Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2624 0 пікір 21 Мамыр, 2012 сағат 11:16

Қазақстан тарихы ма, қазақ тарихы ма?

19.05.12.
Осы жылдың 19 сәуірінде Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Қазақстан тарихшыларының Ұлттық Конгресі «Ғылым ордасында» «Қазақстан тарихы: зерттеу нәтижелері және Отан тарихы көптомдық Жобасының түсаукесері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Конференция қорытындысы туралы «Айқын» газеті «Қазақ тарихы қайта зерделенеді» деп қуана жазды. («Айқын».№72. 20 сәуір, 2012 ж.)

19.05.12.
Осы жылдың 19 сәуірінде Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Қазақстан тарихшыларының Ұлттық Конгресі «Ғылым ордасында» «Қазақстан тарихы: зерттеу нәтижелері және Отан тарихы көптомдық Жобасының түсаукесері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Конференция қорытындысы туралы «Айқын» газеті «Қазақ тарихы қайта зерделенеді» деп қуана жазды. («Айқын».№72. 20 сәуір, 2012 ж.)

Көптомдықтың атын «Қазақстан тарихы» деп алу, тағы да ойдан шығарылған жалған проблемалармен айналысуға алып келері анық. Өйткені көне дәуірде де, орта ғасырларда да «Қазақстан» болған жоқ. Жоқ нәрсенің тарихы да жоқ. Сонда біздің тарихшыларымыз ненің тарихын зерттеп, ненің тарихын жазып жүр? Ал «Қазақстан тарихы» деген атпен «Қазақ тарихын» жазамыз деп ойлау, ғылыми тұрғыдан алғанда ешқандай да сын көтермейтін қарапайым қателік болып табылады.
Сонымен, біріншіден, Қазақстан тарих ғылымының зерттеу объектісін - «Қазақстан тарихы» деп алу, біздің ұлттық мүддемізге де, тарихи тағдырымызға да сай келмейді. Өйткені ол ұлттың тарихын емес, мемлекеттің тарихын зерттеу болып шығады. Қазақтарды құрған мемлекеттер емес, мемлекеттерді құрған қазақтар. Қазақстандағы мемлекет құрушы бірден-бір ұлт - қазақ ұлты. Ал өзгелері басқа ұлттардың өкілдері, яғни біздегі диаспоралар. Олардың ұлт ретіндегі тарихы өздерінің тарихи отандарында жан-жақты зерттелуде. Сондықтан, қазақ тарихы мемлекеттер тарихының тінінде (контексінде) емес, мемлекеттер тарихы қазақ тарихының тінінде (контексінде) зерттелуі тиіс.
Екіншіден, Қазақ тарихын - «Отан тарихы» деп алу да дұрыс емес. Ол біріншіден, сырттағы 5 миллионға жуық қазақтарды туған тарихынан өз қолымызбен айыру деген сөз. Мысалы, тағдырдың тәлкегімен Қытайда өмір сүріп жатқан 2 миллионға жуық қандастарымыздың Отаны - ҚХР. Өйткені олардың көбі сонда дүниеге келіп, сонда өсті. Сол сияқты басқаларының да өз Отандары бар. Екіншіден, Қазақ тарихы - дүниенің қай түпкірінде жүрмесін өзін қазақпын деп санайтын азаматтардың бәрінің де ортақ тарихы. Демек, ол Қазақ тілі сияқты дүниежүзі қазақтарының басын біріктіріп тұратын маңызды факторлардың бірі.
Үшіншіден, Қазақстан тарих ғылымының алдында тұрған басты теориялық-методологиялық проблемалар мен негізгі міндеттерді тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде тарихқа да, тарих ғылымына да терең талдау жасау арқылы бұдан бірнеше жыл бұрын көрсете білген. Жете үңіліп, Президент кітабын ден қойып оқыған оқырмандар да, зерттеушілер де, еліміздегі тарих ғылымының алдында тұрған көптеген теориялық-методологиялық проблемалардың сол кітапта айқындалғанын байқар еді. Мысалы, Елбасы ұлттық тарихымыздың саналы түрде бұрмаланғандығы туралы айта келе: «Әділеттікке дес берер болсақ, біздің алдымызда төл тарихымызды қалпына келтіріп, оның жетістігі мен кемшілігін, жеңістері мен жеңілістерін барша шындығымен көрсету міндеті тұр» деп біздегі тарих ғылымының басты бағытын айқындаса Тарих толқынында. 40 б./, тарихтың ұлттық идеяны қалыптастырудағы шешуші рөлі туралы: «Ұлттық идеяның қалыптасуы өзіміздің төл тарихымызды жаңаша ұғыну негізінде ғана мүмкін болады...ұлттық тарихты жиырма бірінші ғасырдың өлшемдері шеңберінде ұғыну ұлттық идеяны тұжырымдаудың алғашқы қадамы болып табылады» - дейді. Демек, көптомдықтың атын «Қазақ тарихы» деп алып, атына сай мазмұнын толықтыру Президент саясатын іске асыру деген сөз. Ал ол тарихшылардың тікелей міндеті болып табылады.
Төртіншіден, өздерінің ұлттық тарихын кәсіпқойлық деңгейде жазу ісі көптеген елдерде бұрын да болған бүгін де бар. Мысалы, өткен ғасырдың 70- жылдарында, яғни кеңес өкіметінің кезінде-ақ тәжіктер «Таджики» деген іргелі еңбек жазса, өз тәуелсіздігін алған ұлттар түгіл Ресей құрамында қалып қойған татарлар Татарстан Республикасы ҒА тарих институтының дайындауымен «История татар с древнейших времен в семи томах» деген атпен 7 томнан тұратын іргелі еңбекті жарыққа шығарып та үлгерді. Өз ұлтының тарихын қалай жазғаны туралы татар тарихшысы Дамир Исханов өзінің «Национальная история и ее принципы» деген мақаласында: «Историю необходимо разрабатывать как национальную историю, отражающую наши собственные, т.е. национальные интересы... Прежнее положение татарской исторической науки, которую можно охарактеризовать как жесткую привязанность к русской историографии, правильнее было бы квалифицировать как колонизацию нашей собственной истории с стороны имперского центра» - дейді. Татар тарихшысының бұл айтқандарының біздің тарихымызға қатысы жоқ деп кім айта алады?
Бесіншіден, ХХ ғасыр басында жазба тарихтың қажет екендігін айтып, туған тарихына ерекше көңіл бөлген Алаш зиялылары да мемлекет тарихы емес, ұлт тарихы, қазақ тарихы туралы жазған. Мысалы, Міржақып Дулатов «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 2,3,5,7,9 нөмірлерінде «Қазақ тарихы» деген көлемді мақала жарияласа, Ахмет Байтұрсынов, «Қазақтың» 62-ші нөмірінде жарияланған «Мектеп керектері» атты мақаласында «Қазақ бастауыш мектебінде үйретілетін білімдер мыналар: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы» - деп, атап айтқан. Тарихымыз туралы қазақ тілінде тұңғыш тасқа басылып шыққан Шәкәрім Құдайбердіұлының кітабы «Қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресі» деп аталғандығы белгілі. Демек, қазақ тарихын зерттеп, көптомды «Қазақ тарихын» жариялау Алаш зиялыларының көксеген арманының орындалуы болар еді.
Алтыншыдан, Мәскеудің де, КОКП-ның да құлдығынан құтылғанымызбен «Қазақстан тарихын» зерттеуден айырылмауымыздың да өз объективті және субъективті себептері бар. Ол патша үкіметі бастап, кеңес өкіметі аса белсенділікпен жүргізген отарлау саясаты салдарында елімізде қалыптасқан реальды жағдаймен және қоғамымызда өмір сүріп жатқан әлеуметтік топтар мен сол әлеуметтік топтардың мүддесін көздеген зерттеуші-субъектермен, қазақ тарихшыларының психологиясымен, олардың кәсіби дайындығымен, яғни әлеуметтік-субъективтілік факторлармен байланысты.
Біріншіден, жерлестеріміздің империялық пиғылдан айырыла қоймаған белгілі бір тобы өздерінің қазақ жерінде өмір сүріп жатқандықтарын, сол халықтың тілін, тарихын білулері керектігін мойындағылары келмейді. Сондықтан сол топтан шыққан тарихшылар үшін бет-бейнесі белгісіз, бәріне де ортақ, қандай деректерге сүйеніп жазсаң да, қай тілде жазсаң да бола беретін «Қазақстан тарихы» туралы жазған тиімді. Екіншіден, белгілі бір әлеуметтік топтың өкілі болып табылатын, қазақ тарихшыларының бір бөлігі өз тілінде оқи да, жаза да білмейді. Демек, тума төл деректерімізді дерек көздері ретінде пайдалана да алмайды. Сондықтан, олар да «Қазақстан тарихы» туралы орыс тілінде пайда болған деректер негізінде, сол тілде еңбектер жазып, ғылыми атақ-дәрежелерге ие болды және ие болуда. Олардың түсінігінде ғылым тек орыс тілінде ғана дамуы мүмкін. Үшіншіден, өз тілдерінде жаза да, оқи да алатын қазақ тарихшылырының өздері де «Қазақ тарихын» емес, «Қазақстан тарихын» зерттеуге дайындалған және дайындалуда. Сондықтан олар да түбегейлі психологиялық және кәсіби өзгерістерді қажет етеді.
Осындай, және басқа да себептерге байланысты біз әлі туған тарихымызға, атап айтқанда, «Қазақ тарихына» бет бұра алмай келеміз. Әрине, қоғамдағы әр түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін ескерген жақсы, бірақ ол неге қазақтардың ұлтық мүддесінің есебінен жүргізілуі тиіс? «Қазақстан - ұлттар достығының лабораториясы» деп даурығып жүріп, өзіміздің бет-бейнемізден, тілімізден, дінімізден, тарихымыздан т.т. айырылып қала жаздағанымыз бізге неге сабақ болмайды? Достық достықпен, бірақ қазақтар да өз тарихын білуге құқылы. Оған біздегі басқа ұлттардың өкілдері де түсіністікпен қараулары керек.
Жетіншіден, Қазақстан, яғни мемлекет тарихын зерттеу ісімен арнайы айналысып отырған бізде ғылыми-зерттеу институты да бар. Ол Астана қаласында ашылған «Мемлекет тарихы институты». «Қазақстан тарихын» жазу солардың міндеті. Ал Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты азамат тарихымен, атап айтқанда қазақ тарихын зерттеу ісімен айналысуы тиіс. Ол сонда ғана өз орнын ақтай алады. Егер, ол да Қазақстан тарихын зерттейтін болса, онда екі бірдей институттың не қажеттігі бар?
Әрине, ХХІ ғасыр талабына сай ғылыми негізделген жүйелі де танымды тарихымызды жазудың зерттеу объектісін анықтаудан басқа, құлдық психологиядан арылған, анау не дер екен, мынау не дерек деп ешкімге жалтақтамайтын тарихшылардың жаңа буын өкілдерін дайындау, тарихи зерттеу метоттарын жетілдіру, тарих ғылымын қазіргі эмпирикалық деңгейден теориялық деңгейге көтеру сияқты күрделі компоненттері де бар. Олардың бәрі де бір біріне сай болуы үшін Қазақстанның тарих ғылымын түбегейлі қайта құру қажет. Дайындалар көптомдықтың атын «Қазақ тарихы» деп алу осы бағытта жасалынған алғашқы нақты қадам болған болар еді.

Қамбар АТАБАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлем тарихы, тарихнама және деректану
кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы,
деректанушы

«Айқын» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475