Жұма, 22 Қараша 2024
Ашаршылық 2103 2 пікір 31 Мамыр, 2023 сағат 12:52

Қыздың қолы

(аштық құрбандарына арналады)

...Сол жылы ес біліп қалған екі ұлды ертіп, елге барғаным есте. Нағашы әжелері - Дәнипаның үйіне ене салысымен екі ұлдың еркеліктері тіпті, үдеп кетті. Тап-тұйнақтай жиналған шағын бөлменің шаңын шығарып, біраз ойнаған соң 4-6 жастағы екеуін әжелері шәйға шақырған. Әжеміздің дастарханы әдеттегідей берекелі. Құрт, май, тандыр нан, жаңа піскен бауырсақ дегендер дөңгелек үстелдің сәнін келтіріп, жайнап тұр. Қаланың аста-төк тәттісіне таңдайлары үйреніп қалған балалардың дастарханнан бөлек бірдеңені іздегені де анық. Үйіліп тұрған дәмге назар аудармады да.

-Келе ғой, күнім! Мына ыстық күлшеге май жағып берейін. Қарның ашып қалған шығар? Мә, асап жібер!

Әжесінің көңілін қимай аларын алды-ау кішісі. Үлкені қырсығып басын шайқады. Дәнипа апам күле сөйлей жүріп бұрыштағы сандығына беттеді.

-Қыста келгенде көріп қойған ғой, мына қу!..Қазір, қазір, күнім!

Сандығынан бір уыс тәттісін алып, екеуіне бөліп беріп жатыр. Кішісі тәттіні көріп қуанғанынан май жағылған күлшесін босаға жаққа лақтыра салды.

-Ойбай, мынау не істеді? Піссімілла! Құдайым кешіре гөр! - деп әжеміз нанды жерден көтеріп, жанталаса үрлеп, тазалап үстелге қойды. Екі ұл жүгіріп сыртқа ойнауға кетті. Әжеміз әлі «піссімілласын» айтып отыр.

-Құдай кесіріңнен сақта! Бала ғой олар...Кешіре гөр! Піссімілла!...

Орнынан қайта тұрып жаңағы нан құлаған жерде қалған бір-екі қоқымды жинап жүр. Жаратқанына жалбарынуын да тоқтатпады.

-Апа! – деймін. - Біздің Нарынқолда аштық болмаған сияқты еді...

-Болған жоқ! - деді апамыз отырып жатып... - Бірақ, аштықтан қашқандар, тірі қалғандары біздің ауылдан өтті. Кейбірі қырғыз асты, кейбірі Қытайға кетті. Құрсүйек болып қалған сондай пенделердің талайын көрдік. Талайының аузына су тамызып, бір шайнам нан беріп, ажалдан да алып қалдық. Оның бәрі ештеңе емес екен! Бір көрген сұмдығым өмір бойы менің көз алдымнан кетпейді. Біреуге айтпақ түгілі есіме түсіруге қорқамын. Пенделеріңді кешіре гөр, жаратқан! Ух!..

...Апам үнсіз қалды. Шәйін сораптап ойланып отыр.

-Апа, айтыңызшы! - деймін. - Аштықтың сұмдығының бәрі ашылып болды ғой! Үш миллион қазақтың басын жұтқанын да жуырда жариялады. Бұдан өткен сұмдық жоқ шығар!

-Ең сұмдығын сендер әлі білмейсіңдер, - деді Дәнипа апам. - Оны қазіргілер айтуға қорқады. Бәлкім айтқылары келмейді...Ол кезде жиырманың төңірегіндегі жас келін едім. Бір күні қайын атамыздың шәйін қайнатып, есік алдында жүр едім, кішкентай ұлын жетектеген, үсті алба-жұлба, аштықтан тек қу сүйегі ғана қалған бір келіншек сүйретіліп босағаға жетіп, сұлай кетті. Мұндайға көзіміз үйреніп қалған. Аса абыржи қойған жоқпын. Үйден адамдар шығып, жабылып жатып әлгілерді ішке кіргіздік. Ауыздарына ақ тамызып, аздап нан жегізіп, жан шақырған соң барып шәйға отырғыздық. Келіншек көп сөйлемейді екен. Үйдегілердің бәрі соның аузына қарап отыр. Ол болса сүт қатқан шәйді сораптап үнсіз жұтуда. Бір-екі кеседен соң маңдайы шып-шып, сосын пора-пора болып терлегені. Терін сүртетін орамал берейін деп орнымнан тұра бергенімде әйел қалтасынан бір шүберек шығарып, өзі сүрте бастады. Сол сәтте шүберектен бір кішкентай нәрсенің домалап дастарханға түскені... Қол! Кәдімгі кішкентай баланың қолы!

-Астапыралла!

Атам сыртқа атып шықты. Қалғандары да соңынан. Жүрегім аузыма тығылып мен отырмын...Әйел еңкілдеп жылап қоя берді.

-Алматыдан бері шыққанда күйеуім өлді. Көзі жұмылып бара жатып «өздерің өлсеңдер де ұлымды аман алып қалыңдар!» деді. Ұрпағын ойлағаны шығар! Шекараға жеткенше аштан өлетін бе едік... Ұлды қалдырып, қызды...Соның қолы ғой! Кішкентайым-ай! О, құдай кешір мені!

Атамдардың артынан мен де сыртқа жөнелдім. Содан бері қаншама жылдар өтті. Дастархан үстінде жатқан кішкентай қыздың қолы есімнен шықпайды. Алақанын жайып нан сұрап жатқандай...Анасына баласының етін жегізген сұм заман-ай!

...Әжеміз ауыр күрсініп, немересі тастап кеткен күлшеге қарап үнсіз отыр. Суып қалған шәйімді алмаққа қолымды созғанмын. Сұмдық-ай! Көзіме дастарханда бейкүнә сәбидің жайылған алақаны жатқан сияқты көрінгені...Қыздың қолы!

Арман Сқабылұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321