздай бағдарламаның 55,6%-ы орыс тілінде өтті.

Ал бағдарламаның «Карантиндегі қазақ футболы» деп аталатын екінші санына Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті Олжас Абраев, Қазақстан ұлттық құрамалар департаментінің басшысы Қайрат Нұрдәулетов, спорт журналисі Айдын Қожахмет, жанкүйер Есен Елеукен қатысты.

Бағдарлама 45 минут 40 секундқа созылды. Мұның 21,4 минуты қазақ тілінде, 19,8 минуты орыс тілінде болды. Сондай-ақ 4,2 минуттан тұратын арнайы видеосюжет толықтай орыс тілінде. Демек бағдарламаның 24 минуты (53%-ы) орысша деген сөз.

Оның үстіне маңызды мәселеге нақты жауап бере алатын, жауапты спикер Олжас Абраевқа тек қана орыс тілінде сұрақтар қойылды. ҚКФЛ-ның президенті 45 минуттық бағдарламада бар болғаны 20 секунд мемлекеттік тілде сөйледі. Оның үстіне бағдарлама барысындағы 3 бейнесюжеттің бәрі тек орыс тілінде түсірілген.

Байқап отырғандарыңыздай, бағдарламаның екі санында да мемлекеттік тіл екінші орында қалды. Осыдан-ақ аралас тілді бағдарламаның мемлекеттік тілге тиімсіздігін байқауға болады. Оның үстіне жоғарыда айтқанымыздай спикерлер екі тілде екі түрлі сөйлеп тұрғандықтан, бағдарламаның айтар ойы шашырап, бір жерге басы қосылмайды.

Телеарна басшылығы бұл сынымызға «көпұлтты мемлекетпіз», «тіл туралы заң бар», «орыс тілді көрермендеріміз бар» деп жаттанды жауап беретін шығар. Бірден айтайық, бұлай қанша тыраштансаңыздар да Qazsport-ты қазақтан басқа ешкім көрмейді. Еліміздегі өзге ұлт өкілдері қазақстандық телеарналарға пысқырып та қарамайды. Себебі, елімізде хабар тарататын ресейлік арналар өзіміздікінен көп.

Сөзімізге дәлел, «Карантиндегі қазақ футболы» бағдарламасы телеарнаның ресми youtube-арнасына 10 шілдеде жүктелген екен. Содан бері 27 пікір жазылыпты. Бәрі қазақ тілінде. Оның 17-сі бағдарламаның екі тілде болғанына наразылық білдірген. Осыдан-ақ, Qazsport-ты кімдер көретінін, оларға не керек екенін бағамдай берсеңіздер болатын шығар.

Құрметті телеарна басшылығы, елдегі қазақ ұлтының саны 70 пайыздан асқанын, мемлекеттік тілге сұраныстың өте жоғары екенін ескерулеріңіз керек. Qazsport-тың хабар таратуда орыс тіліне басымдылық беруі үлкен қателік. Сіздер тым құрығанда мемлекет құраушы ұлттың мүддесін белден баса отырып, ойдан шығарылған 50/50 қағидасын да ұстанбай отырсыздар...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1231
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2945
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3292