Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 4196 9 пікір 15 Маусым, 2023 сағат 13:02

Ақордадағы жалғыздық

ТОҚАЕВ, ТАСЖҮРЕКОВ ЖӘНЕ МҰҚИБЕК

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:

- 2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия алам деушілердің 10 пайызының ғана қолына тиген;

- Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны;

- Өкінішке қарай, әкімдер соны біле тұра, алдағы қиындықтарды уақтылы бағамдай алмайды. Жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады.

Бұл – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 19 сәуір күні еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөздері.

Ербол ТАСЖҮРЕКОВ:

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы құрылды, оған салалық қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнестің, ғылымның, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарының өкілдері кірді. Барлығы жұмыс тобының 9 отырысы өткізілді, онда субсидиялау жүйесін жетілдіру тәсілдері талқыланды.

Қолданыстағы субсидиялау жүйесін реформалаудың бірнеше нұсқалары дайындалды, олар жұмыс тобының отырыстарында бірнеше рет талқыланды.

Түбегейлі реформалаудың барлық ұсынылған нұсқаларын агробизнес өкілдері қолдамады, фермерлер қауымдастығы қолданыстағы субсидиялау жүйесін сақтауды талап етті.

Бұл – Ауыт Мқибектің ауыл әкімінің құзыретін кеңейту туралы Қазақстан Республикасы Президет Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектеновтың атына e-OTINISH арқылы жолдаған ұсыныс-хатына Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің берген жауабының бір бөлігі.

Ауыт МҰҚИБЕК:

- Әрине, агробизнес өкілдері мен фермерлер қауымдастығы үшін қазіргі қолданыстағы субсидиялау жүйесі «ақша жасаудағы» табылмас мүмкіндік.

Егер, ауыл әкіміне мен ұсынған құзыреттер берілсе, олар отыз жыл бойы жеп келген «майшелпегінен» айырылады.

Ойлаңызшы, аз ғана агробизнес өкілдері мен фермерлер қауымдастығының мүддесі бірінші орында тұру керек пе, әлде 7,5 миллионнан астам ауыл халқының мүддесі маңызды ма?!

Бұл жерде, агробизнес өкілдері мен фермерлерге субсидия берілмесін деген сөз жоқ, тек  субсидиялау жолын өзертуді ғана айтып отырмын. Нақтылап айтсам, аталған шаруашылық иелері бір ауылға тіркелсін де, сосын ауыл әкіміне субсидиялау туралы өтініш жасап, ауылдық кеңестің мақылдауымен алсын...

Бұл – Ауыт Мұқибектің Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің берген жауабына байланысты, Президет Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектеновтың атына «e-OTINISH» арқылы жолдаған осы тақырыптағы үшінші хатынан алынған үзінді. Жауабы әлі келген жоқ.

***

Түсініктірек болу үшін әңгімені басынан бастайын.

Олжас Бектенов Президет Әкімшілігінің басшысы болып келгелі ауылдық округ әкімінің құзыретін одан ары кеңейту туралы ұсыныс-хаттар жазудамын. Бірінші хатым Г.С. Иралимова деген ханымның қолына тиіп еді, байқаймын, оқылмаған күйі Үкіметке лақтырыла салды.

Екінші хатым үш министрлікке – Ұлттық экономика министрлігіне, Ауыл шаруашылығы министрлігіне, сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігіне жолданып кете барды.

Содан Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Қанатбек Жайсаңбаев мырзаның атына хат жазып жүріп, әйтеуір, зорға Олжас Бектенов пен оның бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтің атына тіркелгендей болды.

Олжас Бектеновтің атына жақында ғана жазған үшінші хатым да иесін таппай, тағы Үкімет тарапқа бағытталып тұр.

Өтінішімді Президет Әкімшілігінің басшысының қолына тигізіңізші деп, тағы да Қанатбек Жайсаңбаевқа жалынып-жалбарынып хат жолдап қойдым. Жетіп қалар деп отырмын.

Сондағы  ауылдық округ әкіміне берілсін деп отырған құзыретім негізінен үшеу:

- өзі жетекшілік ететін ауылдың жерін өзі басқару;

- аудандық, облысық және республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатты өзі басқару және игеру;

- ауыл тұрғындарына берілетін субсидиялардың, гранттардың және қайтарымсыз несиелер мен төмен өсімді несиелердің кімдерге берілетінін алдын-ала өзі белгілеп, ауылдық Кеңестің бектуінен өткізіп, жоғарыға ұсыну.

Сонымен бірге, аудан мен облысты республикалық бюджеттен айырып, тек жергілікті бюджетпен қалдыру мәселесін де осы жолы қарастырған дұрыс деп есептеймін.

Сөйтіп, отыз жылға жалғасқан ЖЕМҚОРЛЫҚ СХЕМАСЫН талқандауымыз керек!

P.S.-1:

Мемлекет те құдды адам секілді. Ол да ауырады. Қай жерінен ауру белгісі байқалса, сол жерін сол күні емдеу керек. Біздің мемлекеттің екі бүйіріннен жемқорлық деген дерт қысып, меңдетіп тұр. Соның біреуіне Қасым-Жомарт Тоқаев жақында дөп басып диагноз қойды. «Субсидиялау жүйесінде» ақау бар екен.

Міне, енді соны емдеудің орайы келіп тұр. Мәжілісте талқыланып жатқан «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңының жобасына толықтыру енгізіп, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне мен ұсынған үш құзыретті беріп кеп жіберсек, Қазақстан бір бүйірінен отыз жыл бойы қысып келген дерттен құлан таза сауығып кеткелі тұр.

Көрдіңіз бе, сол субсидиялау жүйесін өзгертейік десек, оған анау екі «паразит» – агробизнес өкілдері мен фермерлер қауымдастығы қос қолдарын төбесіне қойып, қарсы шығыпты.

Оған Ауыл шаруашылығы министрлігі дәрменсіздік танытып отыр.

Ал, Президет Әкімшілігі үнсіз!

Кесіп айтайын, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің құзыретін біз айтқандай етіп кеңейту Үкіметтің қолынан келмейді. Әлихан Смайылов екі мәрте премьер-министр болып отыр, қолын біреу байлап қойған жоқ қой! Ең құрығанда, Мәжіліске келіп түскен осы жолғы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңының жобасына қосар еді ғой?!

Жоқ, бұл мәселе тек Президент Әкімшілігінің араласуымен Президенттің деңгейінде ғана шешіледі.

P.S.-2:

«Президет Әкімшілігі» деп қалдық қой...

Президент Әкімшілігінде Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қаринен бастап, Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары Қанат Сейдгапбаровқа дейін санасақ, он тоғыз кісі отыр.

Жас жағынан қарасақ, алпыстан асқан ақсақалы – Бауыржан Омаров ағамыз, «кенжесі» – Руслан Желдібай ініміз екен. Баукеңнен кейін қос құрдас – Ғизат Нұрдәулетов пен Ержан Қазыхан ағаларымыз тұр.

Қалғаны тіпті, елуді еңсермегендер мен қырықтың, отыздың ішіндегі кілең «Сен тұр, мен атайындар». Алды - екіден, арты - бірден лауазым иелегендер...

Негізі, манағы Президентіміз диагнозын қойып берген, мемлекетті меңдетіп тұрған дертті ота жасап, сылып тастайтын Ақорданың хирургтері – осы кісілер.

«Қанды қаңтар» көтерілісі кезіндегі Президентке жеткізген ақпарттарды  «қысқа күнде қырық мәрте» құбылтқанын айтпағанда, Президентті халықпен, ашық пікірлі қоғам белсенділерімен кездестірудің орнына, қайта-қайта аруақтардың басы мен мешітке жүгіртетіндер де; Қасым-Жомарт Кемелұлының ауызаршарының төріне сықиып барып өздері отырып алатындар да; Қытай журналисінің қоятын сұрақтарын дұрыс қадағаламай, қажы Президентіміздің халал емес тамақты жақсы көретінін әлемге әшкерелетіп қоятындар да; сөйтіп Мемлекет Басшымызды жап-жазық жерден сүріндіріп, сөзге қалдыра беріндер де осы тұлғалар.

Мен бұл ұжымның адамдарын үш топқа бөлемін.

Бірінші тобы, Қасым-Жомарт Тоқаевқа әдейі қарсы жұмыс жасап, Оны халыққа жеккөрінішті көрсеткісі келетіндер;

Екінші тобы, Қасым-Жомарт Кемелұлына деген ниеттері түзу, пейілдері ақ болғанымен, істің жүйесін білмейтіндер;

Үшіншісі, істің жүйесін білетін, Президент тапсырмаларын өз деңгейінде орындауға ниетті болғанымен, алдыңғы екі топты аттап өте алмайтындар. Үшінші топтағылардың «асаулары» өзге мекемелерге ысырылып кетті...

Әрине, бұл топтардың ішінде Олжас Бектенов жоқ. Ол бұл қызметке жақында ғана тағайындалды.

Амал не, кесерткі мен жылан құсап арбасқан осы үш топ Президенттің жақсы бастамаларын орта жолда қалдырумен келді.

Қайта-қайта хат жазып, ол хаттарды әлеуметтік желелер арқылы осы кісілердің бір бөлімімен бөлісіп, шыр-пыр болып жатырмыз. Бір өтінішім ғана  Олжас Бектенов пен оның бірінші орынбасары Темір Сүлейменовтің атына тіркелді. Қалғаны орта жолдан Үкімет пен министрліктерге бағытталып, «Том мен Джерридің» ойынын ойнап жатырмыз.

Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Болат Байкенов мырзадан «Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 65-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес егер өтініште көрсетілген мәселелер құзыретіне жатпайтын болса, онда ол уәкілетті әкімшілік органға, лауазымды адамға міндетті түрде жолданатынын, сондай-ақ алдағы уақытта да осы сипаттағы өтінішіңіз құзырлы мемлекеттік органға жіберілетінін хабарлаймыз», - деген жауап алдым.

Президент Әкімшілігінің бір міндеті – Жергілікті өкілді және атқарушы органдарға, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдеріне қатысты және өңірлік саясат саласында Президентке есеп беру деп жазулы тұр.

Біздің әңгімеміз де дәл осы тақырыпта болып жатқан жоқ па?!

Иә, әділеттілік үшін айта кетуім керек, Олжас Бектенов мырзаның Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып келгеніне көп уақыт болған жоқ. Соған қарамастан, Ұлттық экономика министрлігіне тапсырма беріп, үш министрліктің басын қосқызып, менің ұсынысымды бір мәрте талқылатты. Ол үшін Олжас Абайұлына алғысым шексіз, әрине!

Сонда, Президент Әкімшілігі Қасым-Жомарт Кемелұлының 19 сәуір күні еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте бадырайтып тұрып айтқан жоғарыдағы сындарын түзетудің жолдарын  қарастырылмай, сол беті қалдырғаны ма?!

Біздің мемлекттегі реформаның жобасын Президент Әкімшілігі емес, тағы да сол агробизнес өкілдері мен фермерлер қауымдастығы секілді өзге бір топ өкілдері  бас болып жасап, және солардың талабына сай бекітілетін болғаны ма?!

Тіпті, Президент Әкімшілігі өз миссиясынан айрылып, оның міндетін агробизнес өкілдері мен фермерлер қауымдастығы сияқты бір саяси күштер әлі тасада тұрып жүргізетін секілді.

Әрине, бұл – Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов басында тұрып жасаған «жемқорлық афера»!

Мен Президент Әкімшілігін сынау-мінеуден аулақпын, әрине. Тек, «Бауыржан Омаровтан бастап, Руслан Желдібайға дейінгі  сол он тоғыз тұлғаның ішінде  бірде-бір реформатор кеңесші жоқ па?!» деген сұрақтың өзімді қатты мазалайтынын ғана айтқым келеді.

Осындайда есіңе қазақтың «Атадан алтау тусаң да, бір жалғыздық!» деген кейісті сөзі түседі екен. «Қырық уәзірі» болғанымен, батыл ұсыныс жасар біреуі болмаса, онда Қасым-Жомарт Кемелұлы Ақордада жалғыз деген сөз!

Иә, Ақордадағы жалғыздық...

Бұны басқаша айтып түсіндіру мүмкін емес!

Мен Президентіме мін тақпаймын, қайта Оған көмектескім келеді. Бірақ, мен де жалғыз болып тұрмын... Хаттарым Президентті қойып, Президент Әкімшілігінің басшыларына жетпей далмын...

P.S.-3:

Дәл осындай маңызды мәселе көтерілгенде БАҚ іліп әкетуі керек қой.

Мысалы, БАҚ осы мәселені дүркін-дүркін көтерсе, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мырза оны қолдамаса, қарсы болмасына мен сенімдімін.

Берік Уәли өзі жүргізетін «Бетпе-бетке» құзырлы министрлік басшыларын шақырып, осы мәселе төңірегінде сұрақтар қоюына болатын еді;

Депутат журналист немесе журналист депутат Мақсат Толықбай мен Ерғанат Көпжасарұлы «Біздің Мақсат» пен ««Ashyq alań» саяси ток-шоуларына министрлерді, депутаттарды және агробизнес мен фермерлер қауымдастығының өкілдерінің басын қосып талқыласа, көп сырдың беті ашылар еді...

 Амал не, біздің журналистер қауымы Дайрабаевтың соңынан қалмай, әлі далақтап жүр.

Құдайға шүкір, қасиетінен айналайын «Жас Алаш» газеті назар аударыпты. Жақында Нұрымжан Мауыт ағамыз хабарласып, ауыл әкімінің құзыретін кеңейту мәселесі туралы сұрады. Соңында, газетке сұхбат беруімді өтінді. Өкінішке орай, ол кісі «Жас Алаштан» басқа жаққа ауысып кеткен көрінеді.

Қалған БАҚ Президент Әкімшілігі секілді тым-тырыс...

Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485