Сорос: Ресей ыдырап, Қытайда билік ауысады
Жаһандану дәуірінің игілігін шекара аттаған алпауыт компаниялар мен олардың артында тұрған ат төбеліндей жеке тұлғалардың көргені мәлім. «Әлемді бірнеше адам ғана астыртын басқарады екен», деген аңызға бергісіз әңгімелердің таралуы да соның әсерінен болса керек. Казіргі күні аузынан шыққан жарты ауыз сөзі күллі қаржы айналымына тікелей әсер ететін, әлемдік нарықты алақанында ойнататын аузы дуалы абыздардың бірі де бірегейі Жорж Сорос болса керек.
Әлемдік БАҚ 90-жылдардың ортасындағы Азиядағы қаржы дағдарысын, Кеңестік республикалардағы түрлі-түсті көтерілістердің артында сол солшыл миллиардер тұр деп санайды. Оның атындағы қорлардың әлемнің барлық елінде Батыстық құндылықтарды насихаттаумен айналысатыны жұртқа мәлім.
Қытайдан шығып әлемді жайлаған тәжтажалдың кесірінен элемдік экономикалық байланыстар үзіліп, қымбатшылық етек алып жатқанда, Путин Украинаға соғыс ашып, геосаяси жағдайды одан ары ушықтырды. Кейінгі жылдары Соростың біздің екі құдайы көршіміздің басшыларына өкпесі қара қазандай болып, қатаң мәлімдемелер жасап келеді. Өткен жұма күні де 40 мемлекеттің лауазымды тұлғалары қатысқан «Мюнхен қауіпсіздік жиынының» ашылуына арнау сөзінде әлемдік геосаяси жағдайда байланысты өз болжамын жасады.
Жаһандық экономиканың мамыражай мезгілінің келмеске кеткеніне наразы Сорос мырза: «Еуропаның дүниежүзілік екінші соғыс кезіндегідей қатерге тап болғанын», «Әлемнің 1962-жылғы Куба атом дағдарысы сияқты теке тіреске куә болып отырғанын, Вагнердің жендеттеріне арқа сүйеп отырған Путиннің көктемге қарай, Украина танкіге ие болған соң сөзсіз жеңілетінін, Кеңес одағынан бөлініп шыққанны бар, Ресей құрамында қалғаны бар, барлық республикалардың қазір Украинаның тілеуін тілеп отырғанын, сол арқылы тәуелсіздіктерін баянды еткісі келетінін, Путин Украина соғысында жеңілсе, олардың нағыз тәуелсіз елге айналатынын, бірақ Путин жастығын ала жатуды ойлап, өзге елдерде атап айтқанда, Молдавада ішкі бүлік ұйымдаструы мүмкін екенін ескертті. Ол сондай-ақ, Ши төрағаның Путинмен әмпей-жәмпей болғаны оның өз басына шоқпар болып тиетінін, онымен қоймай халықты қатаң карантинде ұстаймын деп өзіне қарсы қойып алғанын, экономикасы тұралаған миллиардтар елінде төңкерістің шарт жағдайы пісіп-жетілгенін, Ши төраға өзі ойлағандай өмір бойы билікте отыра алмайды деп кесті. Осылайша диктатор басшылардың дәуірінің аяқталатынын, Еуропадағы геосаяси қауіп сейілетініне сендірді. Англияның орынын басып, әлемнің бесінші экономикасына айналды деген Үндістан басшысына да шүйлігіп: «Үндістан демократиялы ел, бірақ, Моди демократ емес», - деді.
1963 жылдан бері өтіп келе жатқан «Мюнхен қауіпсіздік жиыны» биыл Путиннің Украинаға соғыс ашқанына жыл толу қарсаңында өткізілді. Соростың болжамы басқосуға қатысушы елдердің басшыларына дем беріп, қатаң мәлімдемелер жасады. Американың орынбасар президенті «Путинді адамзатқа қарсы қылмыс жасады», - деп айыптаса, жұмсақтық танытып келген Германия, Франция басшылары да қатаң позиция білдіріп, бәрі бір ауыздан Украинаға әскери көмекті күшейтіп, соғысты тезірек аяқтауға мүдделі екендерін жеткізді.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz