Құдай дарытқан ғажап байлықтың иесі
«Нұр-Сұлтан кітапханасы» сериясымен «Фолиант» баспасынан жырсүйер қауымға жол тартқан кітаптардың ішінде «іні буынның» белді өкілдері ретінде сырлы да, нұрлы жырларымен оқырмандарын тамасанлырып жүрген поэзия сүлейлері жетерлік. Солардың ішінде Т. Әбдікәкімұлының ақ батасын берген «Құдай дарытқан ғажап байлық» атты алғысөзімен шыққан Біржан Ахмердің «Көзіңдегі көктем» өлеңдер жинағы атты екі бөлімнен және аудармалары мен балладаларынан тұрады.
Жинақтағы «Маусым әуендері», «Ару түннің ажары» атты екі бөлімге ақынның бұрын еш жерде жарық көрмеген жаңа өлеңдері топтастырылып, үшінші бөліміге ақынның «Бүгінгі күн», «Күз», «Сүю бұл – бір күннің бесінші бөлігі...» сынды 12 тәржімалық аудармалары кірсе, соңғы бөлікке «Қарға туралы баллада», «Келіншек тау», «Хан Кене» және «Жоғалған қамшы туралы жыр» атты төрт бірдей балладалары енген.
Жас ақынның «Көзіңдегі көктем» өлеңдер жинағына енген өмір жайлы толғаныс, жақсылықтан үміт күту, сағыныш секілді лирикалық иірімдерді бойына сыйдырған өзекжарды туындыларының ішіндегі «Неліктен даулы тіршілік?» деп басталатын бір өлеңіне қатысты пікір білдірген ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы өз пікірін былайша қалам ұшына іліктіреді: «...Бұл – бүгінгі әдеби толқынның өкілі ретіндегі жас ақын — Біржан Ахмердің кредосы. Авторды бозбала күнінен жақсы білеміз, шығармашылығымен де жақсы таныспыз… Ал Біржан ақынның алар биігі әлі алда. Біз оған кәміл сенеміз» дей келе жас қаламгерге «Құдай дарытқан ғажап байлықтың иелерінің бірі» деп өз әділ бағасын береді.
Бізде поэзия маэстросынан кейін Семей топырағынан шыққан Бауыржан Игілік, Арман Шеризат, Мерей Қарт сынды жас дарындарындардың ішінде өз жеке дарабоздығы бар Біржан Ахмердің шығармашылығына қатысты ой-пікірімізді патша көңіл жырсүйер қауымға шашу етпек ойдамыз.
Қазір сыншылар мен оқырмандар тарапынан кеңестік дәуір бойымызға сіңірген ақындарды «дарынды» және «дарынсыз» деп біржақты бөле салу үрдісі барлығын несіне жасырамыз. Қазақ әдебиетінің иран бағы болып табылатын поэзия әлемін осылайша орашолақтықпен саралау береке бере қоймайтын тірлік, әрі мәдени келбетіміздің тамырына балта шабатын қодарлық. Өлең өрімін сұлу сөзбен өрнектей алғандарды әлем өркениетінен алшақтатып, ақ және қызыл империялық ілім-білім бойынша отар елдерінің поэзия сойларын «дарынды» және «дарынсыз» деп біржақты бөле салу үрдісіне ұрындырып, рухани санаға кісен салған орысшылыдық әсерінен арылатын кез туды. Әйтпесе әдебиетке келген іні мен кенже буын шығармашылығына ақ адал пікірді ешқашан айта алмаймыз.
Осы әлем өркениеті деген не өзі!? Ол – мұсылмандық шығыстық пен тылсымды Буддалық. Оған орыс пен Батыс мәдениетін кірістіріп еш қажеті жоқ. Әдебиетті дін ғана өзгелерден бөлектейді. Мұсылман ақынынан христиандық пен батысшылдықтың елесін іздеу нағыз қожайнасырлық болып табылады.
Және қазақ ақындары үш өлшем бойынша талданып, өз бағасын оқырман тарапынан алуға тиіс. Бұл өлшемдер: әлемдік, мұқымтүркілік (термін – Қинаят Шаяхметұлынікі) және ұлттық деп аталады. Ақын өз туындысы арқылы ұлт оқырманынан белгілі бір өлшем бойынша пайымдалады. Ақындарымыздың орыстың, батыстың бағасын алуы шарт емес, өйткені, қазақтың жан-дүниесін қазақ қана түсіреді. Батыстың әдеби батасын алуға ден қояшылық – мұсылманның өз дініне бас тартуымен бірдей тірлік.
Жалпы әлем және қазақ ақындарының өлеңдері мазмұн мен форманың бірлігін өз бойына тоғыстырған сөз, ақын және оқырман образынан тұрады. Ең соңғы кесікті сөзді туындыға қатысты айтатын оқырман образы «мазмұн мен форманың бірлігіне» сүйеніп, туынды бойындағы сөз және автор образының жетістігі мен кемшілігін бірде – дұрыс, енді бірде – бұрыс саралайды.
Жаһан әдебиетіндегі сияқты ұлттық поэзиямызда үш қана тақырып бар. Олар – өмір, қоғам және табиғат. Ал, оны ана туралы, махаббат туралы деп бөлшектеу ендігі жерде қазақ сыны мен әдебиеттануына опа әпермейді. Біржанның «Көзіңдегі көктем» жинағындағы туындыларының дені осы өлмес те, өшпес осы бір тақырыптарды қазақи, түркілік, мұсылмандық және шығыстық реңкте, аңыс пен жосықта өзінше жырлауынан, авторлық ой толғауынан тұрады. Біз ақынның барлық өлеңіне баға беруден аулақпыз. Тек өзіміз сөз еткен өмір, қоғам және табиғат тақырыптарын құдай берген бұла дарынымен қазақ оқырманына қалайша жеткізбек болғаны төңірегінде өз пікірімізді білдіру ғана. Пікіріміздің дұрыс бұрыстығын жырсүйер қауым өзі бағалай жатар.
Бүкіл қазақ поэзиясы өз бойына бағзыдан тамыр тартқан «дәстүр мен жаңашылдықты» сіңірген. Біржан да – өз шығармашылығында осы аяда авторлық сойлығын танытып жүрген жас ақындардың бірі. Қазір жас ақындар шығармашылығына баға берер шақта алдымызды сәнге айналған «Модернизм мен Постмодернизм» кескестейді. Иә біз осы арғы тегі Батыстық «Модернизм мен Постмодернизмді» өкшемізді басқандарға қалай түсіндіріп жүрміз? Бұл сұраққа толымды жауап бермей қазіргі саналарына құлдық таңбасы басылмаған «іні» және «кіші» буынның өкілдерінің шығармашылығына жарытып баға бере алмаймыз. Бұл арада кез келген ұлттың әдеби өкілдерінің басын «Ата» «Аға» «Орта» «Іні» және «Кіші» буын өкілдері құрап, бірін-бірі алмастырып, бірінің орнын бір басып отырады. Біржан – осы іні буынның белді өкілі. Олардың өлеңдерінде «дәстүр мен жаңашылдық» сілемдері барылығын жоққа шығара алмаймыз, әрі оны Батыстық әм Орыстық қалыпта талдай да алмаймыз. Себебі мұсылман шығысы әдеби ұғымында «Модернизм мен Постмодернизм» бар, бірақ ол – дәстүрдегі Жаңашылдық (Модернизм) – Жаңашылдықтағы дәстүр (Постмодернизм) негізделген нәзирагөйлік деп аталады. Терміндері басқаша. Тек Батысша емес. Біржан туындыларында осы екеуі өзін танытады.
Қазір қазақ көп тармақты салыстырмалы әдебиеттануында осы терминдерге «дәстүр мен жаңашылық» аясында төмендегідей жауап беріліп келеді. Сонымен Модернизм дегеніміз дәстүрдегі – қазақи, түркілік, мұсылмандық және шығыстық (4-нің бірінің кезектесе немесе ілкіде бір әдеби туынды тінінде көрініс беруі); ал Постмодернизм болса, жаңашылдықтың бойындағы қазақи, түркілік, мұсылмандық және шығыстық әдеби дәстүрдің стильдік ерек айшықпен ұшырасуы.
Біз батыстық ұғым-түсініктерді бас шұлғи қабылдаудан арылғанымыз жөн. Ахметтің ақ жолымен ұлттық дүниетаным аясында қайыра табысуға бағыт ұстанғанымыз ләзім. Біз Біржан өлеңдерін шетінен кеміріп, талдамас бұрын осындай терміндердің басын ашып алуды жөн көрдік. Біржан өлеңінде ақын образы мен сөз образ табиғат тылсымын ұлтына көркем сөзбен таныту аясында қабысып жатады. Біз бұны қаламгердің көркемдік стратегиясы деп бағалаймыз.
Ақынның «Серт» өлеңінде өзіне дейінгі аға буынмен сырласу мен ой бөлісу бар. Енді осы пікірімізді мысалмен дәлелдейік:
Бір Құдайым білетін анығын-ақ,
Шексіз еске тылсымның бәрі - жұмбақ.
Ақын болып кетіппін, ағажан-ау,
Адамзаттың кеткен соң жаны құрғап...
Жұмыр жерден ғарышқа жырым ұшып,
Он сегіз мың ғаламмен ұғынысып.
Есениннің ессіздеу күйін кешіп,
Мұқағали ақынның мұңын ішіп,
Жылуы жоқ болған соң арайсыз маң,
Ақын болып кетіппін абайсыздан,
Кешір мені... деп өзіне дейінгі аға буынмен көңіл түкпіріндегі ойымен бөліседі. Және өзінің пір тұтатын екі ақынның есімін алға тартады.
Әдебиет теориясы көз алдымызда философиялық әдебиеттануға айналып барады дегенге берілер жауап біреу ғана ендігі жерде зерттеу нысаны әдеби-көркем туындының қарақан басы емес, эстетикалық процестегі орын алатын аралас-құраластықтың барлық бөлшектерінің біртұтастықта қарастырылуы дер едік. Әдебиет сыны мен теориясына келген жаңа буын өз тұстастарының шығармашылығын тап осы тұрғыдан талдаса көп нәрсені ұтады.
Енді осы бөлшектерге тоқтала кетейік. Әр бөлшек өз алдына көпдеңгейлі тұтастық құра алады. Әрі тап солай болып табылады. Болмыс (универсум) – автор тұлғасы – көркем туынды – қабылдаушы тұлғат – болмыс. Міне, осы бөлшектер ең негізгісі.
Астар мәтіннің шындығын табу үшін көркем туындыны танып білу мүмкін емес деген кеңестік ғылыми мифтен арылу керек. Көркем туындының ең мәйегі – сырт көзге бірден байқалмайтын тек ой елегіннен өткен соң ғана аңғарылатын универсумдық бөлшектілігі. Туынды мәйегін тауып – автор образын ашып – оқырмандық өздік тұжырым жасай білуге өзіңді қайра, жігерлендір... сонда сенен ешбір беделдің бетіне қарамайтын өз айтары бар зерделі зерттеуші қалыптасады. Оған кітаптан оқығаның да, өмірден тоқығаның да жетеді. Туындыны таны, автор әлемін аш, елге өз ойыңды таң ғылыми жаңалық деген осы. Әлдебір измдерге байланбай, ақсақал айтты, бай айттыға малданбай тек өз ойыңды өзеге көже-қатық ете білуді үйрен!! деген ағалық ойдың жетегімен Біржан өлеңінің тылсымына ары қарай үңіле түстік.
«Ымырт түссе, қанат жайып адырға ән» атты өлеңінен алынған мына бір шумаққа назар салайық.
Қоңыр төбе. Оңашада қоңыр мұң.
Жерді шарлап қоңыр ойдың құсымен,
Арлы өлеңге жан бітіріп отырмын,
Жүректегі Құдіреттің күшімен. (10-бет).
Оқырман образы ақынның көркем тілінен тек сөз өнерінің формасын (тұрпатын) ғана танып білуге қабілеті дей аламыз. Әрі Біржанның біз мысалға алған өлеңін оқыған әр оқырман өз түсінік-танымы аясында өз пайымдауын алға тартады. Бұл – бәріміз білетін тіл емес, керісінше оның өнердегі қайыра түзілімге ұшырайтын көркем кестеленуі. Суреткер сөзді «сөз өнері» құбылысының арнайы формасына айналдырады. Көркем тіл бір ғана қаламгер қолданатын тілдік құбылыстардан ғана тұрмайды, сонымен бірге өздік сипатынан әм өзін кәдеге жарату қағидаттарын тұрады.
Иә, ақын жүрегінің шығармашылық қуатымен сезім батпырауығы көкке қалықтап, арлы өлеңнің бойына жан бітіп, өнер адамының парасаты қоңыр ойдың құсына айналып жұмыр жерді шарлайтынын байыптаймыз.
«күндер келіп күзі кем, жазы басым»
Тәңір сәуле аңғарып қанатыңнан,
бұл табиғат сен үшін жаратылған.
тылсым әлем — алаңшыл ана сынды,
сәбиі үшін ұйқысыз таң атырған. (11 бет)
Ал, мына бір «бояулы сиқыр екен – сөз дегенің» туындысында Көркем тіл бір ғана қаламгер қолданатын тілдік құбылыстардан ғана тұрмайды, сонымен бірге өздік сипатынан әм өзін кәдеге жарату қағидаттарын тұратындығын аңғарамыз.
тыңдаса содан кейін жырды ғалам,
Жарықты қанып ішем Күн-тұмадан.
келемін бірақ әлі болжай алмай,
жазарын нені, қашан, кімді қалам...
Иә, Күн-тұмадан өмір тылсымының жарық кәусарын қанып ішкен ақынның бұл өлеңінде сұлу сөзбен кестелеген әсем жыр тізбегі жоқ. Тек ақынның өзіне шығармашылық сауал қойып, сол сауалы арқылы оқырманымен ой бөлісуі ғана бар.
Біз аңдаған бір жайт ақын кей өлеңдеріне бәлен-түген деп ат қоймайды. Поэзия пайғамбары Абай Хакім сияқты әр өлеңі өзінің бірінші тармағымен аталады. Біз оқырман ретінде Біржанның бұл қадамын қатты хош көрдік.
Кезігу де жалғанда, жолығу мән...
Бұлдыр көзде қалғиды торы-тұман.
Кісінеген бұлттарға құрық салып,
Ой қайтады күндегі жорығынан.
Біржан шығармашылығы турасында сөз еткенімізде біздің алға қойғанымыз: оның әлдебір өлеңдерін алып, керемет екен деп, тамсана талдап шығу емес. Ақынның өз буынынан айырмашылығы төңірегінде ой айтып, жылы пікір білдіру ғана. Жалпы, оның өз тұстастарынан басты айырмашылығы да өмір мен табиғатты бірлікте алып жырлауынан тұрады. Осы жинаққа енген ақынның көп өлеңдерінің бойындағы әр шумақта қаламгердің көңіл толқыны мен табиғаттың нұрлы бояуы астасып келіп отырады.
Сөз соңында, алпауыт сезімімен «Кісінеген бұлттарға құрық салған» ақынның күндегі ой жорығындағы шығармашылық қадамы қатая берсін деп айтпақпыз.
Бұған қазақ әдебиеттануында А.Ісмақова, А.Қыраубайқызы, Б.Майтанов және Р.Нұрғали т.б. өз зерттеулерінде осы мәселені тікелей болмаса да, жанама түрде қарастыруда барша мән-мәнісі образбен сомдалған, авторлық уәжбен пайымдалған тұлға төңірегінен өрбитін «Форма мен мазмұн жан мен тән ретінде бірде үйлесетін, бірде кереғар енді бірде бір-бірінен тәуелсіз тылсымды әлем» деген өз концепцияларын үстеді. Қазақ ғылымдары әлем бәшрилерінің (гуманитарларының) осы мәселеде әрқилы пікір ұстанып отырғандарын алға тарта білді.
Бұдан кейінгі буынның өкілі болып табылатын отандық жас әдебиеттанушылардың бірі саналықпен, енді бірі санасыздықпен жеке туынды мен ұлт әдебиетінің іріг (макро) және кішіг (микро) деңгейінің тұтастығы төңірегінде өз ұстанымдары мен концепцияларын алға тартып отыр. Бұл орайда Тыныштықбек төңірегіндегі Семей және Ақсұңқарұлы айналасындағы Қарағанды әдебиеттанушылық мектептері мифологиялық, мәдени-тарихи, салыстырмалы-тарихи, психологиялық аңыстағы әдебиет пен миф, әдебиет пен әлеуметтік-имандылық, мәдени-тарихи «орта», әдебиет пен шығармашылық дербес тұлғат синтетикалық бірлігі түрлі жапсарда тоғысқан соны зерттеулерді қолға ала бастады. Басты орынға қазақ гуманитарлық ғылымында қаламгердің дербес тұлғасы шықты. Соның негізінде тәуелсіздік жылдары әдебиетті танудағы басты қадамдарын басты жоо әдебиеттанушылары өнер туындысы – өзінен-өзі туа салатын дүние емес, белгілі бір себеп-салдар мен шарттылықтардың тоғысынан тұратын арда әлем деген ұстаным төңірегінде тоқайластырып отырған жай бар. Осының арқасында әр ғылым ортаның өзіндік әдіснамалары өмірге әкеліп, ғылыми ортаға ұсынып отыр.
Мәдени-рухани контекст бейэстетикалық құбылысты эстетикалықпен салыстыру арқылы тың ғылыми жаңалықтар ашуға мүмкіндік береді. Бұрынғы бір жақты әдебиеттанушылық зерттеулерді көп қатпарлы гуманитарлық зерделеулер алмастырды. Бәріне ортақ бір дүние – тұлғат төңірегіне топтасқан «мазмұн» мен «форма» болып табылады.
Біз осы мазмұн мен форманы бірілікте ала отырып, әдебиетке өзіндік үнімен келген ҚҰДАЙ ДАРЫТҚАН ҒАЖАП БАЙЛЫҚТЫҢ ИЕСІ Біржан Ахмердің «Кісінеген бұлттарға құрық салып, күндегі жорығынан Ой қайтатын» өлеңдеріне өзімізше шағын шолу жасадық.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz