«Ақын Таңжарықты көкпарға салып тартып жүрмелік!»
Спикер: Әбдібек ӘБДІМАНАПҰЛЫ, ақын, Таңжарықтанушы.
– Әбеке, жақында сіздің әлеуметтік желідегі парақшаңыздан «Жауларым жоқ» деген өлеңізді оқып, астына «Ат кекілін кесісіп кеткен достар, Жауым болып амал не жарытпады» деген қандай керемет сөз тіркесі. Осы екі жол бұл өлеңнің діңгегі, мәйегі болып тұрған секілді. Жазарыңыз көп болсын! – деп пікір жазып болып, сіз жайлы ойландым. Сонау 1980-ші жылдардың ортасында сіздің «Іле жастары» журналында жарияланған «Наспайшы шалдың аты екеуіміз» деген өлеңіңіз есіме түсіп, еріксіз езу тарттым. Сіздің қаламыңыздан өрілген өлеңер жұмыр басты пенденің басынан өтіп жатқан өмірдің өзі болып, жеңіл сын мен юморға құрылып жатады. Осындай ерекшелігімен өлеңдеріңіз оқырман жүрегіне жол тартып жатады. Сол «Наспайшы шалдың аты екеуміз» деген өлеңіңіз есіңізде ме?
– Ой, інім! Осыдан 30 жыл бұрын жазылған өлеңімді қайта есіме салдың ғой. Оқып берейін бе?
– Оқыңыз?
– Кім жүр дейсің кімге мылтық оқтамай,
Омырлардың тоқтамайтын оқпаны-ай.
Насыбайшы шалдың аты екеуіміз,
Кісі көрсек өте алмаймыз тоқтамай.
Менің басшыға,
Ол тоқтайды аттыға,
Қорашсынып тіл қатамын аптыға.
Борбайлата тартып қап ед шал атын,
Қираң қағып өте шықты қақтыға.
Өтпесе де қамшыменен тартып бір,
Ала алмадым мен де жауап жартып бір.
Бар тағдырың басшылықтың қолында,
Бұл күндері бар ма одан артық пір?!
Ат күтеді сәттік қана тыныштық,
Ал мағаншы – жылы жауап тым ыстық.
Қожа үшін бізге керегі ол емес,
Керегі сол – үнсіз жүру жұмыс қып.
– Бәрекелді, өлеңнің «Қожа үшін бізге керегі ол емес» деген жолындағы «қожа» қазақ руындағы жүзге жатпайтын «қожа» емес шығыр?
– Әрине, ол «қожа» емес, мұнда насыбайшы шалдың аты мен лирикалық кейіпкер меннің қожайыны айтылып отыр.
– Сізді алғаш мен мерзімді басылымдарда жарияланған өлеңдеріңіз арқылы біле бастағам, кейін «Мектеп дене тәрбиесі» журналында журналист, аудармашы, жауапты редактор болып істеп жүрген кезіңізде жолығып танысқан едім. Бұл жураналға қалай келдіңіз?
– 1984 жылы Шынжаң өнеркәсіп институтының механика факультетін бітіріп келіп Құлжада қызмет бөлісін күтіп жүрген кезім еді. Сол тұста Іле қазақ автономилы облыстық Дене-тәрбие комитеті «Мектеп дене-тәрбиесі» журналын ашып, журналының бірінші санын шығарыпты. Сол кезде оларға қытай тілінен аудармашы қатты қажет болып, соған аудармашы іздеп жүріпті. Олардың басты талабы – қызметкердің артық салмағы болмау керек екен.
– Ол қандай артық салмақ еді?
– Өзің білесің, біздің заманымызда Құлжа секілді ірі қалаларға тұрақты тіркеуге тұру, ауыл, аудандардан қызметін ауыстырып келу өте қиын еді ғой. Содан болса керек, кез келген мекеме қызыметке қабылдайтын адамынан алдымен бойдақсың ба, бойдақ емессің бе, отбасың қайда? деп сұрайтын. Жаңадан оқу бітіріп келген менде қайдан отбасы болсын, сөз байласқан қызым да болмады. Редакция басшылығы менің қытайша, қазақша білімімді, жазу-сызу қарым, қабілетімді тексерді. «Іздегенге сұраған» дегендей мен олардың шартына бірден толып, қызметке орналасып кеттім.
– Иә, сол заманда осыдай талаптар болғанын білемін. Оны айтасыз, студент қыз-жігіттердің махаббаттасуына, отбасын құруына рұқсат етілмеуші еді ғой. Егер мектеп басшылығы оны біліп қойса кәдімгідей, оларға тәртіптік шара қолданатын. Соның салдарынан қаншама жастар сүйген қызы мен жігітіне қосыла алмай жан-жаққа кеткенін өз көзіміз көрді ғой.
– Иә, ондай тәртіп болғаны рас. Студент кезінде жасырын махаббаттасып сөз байласып жүрген жүрген қыз, жігітті бір қалаға бөлініп баруына жолдама бермей, екі жаққа жібергендері көп болды ғой.
– Сіз «Мектеп дене тәрбиесі» журналына келгенде кімдер қызмет жасап жатыр екен?
– Мен барғанда Дене-тәрбие комитетінің басшысы Манапқан Бәжей ағамыз журалдың директоры, ал Әблез Жүніс ағамыз бас редактордың орынбасары екен. Әблез ағамызды радакция Буратала моңғол автономиялы облысынан аттай қалап алдырыпты. Бұл кісі оған дейін Бураталада спорт мұғалімі, спорт шебері болған екен. Бұл ағамыз журналист, жазушы, әнші, сазгар, сегіз қырлы, бір сырлы өнер адамы еді. Мен ең жас қызметкер болғандықтан, журналдың отымен кіріп, күлімен шығатын, елпек қол-қанатына айналдым.
«Мектеп дене-тәрбиесі» журналының мұқабасын жобалау, тақырыптарын көркемдейтін адам жоқ екен, оны басқа басылымдардан іздеуді маған тапсырды. Сол кезде «Іле айдыны», «Іле жастары», «Іле педагогикалық институтының ғылыми журналы», «Іле газеті» қатарлы Құлжадағы танымал журналдардың мұқабасын жобалап, тақырыптарын көркемдеп жүргеніңді естіп, аты-жөніңді газет-журналдардан оқып, біліп, өзіңді жан-жақтан сұрастырып, іздей бастадық. Сөйсек, ол кезде сен Іле пед институтының (қазіргі Іле пед университетінің) әдебиет факультетінде оқып жүрген студент екенсің. Мамандығың қазақ әдебиеті бола тура сурет өнерімен, хаткерлікпен айналысып жүрген талантыңа таңғалып едім. Содан бастап өзің «Мектеп дене тәрбиесі» журналының бірнеше нөмірінің мұқабасын жобалап, ішкі бетіндегі тақырыбын көркемдеп беріп, біздің қиыншылығымызды шешіп беріп едің. Институтты бітіргеніңнен кейін біздің журналға жұмысқа шақырып едік, бізге келмей Іле облыстық партия комитеті, Әйелдер бірлестігінің жаңадан шыққан «Іле әйелдері» (қазіргі «Шынжаң әйелдері») журналына кетіп қалдың.
Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы көшпен 1990 жылдардың басында қоныс аударғандардың бірі – тағы өзің болдың. Кейін сенің артыңнан біз келдік қой. 2012 жылы менің 50 жылдық мерей тойымда бірнеше өлеңімді еларалық «Қазақ елі» газетіне шығарып беріп, мерейімді көтеріп едің. Ол кезде «Қазақ елі» газетінің бас сарапшысы, белгілі сыншы Бақыт Сарбалаевтың қармағында бөлім редакторы болып қызмет істеп жүр екенсің.
– Өлеңдеріңіз Шынжаңдағы мерзімді басылымдарда жиі жарияланып тұрғанын білемін. Атамекенге оралғаннан кейін де қолыңыздан қаламыңызды тастамай жазып жүрсіз. «Қазақ әдебиеті» газеті мен ««Жұлдыз» журналынан ара кідік оқып қалып жүрдік. Біраз мүшайраларға қатысып жүлде алғаныңызды да естідік. Сіз қай кезден бастап өлең жаза бастадыңыз?
– Мен өлеңді ақын болайын деп жазғаным жоқ. Күнес ауданының Талды ауылында «Талды-Тұран» деген мектеп болды. Бұл мектеп 1934 жылы құрылған. Күнестен шыққан алдыңғы буын зиялы ағалардың көбі осы мектептің түлектері. Мен де осы мектепте оқыдым, бізге Жәнетқан Тұтқабек деген мұғалім әдебиет сабағын беретін. 1978 жылы мәдениет төңкерісінен кейін саясат оңала бастап, жылымық мезгіл қалыптасып, оқушылар мемлекет бойынша біртұтас емтихан тапсыру түзімі жолға қойылған шақ еді. Оның алында «Мәдениет төңкерісінің» салдарынан жұмысшы-дихан, кедей шаруалардың балалары емтихансыз жоғары мектепке қабылданып келсе, ал осыдан бастап оқудың сапасы көтеріліп, таптық күрес әдебиетінен, көркем әдебиетке жол ашылып жатқан жайма-шуақ мезгілге тап болдық. Жәнетқан мұғалім бізге: «Келер жылы мектеп бітіресіңдер, жақсы нөмір аламын десеңдер, жоғары оқу орнына түсіп оқимын десеңдер сабақтарыңды жақсы оқыңдар!» деп қадағылап отыратын. Жәнетқан мұғалім тағы бір күні: «Балалар, көктем келді. Жер-әлем құлпырып тұр. Көктем туралы өлең жазып келіңдер. Бұдан кейін мектепте қабырға газет шығаратын боламыз, жақсы өлеңдерді сол қабырға гезетке ілетін боламыз», – деді. Ол кісі және «жазған өлеңдеріңнен көктемнің көрінісі байқалу керек, сендер қай дәрежеде өлең жаза алатындарыңды сынап көрелік», – деді.
Талды мен біздің үй тұратын Мыс қыстағының арасы 5 шақырымдай болатын. Біз таң азаннан тұрып 5 шақырым жерді жаяулатып барып оқитынбыз. Түскі асымыз сөмкемізге салып алған бір жапырақ нанымыз, кешке қарай бірақ үйге қайтамыз. Мамыражай мамыр айның басы болатын қыр мен ой көгеріп жайнап кететін. Қазіргедей асфальт төселмеген, кей жылдары жолдың үстіне дейін шөп шығып кетуші еді. Көктемнің құстары сайрап, айнала қызғалдақпен текеметтің түріндей түрленіп кеткен. Маған осы көркем табиғат қатты әсер еткен болар, ақындық шабытым оянып бес, алты шумақ өлең жазып әкелдім.
Мұғалім өлеңдерді жинап алып кетті де, ертесі 6 оқушыны алдыға шығарып, «Мен өлеңдеріңді оқып баға қойдым, қазір бәріне жеке-жеке тоқтала алмаймын, мына алты оқушының өлеңіне талдау жасаймын. Содан осыған қарап ойларыңды түзеңдер», – деді де: «Мә, Әбдібек!», – деп өлең жазылған қағазды қолыма ұстата салды, қарасам қағаздың басында 98 нөмір қойыпты. – «Көрдің бе?», – деді, – «Нені?», – дедім. – «Бағаны» – деді. Мен сасқалақтап, – «Көрдім, мұғалім, көрдім», – дедім, – «Саған 100 нөбір қоя алмаймын, 100 нөмір қойсам сен Жәнетқан болып кетесің », – деді. Оқып бердім.
Сынып бойынша өлеңге қойылған ең жоғарғы нөмір менікі екен, қалғандары менен төмен нөмір алыпты. «Көктемнің суретін, келбетін бейнелеген Әбдібек екен, одан кейін мыналар екен», – деді, мұғалім жанымдағы еуін көрсетіп. Сол күні үшеуіміздің өлеңімізді мақтап, қалған үшеуінің өлеңін сынады. Математика сабағынан мықты оқитын Дәулетхан деген бала бар еді, оның өлеңін сындады. «Сені матеметикда мықты деп естідім, бірақ әдебиетке жоқ екенсің. «Көктемде зырылдап жүр машиналар» деп жазыпсың, машиналар төрт маусымының бәрінде де зырлап жүреді ғой. Ал мына Әбдібектің өлеңінде құлпырған жасыл дала, сайрап жатқан құс, жейдешең жүгіріп жүрген бала бар», – деді. Алғашқы өлеңім осылай жазылып еді. Содан бастап ай сайын өлең жазатын болдық, оны қабырға газетке ілетінбіз.
– Мен Іле педагогикалық институтына оқуға түскенде ақын Жәнетқан Тұтқабек мұғалім бар болатын.
– Оның алдында Күнес ауданындағы педагогикалық колледжге ауысып барып, онда бір-екі жыл мұғалім болып, кейін сен оқыған Іле пед институтының әдебиет факультетіне ауысып барған болатын.
– Сіз механика мамандығын емес, қазақ әдебиетін оқуыңыз керек екен ғой.
– Өкінішке орай, сол жылы Шынжаң университеті мен Іле педагогикалық институтының әдебиет факультеті оқушы қабылдамайтын жыл екен. Іле пед институтының математика факультеті, Шынжаң университетінің жағарапия факультеті бар екен, оған да барғым келмеді. Ал Шынжаң медицина институтына түсуден жүрексіндім. Ішкі Моңғолдың пед институтының моңғол әдебиеті бар екен, соны талдасам олар мені қабылдамады.
– Олар қазақты емес, өзінің моңғол талапкерін қабылдаған шығар.
– Мүмкін солай болған шығар. Айтайын дегенім, әдебиетке деген қызығушылығым Жәнетқан мұғалім көктем туралы өлең жаздырғаннан кейін басталып, өршіп кетті ғой. Содан не керек, неде болса үлкен қала Үрімжіде оқиын деген оймен Шынжаң өнеркәсіп институтының механика факультетін талдаған едім, сөйтсем олар мені оқуға бірден қабылдап жіберіпті. Онда барғанда машинаға, техникаға қатысты дүниенің бәрін оқыдық. Машина жобалау дейсің бе, жөндеу дейсің бе, темірдің құрамы мен оны құю, қыру дейсің бе бәрін қалдырмай оқыдық. Ол кезде өлең жазуға мүмкіндігім болмағанымен, қолыма түскен әдеби кітаптардың бәрін қалдырмай оқып жүрдім.
– Сіз қай жылы атажұртқа оралдыңыз?
– Мен атажұртқа 1997 жылы шілденің екінші күні келдім. Шілденің екенші күні келген себебім, бірінші күні Қытай Шаңгаңды (Гонконг) Ұлы Британиядан біржолата қайтарып алатын күні болатын. Соған байланысты ел ішінде біраз әр түрлі әңгімелер айтылды, «соғыс болып кетуі мүмкін», «шекара жабылып қалуы мүмкін» деген секілді. Алайда, Қытай Шаңгаңды бейбіт жолмен қайтарып алды. Соған байланысты мен әліптің артын бағып екінші күні өттім ғой.
– Отанға алғаш келген қазақтарды өз басым «нағыз патироттар» санаймын. Біразымыз жылы орнымыздан қозғалып, жақсы қызметімізді тастап кеттік қой. Сіз де солай шығарсыз?
– Әрине, менің де Қазақ елі тәуелсіздік алған мезетте кеткім келді, бірақ шақырту алудың өзі қиын болды ғой. Сол заманда Қазақстаннан Қытайға барып киім-кешек, ыдыс-аяқ, ең аяғы сақал алғышқа дейін апарып сатып, қайтарында тауар алып қайтатын туристтер болды ғой. Солардың алдынан шығып, затын сатысып, алатын тауарын алысып, көмектесіп жүрдім. Олар соңында «бізге көмектескенің үшін» деп ақша ұсынатын. Мен «ақшаларыңыздың керегі жоқ, маған шақырту жіберіп берсеңіз болды», – деп біразын үйге апарып қонақ жасап жібердім ғой. Бекер обалы не, «Жарайды, бәрін қатырамыз, шақырту жібереміз», - деп кетеді. Ары тосасың, бері тосасың, соңында шақырту тұрмақ, өздері хабарсыз кетеді, күдеріңді үзесің. Сөйтіп жүріп 1993 жылы шақырту алдырып, құжатымызды ептеп жасап 1997 жылы зорға келдім ғой.
– Алғаш қазақтың жеріне табаныңыз тигенде қандай әсерде болдыңыз?
– Ол әсер қолыңдағы «Жыр-мұнара» деген өлең жинақтың «Ұшып келемін» деген алғашқы өлеңінде тұр. Ол жыр бала-шағамды қазақ жеріне алып өткендегі шаттықтың жыры еді ғой.
– Отбасыңызбен біржолата келдіңіз ғой?
– Мен алғаш жалғыз келдім. Жеңгең мен баламды екі-үш айдан кейін алып келдім. Сол алғаш өзім келгенде өзің жақсы білетін Базарәлі Әріпұлына жабыстым. Базарәлі Құлжаға барып тауар алып келіп Барахолкада сатып жүрген кезі болатын. Ол шекарадан өткен кезден бастап, «мен Алматыға барған соң бір түнетем, одан кейін өз күндеріңді көресіңдер», - деп құлағыма құйып келді. Сол күні ол Әлімғазы Дәулетханұлы деген тарихшы ағамыздың (Әлімғазы – Базарәлінің кіші әкесі) үйіне бір қондырып, ертесі Барахолкада сауда жасап жүрген контелеріне ертіп барып көрсетті, базарды аралатты. «Сауда жасаймын десең, осылай жасайсың», – деді. Базарәлі бірінғай костюм-шалбар сатады екен. Тағы Базарәліге жабысып, «Контелеріңнің жарты ақшасын мен төлейін, сенің жаныңда тұрып сауда жасайын», – дедім. Ол келісті. Сол күні Барахолканың жанындағы ұйғырлардың жатақханасының бір бөлмесін жалдап алып, жатып қалдым. Бір жетідей Алматыда тұрып, қыдыратын жерді қыдырып болған соң Құлжаға қайтып барып банктен 3-4 мың юань несие алып костюм-шалбар алдым. Базарәлі ескертіп айтқан болатын, «Менің сатқан костюм-шалбарды сен сатпайсын, одан басқа түрін алып келесің» деп. Соның айтқанымен жүрдім ғой, ол кезде сауда керемет жүрді, нашарлау тауар әкелсең де көтерме бағада жылдам өтіп кететін.
Сауда да екі жылдан артық болдым, несін айтасың, сол жылы банктен алған несиемді күзге дейін қайтарып, одан сырт 20 мың юань табыс таптым. Ары қарай қыстық киім саудасына өтіп кеттік. Тұрақты тіркеуге тұрайық десек, әрбір жерде жатып жүрген жатақханаларды полиция тіркеуге алмайды екен. Өзің секілді ерте көшіп келгендер, «аспирантураға оқуға түссеңдер жатақхана береді, соған тұрақты тіркеуге тұра аласыңдар» деген соң 1999 жылы күзде Абай атындағы педагогикалық ҰУ барып едік, көп кешіктірмей аспирантураның дайындық курсына қабылданып, жатақханамызды берді. Тұрақты тіркеуге де тұрып алдық. Сөйтсек, біз Қазақстан Үкіметінің шетелден келген қандастарды жеңілдікпен оқыту қаулысымен аспирантураға қабылданыптық. Ослайша мен «Таңжарық Жолдыұлының поэзиялары» деген тақырыпты бекітіп, аспирантурада оқу мүмкіндігіне ие болдым.
Аспирантурада оқып жатқанымда 2000 жылы әкем қатты аурып қалып, Қытайға қайтып бардым, әкемнің жағдайына қарайлап аспиратураны ары қарай жалғастыра алмай қалдым. Содан соң күн көріс үшін асхана ашып кеттік, Барахолканың бір-екі базарын шиырлап, одан кейін Көкбазардың айналасындағы бір-екі асхананы жалдап ашқан болдық. Сол баяғы жүрмей тұрған асхананы барыңды салып жүргізесің, бір-екі айдан кейін құжайын жалақысын көтеріп жібереді. Соңында оған шыдамай қашып шығасын. Бұлай жүре беруге болмайды екен, өзіміз жекеменшік дүкен сатып алайық деген бекімге келіп, тұрып жатқан үйімізді (Үкімет квотаға берген пәтер болатын), Өжет жақтан алған жерімізді сатып, соның қаражатына бір шағын дүкен, бір саяжай сатып алып тыныш болдық. Қазір осы дүкенмен күнімізді көріп отырмыз.
– Сіз осылай күнкөрістің қамымымен алпарысып жүрсеңіз де қолыңыздан қаламыңыз түспей келеді. Өткен жылы шыққан «Мезгіл әуендері» деген көп авторлы жинаққа сегіз өлеңіңіз кіріпті, құтты болсын! Қазақстан Жазушылар одағына мүше бола алдыңыз ба?
– Рақмет! Өкінішке орай, Қазақстан Жазушылар одағына мүше бола алмадық. Мүше болайын деп талпынып, қандай шарттары бар екен барып білейін деп ұғыссам, ең кемінде екі кітабың баспадан шығу керек екен. Одан сырт республикалық мерзімді басылымдарда шығармаларың жариялануы керек екен. Өлеңдерім баспасөзде жарияланып жүргенімен, ол кезде мұндағы танымал тұлғалардың көзіне түсе алмадық. Анығы табиғатымызда болмағаннан кейін бе түртінбедік. Сонда «Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өтуге өтініш» деген өлең жазған едім, бұл өлең «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланды. Рұқсат болса оқып берейін:
Кірпіш болмас мың құйса да таза құм,
Әнші болмас бермесе Құдай ғажап үн.
«Қарғатамыр» деп бекерге айтпаған,
Танымасын сыйламайды қазағым.
Марал, Жанар інім, Ғалым құрдасым,
Нұрлан ағам төраға болып тұрғасын.
Мен Одаққа мүше неге болмайын,
Артық болып кетпес деймін бір басым.
Шарты кітап көру екен жарықты,
Заман мынау титықтатқан арықты.
Күннен күнге баға өсіп барады,
Қарғыс атсын қалжыратқан нарықты.
Құр алақан емес едім десе де,
Аздап құйып іштім көже кесеге.
«Жыр-мұнара» тұрғызып едім еңселі,
Үнемдеумен аяулы әке-шешеме.
Жүлдем де бар біраз алған жарыстан,
Бағаласа ешкімнен де қалыспан.
«Отаным» деп от кеудемді сүйретіп,
Бір айыбым ауып келдім алыстан.
Жырға қостым туған елді, ұлтымды,
Ұлтым десем асау жүрек бұлқынды.
Өлеңіммен жақсыларды мадақтап,
Толтырып ем құмға оба құлқынды.
Жылан жылын жақслыққа шақырам,
Халқым үшін әнмен таңды атырам.
Қырылғанда жанашырлық таныттым,
Жапонға да күллі қазақ атынан.
Мұқай әкем қызға бұрын барыпты,
Біра-ақ түнде бес есікті қағыпты.
Бесеуі де демеген соң кел батыр,
Дейсіңдер ғой одан ары не қыпты.
Зыр жүгіртем әлі-ақ айтқан сөзіме,
Бұл Мұқайдың аянатын кезі ме.
Бәріңе де барып шықтым біреуі
кел демеді, өз обалы өзіне.
Көздей алмай ақмаралды елікті,
Билетіпті ренішке елітті.
Қамшыменен борбайлата бір салып,
Аттың басын бұрып кете беріпті.
Сол әкемді елестетіп көзіме,
Іштей күлдім айтқан қызық сөзіне.
Мүшелікке Одақ мені алмаса,
Күшеніп не, өз обалы өзіне, – деп мен де кетіп қалдым.
– Биыл Қытай қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі, сыншыл реалист, демократ ақын Таңжарық Жолдыұлының 120 жылдық мерей тойы келе жатыр. Алматыда ақын атындағы «Таңжарық» журналы шығады дейді, бұл журналды кім шығарып жатыр?
– «Таңжарық» журналы «Таңжарық қоры» қоғамдық ұйымы жағынан шығып жатыр. Ұмытбасам «Таңжарық қоры» қоғамы 2016-2017 жылдары құрылды ғой деймін. Алғаш бұл қоғамды құратын кезде жазушы Тұрсынәлі Рыскелдиев, Мұқан Мамытқанұлы, Тұрсынбай Дәуітұлы және мен (Әбдібек Әбдіманапұлы) төртеуіміз белілі бір кафеде бас қостық. Сонда Мұқан ағам, «Таңжарық қоры» қоғамын құрып, соның аясында «Таңжарық» журналын шығарсақ деген ойды ортаға салды. Сонда мен, «Таңжарық қоры» қоғамын құрудың қанша қажеті бар, бізде дайын «Қызай ана қоры» қоғамдық ұйымы бар ғой, ақын Таңжарық сол қызай ананың ұрпағы емес пе?!», – деп едім, Мұқан ағам: «Олармен біріге алмаймыз, бұл жүкті олар көтере алмайды, өзіміз бөлек құруымыз керек», – деген секілді ренішті әңгімелерін айтып қалды. Сөйтсек, «Қызай ана қорының» құрылтайшыларымен Мұқан ағамның арасында біраз келіспеушіліктер болған көрінеді, оны мен қайдан білейін.
Арада қоғамның «жарғысын» жазып, қорды құрып, төрағасына Мұқан Мамытқанұлын сайладық. Осы кезден бастап қорың жұмыстарын қолға алып, Таңжарық ақынның шығармаларын реттеп, бастыру туралы біраз жұмыстар істедік. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде және Шелек ауылында ақынның шығармашылық кештерін өткіздік. Кейін келе мен белгілі себептермен бұл қоғамдық ұйымға белсенді араласа алмай қалдым, арамыз алыстап кетті. «Сен қайда жүрсің?» деп сұрау салып іздеген адам да болған жоқ. Шыны керек, содан бері олармен пәлендей байланысым жоқ.
– Дегенмен, сіз ақын, автор ретінде «Таңжарық» журналына шығармалар беріп тұратын шығарсыз?
– Қоғамдық қор құрылып араға бір-екі жыл салғаннан кейін «Таңжарық» журналы шыға бастады. Кейін байқасақ, қор қоғамынның жаңа мүшесі деп басқа адамдарды қабылдапты. Біз мүшеліктен шығып қалыптық. Қазір осы қоғамдық қорға мүше болмасаңыз шығармаларыңыз жарияланбайды. Оны олар ашық айтып жүр. Жаңа өзіңе айттым ғой, мен ақын ғана емес, Таңжарықтың шығармалары туралы тақырып алып, аспирантураны ары қарай жалғастыра алмай қалдым деп. Аспирантураны жалғастыра алмай қалғаныммен, ақынның шығармашылығын зерттеуді тоқтатқан емеспін. Өлеңімді бермесе бермей-ақ қойсын, ақын туралы зерттеу мақалаларымызды журналға берейік десек, «қоғамға мүше еместердің шығармаларын жарияламаймыз» деп бізге шектеу қойып қойды.
– Ұзын сөздің қысқасы, «Таңжарық қоры» қоғамдық ұйымы мен «Таңжарық» жураналы осылай дүниеге келді дейсіз ғой. Олар сіздің бұл қоғамдық ұйымының алғашқы заңды құрылтайшыларының бірі екеніңізді ұмытып кеткен болды ғой.
– Егер сол келісім бойынша қор төрағасы Әділет департаментіне тіркеткен болса, алғашқы құрылтайшыларының ішінде менің де аты-жөнім бар деп ойлаймын. Қоғамдық қордың мүшелерінен жарна алуды кейін шығарыпты, егер біреу келіп, «сен біздің қоғамдық ұйымның мүшесі екенсің, жарна тапсыруың керек» десе, онда мен жарнасын тапсырар едім. Олай айтып келген ешкім болмады ғой.
– Сіздің сөзіңізден түсінгенім, «Таңжарық қоры» қоғамдық ұйымына мүше емес қаламгерлер журналға туындысын жариялай алмайтын болды ғой?
– Жұрналдың жауапты редактрының айтуынша солай болып тұр. Өзің Қытайда да, Қазақстанда да басапасөзде журналист болып қызмет істедің, әлі де осы саланың айналасында жүрсің ғой, бұл баспасөздің этикасына келе ме, келмейді ғой?!
Қазақстанда «Мұқағали», «Жамбыл», «Қасым» секілді журналдар шығады. «Мұқағали» журналының бас редактоыры Батық Мәжітұлы кезінде бізге «Мұқағали» журналы шыққты, көріңдер, жазылыңдар, автор болыңдар», – деп барлық оқырмандар мен авторларға айтқан болатын. Мен Мұқағали Мақатаевқа арнап жазған бір-екі өлеңімді жуналға бастырдым, бірақ маған «сен қоғамның мүшесі емессің, сенің өлеңдеріңді журналға жариялай алмаймыз» деп ешкім айтқан жоқ. Ал «Таңжарық» журналындағылар «аулақ жүр!» деп отыр. Баяғыда бір әкеміз айтатын, «әркімдікі өзіне жөн» деп, сол айтқандай, бұлардікі өзіне жөн бөліп тұр ғой.
Ақын Таңжарық Жолдыұлы – бір рудың, бір қоғамдық ұйымның меншігіне айналып қалмауы керек. Ол – күллі қазаққа ортақ ақын, рухани тұлға. Оған қатысты өткізген мүшайраға елдің түкпір-түкпіріндегі ақын-жазушылардан шығармалар келуі керек. Сондан іріктеп, саралап Таңжарықтың қанша қыры болса, соның бір қырын жарқыратып көрсете алса, ол – үлкен жетістік болар еді. Менің алпыс қана мүшем бар, осының көлемінде ғана мүшайра жариялаймын, шығармаларын журналға беремін деу дұрыс емес қой. Олардың өзі 2-3 жылдан бері жазарын жазып, айтатынын айтып ендігі сарқылып та болды.
– Журналды сапалы, жақсы шығару үшін авторлардың қарасы неғұрлым көп болғаны дұрыс дейсіз ғой ?
– Әрине, саннан – сапаға көтеріледі. «Таңжарық деген керемет ақын, ондай ақынды таба алмайсың» деп жерді тепкілеуден Таңжарық керемет ақын болып кетпейді. Қазақ құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады дейді. Ол кісі де кәдімгі сіз бен біз сынды шикі ішкен пенде. Аспаннан түскен жоқ, жерден шыққан жоқ. Бар болғаны бойына біткен талантты ашқан, қалыптастырған тұлға . Ол кісінің алдындағы аға буындардың сол кісіге қалдырған өнегесі мен үлгісі, шешендігі мен шеберлігі. Артындағы Оразамбай Егеубаев ағамыз бастатқан зерттеушілермен, бізге шейінгі қолына қалам алған іні-қарындастары мен ұрпақтары. Күнесте Таңжарықтың алдында Жапсарбай деген ақын атамы, Жұбан, Малай деген ақын әжелеріміз болған. Жапсарбайдың тұлғаларға арнаған арнау өлеңдері, Жұбан мен Малайдың айтыстардағы от ауыз, орақ тілділігі Тәкең алған тәрбиеде бар деп білемін. Оның өзі мына сұхбаттың көлеміне симайтын шығар, арнайы зерттеуді қажет ететін үлкен жұмыс. Деседе, Жұбан мен Малай (Бегімбет, Таңат руындағы) әжелеріміз Сасан ауылындағы бір айтыста сол ауылға қонақ болып жатқан ақынды былай жеңіпті дейді. Әжеміздің біреуі таңқы мұрын болса керек. «Басқа әріптес таппағандай таңқы мұрын қара сиыр сияқты мынаны қайдан тауып келдіңдер» десе керек.
Сонда әжелеріміз:
«Құдеке қайдан білем бөтеніңді,
Кердеңдесең кетірем кетеуіңді,
Теңесең бізді қара сиырға сен,
Иіске бұқа болып көтенімді», – деп, жерғып жеңген деседі. Сондықтан біз Таңжарықты алдымен қазаққа, сосын әлемге танытамыз десек, зерттелген ғылыми еңбектер арқылы оның тұтас айналасын, ортасын зерттеуіміз керек.
– Әбеке, Қытайдан келгендердің көбі ақын секілді сезіледі маған. Сіз қалай ойлайсыз?
– Бұл бүгінге дейін Қытайдағы қазақтардың шұрайлы тілі мен ұлттық салт-сана, ғұрып-әдет, дәстүр қаймағының бұзылмай келуінен болса керек. Несін жасырамыз, біздің буын, алдыңғы буын ағалардан, қоғамдық ортадан үйренуіміз мол болды ғой. Ақын-жазушылардың кітабын көп оқыдық, осының бәрі Қытай қазақтарының тілдік қорын байтты. Мұндай ортада қысылмай, қымтырылмай ауылдың алы ауызын айтатындар бар. Бұл оларға жарасады.
Ал қазір өлең жазып танымал болуға ұмтылу жалпы қоғамның дертіне айналды. Анау ақын болса мен неге ақын болмаймын деген секілді дерт асқынып кетті. Тек ақындар ғана емес, ән айтатын, музика жазатындар да көбейіп кетті. Тіпті еш жерде, ешқандай ғылымды зертемей, қорғамай-ақ академик, профессор болатындар шықты. Бұл менше өте ұятты іс.
– Сіз бен біз мұны ұят санағанымызбен, олар мұны мақтан көреді ғой.
– «Ұялмаған әртіс болады» деген сөз осыдайдан шыққан шығар. Ұялмау әртістерге жарасатын шығар, бірақ ақындыққа, ғылымға жараспайды.
Екі сөздің басын құрап, ұйқастыра алса болды «мен ақынмын» деп кеудесін даңғырлатып шығатындар бар. Оның үстінде әлеуметтік желі бұларға болып берді. Оны сарапқа салатын редактор деген жоқ болған соң ойына келгенін былшылдатып жаза береді.
– Бұл қазақ әдебиетін былғап жүрмей ме?
– Осы күннің өзінде лай, батпақ болып былғап жатқан жоқ па?! Осының өзі ақыр аяғында мемлекеттік жүйеге барып тіреледі. Мысалы, өз басым Құлжадағы баспасөзде редактор болған ақын, жазушы ағаларымның алдынан талай өткенмін. Бірдеме жазып апарсаң, «мына жері жарамайды, ана жері анандай, мына жерін былай жаз!» деп ақылын айтып, жол сілтеп жіберетін. Кейде жазғанымыз мүлде жарамай жатса, «мұндай өлеңді жазғанша, жазбай-ақ қой!» деп сол жерде жыртып тастайтын. Оған мен мүлде ренжімейтінмін. Қазір ондай талап қойып отыратындар болмағандықтан, халықтан, оқырманнан ұят болады-ау деген қымсыну, ұялу сезімі жоғалып кеткен секілді. Абай атамыз:
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,
Қазақтың келістірер қай баласы?», – деп бекер айтпаған болар. Әрине, өнердегі талас, өлеңді талғамсыз, мәнерсіз жаза беру дегенді білдірмейді ғой. Өнердегі талас «Іші алтын, сырты күміс жақсысын» талдап, екшеп алу, оны көркем тілмен жарқыратып жұртқа көрсету. Егер ондай талғамың, өнерің болмаса, онда поэзия деген тұнық, мөлдір әлемді былғамауың керек.
Осындай жауапкерсіздіктің салдарынан әлеуметтік желілерде жақсы ақынның тамаша өлеңдерінің өзі оқылмай қалуы әбден мүмкін.
Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы
Abai.kz