Батыста жағдай қашан тұрақтанады?
Осы биылғы жаз айлары Маңғыстау өңірі үшін аса қиынға соғып тұр. Тек қана Маңғыстау емес, бүкіл батыс Қазақстан аумағында төтенше жағдай орын алып тұр.
Соңғы бір жарым айдың ішінде мемлекетіміздегі стратегиялық маңызы бар нысан – Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында (МАЭК) үш рет күрделі апаттық жағдай орын алды. Нәтижесінде, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының басым аумақтарына электр қуатын беру тоқтатылды. Жағдайдың соншалықты қиындығын тек қана Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысының бірнеше күнге тоқтап қалғаны мен бүгінгі күні Маңғыстау өңірінің барлық мұнай көз орындарындағы ұңғымалардың бәрінің жұмыстарын тоқтатқанын айтсақ та жеткілікті. Бүгінгі күні Ақтау қаласында электр қуаты веерлік кесте бойынша беріліп тұр.
ҚР Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша осы апаттық жағдайдың нәтижесінде мұнай өндіру жоспары күніге 12 мың тоннаға кем орындалуда, ал жалпы алғанда мұнай өндіру екі миллион тоннаға азаяды екен. Елу жылдан аса уақыт халқымыздың игілігіне, еліміздің экономикасына тоқтаусыз адал қызмет етіп келе жатқан осы бір энергетика гиганты бүгінгі күні осындай түсініксіз жағдайға ұрынып отыр.
Бұны қалай түсінуге болады. Әрине комбинаттың құрал-жабдықтарының көп жылдар бойы жаңартылмағаны туралы да ақпаратты да жоққа шығаруға болмас. Бірақ, Маңғыстау өңірінде көп жылдар бойы қуат көздерінің тұтынушыларға белгіленген тарифтерінің республика бойынша өте жоғары деңгейде болғанын ескерсек, сол мол қаржының қайда жұмсалғаны туралы да заңды сұрақ туындайды.
Осы жағдайларды ескере келе, бұл апаттардың техникалық ақаудан гөрі мақсатты жасалған диверсияға көбірек ұқсайтыны туралы ой келеді. Жалпы алғанда, жоғарыда айтылған апаттық жағдайлар, сонымен қатар, Қостанай мен Семейдегі алапат өрттер, Арыс пен Жамбылдағы оқ-дәрі қоймаларының жарылыстары, республика қалаларындағы жылу орталықтарының жаппай істен шығып, қаншама халықтың қыс ортасында жылусыз қалуы, осының бәрі көңілге көп күдік пен күмән келтіреді. Бұл не, қаңтарда жоспарлағанын іске асыра алмаған ескі Қазақстанның кезекті тұяқ серпуі ма, әлде Қазақстанның тәуелсіз саясатына көңілі толмай, бізге көптен бері көзін алартып жүрген көршіміздің гибридтік іс-әрекеті ме? Не болғанда да бұл жағдайлар еліміздің ұлттық қауіпсіздік комитетінің ойлануына тұратын нәрселер. Бұл жағдайларды әдеттегідей кәсіпорын мамандарының біліктілігінің төмендігіне, немқұрайлыққа немесе комбинат құрал-жабдығының ескіруіне жаба салып, «стрелочниктерді» жазалап қоя салуға болмайды деп ойлаймыз.
Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты көп салалы кәсіпорын. Оның апатты жағдайда жұмыс істеуі осы аймақты тек қана электр қуатымен қамтамасыз етуге ғана әсер етіп қоймайды. Сонымен қатар, Ақтауды сумен қамтамасыз ету мәселесі де биылғы жаз бойы төтенше жағдайда жүріп жатыр. Көп қабатты үйлердің бірінші қабатында су жылап ағып жатса, жоғарғы қабаттың тұрғындары су көрмегелі қашан. Тұрғындар амалдың жоқтығынан ақша жинап қымбат бағалы су көтеретін сорғылар (насос) сатып алуға мәжбүр болып отыр. Бұл да мәселені түпкілікті шешпейтіні түсінікті. Осындай күннен күнге қиындап бара жатқан мәселені қаладағы жоспарсыз, бей-берекет бақылаусыз салынып жатқан тұрғын үй кешендері одан сайын күрделендіре түсуде. Өздеріңіз түсініп отырған шығарсыздар, қаланың бекітілген бас құрылыс жоспары бір басқа, ал қаланың нақты бейнесі тіпті басқа. Қазіргі күні қала құрылысы толығымен коммерциялық негізге көшкен сияқты. Өйткені кез-келген қаржылық мүмкіндігі мол кәсіпкер қаланың өзі таңдаған жерінен алақандай бос жер тапса, еш қиындықсыз рұқсат құжаттарын алып жатқанының куәсі болып жүрміз. Ол жер балалардың ойын алаңы ма немесе автокөлік тұрағы ма, әлде тұрғындардың демалатын шағын саябағы ма, оған қарайтын ешкім жоқ. Әрине, бұл тек қана Ақтауға ғана тән емес, бүгінгі күні барлық қалалардың ауруы. Бұл «точечная застройка» деген бәлеге тоқтау салатын ешкім болмай тұр. Осының бәрі сайып келгенде бүгінгі күні жұмыс істеп тұрған қуат көздерінің мүмкіндіктерінің жыл сайын қарқыны тасып келе жатқан коммерциялық негіздегі салынып жатқан тұрғын үй немесе басқа мақсаттағы нысандардың қажеттіліктеріне ілесе алмауына әкеліп соғып отыр. Егер жылумен қамтамасыз ету мәселесін барлық жаңа нысандарға автономды қазандық салу жолымен шешсе, судың және электр қуатының қажеттілігін толық өтеу мүмкін болмай отыр. Осындай жағдайда, берісі облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев мырзалардың, әрісі Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтардың өз орындарында жайбарақат отыруы көңілге қаяу түсіреді. Егер ол мырзалардың отставкаға кету ойларында болмаса, бұл мәселе туралы еліміздің Президентінің ойланғаны дұрыс шығар. Өйткені еліміздің тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асқанда баяғы тоқсаныншы жылдардың кебін кигеніміз қаншалықты әділетті. Егер осы мәселелерге жауапты лауазымды тұлғалар өз міндеттерін тиісті деңгейде атқара алмаса, онда жас, жігерлі басқа адамдарға орындарын босатқандары дұрыс болады.
Байқоңыров Сәмет Ықыласұлы,
зейнеткер, Ақтау қаласы
Abai.kz