Қажығұмар Шабданұлы. Тартыста (жалғасы)
ЕКІНШІ БӨЛІМ
ТАРТЫСТА
І
Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!
Тас жол құрылысы мекемесі бізді арба жіберіп алдырды. Қонаққа арналған жатын үйіне орналастық. Киіп шыққан көнтерлі қара етік пен көнетоз сақшы сарыларымыз форым жағынан осы мекеме қызметкерлерінің киіну дәстүріне үйлесетіндігіне қуанып едік. Сонда да түрмеден шыққанымызды бадырайтып, әйгілеп тұратыны тез байқалды. Мекеме бастығынан арбакештеріне дейін, әлгі кеселді кілтшісіне, салпыншақты жалпақ белбеу буынады екен. Қолынан келетін ауқаттылары тіпті жоғары дәрежелі офицер болып көрінуге бар күшін салатын көрінеді; бастықтары мен бұғалтырлары түгел сап-сары ала, соғыс майданынан осы мекеменің мұқтажы үшін ғана келген қыран қолбасшы форыммен қоқилана, гоминдаң генералдарымен жаңа ғана алыса түсіп алып соққандай алқына жүреді екен. Ал, біз, осылардың қолына түскен соғыс тұтқыны тәрізімен келіппіз.
- Аласапырановтарымен бәстессек Дон Кихоттарына ұқсап кетерміз, шырағым, - деп Қуат бұрынғысындай езуін құлағына жеткізе жымиды, - қолымызға ақша түссе де бұлай киіну ұят болар!
- Иә, біз қалалық мекемесінің емес, таудағы бөлімшесінің қызметкеріміз ғой, бізге осы да болады, - деп күрсіндім, - әсіресе мен солай киінсем, мына аппақ шашыммен тым ақымақ шал болып көрінер едім. Құдай сақтасын!
ЕКІНШІ БӨЛІМ
ТАРТЫСТА
І
Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!
Тас жол құрылысы мекемесі бізді арба жіберіп алдырды. Қонаққа арналған жатын үйіне орналастық. Киіп шыққан көнтерлі қара етік пен көнетоз сақшы сарыларымыз форым жағынан осы мекеме қызметкерлерінің киіну дәстүріне үйлесетіндігіне қуанып едік. Сонда да түрмеден шыққанымызды бадырайтып, әйгілеп тұратыны тез байқалды. Мекеме бастығынан арбакештеріне дейін, әлгі кеселді кілтшісіне, салпыншақты жалпақ белбеу буынады екен. Қолынан келетін ауқаттылары тіпті жоғары дәрежелі офицер болып көрінуге бар күшін салатын көрінеді; бастықтары мен бұғалтырлары түгел сап-сары ала, соғыс майданынан осы мекеменің мұқтажы үшін ғана келген қыран қолбасшы форыммен қоқилана, гоминдаң генералдарымен жаңа ғана алыса түсіп алып соққандай алқына жүреді екен. Ал, біз, осылардың қолына түскен соғыс тұтқыны тәрізімен келіппіз.
- Аласапырановтарымен бәстессек Дон Кихоттарына ұқсап кетерміз, шырағым, - деп Қуат бұрынғысындай езуін құлағына жеткізе жымиды, - қолымызға ақша түссе де бұлай киіну ұят болар!
- Иә, біз қалалық мекемесінің емес, таудағы бөлімшесінің қызметкеріміз ғой, бізге осы да болады, - деп күрсіндім, - әсіресе мен солай киінсем, мына аппақ шашыммен тым ақымақ шал болып көрінер едім. Құдай сақтасын!
Мекеме бастығының «пункттеріңнен арба келгенше дем алыңдар» деген сөзі бойынша, жуынып тазарып, үйге хат салдық. Денсаулығы қалыпты Қуат көшеге шығып тамашалауды, бой жазуды аңсады да, мен жатуды ғана көксеп тұратын болдым. Көз жұмсам-ақ Нұрияшпен «аймаласамын», оның балғын денесі балқытып жібергендей болады, «құшақтасып ән саламыз», «қосыла күліп», «қосыла жыласамыз»... Бірақ соңғы трагедиясын ойламауым абзал ғой, бұл кезеңге жеткенде өз үйіме «келе қоямын»; әкемнің тізесін «жастана қоямын», «құлыным» дей ме, күшігім дей ме, әйтеуір, жанын жайнамаз ете иіліп, айналып-үйріледі де отырады.
Осындай «қызықты киноларды» қиялмен көре жатып, кешке жақын қақпа алдына шығамын. Босағадағы отырғышқа отырып алып, көшеден ерсілі-қарсылы өтіп жатқан адамдарға қараймын. Кешкі салқында өтетіндердің көбі алды-арты бірдей былқылдаған ақ балтыр «қыздар» болады. Оларға әлдеқандай сезіммен қарамасаң да сол былқылдақтары түйсігіңнің ғана көзіне түртіп қалғандай, еріксіз қаратады. Көбі периротка. Бұлардың әсіресе гоминдаң офицерлерінен қалғандары қазір тіпті құтырып алғанын, енді ұлттық армия офицерлерін аулайтындықтарын естимін. Жай әскерге әлі де селсоқтау қарайтын сияқты.
«Ой, шикінім-ай, дүниенің бар оты өшсе де, енді сендерден жылу сұрасам-ау» деймін ішімнен.
Үлкен көшеден келе жатқан ұзын бойлы, қызыл күрең ұйғыр жігіт маған бұрылып келіп, сәлем берді. Қырылған сақал-мұртына қарағанда менен үлкен көрінсе де, «ақ шашымның абыройы шығар» деген оймен сәлемін ала салдым. Жеңі түрулі қоңыр шақпақ көйлегіне жай ғана белдік буынып шапкысын көтере кюінен осы қаланың аласапырановтарынан аулағырақ жігіті екені ғана байқалғандай, ақ сұры Юсуп Қасымға шырайы да, сәлем беруі де ұқсамайды. Аңыра қарап амандасқан маған шырамытқан белгі де көрсетпей:
- Осы мекемеде Шәуешектен келген жігіттер бар ма? -деді. Сонда таныдым:
- Юсуп Қасымбысың ей!?
- Биғабіл, сенбісің? - деді ол құшақтаса кеттік. - Биғабіл деуге ешқандай фактым жоқ қой... достым, достым... қалай болып кеткенсің?! - деп ол шашымды түйіле сылағанда, көзімнен жас парлай жөнеліп еді, көшеде тұрғандығымыз есіме тез түсе тиылып, жатын үйіме жетектедім:
- Қалай болып кеткенім-ұзақ сөз. Біздің мұнда келгенімізді өзің қалай естідің?!
- Осы мекеме арбакеші бізге іргелес көрші еді, содан естідім....
Екеуіміз иен үйде кезек қаудырласып отырғанымызда Қуат келіп саудырласты. Екеуімізді үйіне бастай жөнелді Юсуп Қасым.
- Бүгін бейсенбі, ертең демалыс. Кеңінен сөйлесейік! ... Құдайға шүкір, жексенбіні қуып шықтық. Мұсылман болған соң арақты ұлы жұма күні ішетін болғанбыз! -деп қарқылдай күлді.
Юсуптың үйі Қазан мәлісінде екен. Кішкене ғана ауласын алма, өрік ағаштарымен толтырып қойып, екі бөлмелі аласа үйде отырыпты. Баласынан күні бұрын естіген сияқты, кәрі ата-анасы бізді қаудырақтай қарсы алды. Анасы ибамен ғана иіліп амандасып, шәй дайындығына жүгірді де, әкесі қос қолын бір-ақ ұсынып амандасып, төр үйдің есігін ашып кіргізді. Менің әкемше мәйпектей жүгіріп, мол қара киіздің үстіне жіңішке төр көрпесін де жайып жіберді. Бізді отырғызған соң өзі де жүгініп отыра сала қол жайып дұға қылды. Ұйғырдың бұл дәстүрінен біз де қалыспай бет сипасып, «аллаһы акбар» айтысқанымызда Юсуп күліп жіберді де, әкесі елемегенси түрегеліп жүре берді.
- Әкең менің әкеме ұқсайды екен, - деп күрсіндім мен, - сені де ықтиярыңа қоя берген сияқты.
- Ұлдан жалғызбын, сондықтан мені еркелетеді. Қыздары көп еді, олар азая беретін халық қой, қазір біреуі-ақ қалды. Әкем қазаншы ұста болса да, қыздар мен үкіметтердің алман-салық, бәжісі басып, тұрмыс қиыншылығынан бас көтере алмай қалып еді. Енді бір жылдың ішінде-ақ жасарып алыпты. Біздің бұл үкімет кедей кәсіпшілерден бәжі алмайды екен. Оның үстіне мен келіп бастауыш мектепке мұғалім болған соң, болды деген осы деп жүр. Қазір мені үйлендіру үшін әуре, - деп Юсуп күліп еді.
- Сақалыңды күнде қырғаныңнан қиналатын шығар? - деген Қуаттың сөзіне ауыз үйден ата-анасы күлді. Сөзімізді тыңдаса жүріпті. Дастарқан әкеліп жайған Юсуп шәугімді де өзі әкеліп шәй қойды.
- Ал, сөйлеші! - деді малдасын маған бұрыла құрып алып, - айрылысқанымызға бір жыл болыпты, содан бастап сөйлеші!
- Мұны сөйлеуге қазір Қуаттың ғана күші жетеді. Алдымен өзің осы көп қазанға қалай жетіп алғаныңды сөйле.
- Үрімжіден ұзын қара шекпен шапан сатып алдым да, иығыма салдым. Онан соң кеңірдегім жыртылғанша нақша* айтудан басқа қиыншылық болмады. Сауандағы туыстарымды тапқанша айтыппын. Сол жерде жаттым да, гоминдаң шеріктері Сауаннан өте қашқанда, азат лүкшек** бейнесімен бері жылжи бердім. Бекет сайын лүкшек достар табыла берді. Мұнда келген соң әкем лүкшек үкіметтегі жаман лүкшектердің бәрін тойға шақырды. Олар «мүбәрәк болсыннан» басқа сөз айтпады, заң қызметіне орналастырмақ болып еді, оған көнбей, мұғалім болып алдым. Оның себебін ертең өздерің көресіңдер...
Қуат соза күрсініп алып, сөйлей бастағанда Юсуп Қасым төсек астынан бір құмыра шарап пен стакандарын шығарып еді. Қарындасы амандаса кіріп, алдымызға басытқылық сәй қойып шықты...
Алғашында бұрынғы қалпымды сақтап шарап ішпей қойғанмын. Қуат Юсуппен қағыстыра отырып сөйлеп, менің жасырарымның ештеңесін қоймай жайып салды. Маған Нұрияның өлімінен келген рухи соққыны сөйлегенде де Шихаңзыға өткеннен соңғы менің «у қайтару» жолындағы «батырлығым» сөйленгенде де дастарқан иесі маған шарап ішкізе алмай қойды. Бедірейіп отырып алып, тыңдай бергенмін. Кейін өз түрмемізде есіріп ауырып, ұрттап қойған «қышқылтым» сөйленіп бола бергенде Юсуп Қасым жылап жіберді. Есік жаққа бір қарап қойып көзін сүртті де жойқын күшпен бекінгендей ернін жымыра біраз кідіріп алып, бәсең үнмен сөйледі:
- Бал дәметкен жастық шақтан қайта-қайта зәр ішіпсің достым. Бұл ішкен зәрлерің бастан-аяқ таптық зәр екенін менен көрі жақсырақ түсінетініңді білемін. Шовинизмнің өзі шын мәнінде таптық зұлымдық екенін маған да айтушы едің ғой, одан ұлттық күрес жолымен құтылып едік, енді алдымызға тап күресі міндеті ашық қойылып отыр. Соңғы ішкен зәрің, ашықтан-ашық, таптық зәр. Тірі болсаң мұның да уын қайтара алатыныңа сенемін... кел, бұрынғы шыдамдылықпен күресе беруіміз үшін ішелік!
Өмірімде тұңғыш рет шын ықыласпен құшырлана ұстаған «от ұрттағышты» екі доспен қағыстырып жіберіп, қағып салдым. Күрес отын ішкен сияқтымын, сөзім де лапылдай жөнелді бір аздан соң. Өшкіндеген сайын әлсін әлі қағыстыра отырып, алау өрлей бергенде, жынданып үйді өртеп жібермесін дегендей, лагманмен «күргейлеп қойып» сөйлестік. Таң белгі бергенше айтылмаған жыр, шертілмеген сыр қалмаған сияқты.
Таңертеңгі шәйдан соң көшеге шықтық та, алдымен суретке түспек болдық. Адам қайнағандай сапырылысып жатқан базар не қилы товармен жайнап кетіпті. Юсуп Қасым соны тамашалатқандай бейнемен әлденеше суретханалардан өткізіп бастай берді. Етік гремдеуші балалардың базарына кіріп қалғанымызды бір-ақ білдім. Білегін сыбанып алған өңшең күйелі қол «ака-акалап», әрқайсысы өз «дүкеніне» тартып, бірі қолдан, бірі етектен жабысады. «Дүкен» дегені отырғызып етік майлайтын бір-бір орындық екен. Юсуп Қасым гремдерінің сапасын тексере барып, Қуат екеумізді екеуінің орындығына отырғызды. «Етіктерің гремделіп болғанша келемін» деп енді бір көшеге жүгіре жөнеліп еді. Жан құрал асатын салпыншағы ең молынан екі белбеу алып келгенде, бетім ду ете түсті.
- Ой, мынауың не?
- Сендерді қалыптарыңа келтіремін, Манас майданының қыран офицері болғандықтарың өтірік пе?
- Үй, сонда базардан сатып алып, базар ортасында тағынамыз ба, қой-қой, ұят болады!
- Ұялатын қыз емессің, соғысқанды қойып, гоминдаңға тас лақтырып көрмеген кейбіреулердің полковникше жасанып жүргенін көрмедіңдер ме, несі ұят? Мә, тағынып ал!
- Қой досым, мұныңмен келісе алмаймын. Мына салпыншақ ілгектеріне немді ілемін? -деп күбірледім, гремшілер жаман етігімізді жалтыратып шығарды. Түрегелісімізбен ақысын «дүкендері» үстіне тастай-тастай салған Юсуп Қасым:
- Тым болмаса суретке түсіп алғанымызша тағына тұрыңдаршы, артынан сөйлесейік, -деп өтінді. Қуат екеуміз суретханаға кірген соң тағынуға келісіп, қолымызға алып едік, бізге белбеу әперуінің мәнісін қолтықтап жүре түсіндірді, - мына киімдеріңде белбеу болмаса, пленге* немесе бұзықтығынан жазаланған әскерге ұқсап қаласыңдар! Ондайларды біздің құлжалықтар тәлкек қылады. Лүкшек көп, менсіз жерде ұрып та кетеді, қазір тағынып алыңдаршы!
Қуат маған қарап басын изеді де:
- Олай болса аласапыранов болсақ болайық, таяқ жемей, аман кету керек шығар? -деді.
- Тым болмаса мына салпыншақтарын кесіп тастап тағынайыншы! - деп мен жан-жағыма қарап қынжыла өтіндім Юсуптен. Ол белбеуді қолына алды да беліме мықтап байлады, мешпетімнің етегін тартып түзеп, арқамнан қағып қалды:
- Міне, енді жарасты, ақ бас генералдың дәл өзі болдың, жүр енді!
Орталық үш көше түйілісіндегі үлкен базардың күншығыс жағындағы мүйістен айнала бергенімізде паранжасыз базаршылап жүрген ұйғыр әйелдері тұс-тұсқа тырым-тырақай қаша жөнелді.
- Өй, мына қатындарға сайгелді тиді ме? -деп Қуат аңыра қалғанда, Юсуп күліп жіберді. Бір кемпір күнбатыс жақ көшеге қашып бара жатып, етпетінен түскен екен. Қарап тұра қалған еркек атаулы қарқылдап күліп жатыр. Жерге екі қолын тірей еңбектеп барып, қалбалақтай түрегелген кемпір етегін бұлаңдата жүгіріп барып, бір қақпаға кіріп кетті. «Не болды» десіп Юсуп Қасымға бұрылып едік, ол: «сайгел әне» дегендей күншығыс жақ көшеге түйіле қарап тұр екен. Түп-түзу ұзын көшеде ауыздығымен алысқан көк қасқа атты біреу қамшысымен бір қақпаны тартып жіберіп ақырды. Сөзін естімей қалдық.
- Қақпа алдына шыққан әйелдерді тілдеп тұр, - деп тістенді... Юсуп Қасым.
- Не үшін? Бұл кім?
- Көшеге паранжа жамылмай шыққан әйелдерге өлердей өш. Феодализмның қорғаушысы болып жүр енді бұ лүкшек!
- Бұл кім?
- Көрмеп пе едіңдер? «Ғани батыр» деген атышулың осы...
Ғани құйындата шапты бізге қарай. Базардағы бар халық шетке ығысып, жарыла қалды да, жым-жырттық орнады. Тас төселген кең көшедегі жалғыз үн құтырған көк қасқаның тасыры болды да жалғыз адам - тасырайған көк көзді сары болды. Басы ақ киіз қалпаққа, зор денесі дәл өлшеп тігілген қара көк мешпет-сымға сиса да, көңілі көк аспан астына симай кеткендей асып-тасып алыпты. Жыпырлаған қалың адамды базарда ат басын іркер емес. Көше шетінен қол қусырып сәлем бергендерге пысқырып та қараған жоқ. Құйындатып өте бергенде ызалы үнмен сөйлеп қалыппын.
- Өй, мына құтырғаның, адам соғып өлтірмей ме, ей!?
- Ақырын, - деді Юсуп Қасым, - қазір атып кетуден де тайынбайды бұл! Бір баланы атымен соғып өлтірген. Бірақ, ешкім құн сұрай алмайды!
- Марқұм Акбар батыр бұдан да денелі болған ба екен? - деп сұрады Қуат.
- Жоқ, ол кісі орта бойлы ғана, иықты адам болған дейді... Бұл содыр соның сөзін ғана тыңдайды екен, қазір ешкімге бағынбайды. Мұның алдында заң дегенің нөлге тең, таныс адамдары қамалса, сақшының есігін шақса да шығарып әкете береді екен. Менің заң қызметінен қашқан себебім, қазір осындай заңсыздардың ерекше күшейіп тұрғандығынан болды. Мәселен, осы «батыр» келіп керісінше үкім айтса, керілдесуге менде не салауат бар? Ұждан азабын бекер тартпай, күте тұрғым келді...
Сірә, сақшы басқармасының тергеушілік қызметі есіне түссе керек, Қуат маған қарап, басын шайқап-шайқап жіберді. Мен Юсупке сұрау тастадым:
- Бұл тентегіне тек дейтін үкімет болмағаны ма?
- Бұған қазір ептеп сөз тыңдата алатын екі-ақ адам бар: бірі қазіргі үкімет бастығы Әлихан төре; бірі бас хатшы атында төте істеп жүрген Ахыметжан Қасыми. Әлихан да молдалығымен, дұға-бата беру әдісімен иліктіреді. «Шығыс Түркістан мұсылман қауымының көрер таңы үшін Алла Тағала қазірет ғалиға ұқсатып, ерекше жаратқан қаһармансың» дегендей суайт пәтуасымен балқытады. Ахыметжан оған өзінің төңкерістік ұйтқы күштің бастығы екенін танытқан, армия қолбасшылары түгел өзінің серіктері екенін көрсеткен, ақиқат ілімінің күшімен-Марксшылдығымен қаймықтырады. Ол аса білімді адам. «тарихта ешқандай жеке батыр жеңіске жеткен емес, жеңіс еңбекші халықтікі. Қаһарман дегеніміз - сол мұхиттың бір ғана тамшысы» деп ашық сөйлеп тұрады.
- Демек, үкімет басында Марксизм өкілі бар деші, және «төңкерістік ұйтқы күштің бастығы». Мұны шектемей, мұншалық бейбастақ жіберетіні қалай?! -деп түйілдім мен.
- Ахыметжан әпенді қазір гоминдаңмен келіссөздің әуресінде жүр, мұршасы жоқ, - деп Юсуп күрсінді, - мұршасы болса да, дәл қазір толық шектей алмайтын жағдай бар. Үш-төрт «сауытты» қабаттап киіп алған бұл әпербақанға оқ өтпейді. Бірінші сауыты - үкімет құрамындағы Әлихан төре бастаған кертартпалар. Екінші сауыты - олардың уағыз-насихатшылары - шариғат жастанған дін иелері. Үшінші сауыты - байлар. Бұл қазір бірнеше байдың күйеу баласы болып алды. «Ерекше жаралған қаһарманға» қызын беріп, нәсіл алуға құмар байлар бар. Тіпті ондай құмарлығы жоқ байларды да қорқытып «құмар» ете алады. Төртінші сауыты - баукеспе ұрылар. Бұл аймақтағы содырлар мен ұрылар - осының мүриті. Оларды түрмеден суырып алып, үсті-үстіне көбейтіп жатыр. Бұлар тұрғанда оған оқ өте ме?...
Үшеуіміз осы әңгімемен барып, суретке түстік те, осы әңгімемен барып кітап дүкеніне кірдік. Үрімжідегі қараңғы кілетте жасырын сатылатын кітаптар бұл қаланың салтанатты дүкендерінде ашық сөреге тізіліп, сіресіп тұр екен. Табылмайтындығынан арманға айналып кеткен атақты кітаптар көзімді суырғандай тартса да, бәнкеміз - Юсуп Қасымның кішкентай қапшығы болғандықтан, Ленин мен Сталин шығармаларынан үш-төртін ғана алдым. Төсегімізге сол кітаптарды жастана барып тағы жаттық.
Ертеңінде сәскеде Юсуп Қасым ентіге жетті.
- Жүріңдер, жүріңдер... Тез-тез! - деп Қуат екеуміздің қолымыздан тартып тұрғызды, - белбеу қайда, тағыныңдар! Әлихан төрені көресіңдер. Мына белбеусіз киіммен кіре алмайсыздар!
Белет белдікті бұл рет өз еркімізбен тағынып, ере жөнелдік. Асыға басып бірнеше қысқа көшеден айналып өттік. Қай тұс екенін білмей қалыппын, кішілеу ғана клубқа жетіппіз. Кірсек зал толы адам екен, бір қауым адам орындық жетпей түрегеліп тұр. Арт жағына ала біз де тұра қалдық. Сахнада екі елідей ғана шоқша қара сақалды, шағын, жақ жұтылау тұрқы бар, ақ сұры сұлуша кісі сөйлеп тұр екен. Юсуп Қасымның ұзын иегімен нұсқауына қарағанда, бізге аты төңкерістік жарнама бетінде алғаш көрінген бастық осы кісі сияқты.
Үнінің қарлығыңқырап шығуынан біз келуден бұрын едәуір сөйлеп тастағаны байқалады. Сөз мәнісінің түбін ыңғуырлағандай, бар күшімен ышқынып, өзбекше араластыра ұйғырша сөйлеп тұр. Естігеніміз біздің құлағымызды да ыңғуырлап түршіктірді: «... мұндай зиялы сыман жастар едәуір көп. Намаз оқымайды, мешіттің қайда екенін де білмейді. Шашына қарасаңыз - қытай, тіліне қарасаңыз - мұсылман, ділі - жаһаннам түтегі, кеңірдегінен темекінің иісі, арақтың заһары шығып тұрады. Мұндайларды кім дейміз? Бір сөзбен айтқанда, бұлар - қытайдың күнжарасын жегендер. Оқығаны пақат со бірдемені жеудің тәсілі ғана... Қанша сөйлесек те ешакның құлықыға тәмбұр шалғандәк* тыңдамайды...» -дегенінде естуге шыдамым таусыла қалғандай болды менің.
- Артынан сөзге шығуыма рұқсат етер ме екен?! - деп сыбырладым.
- Не сөйлемек едің? - деп Юсуп Қасым үңілді.
- Қай ғасырда қай қоғамның адамына, қай шаңырақта сөйлеп тұрғанын білмейтін бұл «көсемге» ұқсап есекті аузыма алмаймын ғой. Қай заманның архивы екенін сыпайы дәлелмен қысқаша түсіндіріп қана түсер едім.
- Юсуп Қасым қолымен аузын баса күліп жіберді де, Қуат жымия тойтарды.
- Шаңырақ менікі, қоғам менікі деп сөйлеп тұр ғой. Олай сөйлесең қазір байлатады да, «тозақтың» ең түбіне жібере салады. Ақыметжандардың күші бұған толық жететін болғанға дейін тірі қалар ма екенсің әуелі!?
- Олай болса кеттім! Тыңдамадым да көрмедім!
Есіктен шығып жүре беріп едім, екі дос артымнан күле шықты.
- Достым, сен аса солшыл болып кеткен ұқсайсың! - деп күле кінәлаған Юсуп Қасымға Қуат басқаша пікір айтты.
- Олай емес, түрмедегі ауруынан толық айыға алмай жүр. Нерв қуатынан айрылып қалды, шыдамсыз болып кетті.
Бұл екі түрлі сынның дұрыс жағын байқағандай болдым да, ойлап көру үшін жауапсыз қалдырдым. Біраз кідірістен соң анықтағым келетін басқа бір мәселе есіме түсті:
- Жә, осы Ғани батырдың төңкеріске сіңірген еңбегі қай-қай соғыста болған екен?
- Нылқыда Әкбар батырдың басшылығында тұңғыш көтеріліс бастаған алтының бірі. Онда партизан ұйымдастырушы негізгі орында Әкбар болыпты.... Ол ойлай алатын басы бар, оқыған инабатты, өткір адам екен. Нылқыны азат еткеннен кейін, қалай екені жұмбақ, ол кісі оқ тиіп өліп кетіпті... Ғанидың үлкен үлес қосып, батырлық ат алғаны одан кейін... Бұраталаны алуда зор қайрат көрсетіпті. Өзім дегенге жанқияр, жомарт, ақ көңілдігі де бар бұл гөйдің. Жүрегі таудай. Бірақ, көңіліне жақпай қалған адамына бек харамы*.
- Иә, сотанақы батырлар ежелден солай болады ғой, - деп күрсіндім, - бірақ, осының шаужайсыз кетуі төңкеріске қатерлі, өзі егіскен жеміс ағашын өзі қиратады әлі! Ленин сотқарларды да төңкеріс сабына тарту қажеттілігін көрсете келіп, оларды өз уақытында шектемесе, солай зияндайтынын жазыпты.
Қуат быртықтау сұқ саусағын көрсете жымиды:
- Барлық былықтың шектелмей жатуы бір-ақ мәселеде шырақтарым, коммунистік партияның әшкере ұйымы бұл жерде құрылмай жатқандығында ғана!
- Әттең дүние! - деп мен тістендім де, Юсуп Қасым басын изеп-изеп қалды:
- Кешеден бері сендерге Құлжа жағдайын көрсетіп, ұзақ сөйлеп келе жатқаным осыны түсіндіру үшін еді, мәселе осында... төңкеріске жалпылық жағынан ишара көрсетіп отыратын ұйытқы группа бар. Бірақ бұлардың біріңғай майданға тартқан жат идеядағылары өздерінен әлдеқайда күшті. Егер армия офицерлерінің көпшілігі өзімізден болмаса тас-талқанымызды шығарар еді. Бұларды шектеу үшін «көм» аты аталмаса да басқадай атпен төңкерістік күшті ұйым құруды тұс-тұстан талап етуіміз қажет!
- Ахметжан әпенділерге мұндай талап қойылмаған ба? - деп түйілдім мен.
- Қойылыпты. Осы Құлжадан Әбдікерім Апбас басшылығындағы бір топ, Тарбағатайдан Дубек басшылығындағы бір топ, Алтайдан Әлмен бастаған бірнешеуі бұл талапты әлдеқашан қойған екен. Алғы шептегі армиядан бұл талапты қоюшылар тіпті көп дейді.
- Не жауап айтыпты бұған?
- «Әлбатта құрамыз, қазірше шарт-жағдайы жетпей тұр» деп қана қойыпты.
- Жетпеді емес, асып та кетті, - деп қынжылдым.
- Осы талапты көбейтуіміз керек, жолдастар... менің сабақ сағатым жетіп қалды, кеттім. Енді ертең кездесеміз, хайыр!
Юсуп Қасым осы сөздерді айтты да, жедел басып жөнеле берді. Біз сәулетті белбеуімізді ағытып, жан қалтаға тыға сала жатқан жерімізге тарттық. Тосып жатқан арбамыз келген екен. Бұғалтыр бөлімінен абанса ақша сұрап алып, Юсуп Қасымға хат жазып, арбакеш көршісіне тапсырдық та, таңертеңіне ерте аттандық.
Текеске апаратын бұраңы мол арба жолмен шоқалақтата отырып, Іле жағасындағы Жаманты бекетіне түс ауа еңкейдік. Тас жол жұмысындағы қара нөпір қалың тұтқын сол егістен көрінді, сазды ойпаңнан көтерме жол жасап, кетпен, зәмбіл, жалғыз дөңгелекті қол арба сияқты аспаптармен тозаңды аспанға көтеріп жатыр. Тұтқындарды құралмен басқарып тұрған ешкім көріне қоймады. Сары аяқ тұтқындардың өздері де қара алаға, теңбіл көкке, боз алаға айналып, жендет сиқынан айрылып болған сияқты, дөңдегі топыраққа ғана жендеттей тиіп, араша талайды. Қимылдарына қарағанда мейлінше тоқ екені байқалды.
Шапкысын құлақ шекесіне қисық қондырған біреу тұтқындардың ар жағындағы оқшау дөңге атпен шауып шықты да, біреулерге бір жерді қамшысымен нұсқай салып, бізге қарай шауып түсті.
- Осы жолдың десиятинигі*, - деп күбірледі арбакеш ұйғыр жігіт, - Жүніс дейтін қазақ.
Соғыс тұтқындарын жұмысқа салып жүрген қара мұртты қара қазақтың салпыншақты белбеуі мен тобылғы сапты қамшысынан басқа ешқандай құралы жоқ сияқты. Бізге тігіле қарап иек қақты, амандасқаны екен.
- Бізге жіберген әлгі қызметкерлері осы жігіттер ме? - деп арбакештен сұрап, атынан түсті де атын жетектей келе арбаға отырып, жартылай орысшалай бұйырды, - но... о**, айда!
Кеудесін кере шайқақтап, тік жүретін, отыздан асқан бұл кісі шекесіне қисық қондырылған шапкысымен-ақ қаланың сәнқой маскүнемі екенін бірден танытқандай. Сымының кең балағы мен көнімді қара етігінің қатпарланған қонышы қызыл асығына түсе жұмарланыпты. Шалғысы тегістеліп қайшыланған қара мұрты да, қарайып кеберсіген ерні де бізден әлде не дәметкендей жыбырлап, қызғылт тартқан қиық көзі жұтына үңілді.
- Бірдемелерің бар ма? - деп мұртының астымен ғана күбірледі бір шақта. Біз ұқпағандай аңыра қарап едік, оң қолын стаканша қуыстап алып, аузына төңкере ишаралады, - қаладан сарқытқа ала шыққандарың бар шығар, бүгін мына плендерге жұмыс көрсетуге шығып, шаршап қалдым.
- Өзіміз ішпеуші едік, есімізде болмапты! -дей салды Қуат. Жүніс енді ірі кісі пішініне келіп, кердие орнықты:
- Жолдау қағаздарың қане? -деп сұрап, қағаздарымызды көріп шықты да, кекіріп жіберді, - маған телефонда «мықты оқыған екі бұғалтыр жібердік» деп еді, қане сөйлей отырыңдар, қайдан оқыдыңдар, есепшот қағуды білесіңдер ме?
- Есепшот көрмегенбіз ағай, - деді Қуат күлімсіреп, - мұғалімдік техникумда оқыдық. Есептеріңіз миллиардқа дейін ғана болса ешкімге телмірте қоймаспыз.
- Есепшот білмейтін бұғалтыр какой* бұғалтыр? - деп екі алақанын жайған Жүніс, шүметайын орысша атап жіберді де артынан кеңшілік еткенсіді, - но, керек жоқ, қазақ жігіт екенсіңдер, істей тұрыңдар, әйтеуір айтқанға көнесіңдер ғой!
Жолдау қағазымызды сырт көйлегінің төс қалтасына жұмарлап тыға салды. Мына мұрттың қол астында істеуден сескеніп, бұл пунктте дұрысырақ бастық бар-жоқтығын білгім келді, өз нервім де ширығып, шегіне жетіп тұр ғой:
- Ағай, бұл пунктіңізде неше қызметкер бар?
- Жеті қызметкер бар. Тоғызтарау жолы да бізге қарасты, мен - бастық. Онда орынбасар десиятнигіміз бар. Бас технигіміз - орыс. Екі запхоз, екі арбакеш жұмыс істеп келеді.
Мен бастық дегеннен шошынсақ та, бас техник пен «орынбасар» десиятнигінен үміт күте келіп бір ұйғыр ауласына түстік. Сол ауладан бір ғана бөлмені жалдап алып, тамақты үй иесінің әйеліне істетеді екен. Тымырсық ыстықтан шөлдеп келіп, шәйға қанбай іше беріппіз. Бас техник те, запхоз да көрінбеді, Жүніс зейілділігін жарқ еткізді.
- Ей, жігіттер, күн батып қалды, пожаливиста**, мына арбакешпен бірге барып, аттарға шөп орып әкеліңдер!
Келісімізбен көрінген мына қожайындық төбемізден қойып жібергендей. Қуат екеуміз тыжырынып қалып, бір-бірімізге жымия қарастық. Келе салып кеңірдектесу ұят көрінді. Өзіміз сияқты «белбеусіз» арбакешке ере жөнелдік. Белбеу тағынбай келгендігіміздің кесірін әлден көргендейміз. Сонда да артын күтіп көруіміз жөн сияқты.
Сөйтіп, күніне үш уақыт шөп орып әкеліп, үш уақыт тамақ ішуден басқа қызмет көріне қоймады. Арбакеш те жұмсағыш болып, бұл міндет екеумізге қалғандай. Есепші боламыз деп келіп, шөпші болғанымыздың ызасына мен екі күн әрең шыдап едім. Үшінші күні таңертең орған шөбімді байлай салып Қуатқа тігілдім:
- Ей, біз тұтқынбыз ба?... «Нерв қуатынан айрылған шыдамсыз», «солшыл» деп Юсуп екеуің сындамаған болсаңдар, бұл мәселені әлдеқашан шешер едім. Енді кінәламаңдар, қазір бара салып-ақ сөйлесемін!
- Сабыр, сабыр, - деп Қуат қарқылдай күлді, - сен сөйлессең нервіңді тағы да асқындырып аларсың, мен-ақ сөйлесейін...
Таңертеңгілік шәйді үй қожасының әйеліне қылжақтай ішіп отырған Жүніс бізді елер емес. Өткен күндердегі «шөп әкелдіңдер ме... отырыңдар» деген «есіркеуі» де жоқ. Келіп отыра қалдық. Шәй құйған әдеміше сары әйел біздің қабағымызға қарап қойып, сыртқа шықты. Жүністің таңертең тұра салып кішкене шарапханадан ауыз ашатын «бір стопкасын» бүгін екі-үшке жеткізіп қайтқаны байқалады. Көзі әлден қызара қалыпты.
- Бас техник келмей ме, ағай? - деп сұрады Қуат.
- Ол тауға жол салынатын жерді өлшеп көруге кеткен. Оны қайтесің?
- Запхоздарыңыз қайда?
- Ол... Құлжада... оны сұрап қайтесің?
- Бізді қайтпексіңдер?
- Қайткенің не, осылай істеп жалақыларыңды алып тұрсаңдар болмады ма?... Техникті, тіпті есебін дұрыс өткізе алмай тыртыңдап жатқан запхозды сұрауларың қалай?... Слушите* жігіттер, мен не бұйырсам, соны орындап тұрсаңдар болғаны! Знаеш**, мен қан майдан кешіп, бүкіл Ілені...
- Сіздің бастық екеніңізді біліп, өз қызмет міндетімізді сұрап отырмыз! - деп Қуат та қатқылдау дауыспен сөйледі, - біздің жолдау қағазымызды көрдіңіз, арбакешке көмекші болуға, шөп орушылыққа тағайындалған емеспіз.
- Қай іске көмек керек болса соны ғана істейсіңдер, менің берген қызметім осы! Одан жоғары мәртебе керек болса, ол бізде жоқ.
Қуат жатақханаға қарай тарта жөнелді. Сатып алған белбеуін байланып келіп сөйлеспек екенін түсініп, күліп жібердім де, ыза аралас қарқылдай жөнелдім.
- Слушите брат***, - дедім сонан соң, өзінше бөсіп тігіле сөйледім, - біз үрімжінің араққа емес, қанға мас гоминдаңымен соғысып шыққанбыз. Мына шаш сонымен ағарған. Әлгі сөйлесіп отырған жігітіңіз - сондағы өшімізді Манас майданында қайтарып, бір рота сары аяқты «жалғыз өзі қырған» қайсар сойқан. Сенбесең, телефон арқылы Маскаловтан сұра, анықтағың келсе, сол майдан штабының саяси, әскери бөлімдерінен сұра! Біз саған келген әлдеқандай бұралқы емеспіз, негізгі қызметіміз - ішкі істер басқармасының тергеушілігі, денсаулығымыз кеміп кеткендіктен ғана осы жайлаулы жердің қызметін істей тұруға келдік!
Қуат белбеуін тағынып, буыншағын есік алдына қойып кірді:
- Ал, недейсіз бізге, жоғары орныңыздың бұйрығы керексіз болса, Құлжаға барып сөйлесеміз бе, осы жерден телефон арқылы сөйлесеміз бе?
- Сендерді керексіз деп кім айтты, қазірше, бастықтармен сөйлескенше тұра тұрыңдар дедім, қате ме? Қай жерде, не істеп келсеңдер де осы пунктке жолданған соң бастықтарыңа бағынуларың керек. Солай емес пе, знаеш!
- Құл ретінде істете беруіңізге көне алмаймыз! Біз плен емеспіз, басынбаңыз!
- Ой, сендерді «құл» деп, «плен» деп кім айтты? Мына жолдасың естіп отыр ғой міне, не деген әпербақан жігіт едің, отыршы өзің!
- Жоқ, отырып та, шөбіңді орып, тасып та болдық. Қызмет бересіз бе, бермейсіз бе, енді соны ғана айтыңыз!
- Братешка*, мен сендерге қызмет бермеу жағында емеспін, есепшот білмейтіндіктеріңе қарамай, қазақ болған соң бір-біріміздің айтқанымызға көнерміз деп, қарсы алушыларың екенімді айтып едім ғой. Ескерші, братешка! Жүріңдер, сенбесеңдер көздеріңше сөйлесіп көрейін!
Жамантының жалғыз көшесімен шығысқа қарай біраз жүріп, өзен бойына келдік те, пароммен** өтіп, почта-телеграф бөлімшесіне бардық. Жүніс Құлжаның емес, басқа бір жердің телефонын алды. «Шерников» деп шақыртты біреуі. «Бас техник» деген орысы өзінің бастығы екен де, орналастыру жөнін содан сұрамақ екен. Шерниковпен сөйлесе кеткенде, өзінің орысша білетіні де өтірік болып, бізбен сөйлескендегідей ғана «өнер» көрсетті:
- Бас мекеменің бізге жіберген екі адамы келгелі үш күн болды. Бұғалтырлікке жолдау қағаз әкеліпті, қалай орналастырамыз? Харашо, харашо! Оқыған жігіттер екен! - деді де, телефон трупкасын алақанымен баса қойып, - ұқтыңдар ма, қалай таныстырғанымды? - деп бізге «жақсылығын» ескертіп өтті, - можна, можна*, ал, өз ісіңіз қалай?.. Но, до свидание**! Іс бітті! - деп бізді ерте жөнелді бастығымыз. - Кім достық, кім қастық істейтінін түсініп алып айтысыңдар жігіттер, сендер әлі баласыңдар! «Қандай, істей ала ма» деп сұрағанында, келісе алмайтындықтарыңды, есепшот білмейтіндіктеріңді білдірсем-ақ қолын бір-ақ сілтер еді. Бастық мен қабылдамасам ол қайтпек сендерді?... Жақсылықты ұмытпай, менің айтқанымды ғана орындап тұрсаңдар болғаны, қанымыз бір емес пе, знаеш! Қане, мына дүкеннен қызметтеріңді құттықтап бір-екі стопка ата кетейік!
- Рахмет! - деді Қуат шоршып түскендей, - біз мүлде ішпейміз!
Қайтып келе сала тағы қузап, қызметке тағайындалдық. Қуатты Тоғызтарау бөлімшесінде істеуге арбамен жөнелтті де, мені «осында уақытша запхоздық істеуге» қалдырды.
- Мына жолдасың тайкелтір екен, маған мұндай мінез жақпайды. Жуас деп сені қалдырдым. Бұрынғы запхоз есебін өткізіп келген соң, сені бұғалтырлікке көтеремін! Менің айтқаныммен жүрсең ешқандай вопрос***шықпайды, панимаешь****.
- Понимаю! - деп мен жымидым!
- Мә, склат кілті. Бүгіннен бастап өзің басқарасың... Мә, ал! Мен кімге не беруді бұйырсам соны таратып тұрасың!
Мен аңыра қарап, кілтін алмай тұрып қалдым;
- Склатта бар нәрсені санап тізімдеп акт бойынша өткізуіңіз керек қой!
- Ойбой, акт-құжат деген неге керек? Бастығыңа сенбесең кіммен отаса аласың? Запхоздың маған өткізіп кеткен тізімі, онан соң тартылған азықтың құжаттары, түгел склатта, үстел үстінде тұр. Соны өзің түгендей салмаймысың? Одан басқа жұмыс жоқ сенде, панимаешь?
- Мен бастығымды счет білетіндігіме сендіруге, дұрыс істеу арқылы ғана «отасуға» борыштымын, панимаешь! - деп мен де орысша ырғаққа түсе қойдым, - актысыз өткізіп алу никагда неправилна*!
- По! «Жуастан жуан шығады» дегендей, тым арамза жігітпісің, қалай?!
- Арамзалық емес, істің ең алалы осы. Қазна өткізіп алудың бірден-бір ережесі осы. Мұны білмейтін адам есепшотын қалай шатырлатса да қателеседі.
- Үй, бастығыңа сенбеймісің? Бастық қателестіру үшін істете ме сені?
- Бастық атаулының бәрі алал болса жер беті осылай арам қанға боялар ма еді?...Алал бастық, алал запхоз болса, үкіметтен алған мал есебін өткізе алмай, өзіңіз айтқандай «тыртыңдап» жатар ма? Шынын айтсам, сенбеймін, склатты ресми акт бойынша өткізбесеңіз, «айранын ішіп, шелек жұғынын» өткізетін нағыз арамзалық сол болмай ма! Ондай пәлелі шелекті көтерте көрмеңіз! -деп жүріп кеттім.
- Болды онда, конец**, сенетін есепші тауып өткізерміз...
Осы тартыспен екі күнді үнсіз өткердік. Жол жасаушы тұтқындар атреті бастықтарына ұн, шәй, шекер тарату жұмысын өзі өтей салып, шарапханаға кіріп-шығып жүрді, мені бақылап, «тамырымды ұстап» жүргені де байқалады, бір екі рет паром жаққа аяңдап едім, артымнан ерді. Аласапырановтар да амал азба, жол құрылысы мекемесіне телефонмен шағым айтқызбай осылай бірнеше күн өткізсе, «істемей қойды» деп мені шағып жіберуі мүмкін ғой. Үшінші күні таңертең айран-сүт ішіп келу сылтауымен жоғары жаққа өрлей жөнелдім де, тұт ағаштарының далдасымен паромға жетіп, өзеннен өттім.
Почта-телеграф бөлімшесінде телефоншыдан басқа ешкім жоқ екен. Телефон қоңырауын бере сала тропкасын құлағыма тақап едім, қаладағы біреудің әйелімен қалжыңдасып тұрғаны естілді. Мылжыңы бітер емес. «Алио» десіммен-ақ:
- Ей, сен кім?! -деп ақырып жіберді, - таста тропканы!
- Алло, сіз тастай тұрыңыз, алыстан мекеме жұмысымен сөйлескелі тұрмын!
- Анаңны... таста!
- Алло, сіздің атыңыз солай ма еді? -деп қатты дабыстадым, - анаңны... сіз тастаңыз! Мұндай мылжыңдарыңызды әлемге жаймай, барып құлағына ғана сыбырлаңыз. Босатыңыз телефонды!
- Ей, сен кім, қай жерден?!
- Мен - Қазық Қағаров! Қайтпексің?!
Телефон тропкасын құлақтарына төсегенімен сөйлесе алмай тұрғандар әр мекемеден бар екен, бәрі қарқылдап күліп ала жөнелді. Олардың «шақшақтарын»* телефоншымен бірге тыңдай күліп тұрғанымда Жүніс кіріп келді:
- Өй, Биғабіл, мұнда екенсің ғой, неғып мәз болып тұрсың, бағанадан іздеп таба алмай жүрсем... жүр тез, асығыс жұмыс шығып қалды!
Мұртын түлкі мұртына ұқсатып бекер қоймаған екен, миығынан ғана жымыңдап, пунктке жеткенше жұп-жұмсақ сөйлесіп келді де, склатқа кіргізді, бар-мәзірін өлшеп санап өткізді. Бұзылмаған топ кездемелердің сыртына жазылған өлшемдерін есепке алдым, бұзылғандарын метрлеп өлшедік те, мен жазған актіге қол қойыстық.
- Жә, енді, бүгін сенің қызмет өткізіп алған күнің ғой, пожалыста жүр, арақ ішелік!
- Мен арақ ішпеймін, айран ішсеңіз жүріңіз.
- Қызметіңді жуасың, маған арақ әпер!
- Бір құмыра арақ әкеліп ұстатып едім, қолымды ұстай алып, қасына отырғызды. Екі шыныға бөліп құя сала «құттықтап» ала жөнелді:
- Қызметің құтты, табысты, жомарттығың сүтті, дабысты болсын! Менің ай-шайсыз қолғанатым, оң қанатым бол! Тату-тәтті, бір-бірімізге инауатты болып өтуіміз үшін, қане көтеріп тасталық!
Ішудің дәстүріне ысылған шебер екенін осылай байқатты.
Мұнан соңғы ішу-ішпеу мәселесіндегі тартыс барлық қауымға мәлім ғой. Құл запхоз мас болса, мұндай қу бастыққа тұла бойымен ас болмай ма? Не десе де ішпей қойып едім. Өз үлесіндегі арақты көтере салды. Сонан соң алдыңғы күнгі «шешендігімді» мақтай жөнелді. Мақтаудың сыры мақтаушыға да, мақтаншаққа да мәлім, үрлеп-үрлеп марсиып, алшайта сала тоқ ішегімді суырып алуды ойламаса, мені тегін мақтар ма!?
- Сол сөзіңнен таныдым, настоящи* ғалым екенсің! Қане бауыр, сендей оқымысты жаңа өркеннің өсе беруі үшін ішелік... тым болмаса бөліп ішелік!
Ақыры менен түңілді де, бөліп емес, өліп іше салды....
Бастығым ертеңіне түске жақын бір ұйғыр қартты ертіп әкелді де:
- Мына кісіге пункт қызметіне көмектескендігі үшін, бес метр дегнал** өлшеп бер! - деп қолымен нұсқай сала жөнелді.
- Жазба бұйрық түсірмесеңіз бермеймін, - деп едім, қайрылып тікірейе қалды. Талабымның жайын түсіндірдім, - бастық жолдас, бұл, әкемнің малы емес, менің артымда да есеп алушы барын білесіз, құжат керек! «Есебін өткізе алмай тыртыңдап жатыр» деп күлуіңізден бұрын сізге де «есеп білетіндігімді» көрсетуге борыштымын ғой!
Өткен кештегі «ғалым екенсің» деген аузымен «залым екенсің» дегенді күбірлей сала құжат жазды. Мен кездеме өлшеп бердім.
- Биғабіл, сен түсініп ал, - деді сонан соң, қарт алдында «білетіндігін» көрсете мықынын таянып қораздана қалды, - бұрын істемеген қызметің, тым қорқақ болма! Бұл кішкене ғана пункт, қит етсе қағазға сүйенетін ресми мекеме емес. Бастық «бер» деген соң бітті. Бер де тізімдей сал, конец, жауабын жинақтап өзім түзей жатармын! Бәріне қағаз жазып отыруға менде уақыт бар ма... панимаеш?!
- Понимаю, бұғалтырлық заңына ешқандай жұдырық өтпейді., Заңды құжат қана өтеді. Сізді есеп білетіндігіме сендіре алсам, «тыртыңдамайтын» қызметкер болғаным, знаеш начальник*?!
Тағы бір күні қырғыз кемпірді ертіп келе сыбырлады:
- Мына кемпірге екі-үш кило шекер бере салшы, үлкен пайдасын көресің!
Үш килосын Жүністің өз атына тізімдей сала мен күбірледім:
- Уақытыңыз кетпеді, міне, қол қоя салыңыз, «үлкен пайдасын» өзіңіз-ақ көріңіз!
Мұным үшін тілеудің де, «ақыл» айтудың да қисынын таба алмай түйіліп барып қол қойды да, «тым тақыстығымды» күбірлей сөкті.
Түстен кейін сүйрей жөнелді қолымнан. Күн шыжыған ыстық болса да, бастық қолқалаған «тамашаны» көргім келді. «Тым тақыстығыма», «аса қараулығымды» қоса мойындату үшін жетектегенін сезбей қалыппын.
Көшеден көк жасаңды далаға шыға бергенімізде кешегі кемпір қарсы жолығып, Жүніске жымыңдай ымдап өтті. Бастық енді жеделдете басты аяғын. Оқшау салынған жалғыз тамға келгенде сүйріктей сұлу қос келіншек жымия көтерілді орындарынан, алтын тісті ағы Жүніске ашық үйріліп, қалжыңдаса амандасты, бұрыннан үйір-шүйір екенін де, «шөкен»* екенін де тілмен таныта қойды. Қынай бел торысы маған қиыла қарап, «ұяла» амандасты. «Өзімдікі» екенін солай білдірсе де «келін»** мен «келіншектің» қайсысы екенін таныта қоймады, үнсіз жаутақтай берді.
Қос келіншек дайындап қойған дастарқанын жая салғанда, Жүніс сымының қалтасынан құмырасын суырып қоя салды. Мәз күлкі мен назды қалжыңның қатерлі иірімі тартып бара жатуына қысылып, шәйді асыға ұрттадым. Шығып кетуге сылтау таба алмай отырғанымда мөлтілдеп арақ құйылды. Есіме қорқынышты бір іс түсе қалғандай, бажырая қарадым Жүніске:
- «Начальник тақсыр, склат кілті жатақханада қалыпты, тез барып келейін!
«Шөкен» алдында бұлай атауым десиятингіме тым жағымды тиетінін мөлшерлеп едім, дәл шықты.
- Бар, тез кел! - десімен секіріп шыға жөнелдім....
Айтып қойған бір үйден айран іше қайтып, жатақханадағы орныма қисая сала кітап оқып едім. Ұйықтап қалыппын, есік шақырлағанда, оянсам түн екен, Жүніс шайқақтап мас кірді.
- Сенде еркектік жоқ! - деп қолын сілкіп қалғанда, «бар, міне» дей жаздап аузыма әрең ие болдым...
Осылай жүріп запхоздықтың бір жарым айын әрең өткізіппін. Бар нәрсемнің бәрі Жүніс жағынан «жоқ» аталып болғанда, енді жоққа шығатын ешнәрсем қалмағанда «бас білігі» запхозы қайтып келді. «Аурумын» деп үйге қайтуға арыз жаза қойып едім, менен әбден торыққан десиятник осынымды ғана «барға» шығарып, растаған куәлік қағаз жазып берді. «Бас білгісін» қайта басып жей бермек қой. Акт бойынша түгендеп, склатын қайта өткізе салдым.
Телефон арқылы сөйлесуіміз бойынша, қош айтып, үйіне сәлем жолдап қалу үшін Қуат келді. Бір-бір стопканы шарапханадан қағыса сала шығып едік, Құлжа жолының кіре берісінен тарсылдаған бесатар дауысы естілді.
Жаманты шетіне іліне тоқтаған жүк автомобилінің үстінде бес-алты офицер тұр, ыңғай айқыш-ұйқыш таспалы белбеу буынған сары ала, дәрежелі офицерлер сияқты. Бәрі маузер асыныпты. Шолақ жеңді ақ жібек көйлек киген ұзын бойлы бір дәу сол дәрежелілердің бірінің иығына бесатар сұйеп қойып атқылап тұр. Көшедегі ит біткен иенге тырым-тырақай қашып барады. Мылтық дауысын ести шыққан бала-шаға, әйел атаулы үйді үйіне қайта тығылып жоғалуынан таныдық. Мергеніміз - Ғани батыр екен. Зытып бара жатқан әр итті бір атып қалып тұр, оғы көп иттің біреуіне дарымаса да, маңайлап түсіп, бұрқ еткізген шаңы дарығандай.
Ол едәуір алыс қыраттан атпен түсіп келе жатқан Жүніске кезене қалды бір сәтте. «Ғани ака, Ғани ака» «атпаңыз» деп дабырлай жалынды нөкерлері. Ағасы «шапкысын ғана түсіремін» дей көздегенде, өзін нысанаға алып тұрғанын Жүніс те көре қойыпты, қисық қондырылған шапкысын қолына ала, қос қолын көтере жалына айқайлады. «Әлгі Жүніс деген ұры екен ғой» деп мылтығын күле түсірді Ғани. Мылтығын біреуіне ұстата сала автомобилден түсуге ыңғайланғанда төрт нөкер қатар секіріп сүйемек болып еді. Сүйеуге екеуі ғана жетті.
«Батыры» кабинаға кіріп отырысымен автомобиль жылжып алдымыздан өте берді. Сусар терісімен жұлындалған қара қатипа бөркін бір көзіне түсіре, шекесіне қондыра киген «батыр» қызарып алған көк көзін бізге тасырайта қарап өтті.
- Біз де ит әлде қатын болып көріндік пе екен? -деп Қуат белбеуін түзей жымиды.
- Жоқ, білетіні бар батыр екен, Жүністің де нағыз ит екенін «біліп» кезенбеді ме?
Батырды көруге қатындар қандай ынтық. Нәсіл алып қалуды кей байдың аңсап жүргенін естіген кей әйел тамсанып, таусап қалуға, кейі көзімен жалмап қалуға құмартқаны байқалады. Арғы жағадағы қақпалардан қаптап шыға келіп еді. Өзіне ғашық «дұшпандарын» қуалауға батыр да асыға құмартқандай бергі жағалық көпірмен мықтап тістестірілген паромға көлігі бел шығысымен кабенкадан секіріп түсті. Маузерін жалаңаштап ұстап түсіпті. Ар жақтағы қақпалардан асыра шаңқылдатып жібергенде иттер қаңқылдап, кәрі қатындар шаңғырлай қашып, қақпаларын жапты.
Ар жаққа өткен батыр өз тобымен өзен жағасына отырып қол жуды. Қайтып келіп екінші рет өткен пароммен біз де өттік. Әлгі сары ала пагонды «дәрежелілер» кителдерін жайып төсеп, батырды шешіндіре бастады. Бірі етігін тартып, шұлғауын қолтығына қысты да, екеуі екі балағынан тартып, галифе сымын суырды. Іш киімнен басқасын түгел шештірген батыр қабығы аршылған терекше сұлап жатқан жерінен тірі жан иесі екендігін білдіргісі келгендей ыршып тұрды да суға түсті. Қақпа саңлауларынан сығалап әйелдер, маңайын жағалап жүз шақты ерлер тұр. Батыр жуынып болып судан шықты да әлгі төселген жарқырауық шенді кителдерге қайта сұлады. Дәрежелі офицерлер батырға қайта жапырласып, су штанның екі балағынан тартып әрең шығарды да, тақсырының ғауретін ордені молырақ бір кителмен тәптіштеп қымтады. Өзенге шайқап қанша сықса да құрғамаған дымды штанды қымырсыз «өлік бұтына» кигізу тым қиын екен. Дәрежелілер екі жағынан Жүгінісе отырып балақтарын саумалап әрең сұғындырып еді. Шат тұйығына апарған соң тіпті жылжыта алмады, шарасыз қалды. Рас тірі екендігін сол дағдарыста білдірді батыр; ыршып тұрып, штан шқырын құйрығынан өзі өрлетіп берді. Бауын байлауды сонда да «дәрежелілеріне» қалдырып, маңындағы халық арасынан таныс іздегендей қызылкөк көзімен тінте тасырайды...
- Түфит әкеңнің аузын... арсыз! Шімірікпейді екен жүзі, бұл да батырлық болғаны ғой! - деп Қуат күбірледі де, менің қатты басылған азуым шақырлап кетті. Бүгежектеп жүріп киіндіріп болған «дәрежелілердің» ортасынан шыққан «тақсырға» екі бүктеле жетті Жүніс. Қалтырай ұсынған қос қолына батыр саусағының ұшы ғана тиіп еді, денсаулық жайын тәптіштей сұрап жалбарақтады.
- Жүніс ұры сен бе? - деп қана сұрады тақсыры амандасу орнына. - Бағана сені атып қоя жаздадым. Бақырмасаң бітіп едің!
- Тақсыр-ау, сіздің қолыңыздан кім алады мені! - деп Жүніс қарқылдады.
Оны қолпаштағандардың бәрін бір-ақ сыбап біз жөнелдік.
Бүйтіп тапқан дәрежелеріңді...
«Батырлар» автомобильге отырып, Текес жаққа жөнелді.
- Мына ит ана аюмен таныс екен ғой? - дедім мен паромға шығып бара жатып, - көп көлденеңдеп едім, осы жерден тезірек жөнелейін, сен де аулағырақ жүр бұл пәледен!
Әділетті тергеушім, әлсіздіктен ауыр қылмыс жоқ екенін осы тараудан тағы көрдіңіз. Аса ауыр қылмыс екенін асыға қашуым да дәлелдеп тұрмай ма? Құлжаға жүретін арбаның келуіне тағат қыла алмай, Текес тауынан матап ағызған көп қарағай салға ыршып түсіп, өзен ағынымен қаштым. Бұл, әрине, күнәмді су жуып тазартар дегендік емес қой. Қылмысым арта-арта құрлыққа симай бара жатуымнан ғана солай.
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
* Нақша (ұйғырша) - ән, өлең.
** Лүкшек (ұйғырша) - содыр, тентек.
* Плен (орысша) - соғыс тұтқыны.
* «Есектің құлағына домбыра шерткендей» деген сөз. Бұл - тым түйсіксіз махлұққа сөз сіңбейді деген мағынадағы теңеу.
* Харамы - қара жүрек, қотиын, қанішер, арам пиғылды.
* Десиятник (орысша) - он басы мағынасында, жол құрылыс бөлімшесінің басқарушысы.
** Но (орысша) - «ал», «жүр», «бірақ» деген мағынада.
* Какой (орысша) - қалай, қандай.
** Пожаливиста (орысша) - тілеуіңді берсін.
* Слушите (орысша) - тыңдаңдар.
** Знаеш (орысша) - білесің бе?
*** Брат (орысша) - аға, туысқан.
* Братешка (орысша) - ағакеш.
** Паром - ағынды өзен үстенен көлденең тартылған темір. Арқан бойымен жылжитын көпір кеме.
* Можно - мақұл, болады.
** До свидание - хайыр, хош.
*** Вопрос (орысша) - мәселе, әңгіме.
**** Панимаешь (орысша) - түсінесің бе?
* Неправ-илна (орысша) - әсте дұрыс емес.
** Конец - бітті, тамам.
* Шақшақ (ұйғырша) - қалжың.
* Настоящи (орысша) - нағыз.
** Дегнал - кездеме аты.
* Начальник (орысша) - мекеме бастығы.
* Шөкен (ұйғырша) - келіншек.
** Келін (қырғызша) - келіншек.