Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
VI
Автономиялы үкімет құру жөніндегі кеңеске шақырылған өкілдердің ай бойына кеңірдек жыртысқан талқысы аяқтамай тына қалды да, өлкелік партия комитеті жағынан газетке жарияланған бір мақаланы үйренуге кірістік. Талқылай келгенімізде, Жұңгодан бөлініп тәуелсіз дербес республика құруды талап етушілер мен мемлекет ішінде Ұйғырыстан атындағы орталыққа сырттай ғана қарасты ұлттық автономия құруды талап етушілерге аспаннан жай түсті. Тізіммен шақырып, жиып әкетті. Қазақ группасындағы «ұлттық автономия» құру пікіріндегілерге де сол қатарда қатты сын берілсе де, оның бастаушысы болып өкірештеген Ахыметқан өз орынында «футынжаң» қалпында қала берді. Оған найжағайдың салқыны да тимегендігі таңғалдырды көпшілікті. Ол мақаладан жалпы ұққанымыз, бізге «керегі» ұлттық териториялы автономия ғана екен. Талқыны жалғастыра бердік.
VI
Автономиялы үкімет құру жөніндегі кеңеске шақырылған өкілдердің ай бойына кеңірдек жыртысқан талқысы аяқтамай тына қалды да, өлкелік партия комитеті жағынан газетке жарияланған бір мақаланы үйренуге кірістік. Талқылай келгенімізде, Жұңгодан бөлініп тәуелсіз дербес республика құруды талап етушілер мен мемлекет ішінде Ұйғырыстан атындағы орталыққа сырттай ғана қарасты ұлттық автономия құруды талап етушілерге аспаннан жай түсті. Тізіммен шақырып, жиып әкетті. Қазақ группасындағы «ұлттық автономия» құру пікіріндегілерге де сол қатарда қатты сын берілсе де, оның бастаушысы болып өкірештеген Ахыметқан өз орынында «футынжаң» қалпында қала берді. Оған найжағайдың салқыны да тимегендігі таңғалдырды көпшілікті. Ол мақаладан жалпы ұққанымыз, бізге «керегі» ұлттық териториялы автономия ғана екен. Талқыны жалғастыра бердік.
«Солтүстік Шинжиаңды қазақ автономиялы районы» деп атап, қазақ өкілдері талап еткен пікірге Санжыны орталық еткен «Санжы дұнған автономиялы облысы» көлденеңнен килігіп, ортан белінен, яғни Манастан шығысқа қарай кесіп алды. Сөйтіп, ондағы көп сан ұстайтын қазақтарға дүңген автономиялы облысы қол астынан «Мори қазақ автономиялы аудан», «Баркөл қазақ автономиялы аудан» мен бір-екі ауданнан «қазақ автономиялы ауыл» деп аталатын «үкіметтер» құрып берді. Нәтижеде қазақтардың жерлік автономиясына Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтары тигендей болып еді. Іле-шала бұл үш аймақтан «Боратала моңғұл автономиялы облысы» деп Боратала, Жың, Арасан аудандарын, Алтай мен Тарбағатай арасынан «Қобықсары мұңғыл автономиялы ауданын» бөліп шығарды.
«Ұлттық ар-намысы жоқ» Жағай мен Ынтықбай үшеуімізден басқа қазақ өкілдері «мұндай автономияға «рахымет» айтып шыға беріп еді. Партком өкілдері алдыларынан тоса қалды да, қайта отырғызды. Жұңго компартиясының бұл «ерекше қамқорлығын» екі сағат сөйледі сонсоң. «Жерлік өзін-өзі басқару құқығы берілмейтін ұлт жоқ. Жарыққа тартып отырғанымызда қараңғыға қашуға, кері төңкеріске рұқсат етілмейді!» деп тиып тастады.
«Мұнымыз, қараңғыға қашу деп аталатын кері төңкеріс болса, жарықта-ақ қалайық» десіп қазақ өкілдері мұнысына да көне салып еді, үлкен залда жиын ашып отырған ұйғыр өкілдері ду ете түсті. «Ғұлжамызды бермейміз», «Ғұлжамызды бере алмаймыз!» деп кеңірдектер қырылдап, күрілдей жөнелді. - «Ол аймақта ұйғыр көп!», «Шаһарында қазақ деген тіпті жоқ!» , «Біз олардан үлкен, аға ұлт болғандығымыз үшін құрсағымызды кеңге салып, үш аймақтағы басқа ұйғырлы қалаларымызды бергенімізге қанағат етсе болар! Ғұлжмызды бере алмаймыз!», «Ғұлжа - сөзсіз біздікі!», «Ғұлжа өзіміздікі», «Төңкеріс орталығымызды қазаққа бере алмаймыз!»...
Бұл жиында 60 шамалы ұйғыр өкілінен шыққан мұндай ұлтшыл пікірлерге наразы болған Юсуп Қасым мен тағы бір-екеуі шыға жөнелді сыртқа. Ауыз залдағы қазақ достарына қарай алмай, бастарын шайқай қашты. Үлкен залды тыңдап бажырайып отырған біздің де ызалы таңданысымыз күшті еді. Құлжа негізгі жағынан, қазақтардың берген құрбандығы - төгілген қаны арқылы азаттық алып, үш аймақ төңкерісінің орталығы болған ғой. Қалайша ұйғырлардың ғана «төңкеріс орталығы» болып аталмақ! Ал, сол қала «Іле қазақ автономиялы облысында болса, бәрі-бір Шинжаң ұйғыр автономиялы өлкеге қарасты болмай қайда көшіп кетпек! Бұл қызынулары неткен көрсоқыр іштарлық! -дестік.
Түпкі үлкен залдағы көпшілігінің дауысы тіпті үдей түсті. «Қоңқабайдан» басталатын қорлау сөздерін қоса бастағанда біздегі әпербақандардың да жыны қозды:
- Ей сарттар, Құлжа әке-бабаларыңнан қалыпп па еді, ей!
- Сол қаладағы төңкерісті бастап, жеңіске жеткізгендер кім еді, ей!
- Қашқариядан қаншаң келіп төңкеріс ашып едіңдер, ей, әңгүдіктер! -деп жіберген үш тентектің аузын үш палуан барып басқанда, Жағай сабырға шақырып, қызынғандарды тоқтатып тастады.
- Ол қалада ұйғырлардың саны көбірек екені рас! -деді сонсоң бәсең дауыспен ақыл сөзге кірісті. - Бұл әлсіздігімізді қалаға жоламай, мал соңында сахараға тентіреп әдеттенген ата-бабамыздан көрелік. Таулары мен далаларында қазақ саны әлдеқайда басым көпшілікке ие болғанымен қалалары мен базарларды басқа отырақты ұлттарға тастап кеткеніміз рас қой, кімге өкпелейміз!... Бұрыннан сондай бытыраңқылық-орнықсыздық осалдығымыз бар. Жеке Құлжа қаласы жөнінде ғана есептесіп жеңе алмаймыз. Ұйғырлар көбірек орналасып алған. Әуелі аға-ағалап, үлкенсітіп, құрметтей сөйлесіп көрелік. Ағаның іні тікпек отауға көмек беретін адамгершілік әдеті болатындығын саналарына сиғызып байқалық. Тіпті болмай бара жатса, сол қаланың бүкіл ауданы бойынша жалпы халық санын ортаға қойып есептесерміз. Құлжа қаласы сонда да бізге тиесілі болады!...
Жағайдың осы ақылы бойынша, кіші аға өкілдерімен бас қосып, бірнеше рет сөйлестік. Інінің отау тігіп алуына ағаның көмегі болатындығын әлденеше ауызбен, әлденеше түрде жеткіздік. Қазақтарды тіпті Құлжа маңына жолатар ниеттері көрінбеді. Өздері келісіп алсын дегендей, үлкен аға үн шығармай, кіріспей қойды. (Қарашылары өзара мүйіздесіп тұрса, қожайынға келер зиян бар ма!..)
Автономия мәселесіне алғашында бойкүйез қараста жүрген қазақтар осындай намыс арқылы ынтымақтаса түсті. Үш аймақтың бізге қалған жерінің ортасынан Құлжаны тағы да ойып бермеуге келіскендіктері - мықтап ерегескендіктері байқалады. Бәрі қатынасты сөзге. «Әрқайсысы әртүрлі мінездегі, әртүрлі ниеттегі ұйғырлардан бізге бауырмалдық, жақындық, ынтымақ көрсетушілері жоқ па! Кең пейілділері қайда бұлардың, неліктен бәрі бірдей қатып қалды!» деген жұмбақты шеше алмай дағдарып мен отырдым. Әрқайсысын тіл қатпай байқастап көргім келеді. Менің түпкі идеяма автономия емес, компартия ғана орналасқан-ғой. Бұл туыстардың тіл бірлігі бірін-бірі қорқытып алуында болып жатқандығы байқалды бір шақта. Табиғи іштарлығы күшті халық па, иә, бұл айтысқа ыңғай тар пейілділерін әдейілеп таңдап сайлаған ба, белгісіз. Әйтеуір бұл алпыс шақты өкілдің басым көпшілігі пейілі тар, көзі кішкене қорқаулардан екен. Араларындағы адамша қарап, дұрыс ойлай алатын өкілдер пікір айта алмайтын халге түсіп қалыпты. Бұл жайларын ләм демей тұқырып алған Юсуп Қасымның халінен түсіндім. Маған көз астымен қарап қойып, түйіле тұқырады. Осы жайіттерін түсіне сала, сөйлеуге жиын басқарушыдан рұқсат алдым:
- Құрметті туыстар, Құлжа қаласы жөнінде бәріңіздің пейілдеріңіз осылай ма еді? Үлкен аға аса зор жомарттық істеп, кіші інілерінің бәріне енші алуды жариялап, бұйырып отырғанда, ең тату тетелес кіші ағамыздың пейілі тарайып бара жатқаны қалай? Құлжа бір ғана ұлттың төңкеріс орталығы ма еді? Інісін өзінің қыстап-жайлап жүрген жерінің дәл ортасындағы бір қаласынан да қуып тастап, орнын ойып әкеткісі келгені ме?... Бұл пиғыл бүкіл адамзаттың ажуа күлкісін келтіретін пиғыл емес пе?... Үлкені кішісіне, әлдісі әлсізіне көмектесу - әрқандай адамның адамгершілігін өлшейтін таразысы емеспе еді!
Ал, тіпті туысқандардың әрқайсысының үйлену, отау тігіп алуына көмектесу-туысқандық қарыз еді ғой! Сүйікті, кіші ағалар, сіздерде ондай адамдық, бауырмалдық дәстүр жоқ па еді?... Олай болғанда қайырымсыз туысқандардан көмек сұрамай-ақ, алдыңғы қарарымызда қала бергеніміз жөн екен: бізге автономия емес, теңдік-ынтымақта жасау ғана қажет! Сіздерді бұлай шулатып, автономия алмай-ақ қойдық!» - осы сөзбен барып орныма отыра кеттім. Кіші аға өкілдерінің өзара күбір-сыбыры үдей түсті де, бір-біріне тістерінің арасынан ысқырғандай сырылдап, кіжінсіне бастады:
- Ұқтың ба, екі жақ ортақ игіліктеніп келе жатқан бір Ғұлжа қаласы үшін ғана ұлтымызға қаншалық қиянат келтіргенімізді!
- Қандай қиянат келтіріппіз?
- Ұйғырлар тар құрсақ, рақымсыз, адамгершілігі жоқ халық екенсіңдер деген мағынадағы сөздер қарлы борандай соқпады ма!
- Ей от құйрық, оншалық сөз шықпады Биғабілдан, заһар шашпай отыр!
- Ей, дөт[1], «бұ пейілдерің бүкіл адамзаттың ажуалы күлкісін келтірмей ме!» дегені, «сіздерде ондай адамшылық дәстүр жоқ екен!» дегені милләтіміздің атына абырой беретін сөз болды ма!
Көпшілік арасында мұндай күбірлер өрлей бастағанын байқаған жиын бастығы "бүгінгі уақыт бір жерге барып қалғанын" айтты да ұйғыр өкілдерінен басқа өкілдердің тарауына рұқсат етті.
Жиын орнына ертеңіне таңертең жайырақ келіп едім, өлкелік парткомның саяси бюросының мүшесі Сымайыл Ясын келіп сөйлеп тұр екен. Сөзі ұйғырлармен Шинжаң қазақтарының тарихи байланысы жөнінде сияқты: «... Солтүстік Шинжаңда қазақтар қатынаспаған, жалаң ұйғыр көтерілісі болған емес. Зорекер үкіметтер қанды қылышын алдымен шашыраңқы қоныстанған қазақ халқына үйіретін. Сондықтан алдымен қазақ халқы қозғалатын... Тіпті бұрынғы Садыр палуан бастаған қозғалаң да - көбінесе қазақтарға сүйенген қозғалаң. Әсіресе, үш аймақ төңкерісін қазақтар бастаған. Шың Шысай мен гоминдаң үкіметтеріне қарсы Алтай қазақтарының көтерілісі Іле төңкерісінен он жыл бұрын басталып еді. Басқыншы, кертартпа үкімет содан әлсіреген шақта Іле көтерілісін Нылқыдағы тағы да қазақтар қозғап, тез жеңіске жеткізді. Мұны кеше ғана бәріміз көріп едік қой. Құлжаны «ұйғырлардың ғана төңкеріс орталығы» деген сөз кімнен шықты, қане сөйлеңдерші!. Ал, зорлық күшпен тартып алмақ болдыңдар делік. Сонда Құлжаны үш аймақтан қалай бөліп әкетпексіңдер!... Тұла бойына тұтас иелеп отырған қазақ халқына Құлжаның тамдарын тік ұшар аэропланмен көшіріп әкетпексіңдер ме!..Нендей ақымақтық пікір көтергендіктеріңді ойлап көрсеңдер болады!..»
Сымайыл Ясынның бұл сөзін күні бойы талқылаған ұйғыр өкілдері ертеңіне таңертең жиыланда бірінші болып Юсуп Қасым сөйледі. Ол, құқығы жоғары саяси бюро мүшесінің пікірінен күш алған екен.
- Сымайыл жолдастың сөйлеген жөн-жасығы біздің құрсағымызда неше күн бұрын қайнап, температурасы тіпті өрлеп кеткен болатын, -деп бастады сөзін. - Көпшілік өкілдердің қабағына қарап, әрең шыдап келдім. Қаттырақ сөз шығып кетсе, кешіріңіздер! Біздің барлық ұйғыр ұлтшылдарның басқа ұлт ұлтшылдарынан парқы бар. Ол парықтары басқа ұлт халқын біз сияқты адам деп мүлде ойламаушылықтан - көрсоқыр надандықтан туындайды. Басқа ұлт халықтарының асыраған иті де аз емес екендігін, бізден жуырда жеңіле қоймайтындығын түсінбейді. Бұл нұқтаны егер аздап болса да түсінсе «Ғұлжа біздікі», «Ғұлжамызды бере алмаймыз», «төңкеріс орталығымызды бермейміз» демес еді. Бұларға қарсы «ей, сарттар, Құлжа әке-бабаларыңнан қалып па еді?» деген әріптесімнің қарымжысы дұп-дұрыс шықты. - Юсуп Қасымның бұл сөзіне жиын залы ду күлді. Шешен мұнан соң Сымайыл Ясынның ізімен қазақ халқының төңкеріске сіңірген тарихи еңбегін дәріптей жөнелді. Отан қорғау жолында төккен қаны мен тері бір сыпыра туысқан ұлттардан артық екендігін, санына, алып жатқан территориясы мен жағрапиялық жақтарына қарағанда да, Құлжа шаһарын қазаққа қимай бөліп алып қалу дегендерінің өтіп кеткен ұждансыздық екендігін басып айтты. Юсуп Қасымның дауысы, гоминдаң өктемдігінен қазақ отырақтасқан Құлжа азат болған шақта, қалың ұйғыр отырақтасқан Қашқарияның гоминдаңға желкесін төсеп, бұғып жатып алғандығын айтқанда тіпті өрлеп шықты. «Оңтүстік өкілдері, мықты болсаңдар сол кезде қайда қалып едіңдер?» -деп саңқылдап барып тынды. «Құлжа үш аймақтың басқа қалалары сияқты қазақ халқына тән екендігіне талас жүрмейді!» деп бәсең сөйлеп барп тоқтатты сөзін.
Осы сөзден соң мұңғұл халқының Боратала (үш аудандық) автономи облысы мен Қобысары автоном ауданынан басқа үш аймақ автоном облысынан жырмалаушы ашық дау-шар шыға қоймады.
Құлжа қаласына таласып, өкілдері түсініскендіктен ұйғырлардан да қайталанған ашық наразылық шықпады. Солай да, ұсақ күбір-сыбыр наразылықтар тоқтай қоймады. Маңайымдағы ұйғыр қызметтестерімнің бірнешеуінің маған қараған қабақтары салқындай берді. Кей сөздерінен менің сол жиындағы ұйғыр ұлтшылдарының ұлттық намысын қытықтаған сөзімді кек сақтап қалғандықтары байқалады...
Қазақ өкілдері Құлжаға жиналып, құрылтай шақыру дайындығын жүргізді де, бір айдан соң Іле қазақ автономиялы облыс үкіметін құрды. Бұрынғы Іле аймағының уалиі Жағай бір ауыздан автоном облыстың бастығы болып сайланды.
Бұл жеңісті Құрылтай өкілдерінің кештерде серуендемейтін кекселерінен басқа жасырақтарының ұйғыр лүкшектерінен таяқ жемегені тым аз болды бірақ. Әсіресе басқа аудандардан ертерек келіп қалған өкілдер Құлжа содырларының бұл сыйлығынан көбірек татқан екен. Құлжа қазақ автономиясына қарасты болғандықтарын естігеннен бастап ұйғыр лүкшектері «қоңқабай аулайтын» шайка ұйымдастырып алыпты. «Ғұлжа шаһары зады кімнің екендігін қоңқабай уәкілдеріне танытып қоялық!» деп басқа аудан мен базарлардан да сотқарларын жинаған екен. Бұл ниеттерін толық түсінгеннен кейін ғана өкілдері сақтанып, сыртқа шыққанда топтасып жүретін болыпты. Сонда да саяғырақ сайрандаған мырзалардың көзі ісіп, мұрны қисайып қайтып жүріпті. Тек үкімет сақшысы іске толық кіріскен соң ғана тоқтапты бұл террорлық.
Іле қазақ автономиялы облысы құрылған соң оқу-ағарту мен ұлттық мәдениетті өркендету ісіне жеделірек кірісіп еді. Бұрыннан қолданылып келген арап жазуының кедергілігі тіпті зорайып көрінді бұл жұмысқа. Әсіресе сол жақтан бастап жазылатын математикаға оң жақтан бастап жазылатын араб жазуы мүлде сәйкеспейтін қайшылық тудырады. Оқу құралдарын түсінікті етіп жасауға бөгеті тіпті көп. Сондықтан жазу өзгертуге тура келді. Сол жақтан бастап жазылатын жазу мәдениетіміздің ең үлкен ықтияжына айналды сөйтіп. Бұл ықтияжды шешу, әсіресе Шинжаңдағы қазақтар үшін оңай еді. Сылавян жазуынан өзгертіп, ұлт тіліне лайықтап жасалған Қазақстан жазуын қолдана салсақ болғаны. Қазақстан жазуын қолдансақ бізге басқа жақтардан да зор жетістік бағыш ететіндігі сөзсіз.
Жазу өзгерту жұмысын міндетті түрде Шинжаң орталығы Үрімжідегі оқу-ағарту меңгермесі мойнына алды. Ханзу жазуынан басқа, ұлттық жазу мәселесінің барлығын осы мекеме ғана шеше алады. Алдымен қазақша, ұйғырша жазу өзгерту, алқасын құрып, дереу іске кірісуге қаулы алды.
Менің қызметім бұл шақта өлкелік әдебиет-көркемөнер бірлестігінде болатын. Жазу өзгерту алқасына шақырылмадым. Жаңа құрылған бұл алқаның қазақ бөлімінің қызметі алдымен ұйымдастырылды. Қазақша «Шинжаң газет» мен оқу-ағарту журналы және жоғары, орта мектеп мұғалімдерінен басқа тілмаштардан да өкіл қосылып, жалпы 60 шақты алқа мүшесі ұйымдастырылған екен. Қазақстан жазуы мен латын жазуының қайсысын қолдану жөнінде талқы жүргізілгені, 1-ші реткі жиын талқысында-ақ Қазақстан жазуын қолдануға көпшілігінің қосылғаны естілді. Өзімізге бұрыннан таныс, зиялылар ғана емес, сауаты бар азаматтарымыздың көпшілігі білетін осы жазудағы кітаптар кітап сөрелерімізге толып, білім қазынамызға айналып алған ғой. Нақтылы қазақ жазуына енді толық көшкен-ақ шығармыз деп бейғамсып, өз жұмысыммен жүре беріппін. Жазу өзгерту алқасы құрылғанына бір апта өткенде телефон келді маған, жиынның райы өзгеріп, талас-тартыс күшейіп кетіпті. Ханзушадан аудару қызметі мен тілмаштықтан өскен газеттің бір редакторы бастап, латынша жазуға көшуді қуаттаушылар көбейіп кетіпті. Оның үгіт негізі саяси күшпен қорқытып бара жатқан көрінеді: «ханзу халқы ертең-ақ ироглифті тастап[2] латынша жазуға көшпек, біз ханзу халқынан айрыла алмаймыз, айрылғысы келгендер қане айрылып көрсін!» дейді екен.
Кері төңкерісші аталып, соғылып қалудан қорыққандардың үні сол сөзде өшіп, латынша жазуға көшуді қабылдаушылар күрт көбейіп қалыпты. Соның ертеңіне алқа мүшелерінің үшеуі таңертең ерте келді маған. Латыншаны қабылдаушылар жиынға қатынасушылардың 90 пайызыңа жетіп қалыпты. Егер бүгін ертең бір тойтарыс берілмесе, қазақ жазуын латынша жазуға аударып әкететін көрінеді. Мен мұны өз мекемемнің басшылығына баяндай салып, жазу өзгерту қызметі орнына шақырушыларға ере жөнелдім. Қазақстан жазуына өтуді жақтайтын мықтырақ сауаттылардан менен басқа да екі-үшеуі шақырылған екен.
Алқаның жаңа мүшелері ретінде біз кіріп барғанда, қызу керістегі талқы іш тартып тына қалып еді. Жиын басқарушыдан бірер сағат сөйлеуге рұқсат алып, сөйлей жөнелдім.
«Кеңеспен бішкен тон келте болмайды» деп бастап, сол жақтан басталатын жазулардың ішінде тілімізге ең жақын екі түрлі жазудың бізге ең қолайлысын тауып таңдауымыз үшін, алдымен сол екеуінен де сауатымызды толықтауымыздың аса қажет екендігін жұртшылықтан естіп келгенімді айттым сонсоң: «Жұңхуа халық республикасына қарасты әрқандай ұлт халқы өздері таңдаған жазуды қолдануға құқықты», «әрқандай ұлттың қолданған жазуын идеологиялық және саяси жақтан сындауға, кері төңкерісшілдікке шығаруға ешкімнің құқығы жоқ». Осы екі тұжырымның қателігі, негізгі заңға қайшылығы бар ма?... Қане жолдастар алдымен осы мәселені тереңірек талқылап көрелікші!... Пікірді арттан сыпсыңдамай, ашық берелік!...
Жиын қатынасушылары жым-жырт тына қалды да, екінші рет қузағанымда қазақша «Шинжаң газетінің» бір тілшісі түрегелді. (Оны бас редакторының сыбырлап тұрғазғанын байқадым).
- Бұл екі пікіріңіздің негізгі заңға қайшыкез жері жоқ, заңды сөз. Бірақ -деп бір бөгелді тілші. - Бірақ, біз келешекте ұлы ханзу халқынан ұлтымыздың бөлектенетін беталыс пайда болса, алдымен арам шөпше жұлып тастай білуіміз қажет. Мемлекет тілі болған ұлы ханзу тілі латынша жазуға көшуге дайындалып жатыр. Ал, біз осы бастан сол жолға түсіп, латынша жазуға көшіп, халқымызды озық ұлт қатарына жеткізіп алуымыз қажет!
- Ал, алдыға түсіп озып кетпесек, кері төңкерісші болып кетерміз деген хаупіңіз бар ма? -деп Ынтықбай кірісті сөзге.
- Олай болмасақ та, соған жақын мағына шығады. Славян әрпіне көшіп кетсек... басқа болып кетеміз ғой!
Ынтықбай күліп жіберіп сөйледі:
- Славян негізіндегі қазақ жазуын қолданған Қазақстан қазақтары «басқа болып кетті» демекшімісің?
- Олай демесек те басқа мемлекетте, басқа ұлт болып кетті ғой!
- Оттамай тұр! - Он шақты жігіт бірден ақырып жіберді тілшіге. - Совет одағы басқа жаққа емес, социялизм жолымен бізді де бастап келе жатпай ма!
- Қазақстандағы қазақтар басқа емес, өз елінде, өз отанында, өз тілінде сөйлеп, өз жазуында бізге де көптеген кітап-журнал шығарып беріп жатса, бұл қай былжырағаның!
- Кімнен шыққан апин мұның!
- Енді қазақты қазақтан бөлуге кірістің бе, ей, сен!
- Өз ұлтымызды бөлшектемексіңдер ме, ей, сендер!
Екі жігіт қатар кіжініп, тілшінің алдына жетіп барғанда, Ынтықбай мен Күлән араларына барып тұра қалды.
Жиын бастығы жиын тәртібіне шақырысымен, мен сөзімді жалғастырдым.
- Егер менің жоғарыда қойған екі пікіріме қарсы пікірлерің болмаса, оның заңды түрдегі дұрыс ескерту болғаны ғой, солай ма? Мемлекетіміздің ұлттар жазуына қаратылған заң саясаты осылай емес пе еді? Иә жаңадан заң шықты ма?
- Жоқ, жоқ, жаңадан заң шығарылған жоқ!
- Олай болса, жазу өзгерту жөнінде ұқсамаған пікірдегі жолдастар, бір-біріңе саяси жұдырық түйіп, қорқытуды қойыңдар! Мұның үстіне тағы бір жайіттерді ұғып алалық: ханзу халқы жазуын латыншаға өзгертеді деген сөз қазіргі дәуірде ғана шыққан сөз емес, бір ғасырдан бері болып келе жатқан сөз. Ханзу жазуы сөзді таңба (сурет) арқылы ұқтыратын жазу. Әр-бір сөзді суретпен таңбалайды. Әріпі жоқ. Ал, латынша жазу - біздің жазуға ұқсас әріптен (дыбыстан) құрап ұқтыратын жазу. Әрқандай сөзді дыбыспен (әріппен) құрайды. Сондықтан ханзу жазуын латынша жазуға өзгерту өте қиын. Ханзу оқымыстылары сансыз көп таңбадан құтылып, әріп қолдануға Шыңхай төңкерісінен бұрынғы дәуірлерде-ақ ұмтылыс жасап көрген. Тілдеріндегі тұлға жағынан бірдей, ұқсас сөздердің көптігінен (ол тұлғалас сөздерді әріппен жазғанда мүлде ұғылмайтын, суретпен таңбаламаса, қай сөз екендігін айыру қиын болғандықтан) сәтсіздікке ұшырап, әріптк жазуға көше алмай келген. Сөйтіп, көп машақаттанып көріп, әріпті жазуға көшудің ең бастапқы даярлық сатысы - ханзу тілінң өзін бірлікке келтіру деп тапқан. Бірақ, қазірге дейін толық бірлікке келтіре алғаны жоқ. Ал, тұлғалас-аттас, дыбыстас сөздерді ғылыми жолмен парықтандыру делінетін қиын машақатты жұмыстары сонан соң басталмақ. Демек, жазу өзгертудегі негізгі жұмыстары қашан басталып, қанша уақытта орындалады дейтін сұрауға кім жауап бере алады, қане?... Бір-екеуің шығып, ғылым академиясынан сұраңдаршы!
Ханзу жазуы жөнінде қазірге істеліп жатқан істер, жаңа жазуға көшу емес. Оның керісінше, көне жазу таңбаларының сызықтарын азайтып (қысқартып) тез жазуға, халықытың оңайырақ үйренуіне ыңғайлау ғана. Латынша жазуға көшуді ханзу халқы қазір тумаған сиырдың уызын күткендік деп түсінеді. Ал, ханзу тілінің әріптік жазуға (латыншаға) қашан көшетіндігін кім, нақ айтып бере алады, іс жүзіндік дәлелмен сөйлеп түсіндірсінші, қане?...
Біздің жазу өзгерту қызметімізде латынша, славянша екі түрлі жазудың қайсысына көшсек те ондай машақат кедергілік жоқ. Және ұлы ханзу халқынан бөлініп кететіндей хауіп-күдік те жоқ. Мәселен, біз осы арап жазуын қолданып жүріп-ақ, ханзу халқымен бірге жасап келеміз ғой. Ал, одан бірер қадам болса да ілгері, замана мәдениетіне ыңғайлы славян негізіндегі Қазақстан жазуын қолдансақ не болады екен?... Осы жазу арқылы бөлініп кетеді деген сөз - тек арам ойдың ақымақтық сандырағы ғана!
Жиындағылардың басым көпшілігі бұл сөзімді ду көтерілген қызу қолшапалақпен қарсы алды. Пікірімнің жалғасын уақыттың шектеуімен ертеңге қалдырып, өз мекемемнің бір жұмысы үшін қайтып кеттім. Мен қайтқан соң жазу өзгерту алқасының жиын бастығы қай жазуға көшу жөніндегі кешегі талқыларын жалғастырған екен. Латын жазуына көшуді бастаған кешегі редакторыдң қолдаушылары азайып, көбі Қазақстан жазуына көшуді жақтайтындқтарын ашық сөйлеп, латынша жазуды қабылдау пікірлерінен қайта айныпты. Бұлар латынша жазуға көшуді газет редакторының саяси шоқпарынан қорыққандықтарынан қабылдағандар екен. Жиын өкілдерінен кешке жақын қай жазуды қалайтындықтарын сұрағанда алқа мүшелерінің 80 пайызы Қазақстан жазуына қол көтеріпті.
Мен екінші күні таңертең тағы келіп, біздің мәдениетіміздің тез өркендеуі үшін айтылып жүрген латынша жазумен Қазақстан жазуының қайсысы пайдалы деген сұрауға жауап ретінде тағы сөйледім:
Бұрын мұсылмандық сауат ретінде арапша құран ғана жаттап келген біздің ұлттың «оқыған» азаматтары қари[3] аталғанда да бір-біріне хат жаза алмайтын. Кейінірек Жәдитше[4] жазу қолданған соң ғана жартылай арапша болса да ептеп шағатай тілімен араласқан қазақша тілі қағазға түсетін болыпты. Жәдитшіліктің өзі де «пәни дүниеге» дін сауатымен араласып, қоғам мәдениетін жасасу үшін шыққан ғой. Нақтылы қазақша жазу мәдениетін дүниеге келтіріп, қазақ грамматикасын тұңғыш рет жасап, бізді жазулы ұлтқа айналдырған Ахымет Байтұрсынұлы болды. Жазу мәдениетіне осы жазумен қаныққан соң ғана Жәдит жазуының «н» мен «г» әрпін қосып «ң» әрпін екі әріппен жасағандығын сындайтын болдық. Басқа дыбыстарға жеке-жеке әріп жасағанда «ң» дыбысына жеке әріп жасай алмайтындай не албасты басқан деп күлгенбіз: расында, бұл жазу шығарудағы бір жабайылық еді. Жазу жасау мәдениетіне айқындық пен ықшамдық қажет қой.
Ал, көптен бері қытай оқығандары «латынша» деп атап келе жатқан жазу да сондай қос-қос әріптен құралған дюдай-дюдай бес әріп бар екендігін білеміз. Мұны оқу үстінде ойланып барып мөлшермен әрең анықтап дыбыстаймыз. Бұған біздің мына саналы мәдениетіміз не демек? Егер мұны жазу өнеріндегі шегіну десек, мешеу Жәдит жазуынан бес есе мешеу, яғни артқа бес есе артық ешгіну болмай ма! Әріптік жазуда сауаты толықтанып қалған бізге мұндай «әріпті» үйрету, қорлағандықтан басқа не болмақ!
Енді Қазақстан жазуы жөніне келейік: Қазақ халқы зорекер ұлтшылдардың зобалаңынан қашып, бүкіл жер шарының шалғай-шалғай түкпірлеріне шашылып кеткен болса да, тіл жағында тұп-тұтас. Мемлекет қарастылығын танытатын атаулардан басқа парық жоқ. Мағұрптағысы мен мәшрұқтағысы бірінен бірі тіл-грамматика жағынан титтей де ажыраған емес. Бәрі де байырғы өз ана тілінде сөйлейтін, филолоигя тұтастығы жағынан сызат түспеген ұлт. Тіл орталығы - Қазақстан. Демек, ұлттық мәдениетіміз де (шекара айырмашылығынан басқа) алалық жоқ. (Кей бір зор ұлтшылдардың өз тілін өзге ұлттарға дектатура ретінде зорлап жүргізгісі келетін далбасасын тіліміздегі бұл тұтастыққа мін ретінде таңуға болмайды.) Қарасты териториямыз басқа-басқа болса да, тіл жағындағы осы тұтастығымыз арқылы Шинжаңдағы қазақтар Қазақстан жазуынан орасан зор көмек тауып отыр. Мәселен, мектеп оқушыларының ол жазудағы оқу құралдарынан пайдалану арқылы өз дәрежесінен озық білімге ие болып отырғандары аз емес. Мен өзім де соның бірімін. Ал, аударма жағынан дүниедегі озық үлгілі кітаптардың Қазақстан жазуына аударылмағаны жоқтың қасы. Сөйтіп, дүниежүзілік озық шығармалар қазақ мәдениетінің төл тумасындай сіңісті қазына болып қалды. Сөйтіп, Қазақстан жазуы біздің ғылым-өнердің қай саласында болса да сондай құрметті-озық орында. Бұл кітаптарды Шинжаңның өз аудармашылары төте аударса, Қазақстандікінен сапа жағынан да сан жағынан да әлдеқайда төмен болып шығып жатыр. Әсіресе, сапа жағынан базарсыз, өтімсіз болып қалып жүр. Қазақстан жазуындағы аударманы көрген-естіген оқушылар, өз аудармашыларымыздікін алмайды. Сондықтан Қазақстан жазуын бірнешелеген аудармашыларымыз жау санап, шетке қағып тастатқысы келеді. Жеке басының пайдасына ұлт пайдасын-халық пайдасын құрбан еткісі келетін тоғышар надандар осылай әрекеттенуде!
Жолдастар, енді ойлап көрелікші, бұрыннан артта қалып келе жатқан Шинжаңдағы қазақтың маңдайына бұл озық мәдениетті жазу симай ма? Мұны саяси шоқпармен шектеп қуып шығып, көп әріпі оған қарама-қарсы жасалған бейтаныс тілдің «латынша жазуын» қолданбақ болуымыз, өзіміздің өзімізге қастық дайындағандығымыз емес пе!... «Шөпке айдаса тақырға қашатын» кедейдің малы біз болғанымыз ба? Ғылым мен мәдениетттің жер ұйығына енді беттегенімізде, егінге түсетін сиырдай үркіткен кім бізді? Қазақстан жазуын басқа елдің жазуы деп шеттету, шын мәнінде, ұлттық тіліміз бен жазуымызды айыру арқылы ұлтымызды бөлшектеу емес пе! Осының өзі өз ата-анасына істеген нағыз қаскүнемдік болып шығатындығын түсінбей ме біздің саналыларымыз? Осы сұрауларды талқылап, өтірік-шындығын, ақ-қарасын айрып көрелікші, қане!...
Осы сөзбен тоқтап, көпшіліктің пікірін тыңдадым. Талқыда сөйлеушілер қызынып, менің қойған сұрауларымды тіпті күшейтіп, зорайта түсті. Саяси шоқпар үйіріп, жат тілдің латынша жазуына жетектеушілерді аттарын атамай түтіп, тозалаңын шығарды. Теріс пиғылды редактор мүлде жалғыз қалғандығынан күлбеттеніп, үн шығара алмай қалды. Жазу өзгертудегі бұл сөзім көпшілікті қаншалық зор шабытқа ие еткендігін, мазмұнын тіпті байытып әкеткендіктерінен, ғылымилығы жақтан кемелетке жеткізгендіктерін, пікір жүргізудегі қызғындылықтарынан байқап, толық жеңіске жеткендігімді түсіндім. Ағыны қатты үстемдік толқыны кербақпа редактордың өзін де жұла жөнеліп, ұршықтай үйіріп, Қазақстан жазуына еріксіз табындырды. Газет үкімшісінің мұндай масқаралықпен мойындай жеңілуінің бір себебі, аудармашылықтағы жеке бас пайдасын күйіттегендігі екендігін менің әшкерелеп тастауымнан болғандығын сездім. Шинжаң қазақтарының жазуын қазіргі заманға, ғылым мен өнердің дамуына лайықтасқан кемелетті Қазақстан жазуына алмастыру қызметімізді, сөйтіп, үлкен жеңіспен, өкілдердің жүз пайыздық толық қабылдаған қаулысымен аяқтаттық.
Бұл жолғы күресте Ынтықбай мен Күлән өздерінің бір майданның, бір көзқарастың жауынгерлері екендіктерін толық таныған екен. Соның ертеңіне-ақ тойға шақырды.
Жағай Іле қазақ автономиялы облысының құрылу тойын әдейі кешіктіріп, жазу өзгертудың осы қаулысын күтіп отыр екен. Үрімжіден осы қаулы барысымен, Құлжада «қос жеңіс тойын» дайындап, Қазақстанды да шақыртыпты. «Совет одағы» мен «Жұңхуа халық республикасындағы» қазақтардың екі отауы мәдени-ағарту салалары жағынан тағы да жақындасып, шекараның екі жағынан тұтасып қалғандығына Қазақстан қатты қуанған екен. Мәдениет өкілдері Құлжаға зор көлеммен келіп, бірге тойласты. Бұл тойдан соң аса аңсаған сағынышты енелері мен құлындары жанасқандай барыс-келіс, мәдениет алмасу істері тіпті жиілей түсті. Мұндай жайт достың сүйінішті көңілін, қастың күйінішті көзін тартпасын ба. Армандар төлдеп, тілектер гүлдеген бір қысқа уақыт үміт қарлығаштарын қайшалыса ұшырып, шекара тәртібін ығыр етті білем. Зейіл сақшылар шекараға топтала түсті. Қырғын құралдары күн сайын көбейе түсті...
Орта Азия мен Шинжиаңдағы мұсылман ұлттардың, әсіресе, қазақтардың мұндай туысқандық етене байланыстарын мықтап шектеудің, яғни ассмилациялап, бір-бірінен алыстатып, азғындатудың саясаттарын, орыс отаршылдары сияқты көптен-ақ дайындап жатқан Бежін үкіметі алдымен тіл-жазу бірлігін бұзуға шұғыл кірісті. Ұлт жазуы жөніндегі заңдарын лақтырып тастап, орталық үкімет атынан бұйрық шығарды. Әріптерінің көбі Қазақстан жазуының әріптеріне қарама-қарсы дыбыстағы, жаңа айтылған қос-қос әріпті қаскүнем «латыншаны» жарқ еткізді:
«Жұңхуа ұлттары түгіл қабылдап, ұлы бірлікке келулері үшін «бәрімізге лайықты латынша», осы жазуды қолдану қажет!» дей келіп, Шинжиаңдағы ұсақ ұлттардың түгелімен осы жазуға көшуін қадағалап тапсырыпты. Бұл бұйрыққа қол қойған үкімет бастығы Жунлай. Тексеріп байқасақ, бұрын Азия түріктерінің маңайын басып көрмеген байтаныс «латынша» екен.
Әділетті тергеушім, өз үйінде тері піше алмайтын олақ қатынның басқа үйде Мақпал пішкеніндей өрескелдікті ішіңізден біліп, көз қиығыңызбен көріп, азуды баса күліп отырған шығарсыз!... Амал не, соқыр мысықтың тырнағына сорлы тышқан ілінеді екен!!!
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
[1] Дөт (ұйғырша) - дүлей.
[2] Ироглиф - жазу орнына қолданылатын таңба. Ханзу тілінде тұлғалас дыбыстас сөз көп болғандықтан әліге дейін әріп жазуын қолдана алмай, әр сөздің мағынасына қарай жасалған сурет (таңба) қолданып келеді.
[3] Құранды түгел жаттап алғандар қари дәрежесін алады.
[4] Жәдит.