Орыс патриотизмі және яхта
Қараша халықтың отаншылдық, ұлтшылдық сезімін өршіту үшін сырттан жау ойлап табу – саяси технологтардың кәнігі тәсілі. Жауыңның деңгейі қаншалықты жоғары болса, оның әсері де жойқын болмақ. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін, экономикасы кері кетіп, ішкі жалпы өнім құны Қытайдың бір ғана Гуаңдұң өлкесімен қарайлас болып қалса да, Кремлдің НАТО мен АҚШ-ты басты жауы санап, аттан түссе де, үзеңгіден түспей келе жатқанының сыры сонда жатыр.
Жауының мықтылығы ел азаматтарының менмен кеудесіне жел беру үшін ғана емес, билігі жалтақ осал мемлекеттерді тұқырту үшін де керек. Орыстың боданы болған Орта Азия елдерінің ел ішінде саяси тұрақсыздық орын алғанда «сыртқы арандатушы күштердің әсерінен болды», кім екенін нақтыламай, «көкеміз айтты ғой» дегендей екі ұшты жауап айтатыны да сондықтан. Әлдеқашан тұқымы құрып кеткен жоңғарлармен шабысудан шаршаған қазақ қауымының арқалы ақынының Зеленскийді батыстың қуыршағы санайтын Путиннің «Бабушкалар отрядының» қатарын толықтырып жүргеніне де куә болдық.
НАТО мен АҚШ үгіт-насихатқа имандай сенгіш жұрт ойлағандай қауіпті ме, Ресейдің іргесіне келіп, «халқыңды шауып, жеріңді басып алам...» деп кіжініп тұр ма?! Жауабы біреу ғана: жоқ! Керісінше орыс халқы қарадай жек көретін батыс – орыс шенеуніктері мен оллигархтарының бұл дүниедегі жаннаты. Оған басқа айғақтарды айтпағанда, хан сарайдай яхталары дәлел.
Путин Украинаға соғыс ашқалы бері НАТО-ға мүше елдердің орыс байларының оннан астам салтанатты яхталарын тартып алғаны белгілі. Атап айтқанда, Италия Андрей Мельниченконың құны 578 миллион доллар тұратын яхтасын, Франция Игор Сечиннің 120 миллион долларлық яхтасын, Испания Сергей Чемезовтың 153 миллион доллар тұратын яхтасын, Германия Әшішер Османовтың ұзындығы 156 метрлік құны 600 миллион доллар тұратын яхтасын тәркілеген. Бұл яхталардың біреуінің ғана жылдық шығыны 100 миллион доллардан асады екен. Орыс байлары «Әлемдік екінші әскери держава лидері» деп әспеттелген Путиннің өздерінің халықтан тыққан байлығына кепіл бола алмайтынына көздері жетіп, тілдерін тістеп, санкцияға іштей көніп, әліптің артын бағып отыр. Іштерінде яхтаға деген махаббаты елден бөлектері де бар екен.
Путиннің «Арнаулы соғыс операциясынан», моблизациядан қашқан орыс азаматтары сияқты миллиардер Андрей Мордашовтың құны 500 миллион долларлық ұзындығы 142 метр, 6 қабатты, екі тікұшақ қатар қонатын, әлемде алдынғы ондыққа кіретін «Nord» яхтасының сергелдең болып жүргегіне 8 ай. Мордашовқа Америка, Англия, Еуроодақ елдері ақпанның 28 күні санкция жариялады. Іле-шала құны 71 миллион долларлық кіші яхтасын Италия тәркіледі. Өзіне тықыр таяғанын сезген Мордашов та қарап жатпаған. Оның жанындай көретін «Nord» яхтасы GPS жүйесін өшіріп, Шығыс Африкадағы арал мемлекет Сейгелдің Виктория портынан суыт жүріп, Владивостоктан бір-ақ шыққан. Өз жерінде де тұрақтай алмай, мамыр айында Оңтүстік Кореяның Фусан портына кіріп аңыс аңдап, қайта кері қайтқан. Қазанның бесінде Жапон теңізі арқылы Гонконг портына келгені анық болды. Саяси айтыс-тартыстардан кейін, ол жерде де екі-ақ апта қоналқылап, Оңтүстік Африканың Кейптауынына келіп, уақытша тұруға рұқсат алғаны мәлім болды.
Моблизациядан қашқан орыс азаматына жан қайғы болса, Путиннің арқасында байыған Мордашовқа яхтасы, байлығы – мал қайғы болып тұр. Әйдік орыс патриотизімінің, нақтылап айтқанда шовнизмнің жеткізген жері осы болды.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz