Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 6653 14 пікір 19 Тамыз, 2020 сағат 23:05

Беларусьтегі наразылық. Косарев кімді түсінбей жүр?

Қазақстан парламенті Мәжілісінің ең егде жастағы депутаты Владислав Косарев тағы да сөзден сүрініпті. Беларусьтегі президенттік сайлаудан бері жалғасып келе жатқан жалпыхалықтық наразылық митингілерін «Батыс пен АҚШ ұйымдастырып отыр» деп айыптап сөйлеп, «Путин мен Тоқаев неге үнсіз отыр» деп алаң бопты. Егжей-тегжейлі жазайық...

Қазақстанмен одақтас Беларусьтегі жалпыхалықтық наразылықтарға қатысты Мәжіліс депутаты Владислав Косарев мырза «Malim.kz» сайтына пікір білдірген екен. Бүйдепті:

«Беларусь елінде болып жатқан митингілер Киевтегі 2013 жылғы Майданның жалғасы. Социализмнің аралына айналған Беларусь Республикасы АҚШ пен Батыстың тамағындағы сүйек қой. Минскіде бастау алған оқиғаларға Батыс елдері мен АҚШ араласып отыр. Александр Лукашенко мемлекетін сақтап қалу үшін барын салып жатыр. Бірақ қолынан көп нәрсе келер емес. Польша, Укранина, Балтық елдерінің идеологиясы  күшті боп тұр.

Беларусьта коммунисттер бар. Және олар үлкен күшке ие. Неге тыныш отырғандарын білмеймін. Біз Қазақстан коммунистік халықтық партиясы президенттік сайлаудан кейін басталған шерулерді талқылап жатырмыз. Совет одағы ыдыраған кезде оның қорғап қалатын күш бар еді. Бірақ қашан да агрессия басым келеді. Шындықты қорғаушылар әлсіз келетіні бар. Біз Евразиялық одақтың құрамындағы елміз ғой. Лукашенконы қолдауымыз керек.  Ресей президенті Путин мен Қазақстан басшысы Тоқаевтың үнсіздігін түсінбеймін», - депті депутат Косарев.

Әлгінде «Abai.kz» ақпараттық порталында Қазақстан коммунистік партиясының Мәжілістегі депутаттарының бүйректен-сирақ шығарып, жоқ жерден жау іздеп, Бас прокуратураға жазған бірді-екілі арыз-талаптарына шолу жасаған едік.

«Коммунистер тағы да «халық жауларын» іздеп жүр!» атты мақалада: коммунистердің «Тәуелсіз елдің жастары кеңестік жүйде білім алмады» деп күйіп-пісетіні, бүгінгі оқулықтарда Екінші дүиежүзілік соғыстағы ерліктер аз қамтылған, есесіне саяси қуғын-сүргін тақырыбы көп берілген деп қамығатыны, бүгінгі жас ұрпақты комсомолдар мен пионерлердің «ерлігін» оқып, кеңестік қызыл кітаптардан үзінді жаттатып өсіруді қалайтыны, Бас прокуратураға арыз жазып, елдегі ұлтшылдардың әрекетін тексеріп, оларға қарсы шара қолдануды талап еткені, Қазақстан халқын мемлекет құраушы қазақ ұлтының маңына топтасуға шақырған, ұлттық құндылықтарды жоқтаған азаматтарға «радикалды ұлтшылдар» деп айдар тақаны өздерінің арыз-талаптарымен дәледеніп жазылған еді.

АХМЕТБЕКОВ: НА ВОРУ И ШАПКА ГОРИТ ДЕГЕН ОСЫ

Бұл мақала әуелі сайтымызда, сосын әлеуметтік желіде біраз талқы болды. Оны оқып, пікір білдіргендердің бірі – ескі идеологияны ұстанушы компартияның президенттік сайлауларда ғана «киманосын» (каратэнің киімі) киіп алып, белсенділік танытатын депутаты Жамбыл Ахметбеков болды. Жәкең «әу», деді, «әу», дегенде бүйдеді: «На вору и шапка горит деген осы», - деді. Жәкеңнің шала орысша, шала қазақша, сала-құлаш бұл пікір қазақшалаға қотарсақ: «Ұрының арты қуыс» дегенге келеді екен. Abai.kz-тің «Коммунистер тағы да «халық жауларын» іздеп жүр!», - деген мақаласына Жәкең бұл сөзді не оймен айтқанын өзі білер... Біз шала-шатпақ бұз жазбаға бола пал ашып, пікір қуаласып жатпадық. Әлде, сөйту керек пе еді?..

Қазақстан коммунистерінің партиясы - елімізде ресми тіркелген, парламент мәжілісіне 7 бірдей депутат кірігізіп отырған, бұған дейін тарих түгендеген болып,  КСРО-ны жиі еске алып тұратын партия. Оның депутаттарының да (Қазақстан Парламентінің депутаттары) ой-пікірлері про-ресейшіл позицияда екенін өздері де жасырмайды. Енді солардың бірсыпырасын еске түсіріп көрейікші.

Надо вернуть народу все, что украли беглые олигархи, - кандидат ...

Жамбыл Ахметбеков

Жаңағы: «На вору и шапка горит деген осы», - деп айыр тілді, ала-құла жазба қалдырып жүрген Жамбыл Ахметбековтің жасы әне-міне 60-қа таяп қалған адам. Алдыңғы президенттік сайлауын айтпаған да, былтырғы додада Жәкең 7 үміткердің ішінен 6-шы орын алған.  

Ал дода басталар кезде Жәкең өзінің 2011 жылғы сәтсіздігін еске түсіріп: «Ол кезде каратэден бірінші дәрежелі қара белбеуім болса, қазір екінші дәрежелі қара белбеуім бар. Бірінші рет сайлауға түскенде халық мені таныған жоқ. Қазір мен өз-өзімді жетілдірдім. Республикалық Ушу (Кунг-Фу) федерациясының президентімін», - деген еді.

2018 жылы КСРО-ның, советтік коммунизмнің нақ мұрагері Ресейдің өзі елеусіз өткізген комсомол тойын Алматыда алаулатып-жалаулатып өткізген Жәкеңдер ел-жұрттың ренішіне бедірейіп тұрып: «Біздің комсомол тойын тойлауымыз қазақша айтқанда «өз қотырыңды өзің қасу». Ал, анау Алаштың жүз жылдығы тойланбай қалды деп жүр ғой, тойламай ма енді олар да, өз мерейтойлары ғой», - деген. Сөйткен Жәкең 2012 жылдан бері Мәжілісте!

Ирина Смирнова

Соңғы пандемия кезінде еріктілердің қатырынан табылып, жап-жақсы пікір қалыптастырып келе жатқан Ирина Смирнованың да сөзден ұсталған кезі аз емес. Олардың бұл айтқандарын «сөзден сүрінді» деуге келмес, өйткені саналы түрде айтылған сөздер!

2018 жыл. Оқулықтардағы олқылықта туралы депутаттық сауал жолдаған Ирина Смирнова: «Дүниежүзі тарихы» оқулығында Ұлы Отан соғысы тақырыбына бір-ақ параграф арналған», - деп өкпе айтқан.

2017 жыл. Латын әліпбиіне қасты талқылау кезінде дәл осы Смирнова ханым айды аспанна бірақ шығарып, өте-мөте бейсауат, бірақ, өзінің, партиясының түпкі ой-пікірін, ұстанымын әшкерелейтін пікір айтқан.

«Осылайша Қазақстан орыс әлемінен алшақтап барады. Өйткені, кирилица кетеді және бұл әліпби келшек ұрпақ үшін жоғалады. Бұл мен үшін өкінішті», - деген.

Новым руководителем фракции "Народные коммунисты" вместо Косарева ...

Айқын Қоңыров

2015 жыл. Депутаттар әдетте қалың сайлаушыларының, яғни халықтың жайын күйттеуі тиіс-ті. Бірақ, Айқын Қоңыров нан бағасы 300 теңге болу керек деп айды аспанға бір-ақ шығарған. Оның ойынша, нанның қадірін көтеру үшін оның бағасын 300 теңгеге бір-ақ жеткізу қажет екен.

Сол жылы тағы: «Түптің түбінде орыспен ортақ ақшамыз болады», - деп сөйлеген.

«Думаю, если у нас – союзное государство в экономическом плане, не политическом, то в любом случае, рано или поздно, у нас будет единая валюта. Потому что на сегодняшний момент иметь в статусе резервной валюты только доллар и иметь с этим очень серьезные проблемы – это неправильно». Бұл жаңағы ортақ ақша туралы Айекеңнің өз айтқаны. Қазақстан депутатының бұл сөздерін орайы келсе, одақта ортақ ақша енгізуді жатса-тұрса армандайтын Кремль мен оның айтағындағы ақпарат құралдары жерден жеті қоян тапқандай: «Қазақстан депутаттары ортақ ақшаны қолдап жатыр», - деп сүйіншілеген.

Владислав Косарев

Мәжілістегі ең егде жастағы депутат. 1937 жылы туған. Биыл 83-те! ҚР Парламенті Мәжілісінің II, V, VI шақырылымында депутат болды.

Өзінің депутаттық қызметі барысында бұл кісі не демеді... Мәскеудегі миллион коммунист керек қылмай, мавзолейден шығармақ болған пролетариат көсемінің қу сүйегін Қазақстанға сүйреп әкелмекке дейін барды.

2019 жыл. «Нельзя жить в городе, где памятник Ленину лежит в колхозе на свалке».

2011 жыл. «Безответственное заявление (о предании земле тела Ленина)! (...) Прикормленные западными смотрящими, они (авторы идеи похорон Ленина) облаивают свое же прошлое. Я был во Франции, Германии, Италии - Ленина там помнят и ценят! Один итальянец, увидев у меня значок с изображением Ленина, ходил за мной весь день, просил подарить. Я спросил: «Зачем вам?», на что получил ответ: «Так это же Ленин!» Я, конечно, подарил значок. Ленин - это теоретик нового устройства общества, где нет эксплуатации, гнусной наживы на нуждах других людей».

2017 жыл. «Лениннің сүйегін Қазақстанға әкелуді 514 мыңнан астам адам қолдайды».

2017 жыл. «Оларға Ленинді бізге беріңдер дедік. Бұл расымен де мүмкін нәрсе. Менің ойымша, бізге Лениннің сүйегін Қазақстанға әкелуге болар еді. Алайда біздің әлсіздігіміз сол, қоқысқа тасталған көсем ескерткішінің өзіне қалпына келтіре алмай жүрміз».

Қазақ Ханы Кеңесарының бас сүйегін елге қайтару мәселесінде «ләм-мим» демеген, кешегі Кейкі батырдың басын елге жеткізерде жақ ашпаған Косарев еді ғой бұл.

2018 жылы журналистерге берген сұхбатында «Біз өмірге Ресеймен бірдей көзқараспен қарауымыз керек», деп сөйлеген.

Биылғы жылдың басында Мәжілістегі маңызды жиында сыпайылап айтсақ «маужырап» (негізі ұйықтап) отырып, масқара болған. Сол кезде өзінің партияласы Жәкең, Жамбыл Ахметбеков араша түсіп, ақтап сөйлеген.

Ұйықтаған жоқ". Депутаттар желіде қызу талқыланған видео туралы ...

«Ол кісінің өзінің тактикасы бар. Мүмкін көзін жұмып тыңдауы жас шамасына да байланысты шығар және ол кісі бір құлағымен тыңдайды. Құлаққап кейде құлағыңды қысып жібереді, кейде мен де жоғары-төмен қозғап отырамын. Ол кісі де сөйткен шығар», - деген Ахметбеков.

КОСАРЕВ АНТИ-АМЕРИКАШЫЛ, ПРО-РЕСЕЙШІЛ МЕ?  

Сөйткен Владислав Косарев ұйқысынан ояна сала, Беларусьтегі жалпыхалықтық наразылықты айыптап сөйлепті. АҚШ пен Батыс арандатып отыр, Қазақстан мен Ресей билігі неге үнсіз деген ауанда пікір білдіріпті.

Өзі зейнеткер. Өзі про-ресейлік пиғылын БАҚ-та ашық айтып жүрген, Ленин шалдың шіріндісіне шын ғашық депутат Косарев Қазақстанның көпвекторлы саясатынан хабарсыз ба? Жоқ, әлде Ресей Думасының депутаттарына тән анти-американдық дертті Владислав жолдас та жұқтырып алған ба?

Главные события в Беларуси: митинг за Лукашенко в Минске, марши ...

Минскідегі шерулер Киевтегі Майданның жалғасы деген Владислав Косарев Қазақстан парламентінің депутаты ма, әлде Ресей Думасының депутаты ма? Сұрақты дәл осылай қоюымыздың бір себебі де жоқ емес. Беларусьтегі халық шеруіне қатысты әлем лидерлері өз позицияларын ашық білдіріп жатыр. Қазақстан зайырлы демократиялық қоғам мойындамаған Александр Лукашенконың «жеңісін» құттықтаған алғашқы бес мемлекеттің бірі болды. Бұл сайлаудың ресми қорытындысы жарияланған күнгі болған оқиға еді. Одан кейін жалпыхалықтық наразылық акциялары күшейді. Бұндай шерулер тәуелсіз Беларусь тарихында болмағанын сарапшылар айтып жатыр. Өткен жексенбіде Минскідегі орталық алаға 200 мыңнан аса адам шықты деген ақпарат бар. Қазір 4 мыңнан аса адам түрмеге қамалып, күштік құрылымдар тарапынан ұрып-соғу фактілері анықталған. Қан төгілді. Кісі өлімі болды.

АҚШ бастаған Батыс елдері, Беларусьтің географиялық көршілері, Еуоропа одағы, Еуроқауымдастықтар мен Халықаралық ұйымдар Беларусь билігінің ұрда-жық саясатын айыптады. Еуроодақ Беларуське санкция салуды келісіп жатқанын мәлімдеді. Сәйкесінше, санкция жалғыз Беларуське емес, «оның ішкі шаруасына араласты» деген Ресейді де сүйкей өтпек көрінеді. Ал бұл жағдайларға қатысты Қазақстан билігі әлі ресми позициясын білдірген жоқ! Тек әлеуметтік желідегі «одақтастар көмегі» туралы әңгімеге Сыртқы істер министрлігі пікір білдірді.

ҚР СІМ позициясы

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев одақтастар күшін қолдану туралы: «Барлығы біздің міндеттемелеріміздің аясында болады. Егер ол сәйкес келсе, тиісінше қарастырылады. Егер бұл біздің мүдделерімізге сәйкес келмесе, Қазақстанның ұлттық мүдделеріне сәйкес келетін шешім қабылданады. Біз қарап, шешім қабылдаймыз. Біз талдау жүргіземіз», - деген еді.

Ресейдің позициясы

Әлгінде ғана телефон арқылы сөйлескен Лукашенко мен Путиннің әңгімесінен кейін Кремльдің ресми сайтында Ресейдің позициясы жарияланды. Онда Ресей Беларусьтегі шеруді тыныштандыру үшін одақ аясында көмек қолын созуға даяр екені айтылған.

Енді сауал. Мәжіліс депутаты Владислав Косаревтің жоғарыдағы пікірі қай мемлекеттің пікіріне тошпа-тош келеді? Әйтпесе, Ақордадан бұрын айтылған депутат Косаревтің: «Минскіде бастау алған оқиғаларға Батыс елдері мен АҚШ араласып отыр» деген сөзі Қазақстанның ресми позициясы деуге келе ме? Оны өздеріңіз сарап қылыңыздар...

Не десек те, 83-тегі депутат Косаревтың бұл айтқандары Қазақстанның Сыртқы саясатына, мемлекет мүддесіне қаншалық тура келеді? ҚР Сыртқы істер министрлігі анықтауы керек!

Ал Владислав Борисовичтің тәртібі міндетті түрде кеңесте қаралуы керек-ақ. Керек болса, зейнетке шықса да ұзақ жыл мемқызметте жүрген Косаревке креслосынан түсіп, орнын жастарға беру міндет!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1481
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475